Даниял
4 “Навуходоносор патшаның жер бетіндегі барлық халықтарға, ұлттарға және тілдің адамдарына жолдаған сөзі: Сендерге мол тыныштық тілеймін! 2 Алла Тағаланың өзіме көрсеткен белгілері мен жасаған таңғажайып істерін сендерге жария етуді жөн көрдім. 3 Оның көрсеткен белгілері қандай күшті, таңғажайып істері қандай құдіретті! Оның патшалығы мәңгілік, билігі ұрпақтан ұрпаққа жалғасады+.
4 Мен, Навуходоносор, өз үйімде рақат күй кешіп, өз сарайымда молшылыққа кенеліп өмір сүріп жатқан едім. 5 Бірде түс көріп, қатты шошыдым. Төсегімде жатып көрген бейнелер мен көріністерден үрейім ұшты+. 6 Сондықтан түсімді жорып берсін деп, Бабылдың күллі данышпанын алдыма шақырттым+.
7 Сонда сиқыршылықпен айналысатын абыздар, сәуегейлер, халдей жұлдызжорамалшылары мен өзге де жұлдызжорамалшылар+ келді. Оларға көрген түсімді айтып беріп едім, жорып бере алмады+. 8 Ақырында, құдайымның+ құрметіне Балташазар+ деп аталған әрі қасиетті құдайлардың рухы қонған+ Даниял келді. Мен оған түсімді айтып бердім:
9 —Уа, сиқыршылықпен айналысатын абыздардың басшысы Балташазар+! Саған қасиетті құдайлардың рухы қонғанын+, сен үшін құпияларды ашу түк те емес екенін жақсы білемін+. Сондықтан көрген түсімдегі көріністерді айтып, мәнін ашып берші.
10 Төсегімде жатып мынадай көрініс көрдім: жердің қақ ортасында бір зәулім ағаш+ өсіп тұр екен+. 11 Ол өсіп, мықты ағашқа айналды, төбесі аспанға дейін жетіп, жердің түкпір-түкпіріне көрініп тұрды. 12 Жапырақтары жайқалып, жемісі самсап, бәріне жететін азық берді. Дала аңдары оның көлеңкесін паналап, аспан құстары бұтақтарын мекендеп, тіршілік атаулы одан қоректеніп жүрді.
13 Төсекте осы көріністерді көріп жатқанымда, көктен бір күзетшінің, қасиетті хабаршының, түсіп келе жатқанын көрдім+. 14 Ол зор дауыспен былай деді: “Ағашты шауып+, бұтақтарын кесіп тастаңдар, жапырақтарын сілкіп түсіріп, жемістерін шашып тастаңдар! Саясындағы аңдар қашып, бұтақтарындағы құстар ұшып кетсін. 15 Алайда оның түбірі мен тамырына тимеңдер, оған темір мен мыс бұғау салып, дала шөптерінің арасында қалдырыңдар. Ол аспаннан түскен шыққа малынып, жер бетіндегі өсімдіктер арасындағы аңдармен бірге болсын+. 16 Оның адами жүрегінің орнына аңның жүрегі берілсін, сөйтіп, жеті уақыт* өтсін+. 17 Бұл үкім күзетшілер+ арқылы жарияланды, бұл бұйрық қасиетті хабаршылар арқылы берілді. Осылайша жержүзінің тұрғындары Алла Тағала адамзат патшалығының Билеушісі екенін+, сондай-ақ бұл билікті қалаған адамына беретінін, билік басына тіпті ең кішік деген адамды қоятынын білетін болады”.
18 Мен, Навуходоносор патша, осындай түс көрдім. Енді, уа, Балташазар, соны маған жорып бер, өйткені патшалығымдағы данышпандардың бірде-біреуі жорып бере алмады+. Ал бұл сенің қолыңнан келеді, себебі саған қасиетті құдайлардың рухы қонған.
19 Сонда Балташазар+ деп аталған Даниял бір сәт абдырап тұрып қалды да, өзіне келген ойлардан қорқып кетті. Патша оған:
—Уа, Балташазар, түстен де, оның мәнінен де зәрең ұшпасын,— деді. Сонда Балташазар тіл қатып:
—Уа, тақсыр, бұл түс сізді жек көретіндердің, оның мәні дұшпандарыңыздың басына келсе екен.
20 Сіз түсіңізде көрген зәулім де мықты болып өскен, төбесі аспанға дейін жеткен, жердің түкпір-түкпіріне көрініп тұрған+, 21 жапырақтары жайқалып, жемісі самсап, бәріне жететін азық беріп тұрған, көлеңкесі дала аңдарына пана, бұтақтары аспан құстарына мекен болған сол ағаш+, 22 уа, патша, өзіңізсіз. Өйткені сіз қуатты да мықты болып, ұлылығыңыз артып, көкке дейін жетті+. Билігіңіз жердің түкпір-түкпіріне кең жайылды+.
23 Патша көктен күзетшінің, қасиетті хабаршының+, түсіп келе жатқанын көрген екен. Ол: “Ағашты шауып, құртыңдар, алайда түбірі мен тамырына тимеңдер. Түбіріне темір мен мыс бұғау салып, дала шөптерінің арасында қалдырыңдар. Ол аспаннан түскен шыққа малынып, дала аңдарымен бірге болсын, сөйтіп, жеті уақыт өтсін”+,— деді. 24 Түстің мәні мынадай, уа, патша: бұл — Алла Тағаланың патша ағзамға шығарған үкімі. 25 Сіз адамдар арасынан қуылып, дала аңдарымен бірге мекендейсіз. Бұқалар сияқты шөп жеп, аспан шығына малынасыз+. Алла Тағаланың адамзат патшалығының Билеушісі екенін, сондай-ақ бұл билікті қалаған адамына беретінін түсінгеніңізше+, жеті уақыт өтеді+.
26 Ағаштың түбірі мен тамырлары қалдырылсын деген сөздер+ көкте Құдай билік етіп жатқанын білгеніңізге дейін, патшалығыңыз өзіңізге тиесілі болып қала беретінін білдіреді. 27 Сондықтан, уа, патша, менің кеңесіме құлақ ассаңыз екен. Дұрыс нәрсені істеп, күнәларыңыздан арылыңыз, бейшараларға рақым етіп, заңсыздықтарыңыздан арылыңыз. Сонда өміріңіз әрі қарай да өркендей берер+,— деді.
28 Осының бәрі Навуходоносор патшаның басына түсті.
29 Бұл былай болды: он екі ай өткенде, патша Бабылдағы сарайының төбесінде серуендеп жүрген еді. 30 Сонда ол: “Мынау патша ордасы болсын әрі сән-салтанатымды паш етсін деп, өз құдірет-күшіммен соққан Ұлы Бабыл емес пе?!”— деді.
31 Патша осы сөздерді айтып бітпей жатып-ақ, көктен былай деген дауыс естілді: “Уа, Навуходоносор патша, саған шығарылған үкім мынау — патшалық сенен алып қойылды+, 32 сен адамдардың арасынан қуыласың. Дала аңдарымен бірге мекендеп, бұқалар сияқты шөп жейтін боласың. Алла Тағала адамзат патшалығының Билеушісі екенін, сондай-ақ бұл билікті қалаған адамына беретінін+ түсінгеніңше, басыңнан жеті уақыт өткізесің”.
33 Навуходоносорға қатысты айтылған бұл сөздер сол заматта-ақ орындалды. Ол адамдардың арасынан қуылып, бұқалар сияқты шөп жей бастады, үсті-басы аспаннан түскен шыққа малынды. Шашы бүркіттің қауырсынындай болып, тырнақтары құстың тырнағындай сойдиып өсіп кеткенше, осындай күйде жүрді+.
34 Сол уақыт аяқталғанда+, мен, Навуходоносор, көкке қарадым, сонда қайтадан ақыл-есім кірді. Мен Алла Тағаланы мадақтап, мәңгі жасайтын Құдайды дәріптеп, даңқтадым. Өйткені оның билігі — мәңгілік билік, патшалығы ұрпақтан ұрпаққа жалғасады+. 35 Жер бетінің күллі тұрғыны оның жанында түк те емес. Ол көктегі періштелерге де, жер бетінің тұрғындарына да өз еркіне сай әрекет етеді. Оған тосқауыл жасай алатын+, “Не істеп жатырсың?” дей алатын ешкім жоқ+.
36 Сол кезде қайтадан ақыл-есім кіріп, патшалығымның даңқы, ұлылығым мен сән-салтанатым өзіме қайта оралды+. Жоғары қызметкерлерім мен ұлықтарым алдыма келе бастады. Содан патшалық тағыма қайта отырдым, ұлылығым бұрынғыдан да арта түсті.
37 Енді мен, Навуходоносор, көктің Патшасын+ даңқтаймын, оны дәріптеп, мадақтаймын. Өйткені оның істерінің бәрі тура, жолдары әділ+, ол кеуде көтеріп жүргендердің мысын басып, кішірейте алады+”.