Езекиел
18 Ехоба тағы да маған сөзін арнап былай деді: 2 “Исраил елінде айтылып жүрген “Қышқыл жүзім жеген — әкелері, ал тістері қамалған — балалары” деген не қылған мәтел+?
3 Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Өз атыммен ант етемін*, бұл мәтел Исраил елінде енді қайтып ауызға алынбайтын болады. 4 Біліп қойыңдар, тірі жанның бәрі — әкесі не баласы болсын — иә, әрбір жан менікі! Ал күнә жасаған жан өледі.
5 Бір әділ адам әділетті де дұрыс әрекет етеді делік: 6 ол төбелерде жалған тәңірлерге арналған құрбандықтардан жемейді+, Исраил үйінің жеркенішті пұттарына арқа сүйемейді, өзгенің әйелімен де+, етеккірі келіп жүрген әйелмен де жақындаспайды+; 7 ешкімнің ала жібін аттамайды+, берген қарызы үшін алған кепілін қайтарып береді+, ұрлық жасамайды+, аш-жалаңаш жүргендерге тамақ+ пен киім береді+; 8 берген қарызы үшін өсім де, үстеме де алмайды+, әділетсіздіктен аулақ жүреді+, дауласқандарға әділ төрелік айтады+; 9 адал жүріп-тұру үшін менің жарлықтарым мен шешімдерімді ұстанады. Әділ жан осындай болады. Ол міндетті түрде өмір сүреді+. Мұны айтып отырған — Әлемнің Әміршісі Ехоба.
10 Бірақ оның ұрлықшы+ не кісі өлтіруші+ не мына нәрселердің бәрін істейтін баласы бар делік: 11 (әкесі бұлардың ешқайсысын істемесе де) ол төбелерде жалған тәңірлерге арналған құрбандықтардан жейді, өзгенің әйелімен жақындасады, 12 мүсәпір мен жарлы-жақыбайға қысым жасайды+, жұртты тонайды, алған кепілін қайтармайды, жеркенішті пұттарға арқа сүйеп+, басқа да жексұрын істер жасайды+, 13 берген қарызы үшін өсім мен үстеме алады+. Мұндай адам аман қалмайды. Жасаған барлық жеркенішті істері үшін ол міндетті түрде өледі, әрі қаны өз мойнында болады.
14 Тағы бір жағдайды алайық, әкесінің жасап жүрген күнәларын көрсе де, өзі ондайға бармайтын біреу бар делік. 15 Ол төбелерде жалған тәңірлерге арналған құрбандықтардан жемейді, Исраил үйінің жеркенішті пұттарына арқа сүйемейді, өзгенің әйелімен жақындаспайды; 16 ешкімнің ала жібін аттамайды, берген қарызы үшін алған кепілін қайтарады, ешкімді тонамайды, аш-жалаңаш жүргендерге тамағы мен киімін береді; 17 жарлы-жақыбайға қысым жасамайды, қарызды өсім мен үстеме алу үшін бермейді, қайта, менің шешімдерім мен жарлықтарымды ұстанады. Мұндай адам әкесі жасаған күнәнің кесірінен өлмейді. Ол міндетті түрде өмір сүреді. 18 Ал оның әкесі алаяқтық жасап, бауырын тонап, өз халқының арасында бұрыс қылық жасады, сондықтан өз күнәсі үшін өледі.
19 Сендер: —Неге әкесінің күнәсі үшін ұлы айыпталмайды?— деп сұрарсыңдар. Ұлы заңды да әділ әрекет етіп, менің барлық жарлықтарымды ұстанып жүргені үшін, міндетті түрде өмір сүреді+. 20 Күнә жасаған жан бұнысы үшін өзі өледі+. Баласы әкесінің, ал әкесі баласының күнәсі үшін айыпталмайды. Әділ адамға әділдігінің, ал зұлым адамға зұлымдығының қарымтасы беріледі+.
21 Бірақ егер зұлым адам жасап жүрген күнәларын тастап, менің жарлықтарымды орындаса әрі заңды да әділ әрекет ететін болса, міндетті түрде өмір сүреді. Ол өлмейді+. 22 Бұрын жасаған күнәларының ешқайсысы ескерілмейді+. Ол жасап жүрген әділ істері үшін өмір сүреді+.
23 Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Мені зұлым адамның өліміне қуанады дейсіңдер ме+? Жоқ, қайта, теріс жолынан қайтып, өмір сүрсе, соған қуанамын+.
24 Ал егер әділ адам әділдігінен тайып, зұлымдар жасайтын жеркенішті істерді қайталап, бұрыс қылық жасаса ше? Ол өмір сүре ме? Оның әділ істерінің ешқайсысы еске алынбайды+. Опасыздығы мен жасаған күнәсі үшін ол өледі+.
25 Сендер: —Ехобаның бұлай еткені әділдікке жатпайды,— дерсіңдер+. Ей, Исраил үйі, сөзіме құлақ салыңдаршы, менің емес+, сендердің істерің әділдікке жатпайды+!
26 Әділ адам әділдігінен тайып, жасаған бұрыс қылығы үшін өлсе, ол өз әділетсіздігі үшін өледі.
27 Зұлым адам жасап жүрген зұлымдығын қойып, әділ де дұрыс әрекет ете бастаса, өз жанын сақтап қалады+. 28 Ол заңсыздықтарының бәрін мойындап, солай етуін қойса, міндетті түрде өмір сүреді. Ол өлмейді.
29 Исраил үйі: —Ехобаның бұлай еткені әділдікке жатпайды,— дейді. Ей, Исраил үйі, менің емес, сендердің істерің әділдікке жатпайды+!
30 Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Ей, Исраил үйі, мен әрқайсысыңа ісіңе қарай үкім шығарамын+. Маған бет бұрыңдар, иә, барлық заңсыздықтарыңнан арылып, маған бет бұрыңдар. Заңсыздықтарың сүріндіретін тас болып, сендерді айыпты етпесін. 31 Жасаған заңсыздықтарыңның бәрінен арылып+, жаңа жүрек пен жаңа рухқа ие болыңдар+. Ей, Исраил үйі, өздеріңді өлімге душар етіп қайтесіңдер+?
32 Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Мен ешкімнің де өліміне қуанбаймын+. Сондықтан маған бет бұрыңдар да, өмір сүріңдер+”.