Елшілердің істері
21 Олармен қимай қоштасып, теңізге шықтық. Содан тура бағыт алып, Косқа жүзіп келдік. Келесі күні Родосқа, ал одан кейін Патараға бардық. 2 Сосын Финикияға жүретін кемені таптық та, соған отырып, жүзіп кеттік. 3 Кипр аралын сол жағымызда қалдырып, Сирияға қарай беттедік те, Тирге келіп тоқтадық, себебі кеме сол қалада жүгін түсіру керек еді. 4 Шәкірттерді іздеп тапқан соң, сонда жеті күнге аялдадық. Алайда киелі рухтан хабар алған олар Пауылдан Иерусалимге аяқ баспауын қайта-қайта өтінді+. 5 Уақытымыз аяқталғаннан кейін, қаладан кетіп, сапарымызды жалғастырдық. Барлығы, әйелдер мен балалар да, бізді жағаға дейін шығарып салды. Сол жерде тізе бүгіп дұға еткен соң, 6 қош айтысып, кемеге отырдық, ал олар үйлеріне қайтып кетті.
7 Тирден шығып, Птолемайға жүзіп келдік. Сол жерде бауырластармен жүздесіп, олармен бір күн болдық. 8 Келесі күні жолға шығып, Кесарияға келіп тоқтадық. Бұрынырақта таңдалған жеті кісінің бірі болған+ ізгі хабарды жариялаушы Філіптің үйіне түсіп, сонда қалдық. 9 Бұл кісінің тұрмыс құрмаған төрт қызы да пайғамбарлық ететін+. 10 Сол жақта жүргенімізге біраз күн болғанда, Яһудеядан Агаб+ есімді бір пайғамбар келді. 11 Қасымызға жақындаған ол Пауылдың белбеуін алып, өзінің қол-аяғын байлады да: “Киелі рух былай дейді: —Яһудилер осы белбеудің иесін Иерусалимде дәл осылай байлап+, басқа ұлт адамдарының қолына ұстап береді+”,— деді. 12 Осыны естіген біз және сол жердегі бауырластар Пауылдан Иерусалимге бармауын өтіндік. 13 Сонда Пауыл: “Бұларың не? Неге жылап, мені алған бетімнен қайтармақсыңдар? Мен Иеміз Исаның есімі үшін Иерусалимде қол-аяғымды байлатпақ түгіл, өлуге де дайынмын+”,— деді. 14 Оны көндіре алмаған соң, біз тынышталып: “Ехобаның қалауы болсын”,— дедік.
15 Осы күндерден кейін жолға дайындалып, Иерусалимге қарай бет алдық. 16 Кесариядағы кейбір шәкірттер бізбен бірге жүріп, алғашқы шәкірттердің бірі кипрлік Мынасон деген кісінің үйіне алып бармақ болды. Біз соның үйінде тоқтауымыз керек еді. 17 Иерусалимге келгенде, бауырластар бізді құшақ жая қарсы алды. 18 Ертесіне Пауылмен бірге Жақыпқа+ бардық. Барлық ақсақалдар сол жерде жиналып отыр екен. 19 Олармен амандасқан соң, Пауыл өзінің қызметі арқылы Құдайдың өзге ұлт адамдарының арасында не істегенін егжей-тегжейлі айтып берді.
20 Осыны естіген олар Құдайды мадақтады. Кейін Пауылға былай деді: “Бауырым, сен мыңдаған яһудидің Иеміздің ізбасары болғанын білесің. Олардың барлығы Мұса Заңын қатаң ұстанады+. 21 Бірақ олар сен жайлы әр нәрсе естіп жүр. Атап айтқанда, сен өзге ұлт адамдарының арасында тұратын яһудилерді балаларын сүндеттемеуге, әдет-ғұрыптарды орындамауға және Мұса Заңын ұстанбауға үйретіп жүр екенсің+. 22 Енді қайтеміз? Олар сенің келгеніңді бәрібір естиді. 23 Ендеше, былай істе: арамызда ант берген төрт кісі бар, 24 соларды ертіп алып, бірге тазару рәсімін жасаңдар. Сондай-ақ шаштарын алдырулары үшін шығындарын төле. Сонда бәрі сен туралы естігендері жалған екенін, қайта, Мұса Заңын ұстанып+, дұрыс жүріп-тұратыныңды білетін болады. 25 Ал өзге ұлт адамдарынан шыққан сенушілерге келсек, біз олардың пұттарға шалынған құрбандықтардан+, қаннан+, арам өлген малдың етінен+ және азғындықтан*+ аулақ болулары керектігін жазып, өз шешімімізді білдірдік”.
26 Ертесіне Пауыл әлгі кісілерді ертіп, солармен бірге тазару рәсімін жасады+. Сөйтіп, тазару күндерінің қашан аяқталатынын және әрбіріне арнап қашан құрбандық шалу керектігін хабарлау үшін ғибадатханаға барды.
27 Тазару рәсімінің жетінші күні аяқталып қалғанда, Азия* аймағынан келген яһудилер Пауылдың ғибадатханада жүргенін көріп, бүкіл жұртты дүрліктірді. Олар оны ұстап алып: 28 “Исраилдіктер, көмектесіңдер! Мына адам жұрттың бәрін халқымызға және Заңымызға қарсы үйретіп жүр. Ол тіпті гректерді ғибадатханаға алып келіп, қасиетті орынды арамдады+!”— деп айқайлады. 29 Өйткені олар осының алдында Пауылдың ефестік Трофиммен+ бірге қалада жүргенін көріп, енді оны ғибадатханаға алып келді деп ойлап қалған еді. 30 Бүкіл қала толқып, жұрт жан-жақтан жүгіріп келді. Олар Пауылды ұстап алып, ғибадатханадан сүйреп шығарды. Сол заматта оның қақпалары жабылды. 31 Олар Пауылды өлтірмек болғанда, бүкіл Иерусалимде толқу болып жатқаны жайлы хабар мыңбасының құлағына жетті. 32 Ол сарбаздары мен жүзбасыларын алып, соларға қарай жүгірді. Жиналған тобыр сарбаздарын ерткен мыңбасын көріп, Пауылды ұруын доғарды.
33 Мыңбасы қастарына келіп, Пауылды тұтқынға алды да, оны екі шынжырмен бұғаулап тастауды бұйырды+. Сосын жұрттан оның кім екенін және не істегенін сұрай бастады. 34 Алайда біреулері ананы айтса, басқалары мынаны айтып айқайлап жатты. Осындай абыр-сабырдан жөнді ештеңе ұға алмаған мыңбасы оны сарбаздардың жатақханасына алып баруды бұйырды. 35 Пауыл баспалдаққа шыға бергенде, ашулы тобыр қысым көрсете бастағандықтан, сарбаздар оны көтеріп жүруге мәжбүр болды. 36 Қалың жұрт соңдарынан қалмай: “Оны өлтіріңдер!”— деп айқайлай берді.
37 Сарбаздардың жатақханасына кіргізейін деп жатқанда, Пауыл мыңбасына: “Сізге айтар сөзім бар”,— деді. Сонда ол: “Сен грекше сөйлейсің бе? 38 Демек, сен осыдан біраз уақыт бұрын көтеріліс ұйымдастырып, қанжар ұстаған 4000 адамды айдалаға алып кеткен мысырлық емессің ғой?”— деп сұрады. 39 Пауыл болса: “Жоқ, мен яһудимін+, Киликиядағы Тарс деген танымал қаланың тұрғынымын+. Маған халыққа арнап сөз сөйлеуге рұқсат етуіңізді өтінемін”,— деді де, 40 оның рұқсатын алған соң, баспалдақта тұрып, халыққа қолымен белгі берді. Жым-жырт тыныштық орнағанда, Пауыл еврей тілінде+ сөзін бастады: