Елшілердің істері
1 Құрметті Теофил, бірінші кітапта Исаның о бастан не істеп, не үйреткендерінің барлығын түгел баяндаған болатынмын+. 2 Өзі таңдаған елшілерге+ киелі рух арқылы нұсқаулар бергеннен кейін, ол көкке алынды+. 3 Азапталып өлгеннен кейін, Иса елшілеріне көптеген сенімді дәлелдер арқылы өзінің тірі екенін көрсетті+. Оларға 40 күн бойы көрініп, Құдай Патшалығы жайлы айтып жүрді+. 4 Олармен кездесіп жүрген кездері мынадай бұйрық берді: “Иерусалимнен ешқайда кетпей+, Әкемнің уәдесі орындалатын уақытты күтіңдер+. Сендерге бұл жайлы айтқанмын. 5 Жақия суға шомылдырған* еді, ал сендер бірер күннен кейін киелі рухпен шомылдырыласыңдар+”.
6 Тағы бір жиналғанда олар Исадан: “Ием, Исраилге патшалықты қазір қайта орнатасыз ба?”— деп сұрады+. 7 Сонда ол былай деп жауап берді: “Әкенің құзырындағы уақыттар мен мерзімдерді сендерге білудің қажеті жоқ+. 8 Алайда өздеріңе киелі рух қонғанда күш-қуатқа ие болып+, Иерусалимде+, бүкіл Яһудея мен Самарияда+ және жердің қиыр шетіне дейін+ мен жайлы куәлік етесіңдер+”. 9 Осыны айтып болған соң, Иса елшілерінің көзінше көкке көтерілді. Оны бұлт жауып қалып, олардың көзінен таса болды+. 10 Елшілері Исаның көкке көтеріліп бара жатқанына көз алмай қарап тұрғанда, кенеттен ақ жамылғы+ киген екі кісі қастарында тұра қалып, 11 былай деді: “Ғалилеялықтар, неменеге көкке көз алмай қарап тұрсыңдар? Көкке алынған Иса сендердің көздеріңше қалай көтерілсе, дәл солай қайтып келеді”.
12 Содан кейін олар Зәйтүн тауынан Иерусалимге қайтты+. Бұл тау Иерусалимнен шамамен бір шақырымдай* жерде болатын. 13 Олар келген соң, өздері тоқтаған үйдің екінші қабатына көтерілді. Бұлар Петір, Жохан, Жақып, Әндір, Філіп, Тома, Барталамай, Матай, Әлпей ұлы Жақып, құлшынған Шимон және Жақып ұлы Яһуда еді+. 14 Барлығы ниеттес көңілмен дұға етіп жүрді. Олармен бірге Исаның бауырлары+, анасы Мәриям мен өзге де әйелдер болды+.
15 Сол күндері Петір жиналған 120 шақты бауырластың арасында тұрып, былай деді: 16 “Бауырластар, киелі рухтың Дәуіт пайғамбар арқылы алдын ала айтқан сөздері орындалу керек болды. Бұл — Исаны тұтқындағандарға жол көрсеткен Яһудаға+ қатысты сөздер+. 17 Ол арамызда болып+, бізбен бірге қызмет етті. 18 (Осы кісі әділетсіздікпен тапқан ақшасына жер сатып алды+. Кейін басымен құлап, ішек-қарны ақтарылып өлді+. 19 Иерусалим тұрғындары мұны естіп, танапты өз тілдерінде Хакелдама, яғни Қанды танап, деп атап кетті.) 20 Зәбүр кітабында “оның тұрағы бос қалсын, ол жер қаңырап жатсын”+ деп жазылған ғой. Сондай-ақ “оның бақылаушы міндетін басқа біреу алсын”+ деп те айтылған. 21 Сондықтан оны Иеміз Иса арамызда жүрген кездің бәрінде бізбен бірге болған адамдардың бірі алмастыру керек. 22 Ол Исаның Жақияға барып, шомылдыру рәсімінен өткен кезінен бастап+ көкке алынғанына+ дейін бізбен бірге жүрген әрі оның қайта тірілгенін көрген адам болуы тиіс+”.
23 Содан олар екі кісіні: Жүсіпті (ол Барсаба деп те, Иуст деп те аталатын) және Матияны ұсынды. 24 Сосын былай деп дұға етті: “Уа, Ехоба*, сен әркімнің жүрегінде не барын білесің+. Осы екі адамның қайсысын таңдағаныңды бізге білдіре көр. 25 Елшілік қызметі мен міндетінен бас тартып, өз жолымен кеткен Яһуданың орнын қайсысы басу керек+?” 26 Осыдан кейін олар жеребе тастады+. Жеребе Матияға түсіп, ол 11 елшінің қатарына қосылды.