Бейбіт жаңа дүние. Ол келе ме?
Осы трактатта бейнеленген суретке қарағанда, бойыңызды қандай сезім билейді? Осында бейнеленген бейбіт те бақытты өмірді, айналаның осылайша гүлденгенін аңсайсыз ба? Аңсайтындығыңызда күмән жоқ. Бірақ бір кезде жер бетінде осындай жағдайлар орнайтындығына сенуге бола ма, жоқ, бұл жай ғана арман не қиял ма?
Адамдардың көбісі, сірә, солай деп ойлар. Өйткені бүгінгі күнгі шындық, егер шамалысын ғана ескере кетсек, соғыс, қылмыс, ашаршылық, ауру мен кәрілік. Алайда үміттенуге негіз бар. Киелі кітапта Құдайдың: “Мен жаңа аспан мен жаңа жерді жаратпақпын. Бұрынғылар енді еске алынбай, ойға да келмейтін болады”,— деген уәдесі жазылған (Ишая 65:17).
Киелі жазбаларға сәйкес, “жаңа аспан” және “жаңа жер” — физикалық жаңа аспан немесе кәдімгі жаңа жер емес. Физикалық жер мен аспан кемелді етіп жаратылған, әрі Жазбаларда олардың мәңгі тұратыны көрсетіледі (Забур 88:37, 38; 103:5). “Жаңа жер” — жер бетінде өмір сүретін әділ адамзат қоғамы, ал “жаңа аспан” — жердегі сол қоғамға билік ететін көктегі кемелді патшалық, немесе үкімет. Бірақ “жаңа жер”, яғни ғажап жаңа дүние, келеді деп сену ойға қонымды ма?
Осындай керемет жағдайлар Құдайдың жерге қатысты о бастағы ниетіне кірген. Ол алғашқы адам жұбын Едем деген жерде орналасқан Жұмаққа қоныстандырып, ғажап тапсырма берді: ‘Өсіп-өніп, көбейіңдер! Ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар! Оны өздеріңе бағындырыңдар’ (Жаратылыс 1:28). Иә, Құдайдың ниетіне сай, олар балалы болып, уақыт өте келе бүкіл жер бетін Жұмаққа айналдырулары керек еді. Бірақ олар Құдайды тыңдамауды ұйғарып, мұнысымен мәңгі өмірге лайық емес екендерін дәлелдеді. Сөйтсе де Құдайдың алғашқы ниеті өзгерген жоқ. Оның еркі жаңа дүниеде міндетті түрде орындалады! (Ишая 55:11)
Мәсіх, оның келетіні Жазбаларда уәде етілген, Құдай тағайындаған патша ретінде осы жаңа дүниеге билік етеді (Забур 2:2, 6—9; Даниял 7:13, 14). Ол жер бетіндегі бүкіл зұлымдықты құртады, сонда: “Әділдер жерді мұра етіп, онда мәңгі-бақи өмір сүреді”,— деген сөздер орындалады (Забур 37:29, ЖД; [36:29]).
Құдайдың жаңа дүниесіндегі өмір
Мәсіх билік еткенде, Құдайдың жер бетіндегі халқына қатысты о баста ниет еткен барлық игіліктері жүзеге асып, керемет заман орнайды. Жеккөрушілік пен алалау деген болмайды, жер бетіндегі барлық адам өзара шынайы дос болады. Жазбаларда Құдайдың ‘дүниедегі соғыстарды тоқтататынына’ қатысты уәдесі жазылған. “Халықтар енді қайтып ешқашан да Бір-біріне қарсы қару көтермейді, Олар соғысуды тіптен үйренбейді” (Забур 45:10; Ишая 2:4).
Бірте-бірте бүкіл жер беті бақ іспетті ғажап жұмаққа айналады. Жазбаларда былай делінген: “Шөлді аймақ пен шөліркеген даланы қуанышты көңіл-күй кернейді, сөйтіп елсіз жатқан мекен дала нарцисс гүлі сияқты құлпырып шыға келеді... шөлді аймаққа су келеді, және даланы су тасқыны басады. Сөйтіп, су елесі көлге, әрі шөліркеген жер — су бастауларына айналады” (Ишая 35:1, 6, 7).
Жұмақ орнаған жерде бақытты болуға барлық негіз болады. Адамдар ешқашан азық-түлік жетіспегендіктен ашықпайды. Киелі кітапта: ‘Жерде астықтың молшылығы болады’,— делінген (Забур 66:7; 71:16). Бәрі өз еңбегінің жемісін көреді, өйткені Жаратушымыз: ‘Халқым жүзімдік отырғызса, соның жемісін өзі жейтін болады. Жүзімдіктерінің жемісін жаулары жемейді’,— деп уәде етеді (Ишая 65:21, 22).
Құдайдың жаңа дүниесінде ешкім көп қабатты үйлерде немесе қараңғы, лас түкпірлерде тығылысып өмір сүрмейді, өйткені Құдай былай дейді: ‘Халқым үй салса, сонда өзі тұратын болады. Енді қайтып олардың үйлерінде бөтен кісілер тұрмайды’. Сондай-ақ Жазбаларда: “Олар бекерге еңбек етпейді”,— деп уәде етілген (Ишая 65:21—23).
Уақыт өте келе Құдай Патшалығы Едем бағында болған жануарлар арасындағы және жануарлар мен адам арасындағы бейбіт қарым-қатынасты да қалпына келтіреді. Жазбаларда: “Сол заманда қасқыр қозымен тату-тәтті тұрып, қабылан лақпен бірге тынығады. Бұзау, қарулы жас арыстан және бордақы өгіз де қатарласып бірге жататын болады. Бәрін бір жас бала айдап, баға алады”,— делінген (Ишая 11:6—9; Ошия 2:18).
Ойлап көріңізші, Жұмақ орнаған жерде адамдар бүкіл ауру-сырқау атаулыдан айығады! Құдай Сөзі: ‘Бірде бір тұрғын “мен науқас едім” деп айтушы болмайды’,— деп сендіреді (Ишая 33:24, Тт). Сондай-ақ онда: “Өлім ғұмыр бақи құрдымға кетіп жоғалады”,— делінген (Ишая 25:8, Тт).
Сіздің не істеуіңізге болады?
Мұның керемет үміт екендігінде сөз жоқ, бірақ бұны тым асыра сілтеп айтылған деуге болмайды, өйткені Құдай әрқашан уәдесін орындайды (Ишая 46:9, 10). Әрине, жердегі Жұмақта мәңгі өмір сүру үшін белгілі бір талаптарға сай келу керек. Ол қандай талаптар?
Бұл талаптарды көпшілікке “Көне өсиет” деген атаумен танымал “Танахтан” табуға болады және оларға Мәсіх жайлы егжей-тегжейлі мәлімет келтірілген кейінірек жазылған Мәсіхшілердің грек жазбаларында да ерекше көңіл аударылған. Көп адамға “Жаңа өсиет” деген атаумен белгілі осы жазбалар да “Танах” сияқты рухтың жетелеуімен жазылған. Жазбалардың осы екі жинағы бірігіп Киелі Жазбаларды, немесе Киелі кітапты, құрайды. Осы Киелі кітапта Құдайдың келесі уәдесі жазылған: “Ол барлық көздің жастарын сүртіп тастап жұбатады. Енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Себебі бұрынғы әлем құрып, жоқ болды” (Аян 21:4; Ошия 13:14 де қараңыз).
Осы трактатты Ехоба Куәгерлері басып шығарған. Олар мәсіхшілер әлеміне де, иудаизмді ұстанушыларға да жатпайды. Олар Құдайдың еркі жайындағы тура білімді тек Киелі жазбалардан алуға болады деп сенеді. Ехоба Куәгерлері өзгелер де жаңа дүниеде мәңгі және бейбіт өмір сүруге мүмкіндік алу үшін, шынайы Құдай Ехобаны танып-біле алуларына көмектесіп, дүниенің түкпір-түкпірінде талмай еңбек етуде (Миха 4:1—4).
Егер басқаша көрсетілмесе, тармақтардың үзінділері қазақ тіліндегі “Киелі кітаптан”, ал Тт деп көрсетілсе, “Таураттан” алынған, ЖД деп көрсетілсе, ағылшын тіліндегі “Жаңа дүние аудармасынан” аударылған.