Патшалар 1-жазба
18 Бірталай уақыттан кейін, қуаңшылық жайлаған үшінші жылы+, Ехоба Ілиясқа: “Тұр да, Ахаб патшаға бар, өйткені мен жер бетіне жауын жаудырамын+”,— деді. 2 Ілияс Ахаб патшаға бармақ болып жолға шықты. Бұл кезде Самарияда ашаршылық үдеп тұрған еді+.
3 Осы екі арада Ахаб сарай басқарушысы Абадияны шақыртты. (Абадия Ехобаны барынша қастерлейтін адам еді. 4 Езабел патшайым+ Ехобаның пайғамбарларының көзін құртып жатқанда, ол 100 пайғамбарды елу-елуден үңгірлерге жасырып, нан-сумен қамтамасыз етіп тұрды.) 5 Патша Абадияға: “Бүкіл елді аралап, барлық бұлақтар мен сайларды қарап шық. Бәлкім, жылқы мен қашырларды сақтап қалуға жетерлік шөп тауып, қалған малымызды аман алып қалармыз”,— деп тапсырды. 6 Содан олар аралайтын жерді өзара бөліп алып, Ахаб бір жаққа, ал Абадия басқа жаққа кетті.
7 Абадия келе жатқанда, кенеттен Ілиясты кездестірді. Ол пайғамбарды бірден танып, жерге дейін иіліп тағзым етті де: “Ілияс мырзам, бұл шынымен-ақ сіз бе едіңіз?”— деп сұрады+. 8 Ол: “Иә, бұл менмін. Қожайыныңа барып, менің осында екенімді айт”,— деді. 9 Бірақ Абадия мынаны айтты: “Ахабтың уысына салып беріп өлтіртетіндей, мен қандай күнә жасадым? 10 Құдайыңыз Ехобаның алдында шын айтамын*, қожайыным адам жіберіп, сізді іздетпеген патшалық та, ел де қалған жоқ. Сол патшалықтағы не елдегі адамдар “ол мұнда жоқ” десе, Ахаб оларға ант бергізетін+. 11 Енді сіз маған “қожайыныңа барып, Ілияс осында екен деп айт” дейсіз. 12 Мен қасыңыздан кеткенде, Ехобаның рухы сізді маған беймәлім бір жаққа алып кетеді+. Ал мен Ахабқа барып айтқан соң, ол сізді таба алмаса, көзімді құртады ғой. Мен болсам бала күнімнен Ехобаны қастерлейтін адаммын. 13 Езабел Ехобаның пайғамбарларының көзін құртып жатқанда, менің не істегенімді естімеген бе едіңіз? Мен Ехобаның 100 пайғамбарын елу-елуден үңгірлерге жасырып, нан-сумен қамтамасыз етіп жүрдім+. 14 Ал енді сіз маған “қожайыныңа барып, Ілияс осында екен деп айт” дейсіз. Ол мені өлтіріп тастайды ғой”. 15 Бірақ Ілияс: “Өзім қызмет етіп жүрген Әскербасы Ехобаның алдында шын айтамын*, мен бүгін патшаға барып көрінемін”,— деді.
16 Сонда Абадия Ахабқа барып, болған жайтты мәлімдеді. Ахаб Ілияспен кездесу үшін жолға шықты.
17 Ол Ілиясты көре сала: “Исраилді пәлеге ұшыратушы, бұл сен бе едің?”— деді.
18 Ал Ілияс оған мынаны айтты: “Исраилді пәлеге ұшыратқан — мен емес, сен және сенің әкеңнің әулеті! Сендер Ехобаның бұйрықтарын елемей, Бағалдарға табынып кеттіңдер+. 19 Ал енді хабаршылар жіберіп, бүкіл Исраил халқын және Езабелдің дастарқанынан ішіп-жейтін Бағалдың 450 пайғамбары мен қасиетті бағананың*+ 400 пайғамбарын менің алдыма, Кармил тауына+ жина!” 20 Сонда Ахаб бүкіл Исраил халқына хабар жіберіп, пайғамбарларды Кармил тауына жинады.
21 Ілияс халыққа жақындап келіп: “Қашанғы екіойлы болып жүре бермексіңдер*+? Егер Ехоба шынайы Құдай болса, соның жағына шығыңдар+. Ал Бағалды шынайы Құдай десеңдер, онда соның жағына шығыңдар”,— деді. Бірақ жұрт ләм-мим демеді. 22 Сонда Ілияс былай деп қосты: “Ехобаның пайғамбарларынан мен ғана қалдым+, ал Бағалдың 450 пайғамбары бар. 23 Бізге екі тайынша әкелінсін. Олар біреуін таңдап алып, мүшелесін де, отынның үстіне қойсын, бірақ от тұтатпасын. Мен де екіншісін мүшелеп, отынның үстіне қоямын, бірақ от тұтатпаймын. 24 Бұдан кейін сендер өз құдайларыңды шақырыңдар+, ал мен Ехобаны атын атап шақырамын. Қайсысы көктен от жіберіп жауап берсе, шынайы Құдай — сол+”. Сонда бүкіл жұрт: “Жарайды, солай болсын!”— деді.
25 Ілияс Бағалдың пайғамбарларына: “Алдымен сендер тайыншалардың біреуін таңдап алып, мүшелеңдер, көпсіңдер ғой. Сосын құдайларыңның атын атап шақырыңдар, бірақ от тұтатпаңдар”,— деді. 26 Сөйтіп, олар өздеріне берілген тайыншаны алып, мүшеледі де, таңертеңнен түске дейін: “Уа, Бағал, жауап бере көр!”— деп, Бағалдың атын шақырумен болды. Бірақ ешқандай дауыс та, жауап та болмады+. Олар болса өздері тұрғызған құрбандық орнын айнала секеңдеп билеп жүрді. 27 Түске қарай Ілияс: “Бар дауыстарыңмен айқайлаңдар! Не дегенмен ол құдай ғой+! Бәлкім, қолы тимей жатқан шығар не түзге отыруға* кеткен болар. Я болмаса ұйықтап жатса керек, оны ояту қажет шығар!”— деп, оларды мазақ ете бастады. 28 Бағалдың пайғамбарлары бар дауыстарымен айғайлап, дәстүрлері бойынша, денелерін қан жоса етіп қанжармен тілгілеп, найзамен жарақаттады. 29 Олар түс ауып астық тартуын ұсынатын уақыт келгенге дейін құтырынды*. Бірақ ешқандай дауыс болмады, ешкім жауап та қатпады, көңіл де бөлмеді+.
30 Сонда Ілияс жұртқа: “Маған жақындаңдар!”— деді, олар жақындады. Бұдан кейін ол Ехобаның қираған құрбандық орнын қайта тұрғызды+. 31 Ілияс Жақыптың 12 ұлынан тараған рулардың санына қарай 12 тас алды. (Кезінде Ехоба Жақыпқа: “Сенің есімің Исраил болады”,— деген еді+.) 32 Сосын сол тастардан Ехобаның есіміне арнап құрбандық орнын тұрғызды да+, екі дорба* астық дәнін себуге болатын жерді айналдыра арық қазды. 33 Бұдан кейін құрбандық орнына отын қаластырды да+, үстіне мүшеленген тайыншаны қойған соң, жұртқа: “Төрт үлкен құмыраға су толтырып әкеп, түгел өртелетін құрбандық пен отынның үстіне құйыңдар!”— деп бұйырды. 34 Сосын: “Тағы да су құйыңдар”,— деді. Олар солай еткенде, Ілияс: “Үшінші рет құйыңдар”,— деді. Жұрт үшінші рет тағы құйды. 35 Құрбандық орнының жан-жағынан су ағып кетті. Ілияс арықты да суға толтырды.
36 Кешкі астық тартуын ұсынатын уақыт келгенде+, Ілияс пайғамбар алға шығып, былай деп дұға етті: “Уа, Ыбырайымның, Ысқақтың, Исраилдің Құдайы Ехоба+! Бүгін мына жұртқа Исраилдің Құдайы өзің екеніңді, ал мен сенің қызметшің екенімді әрі бәрін сенің айтуың бойынша істеп жатқанымды білдіре көр+. 37 Жауап берші, уа, Ехоба! Жауап бере көр! Сонда мына халық, уа, Ехоба, сенің шынайы Құдай екеніңді әрі жүректерін өзіңе бұрып жатқаныңды білетін болады+”.
38 Сонда Ехобадан от түсіп, құрбандық+ пен отынды, тастар мен топырақты жалмап, арықтағы суды да құрғатып жіберді+. 39 Жұрт мұны көре сала, етпеттеп жығыла кетіп: “Ехоба — шынайы Құдай! Ехоба — шынайы Құдай!”— деді. 40 Ілияс болса: “Бағалдың пайғамбарларын ұстаңдар! Бірде-біреуі қашып кетпесін!”— деп бұйырды. Сол-ақ екен жұрт оларды ұстап алды. Ілияс Бағалдың пайғамбарларын Қишон суының+ бойына апарып, сол жерде өлтірді+.
41 Бұдан кейін ол Ахаб патшаға: “Бар да, ішіп-же, себебі мен нөсердің даусын естіп тұрмын!”— деді+. 42 Ахаб ішіп-жеуге кетті. Ал Ілияс Кармил тауына көтерілді де, тізерлеп, басын екі тізесінің арасына қойып отырды+. 43 Сосын қызметшісінен: “Жоғары көтеріліп, теңіз жаққа қарашы”,— деп өтінді. Ол көтеріліп қарады да, ештеңе жоқ екенін айтты. Ілияс тағы да: “Тағы барып қара”,— деді. Осылай оны жеті рет жіберді. 44 Жетінші рет жібергенде, қызметшісі: “Теңіз жақтан алақандай бұлт көтеріліп келе жатыр!”— деді. Ілияс оған: “Бар да, Ахабқа мынаны айт: —Арбаңды жегіп, жолға шық, әйтпесе нөсердің астында қаласың”,— деп тапсырды. 45 Осы екі арада аспанды қара бұлт торлап, жел тұрып, шелектеп жаңбыр құйып кетті+. Бұл кезде Ахаб Езрехелге+ қарай кетіп бара жатты. 46 Сонда Ехоба Ілиясқа құдірет дарытып, ол көйлегінің етегін беліне қыстырып алды да, Ахабтың алдына түсіп, Езрехелге дейін жүгіріп отырды.