Езекиел
17 Ехоба тағы да маған сөзін арнап былай деді: 2 “Адам ұлы, Исраил үйіне жұмбақтап мысал айтып бер+. 3 Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Қанаттары мықты, ұшындағы шалғысы ұзын, қауырсындары қалың бір үлкен ала бүркіт+ Ливанға ұшып келіпті+. Ол бір қарағайдың басын бүріп+, 4 ең биік өскен бұтақшасын сындырып алыпты да, саудагерлердің еліне* апарып, солардың қаласына отырғызыпты+. 5 Бұдан кейін сол елден тұқым алып+, құнарлы топыраққа егіп тастапты. Оны мәжнүн талдың тұқымы сияқты етіп, су жағасына егіпті. 6 Содан ол өскін беріп, жайқалған аласа жүзімге айналыпты+. Оның жапырақтары өзіне қарай иіліп, ал тамырлары астына қарай жайылыпты. Осылай ол өскіндерін жіберіп, бұтақтарын жайған жүзімге айналыпты+.
7 Алайда қанаттары мықты, ұшындағы шалғысы ұзын+ тағы бір үлкен бүркіт бар еді+. Әлгі жүзім сол бүркітке аңсары ауып, өзі отырғызылған бақтан тамырларын бұрып, соған қарай созыпты. Суарсын деп, жапырақтарын да соған қарай бұрыпты+. 8 Ол бұтақтарын жайып, жеміс берсін, керемет жүзім болып өссін деп, онсыз да суы мол жақсы жерге отырғызылған еді+.
9 Әлемнің Әміршісі Ехоба тағы былай дейді: —Бұл жүзім жайқалып өсуші ме еді?! Оны біреу жемістері шіріп, бұтақтары қурап қалсын деп+, тамырымен жұлып тастамай ма+? Оның қурап қалатыны сонша — тамырымен жұлып алу үшін қуатты қолдың да, көп кісінің де қажеті болмайды. 10 Басқа жерге қайтып отырғызған күннің өзінде, ол жайқалып өсуші ме еді?! Шығыстан жел тұрғанда, толығымен қурап қалмай ма? Отырғызылған бақтың өзінде-ақ ол семіп қалады”.
11 Ехоба тағы да маған сөзін арнап: 12 “Мына бүлікшіл халықтан “Осы мысалдың мәнін түсінбейсіңдер ме?” деп сұрашы”,— деді. Бұдан кейін мынаны айт деп тапсырды: “Бабыл патшасы Иерусалимге келіп, оның патшасы мен бекзадаларын өз елі Бабылға айдап әкетті+. 13 Сондай-ақ патша тұқымынан шыққандардың бірін таңдап+, онымен келісім жасасып, ант бергізді+. Сосын елдің беделді кісілерін өзімен алып кетті+. 14 Ол мұны патшалық бас көтере алмайтындай болып әлсіресін, өзімен жасасқан келісімді ұстану арқылы ғана жанын бақсын деп істеді+. 15 Алайда таңдалған патша бүлік шығарып+, жылқы+ мен қалың қол+ сұрату үшін Мысырға елшілерін жіберді. Оның бұл ісі табысты бола ма? Бұлай еткен адам жазалаусыз қала ма? Келісімді бұзған адам аман қалушы ма еді+?!
16 Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Өзімнің тірі екенімдей хақ сөзім — өзін билеуші етіп қойған патшаның* антын аяқасты етіп, онымен жасасқан келісімін бұзған кісі* сол патшаның елінде, Бабылда өледі+. 17 Жау көп адамды қыру үшін қалаға қарсы үйінді жасап, оны дуалмен қоршағанда, перғауынның жер қайыстырған қолы мен қалың жасағы еш көмектеспейді+. 18 Ол келісімді бұзып, берген антын аяқасты етті. Қол алысып уәде бере тұра, сөзінен тайып, осының бәрін істегені үшін, жазадан қашып құтылмайды.
19 Сондықтан Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Өзімнің тірі екенімдей хақ сөзім — менің антымды аяқасты етіп, келісімімді бұзғаны үшін, оған осы істегенінің зардабын тартқызамын+. 20 Үстіне торымды тастап жіберіп, ұстап аламын+. Опасыздықпен маған қарсы әрекет еткені үшін Бабылға апарып, онымен сол жерде соттасамын+. 21 Оның тым-тырақай қашқан жасақтары семсерден өледі, ал аман қалғандары шартарапқа бытырап кетеді+. Сонда сендер мұны айтқан Ехобаның өзі екенін білетін боласыңдар+.
22 Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Мен бір биік қарағайдың бұтағын сындырып алып+, егіп қоямын. Иә, оның ең жоғарғы бұтағының жас өскінін алып+, биік, асқар таудың басына отырғызамын+. 23 Исраилдің биік тауының басына өзім отырғызған осы өскін бұтақтарын жайып, жеміс беріп, керемет қарағайға айналады. Оны әртүрлі құстар келіп паналап, жапырақтарының астынан сая табатын болады. 24 Сонда дала ағаштарының бәрі менің, яғни Ехобаның, биік ағашты құлатып, аласа ағашты биіктететінімді+, жасыл ағашты қуратып, қураған ағашты көгертетінімді білетін болады+. Мұны айтып отырған әрі міндетті түрде жүзеге асыратын — Ехоба”.