-
Құдай Патшалығы деген не?Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз! (интерактивті Киелі кітап сабақтары)
-
-
31-САБАҚ
Құдай Патшалығы деген не?
Құдай Патшалығы — Киелі жазбалардың басты тақырыбы. Ехоба осы Патшалық арқылы өзінің әуел бастағы жерге байланысты ниет-қалауын орындайды. Олай болса, Патшалық деген не? Оның қазір билік етіп жатқанын қайдан білеміз? Ол осы уақытқа дейін нені жүзеге асырды? Ал болашақта не істейді? Осы және келесі екі сабақта бұл сұрақтардың жауабын табамыз.
1. Құдай Патшалығы деген не және оның Патшасы кім?
Құдай Патшалығы деген — Ехоба Құдай орнатқан үкімет. Оның Патшасы — Иса Мәсіх. Ол көктен билік жүргізеді (Матай 4:17; Жохан 18:36). Киелі кітапта Иса туралы: “Мәңгілік бойы Патша ретінде билік етеді”,— делінген (Лұқа 1:32, 33). Құдай Патшалығының Патшасы ретінде Иса жержүзіндегі барлық адамзаттың үстінен билік етеді.
2. Исамен бірге кімдер билік етеді?
Иса жалғыз билік етпейді. “Әрбір рудан, тілден, халықтан және ұлттан шыққан адамдар” жер бетіне билік жүргізеді (Аян 5:9, 10). Сонда Мәсіхпен бірге билік ететіндердің саны қанша? Иса жерге келгеннен бастап, миллиондаған адам оның ізбасары болды. Бірақ олардың 144 000-ы ғана көкке барып, Исамен бірге билік етеді (Аян 14:1—4 оқыңыз). Ал қалған мәсіхшілер сол Патшалықтың жердегі азаматы болады (Зәбүр 37:29).
3. Құдай Патшалығы адамдардың үкіметтерінен қай жағынан асып түседі?
Үкімет билеушілері игі істер жасағысы келеді-ақ, бірақ соның бәрін істеуге олардың шамалары жетпейді. Бұдан қалса, ерте ме, кеш пе, олардың орнын басқа адамдар басады. Ал бұл билеушілер халықтың мүддесін ойлағысы келмеуі мүмкін. Құдай Патшалығының билеушісі Исаны болса ешкім, ешқашан алмастырмайды. Өйткені Құдай “ешқашан жойылмайтын патшалық орнатады” (Даниял 2:44). Иса бүкіл жержүзіне билік етеді және ол біреуді біреуден артық көрмей, бәріне бірдей қарайды. Оның сүйіспеншілігі, мейірімі мен әділдігі мол. Ол адамдарға да бір-біріне сүйіспеншілікпен, мейіріммен, әділдікпен қарауды үйретеді (Ишая 11:9 оқыңыз).
ТЕРЕҢІРЕК ҮҢІЛІҢІЗ
Құдай Патшалығы неліктен адамдардың үкіметтерінен артық екенін қарастырайық.
4. Құдай Патшалығы бүкіл жер бетіне билік етеді
Иса Мәсіхтің қолында орасан зор билік бар. Тарихта оған тең келетін ешқандай билеуші болмаған. Матай 28:18 оқып, мына сұрақты талқылаңыздар:
Исаның билігі адамдардың билігінен қай жағынан асып түседі?
Адамдардың үкіметтері жиі ауысып отырады, әрі олар жердің белгілі бір аумағына ғана билік етеді. Ал Құдай Патшалығы жайында не деуге болады? Даниял 7:14 оқып, келесі сұрақтарды талқылаңыздар:
Құдай Патшалығының “ешқашан жойылмайтыны” неге жақсы?
Ал оның бүкіл жер бетіне билік жүргізетіні несімен жақсы?
5. Адамдардың билігі алмастырылу керек
Неге Құдай Патшалығы адамдардың үкіметтерін ауыстырмаса болмайды? БЕЙНЕРОЛИКТІ көріп, келесі сұрақты талқылаңыздар:
Адамдар билігінің нәтижесі қандай болды?
Уағыздаушы 8:9 оқып, мына сұрақтарды талқылаңыздар:
Құдай Патшалығы адамдардың үкіметтерін алмастыру керек деп ойлайсыз ба? Неге?
6. Құдай Патшалығының билеушілері бізді жақсы түсінеді
Патшамыз Иса адам болып өмір сүріп көргендіктен, “біздің әлсіздіктерімізге жаны ашиды” (Еврейлерге 4:15). Исамен бірге билік ететін 144 000 адал ер мен әйел адамдарды Ехоба “әрбір рудан, тілден, халықтан және ұлттан” таңдап алған (Аян 5:9).
Иса және онымен бірге билік ететіндер біздің жан-дүниемізді, қиындықтарымызды түсінетінін білу сізді қуанта ма? Неге?
7. Құдай Патшалығының заңдары әлдеқайда жақсы
Үкіметтер азаматтарының пайдасына асатын, оларды қорғайтын заңдар шығарып жатады. Құдай Патшалығы да өз азаматтары үшін заңдар орнатқан. Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11 оқып, мына сұрақтарды талқылаңыздар:
Қалай ойлайсыз, адамдардың бәрі Құдайдың заң-талаптарына сай жүріп-тұрса, өмір қандай болады?a
Патшалықтың азаматтары осы заң-талаптарды орындайды деп күтуге Ехобаның құқы бар ма? Неге?
Осы заң-талаптармен жүрмейтін адамдар өзгере алатыны неден көрінеді? (11-тармақты қараңыз.)
БІРЕУ СҰРАСА: “Құдай Патшалығы деген не өзі?”
Сіз қалай жауап берер едіңіз?
ТҮЙІНДЕМЕ
Құдай Патшалығы — көкте орналасқан үкімет, әрі ол бүкіл жержүзіне билік етеді.
Қайталау
Құдай Патшалығының билеушілері кімдер?
Құдай Патшалығы адам үкіметтерінен қай жағынан асып түседі?
Ехоба Құдай Патшалығының азаматтарынан не күтеді?
ҚОСЫМША ІЗДЕНІҢІЗ
Патшалықтың қайда екеніне қатысты Исаның не деп үйреткенін қарастырыңыз.
“Құдай Патшалығы адамның жүрегінде ме?” (jw.org сайтындағы мақала)
Неге Ехоба куәгерлері адам үкіметтеріне емес, Құдай Патшалығына адал болуды шешеді?
Исамен бірге билік ететін 144 000 туралы Киелі кітапта не айтылғанын оқып көріңіз.
Түрмеде отырған әйелді дүниеде Құдай ғана әділдік орната алатынына не сендірді?
“Мен әділдіктің жеңіп шығатынын білдім” (“Ояныңдар!” (ор.), қараша, 2011)
-
-
Құдай Патшалығы қазір билік етуде!Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз! (интерактивті Киелі кітап сабақтары)
-
-
32-САБАҚ
Құдай Патшалығы қазір билік етуде!
Құдай Патшалығы көкте билік етуін 1914 жылы бастады. Сондай-ақ сол кезден бастап адам үкіметтерінің соңғы күндері басталды. Бұны қайдан білеміз? Қазір Киелі кітапта алдын ала не айтылғанын және 1914 жылдан бастап әлемдегі жағдай мен адамдардың мінез-құлқы қалай өзгергенін қарастырайық.
1. Киелі кітап пайғамбарлығында не делінген?
Даниял кітабынан көретініміздей, Құдай Патшалығы “жеті уақыт” деп аталатын кезең аяқталған кезде өз билігін бастау керек еді (Даниял 4:16, 17). Ғасырлар өте Иса дәл сол кезеңді “басқа ұлттарға белгіленген уақыт” деп атаған, әрі оның сол кезде әлі бітпегенін көрсеткен (Лұқа 21:24). Алда көретініміздей, сол жеті уақыт 1914 жылы аяқталды.
2. 1914 жылдан бері әлемдегі жағдай мен адамдардың мінез-құлқы қалай өзгерді?
Исаның шәкірттері одан: “Сіздің осында болуыңыз бен осы заманның аяқталып қалғанын қандай белгі білдірмек?”— деп сұрады (Матай 24:3). Ол Құдай Патшалығының Патшасы ретінде билік ете бастағанда, көптеген жайттардың болатынын айтып кеткен. Солардың кейбірі — соғыс, ашаршылық және жер сілкінісі (Матай 24:7 оқыңыз). Сондай-ақ Киелі жазбаларда “соңғы күндері” адамдардың мінез-құлқы өзгеріп, содан өмір “ерекше қиын” болып кететіні алдын ала айтылған (Тімөтеге 2-хат 3:1—5). Осының бәрі әсіресе 1914 жылдан бастап болып жатыр.
3. Құдай Патшалығы билік ете бастағалы бері неге дүниедегі жағдай нашарлап кетті?
Иса Құдай Патшалығының Патшасы болғаннан кейін көп ұзамай көкте Шайтан мен жын-перілерімен соғысты. Осы соғыста Шайтан жеңіліп қалды. Киелі кітапта айтылғандай, ол “жерге лақтырылды, онымен бірге періштелері де лақтырылды” (Аян 12:9, 10, 12). Өзінің жойылатынын білгендіктен, Шайтан қатты ашулы. Дүниедегі бүкіл қасіретке сол жауапты. Сондықтан әлемдегі жағдайлардың неліктен нашарлап кеткеніне таңғалмасақ болады! Осы қиыншылықтардың бәрін Құдай Патшалығы шешеді.
ТЕРЕҢІРЕК ҮҢІЛІҢІЗ
Құдай Патшалығы билігін 1914 жылы бастағанын қайдан білетінімізді қарастырайық және бұл бізді не нәрсеге талпындыру керектігін көрейік.
4. 1914 жылға нұсқайтын Киелі кітаптағы оқиғалар хронологиясы
Бірде ежелгі Бабылдың патшасы Навуходоносор түс көреді. Сол түсінде Құдай оған болашақта не болатынын көрсетеді. Осы түс туралы және Даниял пайғамбар оны қалай жорып бергені туралы біз Киелі кітаптан оқып білеміз. Бұл түстің Навуходоносордың патшалығына да, Құдай Патшалығына да қатысы бар еді (Даниял 4:17 оқыңыз).a
Даниял 4:20—26 оқып, кестенің көмегімен мына сұрақтарға жауап беріңіз:
А) Навуходоносор түсінде не көрді? (20, 21-тармақтарды қараңыз).
Ә) Ағашпен не болу керек еді? (23-тармақты қараңыз).
Б) “Жеті уақыт” аяқталғанда не болу керек еді? (26-тармақты қараңыз).
Ағаш туралы түстің Құдай Патшалығымен байланысы
ПАЙҒАМБАРЛЫҚ (Даниял 4:20—36)
Билік
А) Зәулім ағаш
Билік тоқтатылды
Ә) “Ағашты шабыңдар”, “сөйтіп, жеті уақыт өтсін”
Билік қалпына келтірілді
Б) “Патшалығыңыз өзіңізге тиесілі болып қала береді”
Пайғамбарлықтың бірінші орындалуы
В) Ағаш кімді бейнелеген? (22-тармақты қараңыз).
Г) Оның билігі қалай тоқтатылды? (Даниял 4:29—33 оқыңыз).
Ғ) “Жеті уақыт” аяқталғанда Навуходоносормен не болды? (Даниял 4:34—36 оқыңыз).
БІРІНШІ ОРЫНДАЛУЫ
Билік
В) Бабыл патшасы Навуходоносор
Билік тоқтатылды
Г) Б. з. б. 606 жылдан кейін Навуходоносор ақыл-есінен айырылып, жеті жыл бойы билік ете алмай қалды
Билік қалпына келтірілді
Ғ) Навуходоносордың ақыл-есі кіріп, қайтадан билік ете бастады
Пайғамбарлықтың екінші орындалуы
Д) Ағаш кімді бейнелеген? (Шежірелер 1-жазба 29:23 оқыңыз).
Е) Олардың билігі қалай тоқтады? Иса жерде болғанда олардың билігі әлі тоқтап тұрғанын қайдан білеміз? (Лұқа 21:24 оқыңыз).
Ж) Бұл билік қашан және қайда қалпына келді?
ЕКІНШІ ОРЫНДАЛУЫ
Билік
Д) Құдайдың билігін бейнелеген исраилдік патшалар
Билік тоқтатылды
Е) Иерусалим күйреді. 2520 жыл бойы исраилдік патша әулетінің билігі тоқтап тұрды
Билік қалпына келтірілді
Ж) Құдай Патшалығының Патшасы ретінде Иса көкте билік етуін бастады
“Жеті уақыт” деген қанша?
Киелі кітаптың бір жері оның басқа жерін түсінуге көмектеседі. Мысалы, Аян кітабынан үш жарым уақыт 1260 күнге тең екенін білеміз (Аян 12:6, 14). Жеті уақыт одан екі есе көп болғандықтан, ол 2520 күнге тең. Киелі кітапта кейде бір күн деген сөз бір жылды білдіреді (Езекиел 4:6). Осыны ескерсек, Даниял кітабында айтылған “жеті уақыт” 2520 жылға тең.
5. 1914 жылдан бастап әлем өзгерді
Иса Патша болғаннан кейін әлемдегі жағдайдың қандай болатынын айтып кеткен. Лұқа 21:9—11 оқып, мына сұрақты талқылаңыздар:
Сіз осылардың қайсысын көріп я естіп жүрсіз?
Ал елші Пауыл адам билігінің соңғы күндері адамдардың мінез-құлқы қандай болатынын айтып кеткен. Тімөтеге 2-хат 3:1—5 оқып, келесі сұрақты талқылаңыздар:
Адамдардың бойынан осылардың қайсысын көріп жүрсіз?
6. Құдай Патшалығының билеп жатқанына сенетініңізді көрсетіңіз
Матай 24:3, 14 оқып, келесі сұрақтарды талқылаңыздар:
Құдай Патшалығының қазір билік етіп жатқаны қандай маңызды істен көрінеді?
Сіз бұл іске қалай қатыса аласыз?
Құдай Патшалығы қазір билік етіп жатыр. Оның бүкіл жер бетіне билік жүргізетін күні де жақындап қалды. Еврейлерге 10:24, 25 оқып, мына сұрақты талқылаңыздар:
Сол күннің “жақын қалғанын білгендіктен” әрқайсысымыз не істеуіміз керек?
БІРЕУ СҰРАСА: “Неге Ехоба куәгерлері 1914 жылды елеулі жыл деп атайды?”
Сіз не деп жауап берер едіңіз?
ТҮЙІНДЕМЕ
Киелі кітап пайғамбарлығы, хронологиясы және дүниедегі жағдайлар Құдай Патшалығының қазір билік етіп жатқанын дәлелдейді. Бұған сенетінімізді уағыздаумен және кездесулерге баруымызбен көрсетеміз.
Қайталау
Даниял кітабында айтылған “жеті уақыт” аяқталғанда не болды?
Құдай Патшалығының 1914 жылы билік ете бастағанына сіздің көзіңізді не жеткізді?
Құдай Патшалығының қазір билік етіп жатқанына сенетініңізді қалай көрсете аласыз?
ҚОСЫМША ІЗДЕНІҢІЗ
1914 жылдан бастап әлемде болып жатқан өзгерістер жайлы тарихшылар мен басқалар не дейтінін көріңіз.
“Моральдық құлдыраудың басы” (“Ояныңдар!” (ор.), сәуір, 2007)
Матай 24:14-тегі пайғамбарлық бір ер кісінің өмірін қалай өзгерткенін оқып көріңіз.
Даниял кітабының 4-тарауындағы пайғамбарлық Құдай Патшалығына қатысы бар екенін қайдан білеміз?
“Құдай Патшалығы қашан билік ете бастады? (1-бөлім)” (“Күзет мұнарасы”, 1 қазан, 2014)
Даниял кітабының 4-тарауында айтылған “жеті уақыт” 1914 жылы аяқталғанын не дәлелдейді?
“Құдай Патшалығы қашан билік ете бастады? (2-бөлім)” (“Күзет мұнарасы”, 1 қараша, 2014)
a Осы сабақтың “Қосымша ізденіңіз” бөліміндегі соңғы екі мақаланы қараңыз.
-
-
Құдай Патшалығы не істейді?Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз! (интерактивті Киелі кітап сабақтары)
-
-
33-САБАҚ
Құдай Патшалығы не істейді?
Құдай Патшалығы қазір көкте билік етіп жатыр. Жақында ол жер бетіне билігін жүргізіп, үлкен өзгерістер жасайды. Қазір сол өзгерістердің кейбірін қарастырайық.
1. Құдай Патшалығы қалай жер бетіне бейбітшілік пен әділдік орнатады?
Құдай Патшалығының Патшасы Иса зұлым адамдар мен үкіметтерді Армагеддон соғысында жояды (Аян 16:14, 16). Сол кезде Киелі кітаптағы “көп ұзамай зұлымдар жоқ болады” деген уәде толықтай орындалады (Зәбүр 37:10). Иә, Патшалық арқылы Иса бүкіл жер бетіне бейбітшілік пен әділдік орнатады (Ишая 11:4 оқыңыз).
2. Құдай еркі жер бетінде орындалғанда, өмір қандай болады?
Құдай Патшалығы билік еткен кезде “әділдер жерді мұра етеді, онда мәңгі бақи өмір сүреді” (Зәбүр 37:29). Өзіңіз елестетіп көріңізші: жерде тек жақсы, әділ, Ехобаны және бір-бірін жақсы көретін адамдар ғана өмір сүреді! Ешкім ауырмайды, бәрі мәңгі жасайды. Бұл неткен ғанибет өмір болмақ!
3. Зұлымдарды жойған соң, Құдай Патшалығы нені жүзеге асырады?
Зұлымдарды жойған соң, Иса Патша ретінде 1000 жыл билік етеді. Сол кезде ол 144 000 билеушісімен бірге адамзатқа күнәларынан арылып, кемелділікке жетуге көмектеседі. Мың жылдың соңына қарай бүкіл жержүзі әсем жұмаққа айналады және Ехобаның заңдарына бағынып жүрген бақытты адамдарға толады. Содан кейін Иса Патшалықты қайтадан Әкесі Ехобаға тапсырады. Сонда бұрын-соңды болмағандай Ехобаның “есімі киелі болады” (Матай 6:9, 10). Мұның бәрі Ехоба өз азаматтарының қамын ойлайтын ең жақсы Билеуші екенін дәлелдейді. Сосын Ехоба Шайтанды, жындарды және өзінің билігіне қарсы шыққан кез келген адамды жояды (Аян 20:7—10). Құдай Патшалығы істейтін таңғажайып жағдай мәңгілікке ұласады.
ТЕРЕҢІРЕК ҮҢІЛІҢІЗ
Құдай Киелі жазбалардағы болашаққа қатысты уәделерді Патшалық арқылы орындайтынына неліктен сенімді бола алатынымызды қарастырайық.
4. Құдай Патшалығы адамдардың үкіметтерін алып тастайды
“Адамның адамға билік етуі тек зиян келтіреді” (Уағыздаушы 8:9). Ехоба өз Патшалығы арқылы осы әділетсіздікті тоқтатады.
Даниял 2:44 пен Салоникалықтарға 2-хат 1:6—8 оқып, мына сұрақтарды талқылаңыздар:
Ехоба мен оның Ұлы Иса үкіметтермен және оның қолдаушыларымен не істейді?
Сіздің осы уақытқа дейін Ехоба мен Иса жайлы оқып білгеніңіз олардың әділ әрекет ететініне сендіре ме? Неге?
5. Иса — ең керемет Патша
Құдай Патшалығының Патшасы Иса келешекте жердегі азаматтарына көптеген жақсылық жасайды. Иса адамдарға көмектескісі келетінін және соны істеуге Құдай оған құдірет дарытқанын әлдеқашан дәлелдеп қойған. БЕЙНЕРОЛИКТІ көріңіздер.
Иса жерде болғанда, Құдай Патшалығы қандай істерді жүзеге асыратынын көрсеткен. Сіз кестеде жазылған қай нәрсені әсіресе күтудесіз? Кестедегі тармақтарды оқып, Патшалықтың төгетін баталары жайлы көбірек біліңіз.
ИСА ЖЕРДЕ БОЛҒАНДА
ИСА КӨКТЕН
табиғат күштеріне билік жүргізген (Марқа 4:36—41).
бүлінген табиғатты қалпына келтіреді (Ишая 35:1, 2).
мыңдаған адамды керемет түрде тамақтандырған (Матай 14:17—21).
ғаламдық аштықты жояды (Зәбүр 72:16).
көптеген ауруларды сауықтырған (Лұқа 18:35—43).
бәріне мінсіз денсаулық сыйлайды (Ишая 33:24).
марқұмдарға қайтадан өмір берген (Лұқа 8:49—55).
қайтыс болған адамдарды тірілтіп, өлімді жояды (Аян 21:3, 4).
6. Құдай Патшалығы жарқын болашақ сыйлайды
Құдай Патшалығы Ехоба әуел баста адамдар үшін ниет қылған ғажап өмірді сыйлайды. Барлық адамдар жердегі жұмақта мәңгі өмір сүреді. Ехоба өз Ұлы Иса арқылы осы ниетін қалай жүзеге асыратынын білу үшін, БЕЙНЕРОЛИКТІ көріңіздер.
Зәбүр 145:16 оқып, мына сұрақты талқылаңыздар:
Ехоба “барша тіршілік иелерінің қажетін беретіні” сізді қандай сезімге бөлейді?
КЕЙБІРЕУЛЕРДІҢ АЙТАТЫНЫ: “Бәріміз біріксек, әлемдегі қиындықтарды шешеміз”.
Құдай Патшалығы адам үкіметтері шеше алмайтын қандай қиындықтарды шешеді?
ТҮЙІНДЕМЕ
Құдай Патшалығы Ехобаның ниет-қалауын жүзеге асырады. Ол бүкіл жерді жұмаққа айналдырып, Ехобаға мәңгі ғибадат ететін жақсы адамдарға толтырады.
Қайталау
Құдай Патшалығы Ехобаның есімін қалай киелі етеді?
Құдай Патшалығы Киелі жазбалардағы уәделерді орындайтынына неліктен сенуге болады?
Құдай Патшалығы әкелетін көп жақсылықтың қайсысын әсіресе күтудесіз?
ҚОСЫМША ІЗДЕНІҢІЗ
Армагеддон деген не екенін оқып көріңіз.
Иса “зор алапат” деп атаған кезеңде не болатынын біліңіз (Матай 24:21).
Бір отбасы Құдай Патшалығының баталарын қалай елестетіп жатқанын тамашалаңыз.
Кезінде саяси қылмыскер болған ер адам сұрақтарына қалай жауап тапқанын “Мені көптеген сұрақтар мазалайтын” деген өмірбаянынан оқып көріңіз.
“Киелі кітап адамның өмірін өзгертеді” (“Күзет мұнарасы”, 1 қаңтар, 2012)
-