Марқа
15 Таң атысымен-ақ жоғарғы діни қызметкерлер, ақсақалдар мен заң мұғалімдері, яғни бүкіл Жоғарғы кеңес, жиналып ақылдасты. Сосын, Исаны байлап, Пилатқа апарып табыс етті. 2 Пилат одан: “Сен яһудилердің Патшасысың ба?”— деп сұрағанда, ол: “Мұны өзің айтып тұрсың”,— деп жауап берді. 3 Ал жоғарғы діни қызметкерлер Исаға көптеген айып тағып жатты. 4 Пилат оған қайтадан сұрақ қойып: “Айтар жауабың жоқ па? Қарашы, олар саған қаншама айып тағып тұр!”— деді. 5 Бірақ Иса басқа еш жауап қатпады, сондықтан Пилат оған қайран қалды.
6 Пилат жыл сайын осы мейрамда халық сұраған бір тұтқынды босатып беретін. 7 Сол уақытта жұрт Барабба деп атайтын біреу бар еді. Ол сыбайластарымен бірге көтеріліс жасап, кісі өлтіргені үшін түрмеде отырған болатын. 8 Халық жиналып, Пилаттан әдеттегідей бір тұтқынды босатып беруін сұрай бастады. 9 Ол: “Яһудилердің Патшасын босатқанымды қалайсыңдар ма?”— деген сұрақ қойды. 10 Өйткені Пилат жоғарғы діни қызметкерлердің Исаны қызғаныштан ұстап бергенін білетін. 11 Бірақ жоғарғы діни қызметкерлер жұртты Исаның орнына Бараббаны босатып беруін талап етуге арандатты. 12 Пилат тағы да сұрақ қойып: “Ал өздерің яһудилердің Патшасы деп атайтын кісіге не істейін?”— дегенде, 13 олар: “Оны бағанаға іл!”— деп айғайлап тұрып алды. 14 Бірақ Пилат: “Не үшін? Ол қандай жамандық істеді?”— деп сұрады. Олар болса: “Оны бағанаға іл!”— деп одан бетер айғайлады. 15 Сонда Пилат халыққа жағынғысы келіп, Бараббаны босатып берді. Ал Исаға дүре соқтырып, бағанаға ілу үшін сарбаздардың қолына тапсырды.
16 Сарбаздар оны әмірші сарайының ішкі ауласына әкеліп, сол жерге бүкіл әскер бөлімін жинады. 17 Олар Исаға күрең қызыл шапан жауып, басына тікеннен өрілген тәж кигізді. 18 Сосын, оған: “Амансың ба, яһудилердің Патшасы!”— деп сәлем бере бастады. 19 Сондай-ақ басынан қамыс таяқпен ұрып, бетіне түкіріп, алдында тізе бүгіп, тағзым етіп жатты. 20 Ал мазақ етіп болғаннан кейін, үстіндегі күрең қызыл жамылғыны шешіп алып, өз киімін кигізді де, бағанаға ілуге алып кетті. 21 Жолшыбай олар ауыл жақтан келе жатқан Ескендір мен Руфтың әкесі — күренелік Шимон дейтін біреуге Исаның азап бағанасын көтертіп қойды.
22 Сонымен олар Исаны “бас сүйек” дегенді білдіретін Голгота атты жерге алып келді. 23 Сол жерде оған елтітетін мүр қосылған шарап ұсынды, бірақ ол ішпеді. 24 Содан Исаны бағанаға ілді де, жеребе салып, оның киімдерін бөлісті. 25 Оны бағанаға ілгенде үшінші сағат* болатын. 26 Оған қандай айып тағылғанын көрсету үшін бас жағына “Яһудилердің Патшасы” деп жазылған тақташа бекітілді. 27 Олар Исамен бірге тағы екі қарақшыны — бірін оң, екіншісін сол жағына — бағанаға іліп қойды. 28* —— 29 Исаның қасынан өтіп бара жатқандар бастарын шайқап, оны тілдеп былай деді: “Әй, ғибадатхананы қиратып, үш күнде қайта тұрғызушы! 30 Азап бағанасынан түсіп, өзіңді құтқарып ал!” 31 Жоғарғы діни қызметкерлер мен заң мұғалімдері де өзара оны мазақ етіп, былай десті: “Өзгелерді құтқарса да, өзін құтқара алмай тұр! 32 Исраил Патшасы Мәсіх тап қазір бағанадан түссін! Мұны өз көзімізбен көрейік, сонда сенеміз”. Тіпті оның қасындағы бағаналарға ілінгендер де тіл тигізіп жатты.
33 Алтыншы сағатта* сол аймақтың бәрін қараңғылық басып, тоғызыншы сағатқа* дейін созылды. 34 Тоғызыншы сағатта Иса қатты дауыстап: “Ели, Ели, лама сабахтани?”— деді. Бұл “Құдайым, Құдайым, неге мені жалғыз қалдырдың?” дегенді білдіреді. 35 Мұны естігенде, сонда тұрғандардың кейбірі: “Қараңдар, ол Ілиясты шақырып жатыр”,— десті. 36 Біреуі жүгіріп барып, сорғышты қышқыл шарапқа батырып алды да, оны таяққа қадап Исаға ұсынып тұрып: “Күте тұрайық! Ілияс келіп, оны түсіріп алар ма екен, көрейік”,— деді. 37 Бірақ Иса қатты дауыстап жіберіп, соңғы демін шығарды. 38 Сол кезде ғибадатханадағы перде жоғарыдан төмен қарай қақ айырылды. 39 Исаға қарап тұрған жүзбасы ол өлерде не болғанын көріп: “Мына кісі, расында да, Құдай Ұлы болған екен!”— деді.
40 Сол жерде алыстан қарап тұрған әйелдер де болды. Араларында мағдалалық Мәриям, кіші Жақып пен Жосенің анасы Мәриям және Салома бар еді. 41 Олар Иса Ғалилеяда болғанда, оған еріп, қызмет етіп жүретін. Сондай-ақ Исамен бірге Иерусалимге келген басқа да көптеген әйелдер болды.
42 Кеш түсіп қалған еді, әрі бұл Демалыс күнінің алдындағы Даярлық күні* болғандықтан, 43 Кеңестің* беделді мүшесі, сондай-ақ өзі де Құдай патшалығының келуін күтіп жүрген ариматеялық Жүсіп батылдықпен Пилаттың алдына барып, Исаның денесін сұрады. 44 Пилат ол өлді ме, жоқ па білгісі келіп, жүзбасын шақыртып сұрады. 45 Оның өліп қалғанын білген соң, мәйітті Жүсіпке бергізді. 46 Жүсіп жақсы зығыр мата сатып әкеліп, Исаның мәйітін түсіріп алды да, сол матаға орап, жартастан ойып жасалған қабірге қойды. Сосын, бір тасты домалатып әкеліп қабірдің аузын бекітті. 47 Ал мағдалалық Мәриям мен Жосенің анасы Мәриям оны қойған жерге қарап тұрды.