Лұқа
4 Киелі рухқа кенелген Иса Иордан өңірінен кеткен соң, рух оны шөл далаға жетелеп апарды+. 2 Ол сол жерде 40 күн болып, сосын оны Ібіліс сынады+. Иса сол күндері нәр тартпады, осы мерзім аяқталғанда, қарны ашты. 3 Сонда Ібіліс оған: “Егер Құдайдың ұлы болсаң, мына тас нанға айналсын деп бұйыр”,— деді. 4 Иса оған: “Киелі жазбада “адам тек нанмен өмір сүрмеу керек” делінген ғой”+,— деп жауап берді.
5 Ібіліс оны бір тауға апарды да, әп-сәтте жержүзінің барлық патшалықтарын көрсетіп+, 6 былай деді: “Осылардың бүкіл билігі мен сән-салтанатын саған беремін, өйткені ол маған берілген+. Оны кімге бергім келсе, соған беремін. 7 Сондықтан маған бір рет табынсаң, бәрі сенікі болады”. 8 Иса оған: “Киелі жазбада “Ехоба Құдайыңа ғибадат етіп, тек соған ғана қызмет* ет!” деп жазылған ғой”+,— деп жауап берді.
9 Сосын Ібіліс оны Иерусалимге апарды да, ғибадатхананың төбесіне шығарып: “Егер Құдайдың ұлы болсаң, төмен қарай секір+, 10 өйткені Киелі жазбада “ол періштелеріне сені қорғауға бұйрық береді, 11 аяғыңды тасқа соғып алмауың үшін, олар сені қолдарына алып жүреді” деп жазылған ғой+”,— деді. 12 Бұған Иса: “Ехоба Құдайыңды сынаушы болма!” деп те айтылған ғой”+,— деген жауап қайырды. 13 Ібіліс барлық сынағын бітірген соң, басқа бір қолайлы уақытты күтпек болып, оның қасынан кетіп қалды+.
14 Киелі рухтың құдіретіне кенелген Иса Ғалилеяға қайтып келді+. Ол туралы жақсы сөздер бүкіл төңірекке тарап кетті. 15 Иса мәжілісханаларда* тәлім бере бастады, ал барша жұрт оны мақтап жатты.
16 Кейін ол өзі өскен Назарет қаласына келіп+, әдетінше Демалыс күні* мәжілісханаға барды+. Иса Жазбалардан оқып беру үшін орнынан тұрғанда, 17 оған Ишая пайғамбардың шиыршығы берілді. Иса оны ашып, мына жерін тауып, оқи бастады: 18 “Ехоба маған рухын қондырды, өйткені ол мені кедейлерге ізгі хабарды жариялауға тағайындады. Ол мені тұтқындарға бостандық алатынын, зағиптарға көздері ашылатынын жария етуге жіберді. Сондай-ақ қысым көргендерді азат етуге+, 19 Ехобаның ықыласына ие болатын уақыт туралы жариялауға жіберді+”. 20 Сосын шиыршықты қайта орап, қызметшіге қайтарып берді де, орнына отырды. Мәжілісханадағылардың бәрі оған көз алмай қарап отырды. 21 Сонда ол: “Бүгін өздеріңіз естіген осы сөздер орындалды”+,— деді.
22 Бәрі оны мақтап, аузынан шыққан ұнамды сөздеріне+ таңғалып: “Мынау Жүсіптің баласы емес пе?”— десті+. 23 Иса оларға былай деді: “Әрине, сіздер маған “дәрігер болсаң, өзіңді емде” деген мәтелді келтіріп: —Қапарнаумда+ істегендерің туралы естідік. Мына туған жеріңде де соны істе!— дерсіздер”. 24 Бұдан кейін ол былай деді: “Сіздерге шындығын айтамын, ешбір пайғамбар өз елінде қабылданбайды+. 25 Мысалы, Ілияс пайғамбардың тұсында үш жыл алты ай бойы жаңбыр жаумай, бүкіл елді ашаршылық жайлағанда+, Исраил елінде жесір әйелдер көп еді. 26 Бірақ Құдай Ілиясты олардың ешқайсысына жібермей, Сидон еліндегі Сарепта қаласындағы жесір әйелге жіберді+. 27 Сондай-ақ Еліше пайғамбардың тұсында Исраил елінде алапеспен ауырғандар көп еді. Бірақ сириялық Нағыманнан басқа ешкім де ауруынан тазартылған жоқ+”. 28 Мұны естігенде, мәжілісханадағылардың бәрі ашуға булықты+. 29 Олар орындарынан тұрып, оны лезде қаладан алып шықты да, қала тұрған таудың тік жарына әкеліп, құлатып жібермек болды. 30 Бірақ Иса араларынан сытылып шығып, кетіп қалды+.
31 Содан ол ылдилап, Ғалилеядағы Қапарнаум қаласына түсті. Сол жерде Демалыс күні халыққа тәлім берді+. 32 Жұрт оның қалай тәлім беретініне қайран қалды+, өйткені ол билігі бар адамдай сөйледі. 33 Мәжілісханада бойын жын билеген бір кісі бар еді. Ол қатты дауыстап+: 34 “Ей, назареттік Иса+, бізде нең бар? Бізді құртуға келдің бе? Мен сенің кім екеніңді жақсы білемін: сен Құдайдың Киелісісің+!”— деді. 35 Бірақ Иса: “Үніңді өшір, шық оның бойынан!”— деп тыйып тастады. Жын әлгі кісіні халықтың көз алдында құлатып тастады да, еш зақым келтірмей одан шығып кетті. 36 Бұған барлығы таңырқап, өзара: “Бұл не деген сөздер?! Ол жындарға билікпен және құдіретпен бұйырып, ал олар шығып кетіп жатыр!”— десті. 37 Иса туралы хабар сол төңіректің бәріне тарап жатты.
38 Мәжілісханадан шыққан соң, ол Шимонның үйіне барды. Шимонның қайын енесі ыстығы қатты көтеріліп, ауырып жатыр екен. Сондықтан олар Исадан көмектесуін сұрады+. 39 Иса әйелдің жанына келді де, оның ыстығын басып, сауықтырып жіберді. Сол заматта әйел орнынан тұрып, оларға ас әзірлей бастады.
40 Күн бата жұрт әртүрлі дертке шалдыққан адамдарын әкелді. Иса олардың әрқайсысының үстіне қолын қойып, сауықтырды+. 41 Сондай-ақ көп адамның бойынан жындар: “Сен Құдайдың Ұлысың!”— деп айғайлап шығып жатты+. Бірақ Иса оларға сөйлеуге тыйым салды+, өйткені жындар оның Мәсіх екенін білетін+.
42 Таң атқанда Иса ол жерден шығып, оңаша бір жерге барды+. Бірақ халық оны іздей бастады, тауып алған соң, өздерін тастап кетпеуін өтінді. 43 Ал Иса оларға: “Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды басқа қалаларда да жариялауым керек. Өйткені мен сол үшін жіберілдім”,— деді+. 44 Содан ол Яһудеяның мәжілісханаларында уағыз айтып жүрді.