Құдай ниетінің орындалуындағы киелі рухтың рөлі
“Менің аузымнан шыққан сөзім... еркімді толық орындап, көздеген мақсаттарымды жүзеге асырады” (ИШАЯ 55:11).
1. Жоспарлау мен мақсат етудің айырмашылығын көрсет.
АВТОКӨЛІКПЕН саяхатқа шыққалы жатқан екі кісіні көз алдымызға елестетіп көрейікші. Олардың бірі баратын жеріне дейінгі жолды тәптіштеп сызады. Ал екіншісі болса, қай жерге баруы керек екенін нақты біледі, әрі оған жетудің көп жолы бар екенін де түсінеді. Егер қажеттілік туындаса, ол кез келген өзге жолға түсуге дайын. Бұл екі кісінің әртүрлі әрекет етуі, қандай да бір мағынада, жоспар мен мақсаттың айырмашылығын көрсетеді. Жоспарды тәптіштеп сызылған жолмен салыстыруға болады, ал мақсаты бар адам көздеген ниетін ойда тұтады және оған жету үшін бір ғана жолды ұстанбайды.
2, 3. а) Ехобаның қандай мақсаты бар және Адам мен Хауа күнә жасағанда, ол қандай шара қолданды? ә) Неліктен Құдай ниетінің жүзеге асатынына сенімді болып, соған сай өмір сүруіміз қажет?
2 Ниеті орындалу үшін Ехоба еш өзгермейтін жоспар құрмайды. Ол бірте-бірте өз мақсатын жүзеге асырады (Ефес. 3:11). Құдай о баста кемелді адамдардың жұмақ орнаған жерде мәңгі тыныштықта және бақытты ғұмыр кешкенін ниет еткен болатын (Жар. 1:28). Бірақ Адам мен Хауа күнә жасады. Бұл жағдай мақсатының жүзеге асуына кедергі болмас үшін Ехоба шара қолданды (Жаратылыс 3:15 оқы). Ехоба бейнелі әйелдің дүниеге “ұрпақ” немесе Ұл әкеліп, ол бас бүлікші Шайтанның өзі мен келтірген залалын жояды деп шешті (Евр. 2:14; Жох. 1-х. 3:8).
3 Жердегі не көктегі ешқандай күш Құдайдың өз мақсатына жетуіне кедергі жасай алмайды (Ишая 46:9—11). Неге олай дейміз? Өйткені әлемде Ехобаның киелі рухынан асқан құдіретті күш жоқ. Осы рух Құдай ниетінің ‘жүзеге асуының’ кепілдігі болып табылады (Ишая 55:10, 11). Біздің де әрқашан Құдайдың өз мақсатына жететініне сенімді болып, соған сай өмір сүргеніміз абзал. Себебі болашағымыз түгелдей Құдай ниетінің жүзеге асуына байланысты. Ал Ехобаның киелі рухын қалай қолданатынын түсінгеніміз сенімімізді нығайта түседі. Олай болса, Ехобаның мақсатының өткен уақытта, қазір және болашақта орындалуындағы киелі рухтың рөлін қарастырайық.
Киелі рухтың өткен уақыттағы рөлі
4. Ехоба өз ниетін қалай бірте-бірте ашып отырды?
4 Киелі кітап жазылып жатқан уақытта Ехоба өз ниетін бірте-бірте ашып отырған. Алғашында уәде етілген Ұрпақтың кім екені ‘Құдайдың құпиясы’ болатын (Қор. 1-х. 2:7). 2 000 жылға жуық уақыт өткен соң ғана бұл құпия ашыла бастады (Жаратылыс 12:7; 22:15—18 оқы). Ехобаның Ыбырайымға берген уәдесінен ұрпақтың кім болатыны және қандай баталар әкелетіні анықтала түсті. “Сенің ұрпағың арқылы” деген сөздерден Ұрпақ Ыбырайымның үрім-бұтағынан шығатыны, яғни оның адам болып дүниеге келетіні анық көрінді. Бұл ашылған жайттарды Шайтанның мұқият бақылап отырғанына күмәнданбасақ та болады. Басты жауымыз Ыбырайымның үрім-бұтағын жойып не арамдап, Құдай ниетінің жүзеге асуына кедергі жасағысы келгені сөзсіз. Бірақ Құдайдың көзге көрінбейтін рухы бұған еш жол бермес еді. Қалайша?
5, 6. Ехоба өзінің рухы арқылы Ұрпақ пайда болатын үрім-бұтақты қалай қорғады?
5 Ехоба өзінің рухы арқылы Ұрпақ пайда болатын үрім-бұтақты қорғады. Ол Ыбырамға (Ыбырайым): “Мен сенің қорғаныңмын”,— деді (Жар. 15:1). Бұл бос сөз емес еді. Мысалы, шамамен б. з. б. 1919 жылы болған оқиғаны қарастырайықшы. Ыбырайым мен Сара уақытша Герар қаласына қоныс тебеді. Сара Ыбырайымның әйелі екенінен бейхабар Герар патшасы Әбумәлік оған үйленбекші болады. Бұған Ыбырайымның ұрпағы дүниеге келгенін қаламаған Шайтанның қатысы болды ма екен? Бұл туралы Киелі кітапта айтылмаған. Бірақ Ехоба іске араласып, Әбумәлікке аян береді де, Сараға тиіспеуді ескертеді (Жар. 20:1—18).
6 Тек осы жолы ғана емес, Ехоба Ыбырайым мен оның отбасын бірнеше рет қорғап қалды (Жар. 12:14—20; 14:13—20; 26:26—29). Сол себепті забур жыршысы Ыбырайым мен оның ұрпақтары жайлы былай деп жазды: “Құдай ешкімге соларды жәбірлетпеді, Олар жайлы патшаларға қатаң ескертті: “Тағайындалғандарыма еш тиіспеңдер, Пайғамбарларыма зұлымдық істемеңдер!” (Заб. 104:14, 15).
7. Ехоба Исраил халқын қалай қорғады?
7 Ехоба рухы арқылы уәде етілген Ұрпақ пайда болатын халықты да қорғады. Ол исраилдіктерге өзінің заңдарын берді. Сол арқылы халық шынайы ғибадатты ұстанып, рухани, өнегелік және тән тазалығын сақтай алды (Мыс. ш. 31:18; Қор. 2-х. 3:3). Билердің тұсында Ехобаның рухы қонған бірнеше ер адам Исраилді жауларынан азат етті (Би. 3:9, 10). Ыбырайымның ұрпағының басты бөлігі Иса туралы пайғамбарлықтардың орындалуында Иерусалим, Бетлехем және ғибадатхананың өзіндік орны болған. Демек, оларды қорғауда да киелі рух ерекше рөл атқарған болуы керек.
8. Киелі рухтың Исаның өмірі мен қызметіне тікелей қатысы болғанын қайдан білеміз?
8 Исаның өмірі мен қызметіне киелі рухтың тікелей қатысы болды. Мәриям атты пәк қыз киелі рухтың арқасында кемелсіз бола тұра кемелді Ұлды дүниеге әкелді. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған еді (Лұқа 1:26—31, 34, 35). Кейінірек киелі рух нәресте Исаның мерзімінен бұрын өлтірілуіне жол бермеді (Мат. 2:7, 8, 12, 13). Иса шамамен отыз жасқа келгенде, Құдай оны киелі рухымен майлады. Осылайша ол Дәуіт тағының мұрагері болып тағайындалды және уағыз айтуға өкілеттілік алды (Лұқа 1:32, 33; 4:16—21). Иса киелі рухтың арқасында ауруларды сауықтыру, жамағатты тамақтандыру, өлгендерді тірілту сияқты кереметтер жасады. Болашақта ол осы кереметтерді үлкен көлемде біз үшін де жасайды.
9, 10. а) Киелі рух І ғасырдағы Исаның шәкірттеріне қалай көмектесті? ә) Б. з. І ғасырында Ехобаның ниетін жүзеге асыру жолында қандай өзгеріс болатыны ашылды?
9 Б. з. 33 жылы Алғашқы өнім мейрамынан бастап Ехоба киелі рухымен Ыбырайымның ұрпағының қосалқы бөлігін майлады. Олардың көбісі Ыбырайымның үрім-бұтағынан шықпаған еді (Рим. 8:15—17; Ғал. 3:29). Киелі рух І ғасырдағы Исаның шәкірттеріне құлшыныспен қызмет етуге және кереметтер жасауға көмектесті (Ел. іс. 1:8; 2:1—4; Қор. 1-х. 12:7—11). Шәкірттерге осындай керемет қабілет дарыту арқылы киелі рух Ехобаның ниетін жүзеге асыру жолында күрт өзгеріс болатынын ашты: бұдан былай адамдар бұрынғыдай Иерусалимдегі ғибадатханада орнатылған тәртіпке сай ғибадат етпейтін болды. Ехоба жаңадан ұйымдастырылған мәсіхшілер қауымына қолдау көрсете бастады. Содан бері ол майланған мәсіхшілерден тұратын қауымды қолданып келеді.
10 Өткен уақытта Ехоба өз ниетін жүзеге асыру үшін киелі рухты қорғау, күш беру және майлаумен қатар басқа да мақсаттарда қолданды. Қазіргі уақыт туралы не деуге болады? Ниетін жүзеге асыру үшін Ехоба киелі рухын қалай қолдануда? Біз Құдай рухына сай әрекет етуді қалайтындықтан, осы сұрақтың жауабын білуіміз керек. Олай болса, бүгінде Ехоба қандай төрт жолмен рухын қолданып отырғанын қарастырайық.
Киелі рухтың қазіргі уақыттағы рөлі
11. Киелі рух Құдай халқына тазалық сақтауға көмектесетінін қайдан білеміз және рухтың басшылығына сай әрекет ететінімізді қалай көрсете аламыз?
11 Біріншіден, киелі рух Құдай халқына тазалық сақтауға көмектеседі. Ехобаның ниетінің орындалуына қатысы барлардың өнегелік тазалық сақтағандары жөн (Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11 оқы). Шынайы мәсіхшілікті қабыл алғандардың кейбірінің бұрын неке адалдығын бұзу, азғындық, гомосексуализм сияқты жаман әдеттері болған. Күнә жасауға итермелейтін құмарлықтар адамның бойында терең тамыр жаюы мүмкін (Жақ. 1:14, 15). Дегенмен де олар “күнәдан тазарып”, Құдайға ұнамды болу үшін өмірлерін өзгерте алды. Құдайды сүйетін бұл жандарға күнәкар құмарлықтарына берілмеуге не көмектесті? “Құдайымыздың Рухы”,— дейді Киелі кітап (Қор. 1-х. 6:11). Өнегелік тазалықты сақтағандарың киелі рухтың өмірлеріңе барынша әсер етуіне жол беріп жатқандарыңның көрсеткіші.
12. а) Езекиел көрген аянға сәйкес Ехоба ұйымын қалай жетелейді? ә) Киелі рухтың жетелеуімен жүретініңді қалай көрсете аласың?
12 Екіншіден, Ехоба киелі рухы арқылы ұйымын өзі қалаған бағытта жетелеп келеді. Езекиел аянда Ехобаның еркін орындау үшін үнемі алға жылжып отыратын күймені, яғни Құдай ұйымының көктегі бөлігін, көрді. Бұл күйме киелі рухтың басшылығымен қозғалады (Езек. 1:20, 21). Сондай-ақ Ехобаның ұйымы көктегі және жердегі бөліктерден тұратынын да ұмытпайық. Көктегі бөлігін киелі рух жетелеп отырғандықтан, жердегісі туралы да солай деуге болады. Құдай ұйымының жердегі бөлігінің басшылығын мықтап ұстанғанымыз оның көктегі күймесімен қатар жүретінімізді және бізді киелі рух жетелейтінін көрсетеді (Евр. 13:17).
13, 14. а) Иса айтқан “осы ұрпаққа” кімдер жатады? ә) Киелі рух шындықтың нұрын жарқыратып жатқанын көрсететін мысал келтір (“Жарқырай түскен шындықты қабылдап жүрсің бе?” деген қоршауды қара).
13 Үшіншіден, киелі рух шындықтың нұрын жарқырата түсуде (Нақ. с. 4:18). Көп жылдан бері “адал да ақылды құл” осы журнал арқылы Киелі кітаптағы шындықты ашып келеді (Мат. 24:45 ЖД). Мәселен, Иса айтқан “осы ұрпаққа” кімдер жататынына қатысты соңғы түсінікті қарастырайық (Матай 24:32—34 оқы). “Мәсіхтің осында болуы. Мұны қалай түсінуге болады?” деген мақалада айтылғандай, Иса бұл жерде зұлымдарға нұсқамаған, қайта көп ұзамай киелі рухпен майланатын шәкірттері туралы айтқанa. І ғасырдағы және бүгіндегі майланған шәкірттер белгіні көріп қана қоймай, оның мәнін, яғни Исаның ‘есік алдына келіп қалғанын’ түсінбек еді.
14 Бұл түсінік біз үшін нені білдіреді? “Осы ұрпақтың” қанша өмір сүретінін тура білмегенімізбен, “ұрпақ” сөзі туралы біраз жайттарды есімізде ұстағанымыз абзал: бұл сөз әдетте белгілі бір уақыт аралығында өмір сүретін әр жастағы адамдарға қатысты қолданылады; бұл уақыт тым ұзақ емес, оның шегі бар (Мыс. ш. 1:6). Олай болса, Исаның “осы ұрпақ” туралы айтқанын қалай түсінуіміз керек? Ол 1914 жылы белгінің көріне бастағанының куәсі болған майланғандардың өмірі мен ауыр азаптың басталғанын көретін майланғандардың өмірі ұштасатынын айтқысы келсе керек. Осы уақыт аралығында өмір сүрген ұрпақтың басы болғанындай, оның аяғы да бар. Белгіні құрайтын әртүрлі оқиғалардың орын алып жатқаны ауыр азаптың таяп қалғанын білдіреді. Сондықтан уақыттың аз қалғанын есіңде ұстап, сергек бол. Осылайша жаңа түсінікті қабылдайтыныңды және киелі рухтың басшылығына мойынсұнатыныңды көрсет (Мар. 13:37).
15. Уағыз ісінің киелі рухтың арқасында жүріп жатқаны неден көрінеді?
15 Төртіншіден, киелі рух уағыздауға күш береді (Ел. іс. 1:8). Ойлап көріңдерші, киелі рухтың көмегінсіз ізгі хабар дүниенің төрт бұрышына қалай жарияланбақ еді? Бәлкім ертеректе сен жасқаншақ болған шығарсың. Сондықтан “Мен ешқашан да үйме-үй уағыздай алмаймын” деп ойлаған болуың мүмкін. Ал қазір бұл іске құлшына атсалысып жүрсіңb. Көптеген басқа да бауырластар қарсылық пен қуғын-сүргінге қарамастан уағыз ісін жалғастыруда. Осының бәрі Құдай рухының арқасы. Соның көмегімен ғана таудай үлкен қиыншылықтарға төтеп береміз әрі қолымыздан келмейтіндей көрінетін істерді атқара аламыз (Миха 3:8; Мат. 17:20). Уағыз ісіне барынша атсалысу арқылы сен де киелі рухтың басшылығымен жүретініңді көрсетесің.
Киелі рухтың болашақтағы рөлі
16. Ехоба бүгіндегі халқын ауыр азаптың кезінде қорғайтынына неліктен сенімдіміз?
16 Болашақта да киелі рух Ехобаның ниетінің жүзеге асуында ерекше рөл атқаратын болады. Алдымен ол бізді қорғайтынына назар аударайық. Жоғарыда қарастырғанымыздай, Ехоба өткен уақытта киелі рухы арқылы кейбір қызметшілерін және бүкіл Исраилді қорғаған. Ендеше Құдай бүгіндегі халқын жақындап қалған ауыр азаптың кезінде дәл сол құдіретті рухы арқылы құтқарады деп ойлауға барлық негіз бар. Бізге оның нақты қалай құтқаратынын болжамдап, уайым жеудің қажеті жоқ. Керісінше, болашаққа сеніммен қарайық. Өйткені Ехоба өзін сүйетіндерді ешқашан назарынан тыс және киелі рухтың көмегінсіз қалдырмайды (Шеж. 2-ж. 16:9; Заб. 138:7—12).
17. Ехоба киелі рухын жаңа дүниеде қалай қолданады?
17 Ал жаңа дүниеде Ехоба киелі рухын қалай қолданады? Сол кезде ашылатын жаңа кітаптар киелі рухтың жетелеуімен жазылады (Аян 20:12). Ол кітаптарда мыңжылдық патшалық кезінде адамдар ұстануы керек принциптер жазылатын болса керек. Сен сол кітаптардың мазмұнымен танысатын уақытты аңсайсың ба? Құдай киелі рухы арқылы жерге және адамзатқа қатысты ниетін жүзеге асырғанда өмірдің керемет болатыны сонша, оны қазір көзге елестету де мүмкін емес!
18. Не нәрсеге беліңді бекем будың?
18 Ехобаның ниеті міндетті түрде орындалады, өйткені ол мақсатына жету үшін ғаламдағы ең құдіретті күш — киелі рухты қолдануда. Құдай ниетінің саған да қатысы бар. Сондықтан үнемі Ехобадан киелі рухын өтініп, оның басшылығына сай әрекет етуге беліңді бекем бу (Лұқа 11:13). Сонда жұмақ орнаған жер бетінде мәңгі өмір сүре аласың.
[Сілтемелер]
b “Күзет мұнарасының” (ор.) 1993 жылғы 15 қыркүйектегі санының 19-бетінде өте жасқаншақ болған, бірақ кейін белсене қызмет еткен бауырластың мысалы жазылған.
Естеріңде ме?
• Өткен уақытта Ехоба мақсатына жету үшін киелі рухын қалай пайдаланды?
• Бүгінде Ехоба киелі рухты қалай қолдануда?
• Ехоба ниетін жүзеге асыру үшін болашақта киелі рухын қалай қолданады?
[10-беттегі қоршау]
Жарқырай түскен шындықты қабылдап жүрсің бе?
Ехоба Киелі кітаптағы шындықтың нұрын жарқырата түсуде. “Күзет мұнарасы” журналында келесідей жаңа түсініктер жарияланды:
▪ Исаның ашытқы туралы көрнекі мысалынан рухани өсім жайлы не білеміз? (Мат. 13:33) (15 шілде 2008 жыл, 19, 20-беттер);
▪ Көктегі өмірге шақыру қашан аяқталды? (1 мамыр 2007 жыл (ор.), 30, 31-беттер);
▪ Ехобаға “рухпен ғибадат ету” деген нені білдіреді? (Жох. 4:24 ЖД) (1 қазан 2002 жыл, 11-бет);
▪ Өте үлкен тобыр ғибадатхананың қай ауласында қызмет етеді? (Аян 7:15) (1 мамыр 2002 жыл (ор), 30, 31-беттер);
▪ Қойларды серкелерден ажырату қашан орын алу керек? (Мат. 25:31—33) (15 қазан 1995 жыл (ор.), 18—28 беттер).