Лұқа
16 Иса шәкірттеріне тағы былай деді: “Бір байдың үй басқарушысы болыпты. Біреулер байға осы басқарушысы оның дүние-мүлкін шашып жатқаны жайлы жеткізеді. 2 Содан бай оны шақырып алып: —Сен туралы естіп жүргенім не әңгіме? Жұмысың жайлы есеп бер! Бұдан былай үйімді басқармайсың,— дейді. 3 Үй басқарушысы өзіне: —Қожайыным мені жұмыстан босатпақ, енді не істесем екен? Жер қазуға күшім жетпейді, ал қайыр сұрауға ұяламын. 4 Ә-ә, жұмыстан босап қалғанымда, жұрттың есігі маған ашық болу үшін не істеу керектігін білемін,— дейді. 5 Сөйтіп, қожайынына қарыз болғандарды бір-бірлеп шақырып, біріншісінен: —Қожайыныма қанша қарызсың?— деп сұрайды. 6 Ол: —2200 литр* зәйтүн май қарызбын,— дегенде, басқарушы: —Келісімшартыңды ал да, отыра қалып, 1100 деп жаз,— дейді. 7 Басқа біреуінен: —Сен қанша қарызсың?— деп сұрағанда, ол: —1000 пұт* бидай,— деп жауап береді. Сонда басқарушы: —Келісімшартыңды ал да, 800 деп жаз,— дейді. 8 Қожайыны әділетсіз үй басқарушысын осылай ақыл тауып кеткені үшін мақтайды. Өйткені осы дүниенің* адамдары замандастарымен араласқанда, жарықтың адамдарына+ қарағанда ақылдырақ әрекет етеді.
9 Сондай-ақ сендерге мынаны айтамын: әділетсіз байлықпен+ өздеріңе достар табыңдар, сонда байлықтарың таусылғанда, олар сендерді мәңгілік мекендерге қабылдайды+. 10 Кішкене нәрседе сенімді болған үлкен нәрседе де сенімді. Ал кішкене нәрседе сенімсіз болған үлкен нәрседе де сенімсіз. 11 Сондықтан әділетсіз байлықты қолдануда сенімді болмасаңдар, кім сендерге шынайы байлықты сеніп тапсырады?! 12 Егер басқаның мүлкін қолдануда сенімді болмасаңдар, кім сендерге өздеріңе арналған сыйды бермек+?! 13 Ешбір қызметші екі қожайынға бірдей құл бола алмайды: біреуін жек көріп, екіншісін жақсы көреді, немесе біреуін жақын тартып, ал екіншісіне немкетті қарайды. Сендер Құдайға және байлыққа бірдей қызмет ете алмайсыңдар+”.
14 Мұның бәрін естіп тұрған ақшақұмар парызшылдар Исаны мазақ етіп, мұрындарын тыжырайтты+. 15 Ал Иса оларға былай деді: “Сендер адамдар алдында әділ болғансисыңдар+, бірақ Құдай жүректеріңде не барын біледі+. Адамдар жоғары бағалайтын нәрсе Құдайдың көз алдында жеркенішті болып табылады+.
16 Жақияға дейін Мұса Заңы мен пайғамбарлар жазбасы болған. Ал Жақияның кезінен бастап Құдай Патшалығы туралы ізгі хабар жарияланып келеді, әрі әртүрлі адамдар оған кіруге барынша тырысуда+. 17 Мұса Заңының кішкене бір сызығы орындалмай қалғаннан гөрі, аспан мен жердің құрып жоқ болуы оңайырақ+.
18 Әйелін тастап*, өзгеге үйленген әркім неке адалдығын бұзады. Сондай-ақ күйеуінен кетіп қалған* әйелге үйленген адам да неке адалдығын бұзады+.
19 Бір бай адам күлгін түсті қымбат киім киіп, күн сайын көңіл көтеріп, шалқып өмір кешіпті. 20 Оның қақпасының алдына жұрт үсті-басын жара басқан Елазар есімді бір қайыршыны әкелетін. 21 Ол байдың дастарқанынан түскен қалдықтарды жеп тойсам деп аңсайтын. Тіпті иттер келіп, жараларын жалап кететін. 22 Бір күні қайыршы қайтыс болып, періштелер оны Ыбырайымның қасына* алып барады.
Бай да өліп, жерленеді. 23 Көрде* жатып қиналған ол басын көтеріп қарағанда, алыста тұрған Ыбырайым мен оның қасындағы Елазарды көреді. 24 Сонда ол: —Ыбырайым ата, маған рақым етіп, Елазарды жібере көріңіз. Ол бармағының ұшын суға малып алып, тілімді салқындатсыншы. Мына жалындаған отта қатты қиналып жатырмын,— деп дауыстайды. 25 Бірақ Ыбырайым: —Балам, есіңе алшы, сен өмірдің бар игілігін көрдің, ал Елазар бар азабын тартып өтті. Енді ол мұнда жұбаныш тапса, сен қиналып жатырсың. 26 Оның үстіне, сендер мен біздің арамызға терең шыңырау орнатылған. Бұл жерден сендерге барғысы келгендер өте алмайды, ар жақтан да бізге өтіп келе алмайды,— дейді. 27 Сонда ол: —Олай болса, ата, өтінемін, Елазарды әкемнің үйіне жібере көріңіз. 28 Себебі менің бес бауырым бар, олар да осы азапты жерге түспеу үшін соларға барып, жақсылап түсіндірсінші,— дейді. 29 Ал Ыбырайым: —Оларда Мұса мен өзге пайғамбарлардың жазбалары бар ғой, соларға құлақ ассын+!— дегенде, 30 ол: —Жоқ, Ыбырайым ата! Егер өлгендердің біреуі барса, олар күнәларына өкінер еді,— дейді. 31 Бұған Ыбырайым: —Егер олар Мұса мен пайғамбарларға құлақ аспаса+, өлгендердің біреуі қайта тіріліп барса да, сенбейді,— деп жауап береді”.