Қорынттықтарға 2-хат
12 Мен мақтануға мәжбүрмін. Рас, мұның еш пайдасы жоқ, сөйтсе де Иемізден аяндар, хабарлар алғаным жайлы айтпақпын+. 2 Он төрт жыл бұрын кенеттен үшінші көкке әкетілген Мәсіхтің бір шәкіртін білемін. Ол тәнінде әкетілді ме, жоқ па, білмеймін, оны Құдай біледі. 3 Иә, сондай адамды білемін. Ол — тәнінде ме, жоқ па, білмеймін, оны Құдай біледі — 4 жұмаққа әкетіліп, адам айта алмайтын әрі айтуына болмайтын сөздерді естіді. 5 Өзім жайлы емес, сол адамды айтып мақтанамын. Ал өзім жайлы мақтансам, тек әлсіздіктеріммен мақтанамын. 6 Мақтанғым келген күнде де ақымақ болмас едім, өйткені шындықты айтамын. Алайда ешкім мен туралы өзімнен көріп-естігеннен артық ойламас үшін бұдан бас тартамын. 7 Осындай таңғаларлық нәрселердің ашылғанына бола ешкім мен туралы тиістісінен артық пікірде болмау керек.
Кеуде көтермеуім үшін маған тәніме қадалып тұратын тікен+, Шайтанның періштесі берілді. Тым асқақтап кетпеуім үшін, ол мені тынбай мазалайды. 8 Сондықтан оны алып тастауын сұрап, Иемізге үш рет жалбарындым. 9 Бірақ ол маған: “Саған көрсеткен рақымым жетер: әлсіз кезіңде менің құдіретіме толық ие боласың+”,— деді. Сондықтан Мәсіхтің күші маған шатыр іспетті болу үшін әлсіздіктеріммен қуана-қуана мақтанамын. 10 Олай болса, Мәсіх үшін әлсіз болудан, қорлық, мұқтаждық, қуғын-сүргін, қиыншылық көруден рақат табамын. Себебі мен әлсіз кезімде күштімін+.
11 Мен ақымақ кісідей болдым. Бұған мені сендер мәжбүр еттіңдер, өйткені игі істерім жөнінде сендер айту керек едіңдер. Сендер үшін түкке тұрғысыз болсам да, “керемет елшілеріңнен” еш кем емеспін+. 12 Менің елші екенімнің дәлелін зор табандылығымнан+, көрсеткен белгілерімнен, кереметтерім мен құдіретті істерімнен өздерің көрдіңдер ғой+. 13 Сендерге не жетпейді, басқа қауымдарға сияқты ауыртпалық салмағаным ба+? Бұл үшін айыпқа бұйыра көрмеңдер.
14 Міне, өздеріңе үшінші рет баруға дайынмын, бірақ бұл жолы да еш ауыртпалық түсірмеймін. Маған дүние-мүліктерің емес+, өздерің керексіңдер. Себебі балалары+ ата-анасы үшін емес, ата-анасы балалары үшін енші жинайды ғой. 15 Сендер үшін барымды қуана беремін, өзімді де еш аямаймын+. Өздеріңді қалай қатты сүйсем, сендер де мені солай сүюлерің керек емес пе? 16 Қайткен күнде де өздеріңе ауыртпалық түсірмедім+. Сөйтсе де мен туралы: “Қу екен, амалын асырып кетті”,— дейсіңдер. 17 Жоқ әлде жіберген кісілерімнің біреуі арқылы өздеріңді пайдаланып па едім? 18 Титті сендерге баруға талпындырып, онымен бір бауырласты жібердім. Тит те өздеріңді пайдаланған жоқ, солай емес пе+? Біздің ниетіміз де, әрекетіміз де бірдей болмап па еді?
19 Осы уақытқа дейін сендердің алдарыңда өзімізді қорғап жатырмыз деп ойладыңдар ма? Біз Мәсіхтің ізбасары ретінде Құдай алдында айтып тұрмыз. Ал мұның бәрін, сүйікті бауырластар, сендерді нығайту үшін істейміз. 20 Өздеріңе барғанымда, сендер мен қалағандай, ал мен сендер қалағандай болмай шығып, қайта, араларыңда ұрыс-керіс, қызғаныш, ашу-ыза, айтыс-тартыс, даттау, өсек-аяң, көкіректік, тәртіпсіздік бола ма деп қорқамын. 21 Өздеріңе барғанымда, Құдай мені алдарыңда ұялтып, бұрын күнә жасап, бірақ арам істеріне, азғындығына*, өрескел қылықтарына* әлі өкінбеген көбің үшін қайғырып жүрмейін.