ЕКІНШІ ТАРАУ
Некенің сәтті болуы үшін жасалатын дайындық
1, 2. а) Алдын ала ойластырғанның маңызы зор екенін Иса қалай көрсетті? ә) Алдын ала ойластырғанның маңызы зор екені бұл жерде неге қатысты айтылып отыр?
ҮЙ СОҒУ үшін керек-жарақтың барлығын даярлап алу керек. Іргетасын қаламас бұрын, үй соғатын жерді табу керек және үйдің үлгісін жасау керек. Бірақ бұдан басқа маңызды тағы бір нәрсе бар. Иса былай деген еді: “Сендердің біреуің бір мұнара салғысы келеді дейік. Сонда ол құрылысты аяқтауға қаражатының жетер-жетпесін білу үшін отыра қалып, алдымен кететін шығынды есептеп алады” (Лұқа 14:28).
2 Некенің сәтті болуы үшін жасалатын дайындық үй соғар алдындағы дайындыққа ұқсайды. Көпшілігі: “Менің үйленгім келеді”,— дейді. Алайда оның оңай нәрсе емес екенін бәрі бірдей ойлай ма? Киелі кітап некенің жақсы жақтарын ғана жазып қоймайды, сонымен қатар оның ауыртпалығы да бар екенін айтады (Нақыл сөздер 18:22; 1 Қорынттықтарға 7:28). Сондықтан үйленгісі келген адам ерлі-зайыпты болып өмір сүргеннің тамаша жақтарын да, ауыртпалықтарын да көре білуі керек.
3. Үйленгісі келгендер үшін Киелі кітаптың үлкен көмек болуының себебі неде және одан қандай үш сұраққа жауап табуға болады?
3 Бізге Киелі кітап көмек бола алады. Ондағы кеңестер отбасының негізін қалаған Иеһова Құдайдың рухының жетелеуімен жазылған (Ефестіктерге 3:14, 15; 2 Тімотеге 3:16). Енді осы кітаптың ішіндегі өте ерте заманда жазылғанына қарамастан бізге қазір дұрыс бағыт бере алатын принциптердің көмегімен келесі сұрақтардың жауабын табайықшы: 1) некеге тұруға өзінің дайын не дайын емес екенін қалай білуге болады? 2) болашақ жардың бойында қандай қасиеттердің болғанына көңіл аудару керек? 3) сөйлесіп жүрген кезде қарым-қатынас тазалығын қалай сақтауға болады?
НЕКЕГЕ ТҰРУҒА ДАЙЫНСЫҢ БА?
4. Отбасы бақытының баянды болуы үшін нендей нәрсенің маңызы зор және олай болуының себебі неде?
4 Әдетте үй соққан кезде қаражат көп кетеді, ал ұзақ уақыт бойы тоздырмай оның күтімін жасауға одан да көп ақша керек. Отбасындағы өмір туралы да дәл осыны айтуға болады. Үйленудің өзі де оңай нәрсе емес болып көрінуі мүмкін, бірақ бір-бірімен қарым-қатынасын сақтау үшін ерлі-зайыптылардың тынбай еңбектенуі керек екенін де ескеру керек. Бұны қалай түсінуге болады? Бұл — бір-біріне адал болуға берілген уәдені орындау керек деген сөз. Ерлі-зайыптылардың жұбын Киелі кітапта былай суреттейді: “Еркек әке-шешесін тастап, әйеліне қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады” (Жаратылыс 2:24). Иса Мәсіх Киелі кітап бойынша бір ғана жағдайда ажырасуға және қайтадан үйленуге болатынын айтқан болатын, ол — “неке адалсыздығы”, немесе некеден тыс жыныстық қатынастар (Матай 19:9). Үйленгісі келген әрбір адам Киелі кітапта айтылған осы нәрсені ұмытпауы керек. Егер жұбайыңа адал болуға уәде бере алмайтын болсаң, некеге тұруға дайын болмағаның (Заңды қайталау 23:21; Екклесиаст 5:3, 4).
5. Жұбайына адал болуға берілген уәдені орындау туралы ойдан көпшілігі қорыққанымен, некеге тұрғалы жатқандар бұны неге жоғары бағалауы керек?
5 Көпшілігі мұндай уәдені орындау керектігі туралы ойлағаннан шошиды. Бір жас жігіт былай деп мойындады: “Енді өмір бойы әйеліммен бірге болатынымды түсінген кезде, мен өзімді байлаулы баспақ сияқты сезіндім”. Дегенмен егер сен өзіңнің болашақ жарыңды шынымен сүйетін болсаң, бұл саған қиын болмайды. Керісінше, сен үшін ол қорғаныш болып көрінеді. Өз жауапкершілігін сезінетін ерлі-зайыптылар барлық жағдайда бір-бірінің жанына жалау болып, өмірдің ыстығы мен суығын бірге көруге дайын болады. Елші Пауыл нағыз сүйіспеншіліктің ‘әрдайым қорған болатындығы’ мен ‘бәріне де шыдайтындығы’ жөнінде жазған болатын (1 Қорынттықтарға 13:4, 7). Бір әйел былай деді: “Бір-бірімізге адал болуға берген уәденің арқасында менде ешқандай қорқыныш сезімі жоқ. Өмір бойы бірге болуға көпшіліктің алдында уәде бергеннен кейін пайда болған жан тыныштығы мен үшін сондай ыстық” (Екклесиаст 4:9—12).
6. Біраз уақыт үйленбей қоя тұрғанның қандай пайдасы бар?
6 Ақыл тоқтатқан адам өзінің берген осындай уәдесін орындай алады. Сондықтан Пауыл мәсіхшілерге “албырт шақтан” өткенге дейін үйленбей қоя тұрған дұрыс екенін айтып отыр, яғни жыныстық ләззатты ғана ойлап, ақ пен қараны ажырата алмайтын шақтан өткенге дейін (1 Қорынттықтарға 7:36, ЖД). Адам есейе келе тез өзгереді. Жастай үйленгендердің көпшілігі жұбайы мен екеуінің қалау-мұқтаждықтары өзгеріп кеткенін бірнеше жылдан кейін-ақ байқап жатады. Санақ көрсеткіштері біраз уақыт кідіре тұрғандарға қарағанда жастай үйленгендердің жиі өздерін бақытсыз сезініп, ажырасатынын анықтап отыр. Сондықтан үйленуге асықпа. Бірнеше жыл жүре тұру арқылы сен ақыл тоқтатасың, әрі жақсы жар болу үшін біраз тәжірибе жинайсың. Егер үйленуге асықпай қоя тұратын болсаң, өзіңді жақсырақ тануыңа мүмкіншілік бар. Келешекте отбасындағы қарым-қатынастың жақсы болуы үшін бұл өте қажет.
АЛДЫМЕН ӨЗІҢДІ ТАНЫ
7. Үйленгісі келген адам неге алдымен өзін тануы керек?
7 Сен үшін жұбайыңның бойынан көргің келетін қасиеттерді тізіп айтып шығу оңай ма? Көпшілігі үшін бұл қиын шаруа емес. Ал сенің бойыңдағы қасиеттер туралы не айтуға болады? Отбасының бақытты болуына сенің қандай қасиеттерің көмек болған болар еді? Сен қандай күйеу немесе әйел боласың? Мысалы, сен өзіңнің кінәңды мойындап, берілген кеңесті қиналмай қабылдай аласың ба, жоқ әлде барлық уақытта ақталып шыға келесің бе? Әдетте сен қандайсың: үнемі күліп-ойнап, жадырап жүресің бе, әлде қабағы ашылмайтын, өмірі ештеңеге көңілі толмайтын адамсың ба? (Нақыл сөздер 8:33; 15:15). Есіңде болсын, некеге тұрғаннан кейін адам өзінен-өзі өзгеріп кетпейді. Егер сен көкірек, не болса соны көңіліңе ала беретін немесе еш нәрсені жақсы жағынан көре алмайтын болсаң, үйленген соң сен басқа болып кетпейсің. Қандай екенімізді бізге біреу айтпаса, өзіміздің білуіміз қиын. Ондай болса, неге ата-анамыздан не жақын досымыздан кемшіліктерімізді көрсетіп, ақыл-кеңес беруін сұрамасқа? Біліп алғаннан кейін, үйленуге бел байламай тұрып, жөнделуге кіріс.
8—10. Киелі кітапта некеге тұруға дайындалуға көмек болатын қандай кеңестер бар?
8 Киелі кітап бізді бойымызда “сүйіспеншілік, қуаныш, тыныштық, шыдамдылық, қайырымдылық, кең пейілділік, сенімділік, мейірбандық, ұстамдылық” қасиеттерін қалыптастыратын Құдайдың киелі рухының әсер етуіне мүмкіншілік беруге шақырады. Сондай-ақ Жазба “рухтарың мен ақыл-ойларың түгелдей жаңарсын, осылай Құдайға рухани жағынан ұқсас жаратылған жаңа, шынымен әділетті де қасиетті адам болып өмір сүріңдер!” — дейді (Ғалаттықтарға 5:22, 23; Ефестіктерге 4:23, 24). Үйленбей тұрып осы кеңестерді өмірде қолдансаң, сен тура банкке ақша салған адам сияқты боласың. Өйткені пайдасын кейін, үйленген кезде көресің.
9 Мысалы, әйел баласы өзінің сыртқы келбетінен гөрі “жүрегінің асыл қазынасы” қандай екеніне көбірек көңіл бөлуі керек (1 Петір 3:3, 4). Қарапайымдылық пен парасаттылық ақылды болуға көмектесіп, әйел баласы үшін “керемет тәж” бола алады (Нақыл сөздер 4:9; 31:10, 30; 1 Тімоте 2:9, 10) Ер жігіт әйел баласына жұмсақ болуды және оны сыйлауды үйренуі керек (1 Тімоте 5:1, 2). Шешім қабылдау мен жауапкершілікті өз мойнына алуды үйренумен қатар, ол қарапайымдылық пен кіші пейілділікке де үйренуі керек. Билеп-төстеушілік отбасын небір қиыншылықтарға әкеп соқтырады (Нақыл сөздер 29:23; Мика 6:8; Ефестіктерге 5:28, 29).
10 Қалыптасып қалған көзқарасты өзгерту оңай болмағанымен, мәсіхшілердің барлығы өзімен жұмыс істеуі керек. Бұл сенің жақсы өмірлік жар болуыңа көмектеседі.
ӨМІРЛІК ЖАР ТАҢДАҒАН КЕЗДЕ КӨҢІЛ АУДАРУ КЕРЕК НӘРСЕ
11, 12. Бір-біріне сәйкес келетін-келмейтінін екі адамның қалай білуіне болады?
11 Сен тұратын жерде өмірлік жарды әдетте әр адам өзі таңдай ма? Егер олай болса, біреуді ұнатып қалған жағдайда сен не істеуің керек? Ең алдымен өзіңнен: “Осы менің шынымен үйленгім келе ме?” — деп сұра. Өйткені біреудің сезімін оятып, бостан-босқа әурелеген қатыгездікке жатады (Нақыл сөздер 13:12). Содан соң өзіңнен: “Мен осы үйлене аламын ба өзі?” — деп сұра. Егер осы екі сұраққа қанағаттанарлық жауап бере алсаң, сенің бұдан кейінгі іс-әрекетің жергілікті жердің салт-дәстүрлеріне байланысты болады. Кейбір елдерде, біраз байқап көргеннен кейін, ұнатқан адамыңа жақынырақ танысуға ұсыныс жасауға болады. Егер ол адам ұсынысыңды қабыл алмаса, артынан қалмай қойма. Оның да бұл мәселеге байланысты өз бетінше шешім қабылдауға құқығы бар екенін есіңнен шығарма. Ал егер ойыңдағы адам қарсы болмаса, пайдалы нәрсемен айналысып, бірге уақыт өткізудің қамын жасауыңа болады. Осылайша сен сол адаммен некеге тұрған дұрыс па, жоқ па — сол жайлы біле аласыңa. Осы кезде не нәрсеге көңіл аударған дұрыс?
12 Бұл сұраққа жауап беру үшін, көз алдыңа екі музыкалық аспапты, мысалы пианино мен гитараны, елестетші. Күйге келтіріліп қойған жағдайда, олардың екеуімен де жеке-жеке керемет әуен орындауға болады. Ал екі аспапта қатар ойнағанда не болады? Енді екі аспаптың әуені үндесу керек. Үйленгелі жатқан екеуің жайлы да дәл осыны айтуға болады. Бойларыңдағы қасиеттеріңді “күйге келтіру” үшін екеуің де жеке-жеке біраз күш жұмсаған шығарсыңдар. Бірақ сендердің бірге шығарған “әуендерің” үндесе ме? Басты мәселе сонда болып отыр. Басқаша айтқанда, сендер бір-біріңе сәйкес келесіңдер ме?
13. Құдай туралы пікірі басқа адамның көңілін табуға тырысу неге мүлдем ақылдылыққа жатпайды?
13 Өмірге деген көзқарастарыңның бір болып, принциптердің екеуің үшін ортақ болғаны өте маңызды. “Сенбейтіндермен бірге бір қамытты кимеңдер!” — деп айтқан болатын елші Пауыл (2 Қорынттықтарға 6:14; 1 Қорынттықтарға 7:39). Құдай туралы пікірі басқа адаммен бас қосатын болсаң, үлкен түсініспеушіліктің болуы әбден мүмкін. Керісінше, ауызбіршіліктеріңнің жақсы болуына күшті арқау болатын нәрсе — екеуіңнің де Иеһоваға шын берілгендіктерің. Иеһова сендердің бақытты болғандарыңды әрі тіккен отауларыңның мүмкіндігінше берік болғанын қалайды. Сондай-ақ Құдай өзімен және бір-біріңмен “үш қабаттап” ширатылған сүйіспеншілікпен біріккендеріңді қалайды (Екклесиаст 4:12).
14, 15. Некедегі ауызбіршілікке сенімнің бір болуы ғана әсер ете ме? Түсіндір.
14 Ауызбіршілік үшін ең қажет нәрсе — Құдайға бірге мінажат ету. Бірақ бұл ауызбіршілікті құрайтын нәрселердің бірі ғана. Өзара түсінісу үшін, алға қойған мақсаттарың да бірдей болу керек. Қандай мақсаттарың бар? Мысалы, екеуіңнің балалы болуға көзқарастарың қандай? Сендер үшін өмірде бірінші орында не тұр?b (Матай 6:33). Некеде шынымен бақытты ерлі-зайыптылар бір-бірінің жанында болғанды ұнатады және олар бір-бірімен нағыз достық қарым-қатынаста (Нақыл сөздер 17:17). Бұл үшін олардың ортақ нәрселері болуы керек. Онсыз, некеге тұрмақ түгіл, нағыз достық қарым-қатынаста болудың өзі қиын. Сонда бұл егер сенің қалаған адамың белгілі бір іспен шұғылданғанды, мысалы жаяу жүріп қыдыруды, ұнататын болып, ал саған ол нәрсе ұнамайтын болса, үйленуге болмайды деген сөз бе? Жоқ, бұлай болуы міндетті түрде емес. Екеуіңнің көзқарастарың бұдан гөрі маңыздырақ нәрселерге келгенде сәйкес болуы мүмкін. Оның үстіне болашақ жұбайыңды оның белгілі бір ұнататын ісімен айналысу арқылы қуантуыңа болады (Елшілердің істері 20:35).
15 Көбінесе үйлесімділіктің сендердің ұқсастықтарыңа қарай емес, бір-біріңе қаншалықты дәрежеде бейімделе білетіндеріңе қарай анықталары сөзсіз. “Екеуміздің ойымыз барлық уақытта бір жерден шығып жата ма?” деп сұрамай, “ойымыз бір жерден шықпай қалғанда не болады? Бір-бірімізге деген сыйластықты және өзіміздің абыройымызды жоғалтпай, мәселенің басын ұстамдылықпен аша аламыз ба, әлде аяғы ұрыс-жанжалға айналып кете ме?” деп сұраған дұрыс болар еді (Ефестіктерге 4:29, 31). Егер некеге тұрғың келсе, көкірек, бірбет, айтқанынан қайтпайтын, немесе барлық уақытта өзінің дегенін іске асырғысы келетін адамнан аулақ бол.
ЕРТЕ БАСТАН БІЛІП АЛ
16, 17. Өмірлік жарды таңдаған кезде, әйел баласы мен ер адамның нендей нәрселерге көңіл бөлуіне болады?
16 Мәсіхшілер қауымындағы жауапкершілік жүктелетін адамдар “алдымен сыналуы” керек (1 Тімотеге 3:10). Осы принципке сенің де сүйенуіңе болады. Мысалы, әйел адамның мынадай сұрақтарды қойып көруіне болады: “Айналадағылардың ол туралы ойы қандай? Жақын араласатын адамдары кімдер? Ұстамды ма? Үлкен кісілерді сыйлай біле ме? Қандай отбасынан шыққан? Үй-ішімен қарым-қатынасы қандай? Ақшаға көзқарасы қандай? Ішімдікке әуестігі жоқ па? Ашушаң ба, жоқ әлде тіпті мейірімсіз адам ба? Қауым жиналысындағы міндеті қандай және оны қалай орындап жүр? Мен оны құрметтей аламын ба?” (Леуі 19:32; Нақыл сөздер 22:29; 31:23; Ефестіктерге 5:3—5, 33; 1 Тімотеге 5:8; 6:10; Титке 2:6, 7).
17 Ер адамның мынадай сұрақтарды қойып көруіне болады: “Ол әйел Құдайға сүйіспеншілік пен сый-құрмет көрсетіп жүр ме? Үй шаруасына ебі бар ма? Туған-туысқандары бізден нені күтеді? Ақылды және еңбекқор ма? Ысырапшыл емес пе? Оның көбінесе айтатыны не? Ол өзін ғана ойлай ма, жоқ шын жүректен өзгенің де игілігінің қамын жей біле ме? Өзіне қатысы жоқ жұмыстарға араласқанды ұната ма? Оған сенім артуға бола ма? Басшылыққа мойынсұнуға дайын ба, әлде қыңыр ма, жоқ әлде тіпті өр көкірек пе?” (Нақыл сөздер 31:10—31; Лұқа 6:45; 1 Петір 4:15; Ефестіктерге 5:22, 23; 1 Тімотеге 5:13).
18. Сөйлесіп жүрген кезде кішігірім кемшіліктер байқалған жағдайда не жайлы ұмытпаған жөн?
18 Таңдаған адамыңның романның мінсіз кейіпкері емес, Адам атаның кемелсіз ұрпақтарының бірі екенін ұмытпа. Кемшіліксіз адам болмайды, сондықтан өзіңнің және болашақ жарыңның бойында бар кейбір кемшіліктерге көңіл аударудың қажеті жоқ (Жақып 3:2; Римдіктерге 3:23). Оның үстіне, адамның өз кемшіліктерін мойындауы оның рухани өсуіне көмектеседі. Мысалы, сөйлесіп жүрген кезде екеуің келіспей қалдыңдар делік. Өзің ойлап қарашы: тіпті бірін-бірі сүйетін әрі сыйлайтын адамдардың да ойлары әрдайым бір жерден шыға бермейді ғой. (Жаратылыс 30:2; Елшілердің істері 15:39, салыстыр.) Мүмкін, екеуіңе де ‘ұстамдырақ’ болып, қиын мәселені ың-шыңсыз шешуді үйренген дұрыс болар (Нақыл сөздер 25:28). Болашақ жарыңның өзгергісі келе ме? Ал сенің ше? Кез келген нәрсені көңіліңе қатты ала бермеуді және не болса соған өкпелемеуді үйрену қолыңнан келе ме? (Екклесиаст 7:9). Қиындықты жеңуді үйрену арқылы бір-біріңмен ашық пікір алмасудың жолын қалыптастыруға болады. Егер екеуің үйлене қалсаңдар, бұның маңызы өте зор (Қолостықтарға 3:13).
19. Сөйлесіп жүрген кезде үлкен кемшіліктер байқалса не істеген дұрыс?
19 Сені қатты толғандыратын үлкен кемшілік байқаған жағдайда не істеуің керек? Бұл жайлы міндетті түрде жан-жақты ойлану керек. Оған қанша жерден үйленгің келіп, ынтық болып тұрсаң да, көзге көрініп тұрған кемшіліктерге көзіңді жұмба (Нақыл сөздер 22:3; Екклесиаст 2:14). Сөйлесіп жүрген адамыңа деген қатты күмәның бар болса, жолығуды доғарып, өмірлік жар болудан бас тартқаның жөн.
СӨЙЛЕСІП ЖҮРГЕН КЕЗДЕГІ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРЫҢ КІРШІКСІЗ БОЛСЫН
20. Екі жас сөйлесіп жүргенде құлықтылық тазалығын қалай сақтай алады?
20 Сөйлесіп жүрген кезде қарым-қатынас тазалығын қалай сақтауға болады? Біріншіден, өзіңнің жүріс-тұрысыңның құлықтылық жағынан мінсіз екеніне көзіңді жеткіз. Әлі үйленбеген, бірақ сөйлесіп жүрген жастардың бір-біріне деген назын қол ұстасу, сүйісу немесе құшақтасу арқылы білдіргені сендер тұрып жатқан жерде ұят болып есептелмейтін нәрсе ме? Бір-біріне деген сүйіспеншілігін осындай жолмен білдіру орынды саналғанымен, бұған — үйленеміз деп шешкеннен кейін ғана жол беріледі. Абай болыңдар, сүйіспеншілікті осындай жолмен білдірудің аяғы насырға шауып, азғындық әрекетке апарып жүрмесін (Ефестіктерге 4:18, 19; Өлеңдердің өлеңі 1:2; 2:6; 8:5, 9, 10, салыстырыңдар). Жүрек арам болғандықтан, үйде, пәтерде, көлікжайға қойылған машинаның ішінде немесе теріс қылық жасауға оңтайлы боп қалуы мүмкін тағы басқа жерде екеуіңнің оңаша қалмағандарың ақыл болар еді (Еремия 17:9). Егер жолығып жүрген кезде құлықтылық жағынан тазалық сақтайтын болсаңдар, бұл сендердің ұстамды екендіктеріңді және өздеріңнен гөрі өзгенің қамын көбірек ойлайтындықтарыңды білдіреді. Бәрінен де маңыздысы — жолығып жүрген кездегі қарым-қатынастың таза болуы өзінің қызметшілеріне азғындық жолға түспеуді бұйырып отырған Иеһова Құдайды қуантады (Ғалаттықтарға 5:19—21).
21. Сөйлесіп жүрген кездегі қарым-қатынас таза болу үшін қандай ашық пікір алмасу қажет?
21 Екіншіден, сөйлесіп жүрген кездегі ашық пікір алмасу да қарым-қатынастың тазалығына жатады. Іс үйленуге бет бұра бастағанда кейбір мәселелердің басын ашып алу керек. Сендер қайда тұрмақсыңдар? Өздеріңді-өздерің қамтамасыз ету үшін жұмыс істеуді екеуің де жоспарлап отырсыңдар ма? Балалы болғанды қалайсыңдар ма? Сондай-ақ әділеттілік бұған дейін өз өмірінде болған некеге әсер етуі мүмкін нәрселерді айтуды талап етеді. Бұған үлкен қарыздар немесе мойнында бар міндеттер, сондай-ақ, үнемі мазалайтын кеселі бар болса, денсаулық жағы да жатады. ВИЧ (СПИД ауруына шалдықтыратын вирус) жұқтырып алған адамның ауруының белгісі бірден білінбейтін болғандықтан, болашақ жар бұрын жеңіл жүріспен жүрген болса немесе ине арқылы есірткі қабылдаған болса, өзі біліп болмаса қамқор ата-аналарының айтуымен СПИД-ке тексерілгені артық болмас еді. Егер анализдің нәтижесі нашар болып, сөйлесіп жүрген адам жолығуды әрі қарай жалғастырғысы келмесе, ауруға шалдыққан адам қарым-қатынасты жалғастыруды талап етпеуі керек. Ашып айтқанда, бұрын аса қатерлі өмір кешкен әрбір адамның сөйлесуді бастамай тұрып өз ықыласымен СПИД-ке тексерілгені дұрыс.
ҮЙЛЕНУ ДЕГЕН — ТЕК ҚАНА ТОЙ ЖАСАУ ЕМЕС
22, 23. а) Тойға дайындалып жатқанда адам қалайша байсалды көзқарасын жоғалтып алуы мүмкін? ә) Той, неке жайлы жан-жақты ойлану барысында адамға қандай байсалды көзқарас қажет?
22 Тойдың алдындағы соңғы айларда екеуіңнің де дайындықпен әбігер болуларың мүмкін. Алайда сабыр сақтау арқылы жағдайды әлдеқайда жеңілдетуге болады. Дүркіретіп жасалған той туған-туысқандар мен жора-жолдастарды қатты қуантқанымен, жас жұбайлар мен олардың үй-ішін қатты шаршатып, үлкен шығынға ұшыратуы мүмкін. Жергілікті жердің әдет-ғұрыптарына шамалы көңіл бөлген ақылға қонымды, алайда олардың соңына түсіп, қала берді елмен жарысатын болсаңдар, мұндай нәрсе тойдың мәнісін кетіріп, сендерді тойдың қуанышынан айыруы ықтимал. Басқалардың да көңіліне қарау керек болғанмен, тойда болып жатқан жағдайларға ең алдымен күйеу жігіт жауапты (Жохан 2:9).
23 Тойдың бір-ақ күндік, ал сендердің жұптарыңның өмірлік екенін ұмытпаңдар. Некеге тұру күніне тым көп көңіл бөлмеуге тырысыңдар. Одан да Иеһова Құдайдың басшылығын іздеп, отау тіккеннен кейінгі өмірлерің жайлы ойлаңдар. Сонда некелеріңнің сәтті болуы үшін жасаған дайындықтарың жақсы болады.
a Бұл қыз бен жігіттің кездескені айып саналмайтын елдердегі мәсіхшілер үшін ғана орынды.
b Мәсіхшілердің арасында қауымның істеріне араласпай, өзімен-өзі жүретін адамдардың да болуы ықтимал. Құдайға шын жүректен қызмет етудің орнына, олар осы дүниеге лайық ой қалпы мен жүріс-тұрысқа еліктеп жүрген болуы мүмкін (Жохан 17:16; Жақып 4:4).