Балаларыңның бойында оқуға және зерттеуге деген ықылас оятыңдар
БАЛАЛАРЫҢНЫҢ болашағы жарқын болу үшін қазірден бастап оларды оқып, зерттей білуге үйрету аса маңызды. Сондай-ақ бұл көп қуаныш әкелетін іс десе де болады. Кейбір адамдар кезінде ата-анасының кітап оқып бергенін осы күнге дейін жылулықпен еске алады. Оқудың өзі де, берер нәтижесі де қуанышқа бөлейді. Бұл әсіресе Құдай қызметшілері үшін маңызды, өйткені рухани өсу Киелі кітапты зерттеумен тікелей байланысты. Бір мәсіхші отағасы былай деді: “Оқып, зерттей білгеннің арқасында өзіміз үшін аса бағалы нәрселерге қол жеткіздік”.
Балаларыңның жақсы зерттеу жүргізуді әдетке айналдырғандары Құдаймен қарым-қатынастарын нығайта түсуге көмектеседі (Заб. 1:1—3, 6). Оқи білу құтқарылу үшін қойылатын талап болмағанымен, Киелі кітапта оқи білудің рухани игіліктерге жеткізетіні айтылған. Мысалы, Аян 1:3-те былай делінген: ‘Осы пайғамбарлық хабардың сөздерін оқып беретіндер де, оларды тыңдайтындар да бақытты!’ Сондай-ақ елші Пауылдың рухтың жетелеуімен Тімотеге жазған “осыларды орындап, өзіңді соған арна” деген кеңесінен зерттеу элементтерінің бірі — мұқияттылықтың маңыздылығы — анық көрінеді. Пауыл неге ондай кеңес берді екен? “Бәрі де бұдан сенің алға басуыңды көре алсын”,— деді ол (Тім. 1-х. 4:15).
Әрине, оқып, зерттей білу адамға өздігінен пайда әкелмейді. Мұндай қабілеті бар көптеген адамдар оны дұрыс қолдана бермейді. Олар бар күштерін пайдасыз нәрселерге жұмсайды. Олай болса, ата-аналар балаларыңның бойында пайдалы білімге деген құштарлықты қалай оята алады?
Сүйіспеншіліктерің мен үлгілерің
Отбасылық зерттеу сүйіспеншілікпен өткізілетін болса, балалар зерттеу жүргізуден қуаныш табуды тез үйренеді. Оуэн мен Клаудия есімді мәсіхші ерлі-зайыптылар екі баласы туралы былай дейді: “Біз оларды жақсы көретінімізді және бар жақсылықты тілейтінімізді көрсете білгендіктен, балалар үшін зерттеуге арналған уақыт — ерекше уақыт болды. Бірге зерттеу оларға ұнайтын”. Отбасылық зерттеу жағымды өтетін болса, тіпті әдетте қиыншылықтар басталатын жасөспірім шақта да, балалардың оған деген көзқарастары өзгермейді. Оуэн мен Клаудияның балалары қазір ізашар ретінде қызмет етеді және бала кезінен қалыптасқан оқып, зерттеуге деген ықыластарының пайдасын әлі де көруде.
Балаларға жақсы үлгі көрсетудің де маңызы зор. Ата-аналарының оқып, зерттегенін көріп өскен балалар мұны өз өмірлерінің ажырамас бөлігі етуі әбден мүмкін. Алайда оқуды онша ұнатпайтын болсақ, оларға қалай үлгі көрсете аламыз? Оқуға және ненің шын мәнінде маңызды екендігіне деген көзқарасымызды өзгерткеніміз жөн (Рим. 2:21). Егер күнделікті оқуды әдетке айналдырсаңдар, бұл балаларыңа әсер етпей қоймайды. Әсіресе Киелі кітапты оқу, қауым кездесулеріне дайындалу және отбасылық зерттеу сияқты істерде құлшыныс танытқандарың, балаларыңның бұл істердің маңыздылығын түсінуіне көмектеседі.
Сонымен, балаларыңның бойында оқуға деген ықылас ояту үшін сүйіспеншілік танытып, өздерің үлгі көрсеткендерің өте маңызды. Оларды талпындыру үшін тағы не істеуге болады?
Балаларыңа оқуды жақсы көруге көмектесіңдер
Балаларыңа оқуды жақсы көруге көмектесу үшін не істеуге болады? Сәби кезінен бастап қолына кітап ұстатудан тартынбаңдар. Кішкентай кезінен ата-анасы оқуды жақсы көруге көмектескен бір ақсақал былай деп кеңес береді: “Қолына кітап алу балаларыңа үйреншікті нәрсе болсын. Сонда кітаптар олар үшін таныс әрі кәдімгі нәрсеге айналады”. Осылайша көптеген балаларға Киелі кітапқа негізделген “Ұлы Ұстаздан үйрен” және “Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым” сияқты кітаптар, тіпті оқуды үйренбес бұрын, жақын әрі ұнамды нәрсеге айналған. Осындай кітаптарды оқудың арқасында балаларыңа тілді үйретіп қана қоймай, “рухани шындықты түсіндіре” аласыңдар (Қор. 1-х. 2:13).
Жүйелі түрде дауыстап оқыңдар. Балаларыңмен күнделікті оқуды дағдыға айналдырыңдар. Осылайша оларды сөздерді дұрыс айтуға және оқуды әдетке айналдыруға көмектесесіңдер. Қалай оқитындарың да маңызды. Қызықты етіп оқитын болсаңдар, олардың бойында да оқуға деген ықылас пайда болады. Балаларың бір оқиғаны оқып беруді қайта-қайта сұрауы мүмкін. Мұндай кезде олардың бетін қайтармаңдар. Уақыт өте келе өздері-ақ жаңа тақырыпты оқып беруіңді сұрайтын болады. Алайда бірге оқуға мәжбүрлеуден сақ болыңдар. Иса адамдарға “тыңдай алғандарынша” ғана тәлім беруімен жақсы үлгі қалдырған (Мар. 4:33). Мәжбүрлемейтін болсаңдар, балаларың бірге оқуды ұнатып, кейін өздері де оқуға асық болуы әбден мүмкін.
Қатысуға талпындырып, оқығандарыңды бірге талқылаңдар. Сонда уақыт өте келе олар көп сөздерді танитын, дұрыс айтатын және олардың мағынасын түсінетін болады. Оқығандарыңды олармен бірге талқылағандарың балаларыңның алға басуына үлкен үлес қосады. Олармен ой бөліскендерің балаларға “кейін тани және түсіне білулері қажет болатын сөздерді есінде сақтауға көмектеседі,— делінген балаларға жақсы оқи білуді үйретуге арналған кітапта.— Өйткені өресі қалыптасып, сауаты ашылып жатқан балалар үшін әңгімелесу өте маңызды. Неғұрлым мәнді әңгіме болса, соғұрлым жақсы болады”.
Балаларыңды өздеріңе оқып беруге және сұрақтар қоюға талпындырыңдар. Мүмкін өздерің сұрақ қойып, бірнеше жауап ұсынарсыңдар. Осылайша балалар кітапта қандай да бір мәлімет жазылғанын және өздері оқыған сөздердің мағынасы бар екенін түсінеді. Әсіресе, ең маңызды мәлімет жазылған Құдай сөзіне негізделген кітаптарға келгенде осылай істеген дұрыс (Евр. 4:12).
Оқи білудің күрделі нәрсе екенін де ұмытпаңдар. Оған үйрену үшін көп уақыт пен күш жұмсау қажетa. Сондықтан бүлдіршіндеріңнің оқуға деген сүйіспеншілігін арттыру үшін мақтау сөзге жомарт болыңдар. Бұлай еткендерің оларды жақсы оқи білуді үйренуге талпындырады.
Күш салуға тұрарлық әрі қуаныш әкелетін іс
Балаларға оқуды үйреткендегі мақсатымыз — оларды зерттеу жүргізуге баулу. Зерттеу дегеніміз — деректерді біліп, олардың бір-бірімен байланысын ұғыну. Ол үшін оқығанымызды топтап, есте сақтап және қолдана білуіміз қажет. Зерттеуді үйреніп, оның пайдасын көре білген бала үшін бұл іс күш салуға тұрарлық болады әрі қуаныш әкеледі (Екк. 10:10).
Зерттеудің негізгі тәсілдерін қолданыңдар. Отбасылық ғибадат кеші, күнделікті тармақты талқылау және сол сияқты рухани шаралар балаларыңның зерттеу қабілетін дамытуға керемет мүмкіндік береді. Қысқа уақыт аралығында тапжылмастан бір тақырыпқа ден қойып отырғандары оларды мұқият болуға үйретеді, ал бұл өз кезегінде тәлім алудың маңызды бөлігі болып табылады. Сосын, ұлыңнан жаңа ғана қарастырған мәліметтің бұрын білгендерімен қандай байланысы бар екенін сұрауыңа болады. Осылайша ол мәліметтерді салыстыруды үйренеді. Немесе қызыңнан оқығанын өз сөзімен айтып беруін сұрасаң болады. Бұл оған оқығанының мағынасын түсінуге әрі есте сақтауға көмектеседі. Шолу жасау — қандай да бір мақаланы оқып болған соң, негізгі ойларын қысқаша қайталау. Бұл тәсіл оларға мәліметті есте сақтауды үйрену үшін қажет. Тіпті кішкентай балаларды да зерттеу не қауым кездесуі кезінде естігендерін қысқаша түртіп отыруға үйретуге болады. Бұлай еткендері оларға мұқият болуға таптырмайтын көмек болады. Осы қарапайым тәсілдер тәлім алуды өздерің үшін де балаларың үшін де әлдеқайда қызықты әрі мағыналы етеді.
Зерттеуге ыңғайлы жағдай жасаңдар. Ауасы таза, жарық бөлмеде, тыныштықта және ыңғайланып отырсақ, мұқият болу әлдеқайда жеңіл болады. Әрине, зерттеуге деген ата-ананың көзқарасы өте маңызды. “Оқып, зерттеуге жүйелі түрде уақыт бөліп тұрған дұрыс,— дейді бір ана.— Бұл балаларды уақытты жоспарлай білуге үйретеді. Олар әр нәрсенің өз уақыты болатынын түсінеді”. Көптеген ата-аналар зерттейтін уақыт келгенде оған еш нәрсенің кедергі болмауына қам жасайды. Бір маманның айтуынша, бұл әдіс баланың бойында зерттеу жүргізу әдетінің қалыптасуына қатты әсер етеді.
Зерттеудің пайдасына назар аударыңдар. Балаларыңа білгендерін қолданудың пайдасын көрсетіңдер. Зерттеудің басты мақсаты — мәліметті қалай қолдануды көрсету. Бір жас ер бауырлас былай дейді: “Егер мен мәліметтің іс жүзіндегі пайдасын көрмесем, оны зерттегім де, білгім де келмей кетеді. Ал мұның өзіме қатысы бар екенін байқасам, мән-жайына жетуге деген ықыласым оянады”. Жастар зерттеуді маңызды бір мақсатқа жетудің жолы деп қарастырса, оған жан сала берілетіні шүбәсіз. Сонда оқуға қандай ықыластары болса, зерттеуге де сондай ықылас пайда болады.
Ең басты жемісі
Балаларыңның оқуға деген ықыласын оятқанның пайдасын түгел айтып шығу мүмкін емес. Мектепте, жұмыста, адамдармен қарым-қатынасында, осы дүниені танып-білуде, және ата-аналар мен балалардың арасында сүйіспеншілікке негізделген қарым-қатынас дамытуда бұл қабілеттің әкелер пайдасы көп. Бұған оқып, зерттеу барысының өзі қаншалықты қызықты болатынын қосуларыңа болады.
Ең бастысы, зерттеуге деген ықыласы балаларыңа рухани адам болып қалыптасуға көмектеседі. Зерттеуді жақсы көргеннің арқасында олар Жазбалардағы “кең де көз жеткісіз, терең және биік” шындықты игеруге бар ниеттерімен және шын жүректен ұмтылатын болады (Ефес. 3:18). Әрине, мәсіхші ата-аналар балаларын көп нәрсеге үйрету керек. Оларға уақыттары мен көңілдерін бөліп, өмірге жақсы бастама берулері үшін қолдан келгеннің бәрін жасаған ата-аналар балалары Ехобаға ғибадат ету жолын таңдайды деп үміттенеді. Зерттеуді әдетке айналдыруға көмектессеңдер, балаларың Құдаймен жақсы қарым-қатынас дамытып, оны сақтайтын болады. Олай болса, балаларыңа оқып, зерттеуді жақсы көре білуді үйретуге барынша тырысыңдар. Сондай-ақ Ехобаның батасын тілеп, дұға етіңдер (Нақ. с. 22:6).
[Сілтеме]
a Оқып, зерттеуді үйрену әсіресе кемістігі бар балалар үшін қиын. Ата-аналары оларға қалай көмектесе алатыны “Ояныңдар!” (ор.) журналында талқыланған (1997 жыл, 22 ақпан, 3—10 беттер).
[26-беттегі қоршау/суреттер]
Оқу...
• Кітапты қолдарына ұстатыңдар
• Дауыстап оқыңдар
• Ойын айтуға талпындырыңдар
• Оқығандарыңды бірге талқылаңдар
• Баланың өзіне оқытыңдар
• Сұрақ қоюға талпындырыңдар
Зерттеу...
• Жақсы үлгі көрсетіңдер
• Балаларыңды мынаған үйретіңдер:
○ мұқият болу
○ салыстыру
○ өз сөзімен айту
○ шолу жасау
○ қысқаша түртіп отыру
• Зерттеуге қолайлы жағдай жасаңдар
• Зерттеудің пайдасына назар аударыңдар