Лұқа
22 Ашымаған нан мейрамы жақындап қалған еді. Ол Құтқарылу мейрамы* деп аталатын. 2 Жоғарғы діни қызметкерлер мен заң мұғалімдері Исаның көзін құртудың оңтайлы жолын іздеді, себебі халықтан қорықты. 3 Сонда он екі елшінің бірі Яһуда Исқариоттың жүрегіне Шайтан кірді. 4 Яһуда жоғарғы діни қызметкерлер мен ғибадатхананың бас сақшыларына барып, Исаны қалай ұстап беруге болатыны туралы сөйлесті. 5 Олар қуанып кетіп, оған күміс ақша беруді уәде етті. 6 Ол бұған келісіп, жұрт жоқ кезде Исаны ұстап берудің қолайлы сәтін іздей бастады.
7 Ашымаған нан мейрамының бірінші күні келіп жетті. Бұл күні Құтқарылу мейрамына арналған құрбандық шалыну керек еді. 8 Иса Петір мен Жоханды: “Барып, бізге Құтқарылу мейрамының асын әзірлеңдер”,— деп жұмсады. 9 Олар: “Асты қайда дайындағанымызды қалайсың?”— деп сұрағанда, 10 Иса былай деді: “Қалаға кіргенде, құмырамен су алып бара жатқан адамды кездестіресіңдер. Соған еріп, ол кірген үйге кіріңдер де, 11 үй иесіне: —Ұстазымыз шәкірттерімен бірге Құтқарылу мейрамының асын ішуге болатын қонақ бөлменің қайда екенін сұрап жатыр,— деңдер. 12 Ол сендерге жоғары қабаттағы әзірленіп қойылған үлкен бөлмені көрсетеді. Асты сол жерге дайындаңдар”. 13 Шәкірттер барғанда, бәрі дәл Иса айтқандай болып шықты. Сөйтіп, олар Құтқарылу мейрамына дайындалды.
14 Тамақ ішетін уақыт келгенде Иса елшілерімен бірге дастарқан басына жантайды. 15 Сосын, оларға былай деді: “Азап шегерімнің алдында осы Құтқарылу мейрамының асын сендермен жеуді қатты қалаған едім. 16 Себебі, сендерге айтамын, Құдай патшалығында бәрі түгелдей орындалмайынша, бұл асты қайтып жемеймін”. 17 Ол тостағанды алып, Құдайға ризашылық білдірді де, былай деді: “Мынаны алып, бәрің осыдан ішіңдер. 18 Өйткені, сендерге айтамын, Құдай патшалығы келгенше, енді қайтып шарап ішпеймін”.
19 Сосын, қолына нан алып, ризашылық білдірді де, сындырып, оларға беріп жатып: “Бұл сендер үшін ұсынылатын денемді білдіреді. Мені еске алу үшін, осылай істеп тұрыңдар”,— деді. 20 Сол сияқты, кешкі астан кейін тостағанды да алып, былай деді: “Мына тостаған сендер үшін төгілетін қаныма негізделген жаңа келісімді білдіреді.
21 Маған опасыздық жасайтын адам менімен бір дастарқан басында отыр. 22 Адам Ұлы алдын ала айтылғанға сай кетіп бара жатыр, бірақ оған опасыздық жасаған кісі қасіретке қалады!” 23 Сонда елшілер бұны кім істеуі мүмкін деп, өзара талқылай бастады.
24 Сондай-ақ араларында ең ұлысы кім екеніне қатысты қызу дау туды. 25 Бірақ Иса былай деді: “Патшалар қол астындағы халықты билеп-төстейді, билігі барлар қамқоршы деп аталады. 26 Бірақ сендердің араларыңда бұндай болмасын. Ең ұлыларың ең кішідей, ал басшылық ететіндерің қызмет көрсетушідей болсын. 27 Дастарқан басында жантайған кісі ұлы ма, әлде қызмет көрсетіп жүргені ме? Дастарқан басында жантайғаны емес пе? Ал мен араларыңда қызмет көрсетуші іспеттімін.
28 Алайда сыналған кездерімде менімен бірге болған сендерсіңдер. 29 Әкемнің менімен патшалық келісімін жасасқанындай, мен де сендермен сондай келісім жасасамын. 30 Осылайша сендер менің патшалығымда дастарқанымнан ішіп-жейсіңдер және Исраилдің он екі руын соттау үшін тақтарға отырасыңдар.
31 Шимон, Шимон! Шайтан сендерді бидай іспетті електен өткізуді талап етті. 32 Бірақ сенімің әлсіремесін деп, сен үшін жалбарындым. Ал сен қатеңе өкінген соң, бауырластарыңның сенімін нығайт”. 33 Сонда ол: “Ием, сенімен бірге түрмеге де, өлімге де баруға дайынмын”,— деді. 34 Бірақ Иса: “Петір, саған айтамын, бүгін әтеш шақырмай тұрып-ақ, сен мені білмейтініңді айтып, үш рет танасың”,— деді.
35 Сосын, олардан: “Сендерді ақша салатын қалта да, дорба да, сандал да алғызбай жібергенімде, бір нәрседен мұқтаждық көрдіңдер ме?”— деп сұрағанда, олар: “Жоқ!”— деп жауап берді. 36 Сонда Иса былай деді: “Ал енді кімнің ақша салатын қалтасы болса, сонысын, сондай-ақ дорбасын алсын. Семсері жоқ адам жамылғысын сатып, семсер алсын. 37 Өйткені, сендерге айтамын, “Ол қылмыскерлер қатарында саналды” деген сөздер маған қатысты айтылған. Себебі мен туралы жазылғандар орындалуда”. 38 Олар: “Ием, міне, мұнда екі семсер бар”,— дегенде, Иса: “Осы жеткілікті”,— деді.
39 Бұдан кейін ол жерден шығып, дағдысы бойынша Зәйтүн тауына қарай жүрді. Шәкірттері де соңынан ілесті. 40 Сол жерге келгенде, Иса оларға: “Азғырылмау үшін дұға ете беріңдер”,— деді. 41 Ал өзі тас лақтырымдай жерге барды да, тізе бүгіп, дұға ете бастады: 42 “Әке, егер қаласаң, бұл тостағаннан маған ішкізе көрме. Бірақ менің емес, сенің еркің болсын”. 43 Сонда көктен бір періште келіп, оны нығайтты. 44 Бірақ жан азабына түскен ол одан да қатты жалбарынып дұға айтты. Ал оның тері қан тамшылары сияқты жерге тамып жатты. 45 Сосын, орнынан тұрып, шәкірттеріне келді. Олардың қайғыдан титықтап ұйықтап кеткенін көргенде: 46 “Неге ұйықтап жатырсыңдар? Тұрыңдар, азғырылмау үшін дұға ете беріңдер”,— деді.
47 Ол әлі сөйлеп тұрғанда, бір топ адам көрінді. Оларды Яһуда есімді он екі елшінің бірі бастап келе жатты. Сосын, ол Исаның бетінен сүймек болып, жанына келді. 48 Бірақ Иса оған: “Яһуда, Адам Ұлына бетінен сүйіп опасыздық жасайсың ба?”— деді. 49 Исаның қасындағылар мән-жайды аңғарып: “Ием, семсермен шауып тастайық па?”— деді. 50 Біреуі тіпті семсерін сілтеп қалып, бас діни қызметкердің құлының оң құлағын шауып түсірді. 51 Сонда Иса: “Жетер енді!”— деді де, құлдың құлағына қолын тигізіп, сауықтырып жіберді. 52 Бұдан кейін өзін ұстамақ болып келген жоғарғы діни қызметкерлер, ғибадатхананың бас сақшылары мен ақсақалдарға былай деді: “Қарақшыны ұстауға келгендей, семсер, сойылмен келгендерің қалай? 53 Күн сайын сендермен бірге ғибадатханада болғанымда, тұтқындамап едіңдер. Бірақ қазір сендердің уақыттарың және түнектің билік жүргізетін уақыты”.
54 Олар Исаны тұтқынға алып, бас діни қызметкердің үйіне әкетті. Ал Петір алыстан ілесіп отырды. 55 Ондағылар ішкі ауланың ортасына от жағып, сол жерге жиналғанда, Петір де араларына барып отырды. 56 Бір қызметші қыз оның оттың жарығында отырғанын көрді де, тесіле қарап: “Мынау да онымен бірге жүретін”,— деді. 57 Бірақ ол: “Мен оны танымаймын”,— деп мойындамады. 58 Біраздан кейін тағы біреу көріп: “Сен де солардың бірісің”,— деп еді, Петір: “Жоқ, олай емес”,— деп жауап берді. 59 Бір сағаттай уақыт өткен соң басқа бір адам: “Шынымен де, бұл онымен бірге жүретін. Себебі мынау ғалилеялық қой!”— деп қоймады. 60 Петір болса: “Не айтып тұрғаныңды білмеймін”,— деді. Ол әлі сөйлеп тұрған сәтте-ақ әтеш шақырды. 61 Сол кезде Иеміз бұрылып, Петірге қарады. Сонда Петір Иеміздің “бүгін әтеш шақырғанша, сен менен үш рет танасың” деген сөздерін есіне түсірді. 62 Сөйтіп, сыртқа шығып, қатты жылады.
63 Исаны күзетіп тұрғандар оны мазақтай бастады. 64 Сосын, бетін жауып қойып, ұрып: “Әй, пайғамбар болсаң, сені кім ұрғанын айтшы?”— десті. 65 Оған басқа да көптеген қорлық сөздер айтты.
66 Таң ата ел ақсақалдары, жоғарғы діни қызметкерлер мен заң мұғалімдері түгел жиналып, Исаны Жоғарғы кеңеске* алып келді де: 67 “Егер Мәсіх болсаң, айт бізге”,— деді. Бірақ Иса оларға мынаны айтты: “Айтсам да, бәрібір сенбес едіңдер. 68 Ал сұрасам, бәрібір жауап бермес едіңдер. 69 Алайда қазірден бастап Адам Ұлы құдіретті Құдайдың оң жағында отыратын болады”. 70 Бұған бәрі: “Сонымен, сен Құдайдың Ұлысың ба?”— деп сұрағанда, Иса: “Мұны өздерің айтып тұрсыңдар”,— деп жауап қатты. 71 Сонда олар: “Бізге бұдан басқа қандай куәлік қажет? Мұны өз аузынан естідік қой”,— десті.