“Тәлім берумен айналыса бер”
“МАҒАН “Ұстаз”, “Ием” дейсіңдер. Осылай атағандарың дұрыс, себебі Мен Солмын” (Жох. 13:13). Шәкірттеріне осылай деуімен Иса өзінің тәлім беруші екеніне ерекше назар аударды. Ал көкке көтерілер алдында Иса шәкірттеріне былай деді: ‘Күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіңдер... әрі сендерге өсиет еткендерімнің бәрін де ұстануға үйретіңдер!’ (Мат. 28:19, 20). Кейінірек елші Пауыл да Құдай сөзінің үйретушісі болудың маңыздылығына баса назар аударды. Ол мәсіхші ақсақал болған Тімотеге мынадай нұсқау берді: “Киелі жазбаларды оқып беріп, насихаттап, сенімдерін нығайтып, тәлім берумен айналыса бер... Осыларды орындап, өзіңді соған арна; бәрі де бұдан сенің алға басуыңды көре алсын” (Тім. 1-х. 4:13—15).
Бүгінде де, тәлім беру — уағыздау қызметі мен қауым кездесулерінің маңызды бөлігі. Олай болса, тәлім берудің қандай қырларына назар аударғанымыз жөн және бұлай еткеніміз Құдай сөзін үйретуші ретінде алға басуымызға қалай көмектеседі?
Ұлы Ұстазға еліктеңдер
Исаның тәлімі тыңдаушыларының көбісіне тартымды болған. Назареттегі мәжілісханаға келгендерге оның сөздерінің қалай әсер еткеніне назар аударайықшы. Ізгі хабардың жазушысы Лұқа былай деп жазды: ‘Бәрі Оған ризашылық білдіріп, аузынан шыққан ұнамды сөздеріне таңғалды’ (Лұқа 4:22). Исаның шәкірттері уағыздау ісінде Ұстаздарына еліктеген. Елші Пауыл бір сенімдегілерді: “Менің Мәсіхтен үлгі алғанымдай, сендер де менен үлгі алыңдар!”,— деп шақырды (Қор. 1-х. 11:1). Исаның тәсілдерін қолданғанның арқасында, Пауыл ‘ел алдында және жеке үйлерде уағыз айтып, тәлім беруде’ зор жетістіктерге жетті (Ел. іс. 20:20).
“Базарда” тәлім беру
Пауылдың керемет тәлім беру қабілеті туралы Елшілердің істері 17-тараудан білеміз. Мұнда оның Грекиядағы Афины қаласына келгені жайында оқимыз. Қайда көз жіберсе де — көшелерде, алаңдарда — Пауыл жалған тәңірлердің мүсіндерін көрді. Бұл жайт Пауылдың еңсесін түсірген болса керек. Сонда да ол жағымсыз сезімдерге берілген жоқ. Қайта, ізгі хабар жөнінде ‘мәжілісханада және күн сайын базарда кездейсоқ жолыққандармен сөйлесіп жүрді’ (Ел. іс. 17:16, 17). Біз үшін неткен керемет үлгі! Мәдениеті әртүрлі адамдарды кездестіргенде сынап-мінемей, құрметпен сөйлесек, олардың кейбірі біздің хабарымызға құлақ асып, жалған ғибадаттың құрсауынан құтылуы мүмкін (Ел. іс. 10:34, 35; Аян 18:4).
Базарда Пауыл уағыздаған адамдардың көбісі ізгі хабарға құлақ аспады. Олардың арасында көзқарастары шындыққа мүлдем жанаспайтын пәлсапашылар да бар еді. Қарсы пікір білдіргенде Пауыл олардың ойларына көңіл қойған. Кейбіреулер оны “мылжың” деп атады. Басқалары: “Ол бөтен тәңірлерді уағыздап жүрген сияқты”,— деді (Ел. іс. 17:18).
Алайда адамдардың жағымсыз сөздері Пауылдың көңілін түсірген жоқ. Керісінше, олар ілімдерін түсіндіруді сұрағанда, Пауыл мүмкіндікті пайдаланып, өзінің жақсы тәлімгер екендігін дәлелдейтін керемет баяндама айтты (Ел. іс. 17:19—22; Пет. 1-х. 3:15). Ал енді сол баяндаманың қыр-сырын қарастырып, тәлім беру қабілетімізді қалай жақсартуға болатынын көрейік!
Ортақ нәрсені іздеңдер
Пауыл былай деді: “Афинылықтар! Сіздердің айрықша діншіл екендеріңізді байқадым. Қасиетті орындарыңызды аралап, қарап жүргенде “Бейтаныс құдайға” деген жазуы бар құрбандық жасайтын орынды да көрдім. Өздеріңіз танымасаңыздар да, құрметтеп жүрген осы Құдайды уағыздап жүрмін” (Ел. іс. 17:22, 23).
Пауыл өзінің көрген нәрселеріне мұқият болатын. Ол көріп-білген нәрселерден тыңдаушылары жайында тұжырым жасаған. Біз де байқампаз болсақ, үй иесі жайында көп нәрсе аңғара аламыз. Мысалы, аулада жатқан ойыншықтар немесе есіктің жоғарғы жағында ілулі тұрған заттар көп нәрсені білдіруі мүмкін. Үй иесінің жағдайын шамамен жобалай білсек, оған не айтуды ғана емес, қалай айтуды да ескере аламыз (Қол. 4:6).
Пауыл уағызын адамдарға жағымды етуге тырысқан. Мысалы, ол афинылықтардың ұстанып жүрген нанымдары қате екенін білген. Сөйтіп, Пауыл олардың ғибадаты шынайы Құдайға ұнамды болу үшін не істеу керектігін анық етіп түсіндірді (Қор. 1-х. 14:8). Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздағанда анық әрі жағымды етіп сөйлегініміз қаншалықты маңызды десеңші!
Ешкімді алаламай, ілтипатты болыңдар
Пауыл былай деп жалғастырды: “Ол — әлемді және ондағының бәрін жаратқан Құдай, көк пен жердің Иесі, сондықтан Ол адамның қолынан шыққан киелі үйлерде тұрмайды. Құдай пенделердің Өзіне қызмет етуіне де зәру емес, қайта, Оның Өзі барлығына өмір, дем және қажеттінің бәрін сыйлайды” (Ел. іс. 17:24, 25).
Бұл жерде Пауыл ілтипаттылық танытып Ехобаны “көк пен жердің Иесі” деп атағанымен, оның Өмір беруші екеніне баса назар аударды. Әртүрлі діни әрі мәдени ортадан шыққан ақжүректі адамдарға Ехобаның өмірдің қайнар бұлағы екеніне көздерін жеткізу зор қуаныш емес пе! (Заб. 35:10).
Сосын, Пауыл былай деп қосты: “Ол бір адамнан бар ұлттарды таратып... олардың мерзімдері мен тұратын жерлерінің шектерін белгілеп қойған. Құдай бұны адамдар Өзін іздесін, мүмкін, қарманып жүргендей іздестіріп, тауып алсын деп істеді. Ол әрқайсымыздан алыс емес” (Ел. іс. 17:26, 27).
Басқаларға қалай тәлім бергеніміз қандай Құдайға ғибадат етіп жүргенімізді көрсетеді. Ол ешкімді алаламай, бәрінің де өзін ‘қарманып жүргендей іздестіріп, тауып алғандарын’ қалайды. Сол сияқты, біз де адамдардың бет-жүзіне қарамай уағыздаймыз. Сондай-ақ Жаратушыға сенетіндерге оған жақындап, мәңгі баталарға кенелуге көмектесеміз (Жақ. 4:8). Алайда Құдайдың бар екеніне күмәнданатын адамға қалай көмектесе аламыз? Пауылдан үлгі алсақ болады. Ол әрі қарай не деді екен?
“Оның арқасында біз өмір сүріп, әрекет етіп жүрміз. Сол сияқты кейбір ақындарың да: “Біз Оның ұрпағымыз” деген. Біз Құдайдың ұрпағы болсақ, Оның болмысы алтын, күміс немесе тас мүсінге ұқсайды деп ойламайық”,— деді Пауыл (Ел. іс. 17:28, 29).
Адамдардың қызығушылығын оятып, жүректеріне әсер ету үшін Пауыл олар танитын және құрмет тұтатын ақындардың сөздерін келтірген. Сол сияқты, біз де адамдарға таныс нәрселерді қолданып, ортақ тақырыпта сөйлесеміз. Мысалы, Пауылдың: “Әрбір үйдің салушысы бар, ал бәрінің де Жаратушысы — Құдай”,— деген сөздерін қазір де Құдайға сенбейтін адамдарға уағыздағанда қолдануға болады (Евр. 3:4). Осы қарапайым мысалды қолдана отырып тыңдаушыларымызбен бірге ой түзсек, сөзіміздің шындық екеніне көздерін жеткізе аламыз. Пауылдың баяндамасы тиімді тәлім берудің тағы бір жолын ашады, ол — әрекетке талпындыру.
Уақыттың күттірмейтінін көрсетіңдер
Пауыл былай деді: “Құдай мұндай ұғымсыздыққа сабырлылық көрсетті, алайда қазір Ол барлық жерде адамдардың бәріне теріс жолдан қайтсын деп бұйырады. Себебі Ол бұл дүниені әділдікпен соттайтын күнін белгілеп, сотты жүргізетін Кісіні тағайындап қойды” (Ел. іс. 17:30, 31).
Құдайдың зұлымдыққа уақытша жол бергені, ниетіміздің шын мәнінде қандай екенін көрсетуге мүмкіндік береді. Адамдарға уақыттың күттірмейтінін түсіндіргеніміз және жақында келетін Патшалықтың баталары жайында сенімділікпен айтқанымыз аса маңызды (Тім. 2-х. 3:1—5).
Адамдардың хабарымызды қабылдауы
“Өлімнен қайта тірілу туралы естігенде кейбіреулері мазақтаса, өзгелері: — Бұл туралы сізді тағы да тыңдаймыз,— деді. Сөйтіп, Пауыл орталарынан кетіп қалды. Кейбір адамдар оған қосылып, сенімді қабылдады” (Ел. іс. 17:32—34).
Кейбіреулер хабарымызды бірден қабыл алса, өзгелеріне уақыт керек болып жатады. Алайда шындықты анық әрі қарапайым түсіндіріп, кем дегенде, бір адамға Ехоба жайлы тура білім бере алсақ, адамдарды Ұлына жақындату үшін оның бізді қолданғанына қаншалықты риза боламыз десеңші! (Жох. 6:44).
Біз неге үйрендік?
Пауылдың баяндамасын егжей-тегжейлі қарастырсақ, Киелі кітаптағы шындықты үйретуге қатысты көп нәрсе біле аламыз. Егер біз қауым кездесулерінде баяндама айту мәртебесіне ие болсақ, Пауыл сияқты ілтипаттылықпен тәлім берудің арқасында сенбейтіндерге Киелі кітаптағы шындықты түсінуге және қабылдауға көмектесе аламыз. Осы шындықтарды анық етіп жеткізгіміз келгенімен, тыңдаушылардың арасында сенбейтіндер болса, олардың ұстанымдарын еш кемсіткіміз келмейді. Сондай-ақ уағыз ісінде сенімділікпен әрі ілтипаттылықпен сөйлегіміз келеді. Осылайша біз Пауылдың “тәлім берумен айналыса бер” деген кеңесіне құлақ асамыз.
[30-беттегі сурет]
Пауыл анық, қарапайым әрі ілтипаттылықпен тәлім берген
[31-беттегі сурет]
Тыңдаушылардың сезімін ескеріп, Пауылға еліктейік