Лұқа
17 Содан кейін Иса шәкірттеріне былай деді: “Адамдарды сенімнен тайдыратын* жайттардың орын алары сөзсіз. Бірақ олар кімнің кесірінен болса, сол қасіретке қалады! 2 Оған осы кішілердің бірін сенімнен тайдырғаннан гөрі, мойнына диірмен тасы байланып, теңізге лақтырылғаны жақсырақ болар еді+. 3 Өздеріңе сақ болыңдар! Бауырласың саған қарсы күнә жасаса, оған ескерт+. Егер күнәсіна өкінсе, оны кешір+. 4 Ол тіпті саған қарсы күніне жеті рет күнә жасап, жеті рет келіп: —Күнәма өкінемін,— десе, сен кешіруге тиіссің+”.
5 Сонда елшілер Иемізден: “Сенімімізді нығайта көріңіз”+,— деп сұрады. 6 Бұған Иеміз былай деді: “Егер қыша дәніндей сенімдерің болып, мына тұт ағашына: —Тамырыңмен жұлынып, теңізге отырғызыл,— десеңдер, бұл солай болады+.
7 Қайсысың жер жыртып не мал бағып даладан қайтқан құлыңа: —Кел, тезірек дастарқан басына жантай,— дейсің? 8 Керісінше, оған: —Маған кешкі ас дайындап, мен ішіп-жеп болғанша, алжапқышыңды байлап алып, қызмет көрсет. Содан кейін өзің ішіп-жейсің,— дейсің ғой. 9 Ол тек өз міндетін атқарды, бұл үшін қожайыны оған алғыс айтпайды, солай емес пе? 10 Сендер де өздеріңе тапсырылған істің бәрін атқарған соң: —Біз небәрі түкке тұрғысыз құлмыз, істеуге тиістіні ғана істедік,— деңдер+”.
11 Иса Иерусалимге бара жатқанда, Самария мен Ғалилея аймақтары арқылы жүрді. 12 Бір ауылға келгенде, оған үстерін алапес басқан он кісі кезікті. Олар алыста тұрып+: 13 “Иса, Ұстаз, бізге рақымыңызды түсіре көріңіз!”— деп айғайлады. 14 Иса оларды көргенде: “Барып, өздеріңді діни қызметкерлерге көрсетіңдер”+,— деді. Жолда олар алапестерінен айығып кетті+. 15 Өзінің сауығып кеткенін көрген біреуі Құдайды бар даусымен мадақтап, қайта оралды. 16 Ол Исаның аяғына жығылып, алғысын жаудырды. Бұл кісі самариялық болатын+. 17 Сонда Иса: “Сауыққандар он кісі емес пе еді, тоғызы қайда? 18 Құдайды мадақтауға басқа ұлттық мына кісіден басқа ешкім қайтып келмеді ме?”— деп сұрады. 19 Сосын оған: “Тұр да, қайта бер. Сеніміңнің арқасында айықтың!”+— деді.
20 Парызшылдар одан Құдай Патшалығының қашан келетінін сұрағанда+, Иса былай деді: “Құдай Патшалығы бәріне байқатып келмейді. 21 Сондай-ақ жұрт “Міне, ол мұнда!” немесе “Ол анда!” демейді. Себебі Құдай Патшалығы сендердің араларыңда+”.
22 Бұдан кейін шәкірттеріне мынаны айтты: “Адам Ұлының бір күнін болса да көруді аңсайтын кездерің келеді, бірақ көрмейсіңдер. 23 Жұрт сендерге “Міне, ол анда!” немесе “Ол мұнда!” дейді. Ол жерге бармаңдар, оларға ермеңдер+! 24 Себебі найзағайдың жарқ етіп, аспанды о шетінен бұ шетіне дейін жарқыратып жіберетініндей, Адам Ұлының+ күнінде де сондай болады+. 25 Алайда алдымен ол көп қасірет шегуі және бұл ұрпақ одан бас тартуы тиіс+. 26 Нұх пайғамбардың заманында жағдай қандай болған болса+, Адам Ұлының күндерінде де сондай болады+. 27 Нұх кемеге кірген күнге+ дейін адамдар ішіп-жеп, әйел алып, қыздарын ұзатып өмір сүруде еді. Сол уақытта топан су басып, бәрін қырып салды+. 28 Лұттың заманында да+ адамдар ішіп-жеп, сауда-саттық жасап, егін егіп, үй салып өмір кешуде еді. 29 Бірақ Лұт Содомнан шыққан күні көктен от пен күкірт жауып, бәрін де жойып жіберді+. 30 Адам Ұлы көрінетін күні де солай болады+.
31 Сол күні кім үй төбесінде болса, мүлкін алу үшін үйіне кірмесін, ал кім танапта жүрсе, тастап кеткен затына қайтып оралмасын. 32 Лұттың әйелін есте ұстаңдар+! 33 Жанын* сақтауға ұмтылған адам одан айырылады, ал кім жанынан айырылса, оны сақтап қалады+. 34 Сендерге мынаны айтамын: сол түні төсекте жатқан екі кісінің бірі алынып, екіншісі қалдырылады+. 35 Бір диірмен тартып отырған екі әйелдің бірі алынып, екіншісі қалдырылады”. 36 * —— 37 Сонда шәкірттері: “Ием, бұл қайда болады?”— дегенде, Иса: “Өлексе қайда болса, бүркіттер де сонда жиналады”+,— деп жауап берді.