ТӨРТІНШІ ТАРАУ
Үй шаруашылығын қалай алып жүруге болады?
1. Үй шаруашылығын алып жүрудің бүгінгі таңда соншалықты қиын болуының себебі неде?
“БҰЛ дүниедегі жағдай өзгеріс үстінде” (1 Қорынттықтарға 7:31, ЖД). Бұл сөздер осыдан 1900 жыл бұрын жазылған болатын. Бүгінгі өмір үшін де бұл қандай тауып айтылған сөздер! Расында да барлық нәрсе өзгеруде. Бұл әсіресе отбасы өмірінде байқалады. Кеше, осыдан 40—50 жыл бұрын, кәдуілгідей немесе қалыптасқан дәстүр болып есептелген нәрселер бүгін көбінесе жарамсыз болып отыр. Сол себепті үй шаруашылығын ойдағыдай алып жүру оңай болмауы мүмкін. Бірақ Киелі кітаптың кеңестеріне жүгіне отырып бұл қиындықтарды жеңуге болады.
ҚОЛДА БАР ҚАРАЖАТПЕН ӨМІР СҮРУ
2. Отбасы қандай экономикалық қиыншылықтар көруде?
2 Отбасының қамын жасауға арналған қарапайым өмір бүгін адамдардың көпшілігінің көңілінен шықпайды. Коммерция әлемі товарларды үстін-үстін өндіріп, сол заттарды иемденуге жарнаманың көмегімен жұртшылықты қызықтырып жатқандықтан, соларды сатып алуды көздеген миллиондаған әкелер мен аналар жұмыс істеуге өте көп уақыт бөлуде. Миллиондаған басқа адамдар болса дастарқанда жейтін әйтеуір бір нәрсенің болуы үшін күнделікті арпалысуда. Олар бұрынғыға қарағанда әлдеқайда көп жұмыс істеуге, ал кейде тіпті ең қажет нәрселерді сатып алу үшін екі жұмысқа орналасуға мәжбүр. Сонымен қатар әйтеуір бір жұмыс тапқанына өзін бақытты сезінетін адамдар да бар, өйткені жұмыссыздық жайлап кетті. Иә, қазір өмір сүріп отырған отбасының жағдайы негізінен ауыр, дегенмен жақсы жол тауып бұндай жағдайдан шығуға Киелі кітап принциптері көмектеседі.
3. Елші Пауыл қандай принципті түсіндірді және бұл принцип үй шаруашылығын алып жүру үшін қалай көмектеседі?
3 Елші Пауыл экономикалық жағынан қиыншылықтар көрген болатын. Сол қиыншылықтарды жеңе отырып, ол өзіне бір үлкен сабақ алды. Бұны ол өзінің жас досы Тімотеге жазған хатында түсіндірді. Пауыл былай деп жазады: “Бұ дүниеге ештеңе де әкелген жоқпыз, ештеңе алып кетпейтініміз де айдан анық. Сондықтан ішер ас пен киер киім болса, соған қанағат етейік” (1 Тімотеге 6:7, 8). Отбасына ішер ас пен киер киімнен басқа да көп нәрсенің керегі рас. Оларға баспана керек. Балалар білім алуы керек. Дәрігерге қаралу үшін, сондай-ақ басқа да нәрселерге қаржы керек. Сөйтсе де Пауылдың сөздерінде қолдануға тұрарлық принцип бар. Егер қажет нәрселеріміздің барын қанағат тұтып, қалаған нәрсемізді ала бермейтін болсақ, өмір сүру әлдеқайда жеңіл болады.
4, 5. Алды-артын ойлау мен жоспарлау үй шаруашылығын алып жүруге қалай көмектеседі?
4 Тағы бір пайдалы принципті Исаның келтірген мысалдарының бірінен байқауға болады. Ол: “Сендердің біреуің бір мұнара салғысы келеді дейік. Сонда ол құрылысты аяқтауға қаражатының жетер-жетпесін білу үшін отыра қалып, алдымен кететін шығынды есептеп алады”,— деген еді (Лұқа 14:28). Бұл жерде Иса алды-артын ойлау, жоспарлау жайлы айтып отыр. Алдыңғы тараулардың бірінде осы принциптің үйленбек болған жастарға қалай көмектесетінін көрдік. Дегенмен бұл принциптің тойдан кейінгі өмірде, яғни үй шаруашылығын алып жүруде де пайдасы бар. Бұл жердегі алды-артын ойлау — кіріс пен шығыстың қаржы жоспарын жасау, яғни қолда бар қаражатты ақылмен жұмсауды алдын ала жоспарлау деген сөз. Осылайша отбасы күнделікті немесе бір аптаның ішінде қажет болатын нәрселерге жұмсалатын ақшаны бөліп қою арқылы қолда бар ақшаны дұрыс жұмсайтын болады.
5 Кейбір елдерде мұндай жоспарды ұстану қиын болуы мүмкін. Өйткені әуестеніп, керек емес нәрсені сатып алу үшін үлкен өсіммен қарыз ақша алып қою қаупі бар. Басқа бір елдерде несие карточкаларының қолданылуын қатаң түрде қадағалап отыру керек болуы мүмкін (Нақыл сөздер 22:7). Мүмкін, қаншалықты қажет екенін және аяғы неге апарып соқтыратынын ойланбастан, “көңіліңе жаққан” бір нәрсені тез арада сатып алғың келетін ниетпен күресу керек болатын шығар. Оның үстіне, құмар ойын ойнауға, темекіге және есепсіз арақ-шарапқа ақшаны өзімшілдікпен шашқанның Киелі кітаптағы принциптерге қайшы келіп қана қоймайтынын, сондай-ақ отбасының экономикалық жағдайын нашарлататынын кіріс пен шығыстың қаржы жоспары айқын көрсетеді (Нақыл сөздер 23:20, 21, 29—35; Римдіктерге 6:19; Ефестіктерге 5:3—5).
6. Кедейшілікте өмір сүруге мәжбүр адамдарға Киелі кітаптың қандай-қандай шындықтары күш беруде?
6 Ал кедейшілікте өмір сүруге мәжбүр адамдардың не істеуіне болады? Бәрінен де бұрын оларды жұбататын нәрсе — жер жүзін жайлаған қиыншылықтың уақытша ғана екендігі. Күннен-күнге жақындап келе жатқан жаңа дүниеде Ехоба кедейлікті ғана емес, сонымен қатар адамзатты қиналтып жатқан барлық зұлымдықты жояды (Забур 71:1, 12—16). Ал шынайы мәсіхшілер қатты кедейшілік көріп жатса да қамықпайды, өйткені олар Ехобаның: “Мен сені қалдырмаймын, ешқашан тастап кетпеймін”,— деген сөзіне сенім артады. Сондықтан, сенімі бар адамның: “Жаратқан Ие менің қолдаушым; сондықтан қорықпаймын”,— деп батыл айтуына болады (Еврейлерге 13:5, 6). Киелі кітап принциптеріне сай өмір сүріп, Құдай Патшалығын өз өмірлерінде бірінші орынға қойып өзіне бас иетін адамдарды осы қиын-қыстау кезеңде қолдау үшін Ехоба қаншама әдістер қолдануда (Матай 6:33). Мұны өте көп Ехобаның қызметшілері: “Жоқшылықта да, молшылықта да өмір сүре аламын. Мен не тоя тамақ жейін, не аш жүрейін, молшылықта немесе мұқтаждықта болайын, қай жағдайда да қанағат етудің құпиясымен жақсы танысып алдым. Себебі маған күш-қуат беретін [мен] бірге болсам, бәріне де төзе аламын”,— деген елші Пауылдың сөздерін қайталай отырып растайды (Філіпіліктерге 4:12, 13).
ҮЙ-ІШІ МІНДЕТТЕРІН БӨЛУ
7. Исаның қандай сөздерін өмірде қолдану арқылы үй шаруашылығын ойдағыдай алып жүруге болады?
7 Өзінің жердегі қызметі аяқталуға жақын қалған кезде Иса былай деген болатын: “Сен өзіңді қалай жақсы көрсең, жақыныңды да солай жақсы көр!” (Матай 22:39). Үй шаруашылығын ойдағыдай алып жүру үшін, отбасында осы принципті қолданған өте пайдалы. Біз сүйетін және біз үшін ең қымбат жақын адамдар деп бір үйде тұрып жатқан күйеулер мен әйелдерді, ата-аналар мен балаларды айтпағанда кімдерді айтуға болады? Бір-біріне деген сүйіспеншіліктерін отбасы мүшелерінің қалай көрсетуіне болады?
8. Отбасында сүйіспеншілікті қалай танытуға болады?
8 Біріншісі — отбасы мүшелерінің әрқайсының үй ішіндегі өзіне тиесілі жұмыстарды орындауы. Сондықтан кез келген затты қолданып болған соң — ол киім бола ма, ойыншық бола ма — орнына қоюды балаларға үйрету керек. Өз төсегін жинау үшін отбасы мүшелерінің әрбірінің уақыты мен күші кетер, бірақ бұл үлкен көмек. Үйдің аздап шашылып кететін кездері болып тұратыны рас, дегенмен үйді мүмкіндігінше таза ұстауға немесе тамақтан кейін дастарқанды жинауға барлығының атсалысуына болады. Жалқаулық, қалаған нәрсеңе ерік беру, наразылық білдіру және ықылассыздық деген кім-кімге болса да зиян (Нақыл сөздер 26:14—16). Екінші жағынан алып қарайтын болсақ, көмектесуге деген ынта мен жігер отбасы өмірінің бақыты үшін ықпал етеді. “Құдай шын көңілімен беретін адамды ұнатады” (2 Қорынттықтарға 9:7).
9, 10. а) Әйелдің мойнына үй-ішінде көбінесе қандай ауыртпалық жүктелген және бұндай ауыртпалықты қалай жеңілдетуге болады? ә) Үй-ішіндегі жұмыстарға деген қандай байымды көзқарас ұсынылып отыр?
9 Кейбір үйлерде, көңіл бөлу мен сүйіспеншілік елеулі қиыншылықтарды туғызатын жағдайларды болдырмауға көмектеседі. Әдетте үй-ішінің ұйтқысы — ана. Ол бала-шағасына қамқорлық жасайды, үй жинайды, кір жуады, қажетті азық-түлікті сатып әкелуге барады және тамақ дайындайды. Кейбір елдерде әйелдер қырманда жұмыс та істейді, алынған өнімді базарға апарып сатады немесе әйтеуір бір жолын тауып отбасының кіріс-шығыс қаржысын толықтырады. Миллиондаған күйеуі бар әйелдер жоқшылықтың кесірінен жұмыс іздеуге мәжбүр, тіпті әйел баласының жұмыс істегені бұрын-соңды әдетке айналмаған елдердегі әйелдер де осындай жағдайға тап болып отыр. Осыншама түрлі жұмыстарды ынта-жігермен істеп ана әрі жар боп жүрген әйелдер мақтауға тұрады. Киелі кітапта суреттелген “жақсы әйел” сияқты ол тынымсыз жұмыс істейді. “Ол... еңбек етпей нан жемейді” (Нақыл сөздер 31:10, 27). Алайда, бұл, үй жұмысымен әйел ғана айналысу керек дегенді білдірмейді. Күйеуі де, әйелі де күні бойы жұмыста болып келгеннен кейін, үй жұмысының барлығын әйелдің жалғыз өзі істеп, күйеуі мен басқаларының демалғаны дұрыс па? Әрине дұрыс емес. (2 Қорынттықтарға 8:13, 14, салыстырыңдар.) Сондықтан, мысалы, түскі тамақты істейін деп жатқан анаға дастарқанды жайып, оның үстіне керек-жарағын қойып, дүкенге барып келіп немесе үйді жинастырып көмектесетін болса, оның қатты риза болуы мүмкін. Иә, үй-іші міндеттерін отбасы мүшелерінің бәрінің бөлісіп алуына болады (Ғалаттықтарға 6:2).
10 Кейбіреулер: “Біз тұрып жатқан жерде ер адамның мұндай тірлікпен айналысқаны әдетке айналмаған”,— деуі мүмкін. Мүмкін солай да болар, бірақ бұл ойланып көруге тұратын нәрсе емес пе? Отбасының негізін қалаған кезде, Ехоба Құдай белгілі бір жұмыстарды тек қана әйелдердің істеуі үшін жарлық берген жоқ. Бірде, Ыбырайым деген адал адамның үйіне Ехобаның арнайы жіберген елшілері келгенде, тамақ дайындау мен қонақты күту ісіне Ыбырайымның өзі араласты (Жаратылыс 18:1—8). Киелі кітаптың беретін кеңесі: “Жұбайларын өз тәніндей жақсы көру — күйеулердің міндеті” (Ефестіктерге 5:28). Егер күйеуі қатты шаршап, кешке қарай демалғысы келетін болса, әйелдің де дәл солай, тіпті одан да қатты шаршаған болуы мүмкін екені айтпаса да түсінікті (1 Петір 3:7). Олай болса, күйеуінің үй жұмысын істеуге көмектесу арқылы әйеліне өзінің сүйіспеншілігін көрсеткені орынды болмай ма? (Філіпіліктерге 2:3, 4).
11. Отбасы мүшелерінің бәріне Иса қандай үлгі көрсетті?
11 Иса Құдайға жағу мен жолдастарын бақытқа бөлеудің тамаша үлгісін көрсеткен болатын. Оның ешқашан да әйелі болмағанымен, ол күйеулерге де, әйелдерге де және балаларға да үлгі көрсетті. Иса өзі жайлы: “Адам Ұлы Өзіне қызмет еттіруге келмеді, керісінше — Өзі қызмет етуге”, яғни өзгеге қызмет ету үшін келді,— деген болатын (Матай 20:28). Әрбір мүшесі осындай көзқарас дамытып жатқан отбасы қандай бақытты!
ТАЗАЛЫҚТЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР БОЛУЫНЫҢ СЕБЕБІ НЕДЕ?
12. Өзінің қызметкерлерінен Ехоба нені талап етеді?
12 Үй шаруашылығын алып жүруге көмектесетін Киелі кітаптың тағы бір принципі 2 Қорынттықтарға 7:1-де жазылған. Ол жерден мынадай сөздерді оқуға болады: “Тәніміз бен рухымызды арамдайтын барлық нәрселерден өзімізді тазартайық” (2 Қорынттықтарға 7:1). Киелі рухтың жетелеуімен жазылған осы сөздерге мойынсұнатын адамдар, “таза да мінсіз діншілдікті” талап ететін Ехобаға ұнайтын іс-әрекет істейді (Жақып 1:27). Бұл олардың үй шаруашылығына да жақсы ықпалын тигізеді.
13. Үй-іші шаруашылығын алып жүргенде неге тазалық қажет?
13 Мысалы, Киелі кітапта, ауру болмайтын уақыт болатыны жөнінде уәде етілген. Сол кезде “тұрғындардың бірде-біреуі: “Мен аурумын”,— деп айтпайды” (Ишая 33:24; Аян 21:4, 5). Ал әзірше әрбір отбасы аурумен күресіп келеді. Тіпті Пауыл мен Тімоте де ауырған (Ғалаттықтарға 4:13; 1 Тімотеге 5:23). Алайда медицина мамандары көптеген аурулардың алдын алуға болады дейді. Тәннің тазалығы мен рухани тазалықты сақтау арқылы, ақылы бар отбасы алдын алуға болатын аурулардан сақтануда. Бұны олардың қалай жүзеге асырып жүргенін қарастырайықшы (Нақыл сөздер 22:3, салыстырындар.)
14. Құлықтылық жағынан тазалықтың болуы отбасының түрлі аурулардан сақтануына қалай көмектеседі?
14 Рухани тазалық дегенге құлықтылық жағынан тазалық та кіреді. Киелі кітаптың аса жоғары құлықтылықты талап етіп, кез келген некеден тыс жасалған жыныстық қатынасты айыптайтыны белгілі. “Азғындар... неке адалдығын бұзушылар, нәпсіқұмарлар, еркекжанды еркектер... үшін Құдай Патшалығында орын жоқ” (1 Қорынттықтарға 6:9, 10). Бүгінгі азғындық жайлаған дүниеде өмір сүріп отырған мәсіхшілер үшін аса жоғары құлықтылықты сақтағанның маңызы өте зор. Бұл — Құдайдың көзінде дұрыс. Әрі жыныстық жолмен берілетін СПИД, мерез, соз және хламидиоз сияқты ауруларды жұқтырудан отбасын аман алып қалуға көмектеседі (Нақыл сөздер 7:10—23).
15. Тәннің ластығы ауруға шалдықтыратынына мысал келтіріңдер.
15 ‘Тәніміз бен рухымызды арамдайтын барлық нәрселерден өзімізді тазарту’ арқылы отбасын басқа да аурулардан сақтауға болады. Көптеген аурулардың пайда болуына себеп болатын нәрсе — тән тазалығының сақталмауы. Бұған нағыз мысал ретінде шылым шегуді келтіруге болады. Шылым шеккеннің кесірінен өкпе, киім және тіпті ауа ластанып қана қоймайды, сонымен қатар адамдар ауруға да шалдығады. Темекі шеккеннен жыл сайын миллиондаған адам өлуде. Мынау жайлы ойланыңдаршы: ‘Тәнімізді арамдайтын’ осы нәрседен аулақ болғанда, миллиондаған адам жыл сайын ауырмаған болар еді және мезгілінен бұрын қайтыс болмаған болар еді!
16, 17. а) Ехобаның бекіткен қандай ережелері исраилдіктерді кейбір аурулардан сақтайтын еді? ә) Заңды қайталау 23:12, 13-тегі ереженің негізінде жатқан принципті әрбір үйдің қалай қолдануына болады?
16 Басқа бір мысалды қарастырайық. Шамамен осыдан 3500 жыл бұрын, исраилдіктердің мінажат етуін белгілі бір жүйеге келтіріп, олардың күнделікті өмірін қандай да бір дәрежеде ретке келтіру үшін, Исраил халқына Құдай өзінің Заңын берген болатын. Заңда гигиенаны сақтаудың негізгі ережелері белгіленген еді және бұл халықтың аурудан сақтануына көмектесетін. Осындай ережелердің бірі, адамдардың тұрып жатқан жерін былғамау үшін, нәжісті қостың орналасқан жерінен тысқары жерге көму керектігіне қатысты еді (Заңды қайталау 23:12, 13). Бұл көне ереже қазір де қажет. Осы ережені орындамағандықтан, бүгін адамдар ауруға шалдығуда және өлудеa.
17 Исраилдіктерге берілген сол ереженің негізінде жатқан принципке сәйкес, ванна мен әжетхана, үйде не далада болғанына қарамастан, әрдайым таза болуы керек, сондай-ақ дәріленуі керек. Егер әжетхана лас болып, есігі жабылмайтын болса, ол бүкіл үйдің ішіне микроб тарататын, жейтін тамақтың үстіне де барып қонатын шыбындардың құжынаған жеріне айналады! Оның үстіне, ересектер де, балалар да әжетханаға барып келгеннен кейін қолдарын жууы керек. Әйтпесе қолдың терісінде микробтар қалып қояды. Франциялық бір дәрігердің айтуынша, қол жуу — “ас қорыту, тыныс алу немесе тері инфекциясынан сақтанудың ең жақсы кепілдігі болып қалмақ”.
18, 19. Тіпті кедей аймақта өмір сүріп жатса да, үй-іші тазалығын сақтау үшін қандай кеңестер ұсынылуда?
18 Кедей аймақтарда тазалықты сақтау өте қиын екені рас. Осындай аймақтағылардың өмір жағдайынан хабардар бір адам былай деді: “Ауа райы адам төзгісіз ыстық болғандықтан, жуып-сыпырудың ауыртпалығы екі есе болып кетеді. Шаңды боранның кесірінен үйдің әрбір саңылауы қоп-қоңыр майда ұнтаққа толады... Қала мен кейбір ауылдардың тұрғындарының саны тез өсуде, бұл — денсаулыққа қатер туғызатын тағы да бір жай. Ашықтан-ашық жатқан канализация құбырлары, үйме-үйме боп шашылып жатқан қоқырсықтар, лас қоғамдық әжетханалар, сондай-ақ жұқпалы аурулар туғызатын микробтар таситын егеуқұйрықтар, тарақандар және шыбындар енді ешкімді де таңғалдырмайды”.
19 Бұндай жағдайда тазалық сақтау қиын. Сонда да болса, тазалықты сақтау — күш жұмсауға тұратын нәрсе. Дәрі-дәрмекке және ауруханада емделу үшін төленетін қаражаттан гөрі, сабын, су және кішкене қосымша жұмсалған күштер арзанға түседі. Егерде сіз осындай аймақта өмір сүріп жатқан болсаңыз, бар мүмкіндігіңізді пайдаланып үй-іші мен есіктің алдын таза ұстауға және жануар атаулының нәжісін жинастырып тастауға тырысыңыз. Жауын-шашынды кезеңде есіктің алды балшық болып кететін болса, балшықты басып үйге кірмеу үшін, қиыршық тас себуге не тас төсеп тастауға болады емес пе? Аяқ киімді далаға шешіп барып үйге кіруге болмас па екен? Сондай-ақ, үйде тұрған ішетін суды да ластанудан сақтау керек. Есеп бойынша, жыл сайын кем дегенде екі миллион адам лас су ішкеннен және сақтандыру шараларының дұрыс деңгейде жүргізілмеуінен болатын аурулардан өлуде.
20. Үй-ішінің таза болуы үшін кім жауапты?
20 Үй іші тазалығы отбасы мүшелерінің, ол әке бола ма, ана бола ма, әлде бала немесе қонақ бола ма, бәріне байланысты. Кенияда тұратын сегіз балалы бір ана былай деді: “Осыған атсалысуды бәрі үйренді”. Үй ішінің тазалығы мен тәртібі бүкіл отбасына абырой әпереді. “Кедей болу — нас болу деген емес” дейді испан мәтелі. Қайда тұрып жатсаңыз да — сәулетті жеке үйде ме, пәтерде ме, қарапайым үйде ме, әлде лашықта ма — тазалық отбасы денсаулығының кепілі болып табылады.
МАҚТАУ — КӨҢІЛДІ КӨТЕРЕДІ
21. Нақыл сөздер 31:28-ге сәйкес, отбасын бақытты етуге не көмектеседі?
21 Жақсы әйел суреттелген Нақыл сөздер кітабында былай делінген: “Тұра сала оны балалары риза етеді, күйеуі оны мақтайды” (Нақыл сөздер 31:28). Үй ішіндегілердің әйтеуір біреуін сіз ең соңғы рет қашан мақтадыңыз? Біз, шынында да, көктем шыққан кезде, күннің көзі жылт ете қалып, жаңбыр себелей қойса гүлдей қояйын деп тұрған өсімдік сияқтымыз. Мақтаудың жылы лебі бізге де қажет. Мақтау әйелге өзін де, ынта-жігермен істеген еңбегі мен сүйіспеншілікпен жасаған қамқорлығын да күйеуінің елемей қалмайтынын білуіне көмектеседі (Нақыл сөздер 15:23; 25:11). Ал күйеуінің жұмыста және үйде істеп жатқан іс-әрекеті үшін әйелінің оны мақтағаны қандай жақсы. Балаларды үйдегі, мектептегі және мәсіхшілер жиналысындағы талпынысы үшін мақтайтын болса, олар жайнап кетеді. Ризашылықты білдіру үшін айтылған бір ауыз сөздің күші қандай десеңші! “Рахмет” деп айту қиын ба? Тіпті де қиын емес. Ал бұл болса отбасы жағдайын қалай жан-жақты күшейтеді десеңші.
22. Үй шаруашылығын “бекіту” үшін не қажет және бұған қалай қол жеткізуге болады?
22 Үй шаруашылығын алып жүруді қиындататын себептер көп. Сонда да болса бұл қиындықтарды ойдағыдай жеңіп отыруға болады. Киелі кітаптағы нақыл сөздерде: “Үй ақылмен соғылады және парасаттың арқасында бекітіледі”,— делінген (Нақыл сөздер 24:3). Үй-іші болып Құдайдың еркін білуге және орындауға ұмтылу арқылы, ақыл мен парасатқа қол жеткізуге болады. Отбасы бақыты — осындай күш жұмсауға тұратын нәрсе!
a Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының диарея ауруының (көптеген балалардың өлуіне әкеліп соқтыратын ауру) алдын алуға байланысты берген ұсынысында былай делінеді: “Егер әжетхана жоқ болса, үйден, балалардың ойнайтын жерінен және су алатын жерден кем дегенде 10 метр алыс жерге барып дәретке отыру керек; нәжісті көміп тастау керек”.