Неге Құдай рухының жетелеуімен жүруіміз керек?
“Сенің игілікті Киелі рухың түзу жолмен мені жетелей көрсін” (ЗАБ. 142:10).
1. Көзге көрінбейтін күш адамға қалай бағыт беретінін түсіндір.
КӨЗДЕГЕН жеріңе жету үшін компасты қолданған кезің болған ба? Компас — бағытты анықтауға көмектесетін қарапайым құрал. Оның айналып тұратын магниттік тілі әрқашан солтүстікке қарай бет алып тұрады. Компастың тілін қозғалысқа келтіретін көрінбейтін күш магниттік өріс деп аталады. Ғасырлар бойы адамдар теңізде не құрлықта саяхаттау үшін компасты қолданып келеді.
2, 3. а) Миллиардтаған жылдар бұрын Ехоба қандай зор күшті қолданды? ә) Неге Құдайдың көрінбейтін әрекет етуші күші өмірімізге бағыт-бағдар береді деп күтеміз?
2 Алайда өмірімізге бағыт-бағдар беретін басқа бір көзге көрінбейтін күш бар. Киелі жазбалардың алғашқы тармақтарында оның қандай күш екендігі туралы айтылады. Ехобаның миллиардтаған жылдар бұрын жасаған ісі туралы Жаратылыс кітабында былай делінген: “Әуел баста Құдай аспан мен жерді жаратты... Ал Құдай Рухы су бетінде қалықтап ұшып жүрді” (Жар. 1:1, 2). Жаратылыс атаулының бәрі Ехобаның зор күші — киелі рухы — арқылы пайда болды. Иә, жарық дүниеге келгеніміз үшін бәріміз де Құдайға борыштармыз (Әйүп 33:4; Заб. 103:30).
3 Құдай бізді жаратқанда қолданған киелі рух әрі қарай да өмірімізге әсер етеді деп күтуіміз керек пе? Иә. Бұл Құдай Ұлының шәкірттеріне айтқан келесі сөздерінен көрінеді: “Рух... шындықты толық түсінулерің үшін бағыт береді” (Жох. 16:13). Олай болса, киелі рухтың не екенін және не себепті оның жетелеуімен жүруге ықыласты болуымыз керектігін қарастырайық.
Киелі рух деген не?
4, 5. а) Үштікке сенетіндер киелі рух жайлы қандай бұрыс пікірді ұстанады? ә) Киелі рухтың шын мәнінде не екенін қалай түсіндірер едің?
4 Бәлкім, қызметте киелі рух туралы жаңсақ пікірдегі адамдарды кездестіріп жүрген шығарсыңдар. Үштікке сенушілер киелі рухты Құдайға тең тұлға деп қарастырады (Қор. 1-х. 8:6). Алайда бұл ілімнің Киелі кітапқа қайшы келетінін оңай түсіндіріп беруге болады.
5 Шын мәнінде, киелі рух дегеніміз не? Жаратылыс 1:2-дегі “рух” сөзі басқа тармақтарда “жел” деп те аударылған (Жаратылыс 3:8; 8:1 салыстыр). Біз желді көзбен көрмесек те, оның бар екенін сеземіз. Сол сияқты киелі рухты көре алмаймыз, алайда оның әрекетінің нәтижесін көреміз. Киелі рух — тұлға емес. Ол — Құдайдан келетін қуат, әрі Ехоба оны өз еркін орындау үшін қолданады. Әлемнің Әміршісі мұндай ғажап күшке ие екендігі бізді таңғалдыра ма? Әлбетте, жоқ! (Ишая 40:12, 13 оқы).
6. Дәуіт Ехобаға қандай өтініш білдірді?
6 Ехоба бізді өз рухымен жетелеуді жалғастыра ма? Ол Дәуітке мынадай уәде берген: “Мен саған ақыл-кеңес беремін, Жүретін жолыңды көрсетемін” (Заб. 31:8). Ал Дәуіт мұны қалады ма? Иә, қалады. Бұл оның келесі дұғасынан көрінеді: “Өз еркіңді орындауға үйрете гөр, Сенің игілікті Киелі Рухың Түзу жолмен мені жетелей көрсін” (Заб. 142:10). Біз де Құдай рухының жетелеуімен жүруге дайын әрі ықыласты болуымыз қажет. Неге? Қазір мұның төрт себебін көрейік.
Өзімізге бағыт беруге дәрменсізбіз
7, 8. а) Неге біз өзімізге дұрыс бағыт-бағдар бере алмаймыз? ә) Осы зұлым дүниеде бізге Құдай басшылығы қажет екендігін мысалмен түсіндір.
7 Біріншіден, біз өзімізге бағыт беруге дәрменсіз болғандықтан, Құдай рухының жетелеуімен жүруге ықыласты болуымыз қажет. Ехоба бізді өз-өзімізге бағыт бере алатындай етіп жаратпаған, оның үстіне, кемелсіз болғандықтан көптеген қателіктер жасаймыз. Еремия пайғамбар былай деп жазған: “Жаратушы Ие, өз бағыт-бағдарын белгілеудің адам құзырында емес екенін, жол жүріп бара жатқан пенденің табан тірер бағытты өзінің айқындауға шамасының жетпейтінін білемін” (Ерм. 10:23). Не себепті бұлай? Құдай мұны Еремия арқылы былай деп түсіндірді: “Басқалардың бәрінен де адам жүрегі құрық бойламас қулыққа толы болады және мүлде бұзылатын да сол; оның түбіне кім бойлай алсын?” (Ерм. 17:9; Мат. 15:19).
8 Мына жағдайды көз алдыңа елестетші: адам өзіне таныс емес қауіпті жермен, мысалы орман не шөл даламен, жүру керек делік. Жолға жападан-жалғыз, жол көрсететін адамсыз, ең болмағанда, компас алмай шығу ақымақтық болар еді ғой. Егер адам мұндай жерден аман өтуге болатын жолды білмесе, оның өміріне қауіп төнеді. Сол сияқты егер адам осы зұлым дүниеде Құдайдың көмегінсіз-ақ дұрыс жол таба аламын деп ойласа, басын қатерге тігуі мүмкін. Біз Дәуітке еліктей отырып, Ехобадан көмек сұрап дұға етуіміз керек. Ол: “Уа, Ием, ақ жолыңды көрсете гөр, Еркіңе сәйкес жүруге үйрете гөр”,— деген болатын (Заб.24:4; 22:3). Ал Ехоба қадамдарымызға бағыт беру үшін не істеуіміз керек?
9. Киелі рух бізді қалай жетелей алады? (17-беттегі суретті қолдан.)
9 Егер біз кішіпейіл әрі Ехобаға арқа сүйеуге дайын болсақ, киелі рух бізді жетелейтін болады. Құдайдың әрекет етуші күші бізге нақты қалай көмектеседі? Иса мұны шәкірттеріне былай деп түсіндірген: “Әкем менің атымнан жіберетін көмекші, киелі рух, сендерге бәрін үйретеді және айтқандарымның бәрін естеріңе түсіреді” (Жох. 14:26). Киелі кітапты және ондағы Исаның тәлімдерін жүйелі түрде әрі дұға ете отырып зерттесек, киелі рух бізге Ехобаның терең даналығын түсінуге және Құдайға мойынсұнуға көмектеседі (Қор. 1-х. 2:10). Сондай-ақ өмірде күтпеген жайттар орын алғанда, Құдай рухының арқасында қалай әрекет ету керектігін білеміз. Киелі рух осы уақытқа дейін үйреніп келген Киелі кітап принциптерін есімізге түсіріп, дұрыс шешімдер қабылдауымызға септігін тигізеді.
Иса Құдай рухының жетелеуімен жүрді
10, 11. Иса киелі рухқа қатысты нені білді және оның қандай көмегін көрді?
10 Киелі рухтың жетелуімен жүруге ықыласты болуға талпындыратын екінші себеп — Құдай өз Ұлын осы рухтың басшылығымен алып жүрген. Жерге келмес бұрын Иса өзіне қатысты мына пайғамбарлықты білген: “Жаратқан Иенің Рухы қонып, Оған даналық пен парасат, ақыл-кеңес пен құдірет, білік пен Құдайды терең қастерлеуді дарытады” (Ишая 11:2). Жерде Исаны көптеген қиыншылықтар күтіп тұрған еді. Сол себепті ол Құдай рухының көмегін алуға қаншалықты ықыласты болды десеңші!
11 Ехобаның Ишая арқылы айтқан сөздері жүзеге асты. Лұқа жазған ізгі хабарда Иса шомылдыру рәсімінен өте салысымен не болғаны жайлы былай делінген: “Киелі рухқа кенелген Иса Иордан өңірінен кеткен соң, рух оны айдалаға жетеледі” (Лұқа 4:1). Иса сол жерде ораза тұтып, дұға етіп әрі ой жүгіртіп жүргенде, Ехоба оны алда не күтіп тұрғаны жөнінде хабардар етіп, оған нұсқаулар бергенге ұқсайды. Құдайдың әрекет етуші күші Исаның санасы мен жүрегіне әсер етіп, дұрыс ойлауына және шешімдер қабылдауына көмектесті. Нәтижесінде Иса кез келген жағдайда қалай әрекет ету керектігін білді, сондай-ақ бәрін дәл Әкесі қалағандай істеді.
12. Неге Құдай рухының бізге басшылық етуін сұрауымыз қажет?
12 Киелі рухтың жетелеуімен жүру қаншалықты маңызды екенін өз тәжірибесінен көрген Иса шәкірттерін де оны Құдайдан сұрап, басшылығымен жүруге талпындырған (Лұқа 11:9—13 оқы). Неліктен киелі рух біз үшін соншалықты қажет? Өйткені оның ой қалпымызды түбегейлі өзгертіп, “Мәсіхтің ой-санасына” ие болуға көмектесе алады (Рим. 12:2; Қор. 1-х. 2:16). Құдай рухының өмірімізге басшылық етуіне жол беру арқылы біз Мәсіх секілді ойлап, оның үлгісіне еліктей аламыз (Пет. 1-х. 2:21).
Осы дүниенің рухы бізді адастырады
13. Осы дүниенің рухы деген не және ол адамдарды не істеуге итермелейді?
13 Үшіншіден, Құдай рухының жетелеуімен жүрмесек, адамдардың көпшілігі сияқты осы дүниенің рухына бой алдыруымыз мүмкін. Осы дүниенің құдіреті зор рухы бізді киелі рух жетелейтін жолдан басқа бағытқа бұрып әкетеді. Мәсіхтің ой-санасына ие болуға талпындырудың орнына, бұл рух осы дүниенің билеушісі Шайтанның ой-санасы мен іс-әрекеттеріне еліктеуге итермелейді (Ефестіктерге 2:1—3; Титке 3:3 оқы). Егер адам осы дүниенің рухына бой алдырып, тәннің істерін жасайтын болса, мұның зардабын тартып, “Құдай патшалығын мұра етпейді” (Ғал. 5:19—21).
14, 15. Осы дүниенің рухына қарсы тұруға бізге не көмектеседі?
14 Ехоба бізді осы дүниенің рухына қарсы тұру үшін қажеттінің бәрімен жабдықтады. Елші Пауыл: “Иемізден күш алып, оның құдіретімен нығая беріңдер... сонда зұлым күн келгенде қарсы тұра аласыңдар”,— деді (Ефес. 6:10, 13). Ехоба өзінің рухы арқылы бізді Шайтанның арбауына қарсы тұруға көмектеседі (Аян 12:9). Осы дүниелік рухтың әсері күшті болғандықтан, біз одан біржола қашып құтыла алмаймыз. Алайда осы дүниенің рухынан әлдеқайда күшті киелі рухтың көмегімен оған қарсы тұру қолымыздан келеді.
15 Бірінші ғасырда шындық жолын тастаған адамдар туралы елші Петір былай деген: “Тура жолды тастап, олар адасты; Беор ұлы Балағамның жолына түсті. Балағам жаман ісі үшін алатын сыйды жақсы көрген еді” (Пет. 2-х. 2:15). Біз “осы дүниенің рухын емес, Құдайдан келген рухты қабылдағанымызға” қандай қуаныштымыз десеңші! (Қор. 1-х. 2:12). Киелі рухтың көмегімен және Ехобаның бізді тура жолмен алып жүру үшін ұйымдастырған шараларын толық пайдалану арқылы Шайтан билеген зұлым дүниенің рухына қарсы тұра аламыз (Ғал. 5:16).
Киелі рух жақсы жеміс береді
16. Киелі рух қандай жеміс береді?
16 Төртіншіден, Құдай рухы жақсы жеміс беретінін білгендіктен оның жетелеуімен жүргіміз келеді (Ғалаттықтарға 5:22, 23 оқы). Қайсысымыз сүйіспеншілікке толы, қуанышты әрі басқалармен тату болғымыз келмейді? Қайбіріміз шыдамдылық, мейірімділік және ізгілік деген қасиеттерді көбірек танытқымыз келмейді? Кім сенімі зор, жұмсақ әрі ұстамды адам болғысы келмейді? Құдай рухы бойымызда осындай керемет қасиеттер дамыта алады. Бұл өзімізге де, отбасымыз бен бауырластарымызға да көп игілік әкеледі. Ендеше, киелі рухтың жемісін дамытуға бар күшімізді салайық. Өйткені оның жемісін бойымызда шексіз дамытуға болады.
17. Киелі рух жемісіне жататын әр қасиетті көбірек таныту үшін не істеуімізге болады?
17 Келесі жайттың үстінен ой жүгірткеніміз жөн: сөзіміз және ісімізден Киелі рухтың басшылығына мойынсұнып, оның жемісін танытып жүргеніміз көріне ме? (Қор. 2-х. 13:5а; Ғал. 5:25). Құдай рухының жемісіне жататын кейбір қасиеттерді дамытуымыз керектігін көріп жатсақ, киелі рухтың өзімізге жөн сілтеуіне көбірек жағдай туғызуымыз қажет. Бұл үшін Киелі кітап пен оған негізделген әдебиеттерді зерттейміз. Ал бұл қасиеттерді күнделікті өмірімізде қалай таныта алатынымызды білген соң, іс жүзінде солай етуге тырысамызa. Құдай рухы өзіміздің әрі бауырластарымыздың өміріне жақсы жағынан әсер етіп жатқанын көргенде, оның жетелеуімен жүруіміз қажет екеніне көзіміз жете түседі.
Құдай рухына бағынып жүрсің бе?
18. Иса Құдай рухына бағынудың қандай үлгісін қалдырды?
18 Иса “шебер жұмысшы” ретінде Құдайға күллі ғаламды жаратуға қолғабыс еткендіктен, адам баласына дұрыс бағытты анықтауға көмектесетін магниттік өріс жайлы білген (Нақ. с. 8:30; Жох. 1:3). Алайда оның жерде болған кезінде өз жолын бағдарлау үшін осы күшті қолданғаны жайлы Киелі жазбаларда ештеңе айтылмаған. Қайта, онда Иса Құдайдың зор күшіне — киелі рухқа — жүгінгені айтылады. Ол киелі рухтың өзіне әсер еткенін қалаған, ал рух оған қозғау салғанда, Иса бағынып, сәйкесінше әрекет еткен (Мар. 1:12, 13; Лұқа 4:14). Ал сен ше?
19. Киелі рух өмірімізге дұрыс бағыт беруі үшін не істеуіміз керек?
19 Бүгінде Құдайдың әрекет етуші күші бойсұнғыш адамдардың санасы мен жүрегіне әсер етіп, тура жолмен жетелеуде. Ол сені де дұрыс бағытта алып жүруі үшін не істей аласың? Ехобаға үнемі дұға етіп, рухын беруін сұра әрі басшылығына бағынуға көмектесуін өтін (Ефестіктерге 3:14—16 оқы). Құдай рухының жетелеуімен жүруге ықыласты екеніңді Киелі кітапты зерттеу арқылы көрсет (Тім. 2-х. 3:16, 17). Ондағы дана кеңестерді қабылдап, рухтың жетелеуімен жүруге тырыс. Осылайша Ехобаның осы зұлым дүниеде саған дұрыс бағыт-бағдар бере алатынына сенімді екеніңді көрсетесің.
[Сілтеме]
a Осы қасиеттер “Күзет мұнарасының” 2007 жыл 1 тамыз санының 10—14 беттерінде және 2011 жыл 15 сәуір санының 18—22 беттерінде талқыланады.
Негізгі ойларды түсіндіңдер ме?
• Киелі рух өмірімізге қалай әсер етеді?
• Бізді Құдай рухының жетелеуімен жүруге талпындыратын төрт себеп қандай?
• Киелі рух басшылығының толық пайдасын көру үшін не істеуіміз керек?
[15-беттегі сурет]
Иса Құдай рухының басшылығымен өмір сүрген
[17-беттегі сурет]
Құдай рухы санамыз бен жүрегімізге әсер етіп, бізді жетелейді