Қорынттықтарға 1-хат
10 Ал енді, бауырластар, мынаны білгендеріңді қалаймын: ата-бабаларымыздың бәрі бұлт астында болды+, бәрі де теңізден өтті+, 2 бәрі Мұсаның соңынан еріп, бұлт және теңіз арқылы шомылдыру рәсімінен өтті, 3 бәрі бірдей Құдай берген тамақты жеді+, 4 суды ішті+. Себебі олар Құдай берген әрі соңдарынан еріп отырған “жартастан” су ішті. Ал бұл “жартас” Мәсіхті бейнеледі+. 5 Сөйткенмен де олардың басым көпшілігі Құдайға ұнамды болмай, шөл далада өлім құшты+.
6 Бұл бізге сабақ болды. Сондықтан солар сияқты жамандыққа құмар+ не 7 кейбірі іспетті пұтқа табынушы болмайық. Олар туралы: “Халық отырып, ішіп-жеді, кейін орындарынан тұрып, көңіл көтере бастады”,— делінген+. 8 Азғындық* жасаған кейбірі сияқты азғындыққа да салынбайық. Соның кесірінен бір күнде олардың 23 000-ы өлді+. 9 Сондай-ақ кейбіріне ұқсап Ехобаны сынамайық+. Сол үшін оларды жыландар шағып өлтірді+. 10 Кейбіреулері сияқты күңкілшіл болмайық+, сол үшін оларды қырып-жоюшы мерт қылды+. 11 Солардың бастарынан өткізгендері басқаларға сабақ болды және замандардың* соңында өмір сүріп жатқан біздерге ескерту ретінде жазылып қалдырылды+.
12 Сондықтан кім нық тұрмын деп ойласа, құлап қалудан сақ болсын+! 13 Сендер кезігіп жүрген азғырулар өзгелердікінен ерекше емес+. Құдай өз сөзіне адал: ол шамадан тыс сыналуларыңа жол бермейді+. Азғырылғанда адал болып қалуларың үшін, одан шығудың жолын көрсетеді+.
14 Сондықтан, сүйікті бауырластарым, пұтқа табынушылықтан аулақ болыңдар*+! 15 Сендерді түсінігі бар деп айтып отырмын, мұны өздерің ақылға салыңдар. 16 Біз Құдайға дұға етіп, бата сұраған тостаған Мәсіхтің қанынан үлес алуды+, ал біз сындырған нан Мәсіхтің денесінен үлес алуды білдіреді емес пе+? 17 Нан біреу болғандықтан, көп болсақ та, біз бір денеміз+, себебі бәріміздің жейтініміз — сол бір нан.
18 Исраил халқына қараңдаршы: құрбандықтан жегенде, олар құрбандық орнынан үлес алады емес пе+? 19 Сонда мен пұтқа бағышталған құрбандықтың шынымен мәні бар не пұттың өзі шынымен де Құдай деп тұрмын ба? 20 Жоқ, менің айтпағым — басқа ұлттар құрбандықтарын Құдайға емес, жындарға бағыштайды+. Ал мен сендердің жындармен үлестес болғандарыңды қаламаймын+. 21 Ехобаның да, жындардың да тостағанынан бірдей іше алмайсыңдар! Ехобаның да+, жындардың да дастарқанынан бірдей жей алмайсыңдар! 22 Әлде “Ехобаның қызғанышын оятпақпыз ба”+? Біз одан күшті емеспіз ғой!
23 Бәрін істеуге болады, бірақ бәрі бірдей пайдалы емес. Бәрін істеуге болады, бірақ бәрі бірдей рухани нығайтпайды+. 24 Әркім өзінің емес, өзгенің игілігін ойласын+.
25 Базардан алынған кез келген етті сұрастырмай-ақ, таза ар-ұжданмен жей беріңдер. 26 Өйткені “жер мен ондағының бәрі Ехобаға тиесілі”+. 27 Егер сендерді сенуші емес біреу тамаққа шақырып, баруға келіссеңдер, алдарыңа не қойылса да сұрастырмай-ақ, таза ар-ұжданмен жей беріңдер. 28 Бірақ әлдекім: “Бұл құрбандыққа шалынған”,— десе, осыны айтқан кісіге және ар-ұжданға бола оны жемеңдер+. 29 Мен сендердің емес, сол кісінің ар-ұжданын айтып тұрмын. Басқа біреудің ар-ұжданының менің еркіндігімді айыптағанын қаламаймын+. 30 Мен ризашылық білдіріп жесем, онда неге өзім ризашылық білдірген+ тамақ үшін датталуым керек?
31 Сондықтан ішсеңдер де, жесеңдер де не басқа нәрсе істесеңдер — бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеңдер+! 32 Яһудилердің де, гректердің де, Құдай қауымындағылардың да сүрінуіне себеп болмаңдар+. 33 Мен де бәріне барлық жағынан ұнамды болуға тырысып, солар құтқарылсын деп+, жеке басымның емес, жұрттың игілігін ойлап жүрмін+.