Жохан
13 Иса өзінің осы дүниеден кетіп, Әкесіне баратын+ уақытының келгенін+ Құтқарылу мейрамы болмай тұрып білген еді. Осы дүниедегі өз адамдарын сүйген Иса оларды ақырына дейін сүйді+. 2 Кешкі ас ішіліп жатты. Бұл кезде Ібіліс Исаға опасыздық жасауды+ Шимон ұлы Яһуда Исқариоттың жүрегіне салып қойған еді+. 3 Әкесі бәрін өз қолына тапсырғанын және Құдайдан келіп, қайтадан оған баратынын+ білген Иса 4 дастарқан басынан тұрып, жамылғысын шешті де, беліне сүлгі байлап алды+. 5 Сосын шылапшынға су құйып, шәкірттерінің аяқтарын жуып, беліне байлаған сүлгімен сүрте бастады. 6 Ал Шимон Петірдің жанына келгенде, ол: “Ием, менің аяғымды жумақсыз ба?”— деді. 7 Иса оған: “Не істеп жатқанымды қазір емес, кейін түсінесің”,— деп жауап берді. 8 Петір: “Мен сізге аяғымды ешқашан жуғызбаймын!”— дегенде, Иса: “Аяғыңды жумасам+, менімен үлестес болмайсың”,— деді. 9 Бұған Шимон Петір: “Ием, онда аяғымды ғана емес, қолым мен басымды да жуыңыз”,— деп жауап қайырды. 10 Сонда Иса: “Шомылған кісі толықтай таза, оның аяғын ғана жуу керек. Сендер тазасыңдар, бірақ бәрің емес”,— деді. 11 Себебі ол өзіне кімнің опасыздық жасайтынын білетін+, сондықтан “бәрің емес” деген еді.
12 Олардың аяқтарын жуып болған соң, Иса жамылғысын киіп, қайтадан дастарқан басына жантайды да, былай деді: “Сендерге не істегенімді түсінесіңдер ме? 13 Мені “Ұстаз”, “Ием” дейсіңдер. Бұларың дұрыс, өйткені мен солмын+. 14 Егер Иелерің әрі Ұстаздарың бола тұра, аяқтарыңды жусам+, сендер де бір-біріңнің аяқтарыңды жууларың керек*+. 15 Мен не істесем, сендер де солай істесін деп, үлгі көрсеттім+. 16 Сендерге нағыз шындықты айтамын, құлы қожайынынан, ал жіберілген өзін жібергеннен үлкен емес. 17 Осыларды біліп қана қоймай, соған сай әрекет етсеңдер, бақыттысыңдар+. 18 Мұны барлығың жайлы айтып тұрған жоқпын. Мен өзім таңдап алғандарды білемін. Бірақ мына жазба орны орындалуы керек+: “Дастарқандас боп нанымды жеп жүрген кісі маған қарсы өкшесін көтерді”+. 19 Мұны әлі орындалмай жатып айтып тұрмын, осылайша айтқандарым орындалғанда, менің сол екеніме сенетін боласыңдар+. 20 Сендерге нағыз шындықты айтамын, кімде-кім мен жібергенді қабылдаса, мені де қабылдағаны+. Ал мені қабылдаған адамның мені жібергенді де қабылдағаны+”.
21 Осыларды айтқаннан кейін, Иса іштей қатты толқып: “Сендерге нағыз шындықты айтамын, араларыңдағы біреу маған опасыздық жасайды”+,— деп ашық айтты. 22 Шәкірттері оның кім туралы айтып тұрғанын білмей, абдырап бір-біріне қарасты+. 23 Жақсы көретін шәкірті+ Исаның қасында жантайып жатқан еді. 24 Шимон Петір оған ымдап белгі беріп: “Кім туралы айтып жатыр?”— деді. 25 Әлгі шәкірт басын Исаның төсіне тақап: “Ием, ол кім?”— деп сұрады+. 26 Иса: “Бірүзім нанды табаққа батырып, кімге берсем, ол — сол адам”+,— деді де, нанды табаққа батырып, Шимон Исқариоттың ұлы Яһудаға берді. 27 Ол нанды алған соң, бойына Шайтан кірді+. Сонда Иса оған: “Істеп жатқаныңды тезірек істе”,— деді. 28 Ал дастарқан басында жантайғандардың ешқайсысы Исаның оған неге бұлай дегенін түсінген жоқ. 29 Ортақ қаржыны салатын жәшікті Яһуда алып жүретіндіктен+, кейбірі Иса оған мейрамға керектілерді сатып алуды не кедейлерге бірдеңе беруді тапсырған болар деп ойлады. 30 Ал Яһуда нанды алғаннан кейін, бірден шығып кетті. Бұл кез түн еді+.
31 Ол кеткен соң, Иса мынаны айтты: “Енді Адам Ұлы даңқталады+, сол арқылы Құдай да даңқталады. 32 Оны Құдайдың өзі даңқтайды+, әрі ол мұны бірден істейді. 33 Балаларым, енді қастарыңда ұзақ болмаймын. Сендер мені іздейсіңдер. Бірақ “мен баратын жерге бара алмайсыңдар”+ деп яһудилерге айтқанымды қазір сендерге де айтамын. 34 Сендерге жаңа өсиет беріп отырмын: бір-біріңді сүйіңдер. Мен сендерді қалай сүйсем+, сендер де бір-біріңді солай сүйіңдер+. 35 Менің шәкірттерім екендеріңді жұрттың бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады+”.
36 Шимон Петір: “Ием, қайда барасыз?”— деп сұрағанда, Иса: “Мен баратын жерге қазір еріп бара алмайсың, бірақ кейінірек соңымнан келесің”+,— деп жауап берді. 37 Петір оған: “Ием, неге қазір сізге ере алмаймын? Сіз үшін жанымды беруге дайынмын”,— деді+. 38 Иса: “Сіз үшін жанымды беруге дайынмын дейсің бе? Саған нағыз шындықты айтамын, әтеш шақырғанша, сен менен үш рет танасың”,— деп жауап берді+.