Лұқа
10 Бұдан кейін Иеміз Иса тағы басқа 70 шәкіртін таңдап алып, оларды өзі баратын әрбір қала мен басқа да жерлерге өзінен бұрын екі-екіден жіберіп+, 2 былай деді: “Расында да, жинайтын егін көп, бірақ жұмысшылар аз. Сондықтан егіннің Иесінен оны жинауға жұмысшылар жіберуін өтініңдер+. 3 Барыңдар, мен сендерді қасқырлар арасына жіберілген қозылар сияқты жіберіп отырмын+. 4 Жолға ақша салатын қалта да, тамақ салатын дорба да, артық сандал да алмаңдар+, сондай-ақ жол-жөнекей біреуге сәлем беріп кідіріп қалмаңдар. 5 Бір үйге кіргенде әуелі: —Осы үйде татулық болсын!— деп тілеңдер+. 6 Егер сол жерде татулықты сүйетін адам бар болса, оған тілегендерің орындалады, ал жоқ болса, өздеріңе қайтады. 7 Сол үйде қалып+, бергенін ішіп-жеңдер+, өйткені еңбек еткен адам ақысын алуға лайық+. Үйден үйге көшіп жүрмеңдер.
8 Сондай-ақ қандай да бір қалада сендерді қабылдаса, алдарыңа қойылған тамақты ішіп-жеңдер, 9 ондағы ауруларды сауықтырыңдар және оларға: —Құдай Патшалығы таяп қалды+!— деңдер. 10 Ал егер қабылдамаса, басты көшелеріне шығып: 11 —Сендерге қарсы куәлік болу үшін тіпті аяғымызға жұққан қалаларыңның шаңын да қағып тастаймыз+. Бірақ естеріңде болсын, Құдай Патшалығы таяп қалды!— деңдер. 12 Сендерге мынаны айтамын: Сот күні сол қаланың жазасынан гөрі Содом қаласының жазасы жеңілірек болады+!
13 Ей, Хоразин қаласы, қасіретке қаласың! Ей, Бетсайда қаласы, сен де қасіретке қаласың! Өйткені сендерде жасалған құдіретті істер Тир мен Сидон қалаларында жасалса, олар әлдеқашан азалы киім киіп, күлде отырып* күнәларына өкінер еді+. 14 Сондықтан Сот күні сендердікінен гөрі Тир мен Сидонның жазасы жеңілірек болады! 15 Қапарнаум қаласы, бәлкім, сен көкке жетерсің? Жоқ, сен көрге* тасталасың!
16 Кімде-кім сендерді тыңдаса, мені де тыңдағаны+. Кім сендерді тыңдаудан бас тартса, оның мені де тыңдаудан бас тартқаны. Ал кім менен бас тартса, оның мені жібергеннен де бас тартқаны+”.
17 Содан 70 шәкірті қайта оралғанда, қуана: “Ием, сіздің атыңыздан бұйырғанда, тіпті жындар да бағынды”+,— деді. 18 Иса оларға былай деді: “Шайтанның көктен найзағайша құлап түскенін көрдім+. 19 Міне, мен сендерге жыландар мен шаяндарды таптайтын және жаудың барлық күшін жеңетін билік бердім+. Сендерге еш нәрсе де зиянын тигізбейді. 20 Бірақ жындардың өздеріңе бағынғанына емес, есімдеріңнің көкте жазылғанына қуаныңдар+”. 21 Сол кезде Иса киелі рух пен қуанышқа кенеліп, былай деді: “Көк пен жердің Иесі — Әке, сені ел алдында мадақтаймын! Себебі сен бұларды данышпандар мен білімпаздардан+ мұқият жасырып, бала сияқты кішіпейіл адамдарға аштың. Иә, Әке, өйткені сенің қалауың осы еді+. 22 Әкем маған барлығын берді. Ұлының кім екенін Әкеден басқа ешкім білмейді. Әкенің кім екенін Ұлынан және Ұлы ашқысы келген адамнан басқа ешкім білмейді+”.
23 Сосын ол шәкірттеріне бұрылып, оңаша былай деді: “Сендер көріп жүрген нәрселерді көргендер бақытты+. 24 Сендерге мынаны айтамын: көптеген пайғамбарлар мен патшалар сендер көріп жатқандарды көргісі келген, бірақ көрген жоқ+. Сендер естіп жатқандарды естігісі келген, бірақ естіген жоқ”.
25 Мұса Заңын жетік білетін біреу тұрып, оны сынағысы келіп: “Ұстаз, мәңгілік өмірге ие болуым үшін не істеуім керек?”— деп сұрады+. 26 Иса: “Заңда не деп жазылған? Оны қалай түсінесің?”— деді. 27 Ол: “Ехоба Құдайыңды бар жүрегіңмен, бүкіл жан-тәніңмен, бар күш-қуатыңмен және барлық ақыл-ойыңмен сүй!”+ Сондай-ақ “өзге адамды өзіңді сүйгендей сүй”+,— деп жауап берді. 28 Иса: “Дұрыс жауап бердің. Осылай істей бер, сонда мәңгілік өмірге ие боласың+”,— деді.
29 Бірақ өзін ақтағысы келген+ ол Исадан: “Сонда мен нақты кімді сүюім керек?”— деп сұрады. 30 Бұған Исаның жауабы мынау болды: “Бір адам Иерусалимнен Иерихонға ылдилап бара жатып, қарақшылардың қолына түсіпті. Қарақшылар оны тонап, ұрып-соғып, шала-жансар етіп тастап кетеді. 31 Сонда сол жолмен келе жатқан бір діни қызметкер оны көреді де, жолдың арғы бетіне өтіп, кете береді. 32 Сол сияқты, жаңағы жермен өтіп бара жатқан бір леуілік оны көреді, ол да жолдың арғы бетіне өтіп, кете береді. 33 Ал сол жолмен жолаушылап бара жатқан бір самариялық кісі+ оны көріп, аяп кетеді. 34 Жанына барып, жараларына май мен шарап құйып, таңады. Сосын есегіне отырғызып, бір қонақүйге әкеліп, қамын жасайды. 35 Ертесіне қонақүйдің иесіне екі динар* беріп: —Мына кісіге қамқорлық көрсетіңіз. Егер артық шығын шығарсаңыз, қайтып оралғанда төлеймін,— дейді. 36 Сонымен, осы үшеуінің қайсысы қарақшылардың қолына түскен кісіге сүйіспеншілік танытты+ деп ойлайсың?” 37 Әлгі кісі: “Оған қайырымдылық жасағаны”+,— деп жауап бергенде, Иса: “Ендеше, бар да, сен де солай істе”+,— деді.
38 Иса шәкірттерімен бірге жол жүріп бара жатып, бір ауылға кірді. Сол жерде оны Марта есімді әйел+ үйіне қонаққа шақырды. 39 Оның Мәриям деген сіңлісі бар еді. Ол Иеміз Исаның аяқ жағында отырып, сөзін ұйып тыңдады. 40 Ал Мартаның әуре-сарсаңы көп болды. Ол Исаға келіп: “Ием, сіңлімнің барлық жұмысты маған қалдырғанын көрмейсіз бе? Айтыңызшы, маған келіп көмектессін”,— деді. 41 Ал Иеміз Иса: “Марта, Марта, сен көп нәрсені ойлап, уайымдайсың. 42 Көп нәрсенің қажеті жоқ, керегі біреу-ақ қой. Мәриям дұрыс* нәрсені таңдады+, одан оны ешкім де айыра алмайды”,— деді.