8-САБАҚ
Дауыс қаттылығы
БАЯНДАМАШЫ өте жай сөйлесе, кейбіреулерді ұйқы қысуы мүмкін. Егер жариялаушы уағызда тым жай сөйлейтін болса, үй иесінің көңіл қоюы қиын болады. Кездесу кезінде түсініктеме берген адамның даусы жай шығатын болса, өзгелерді жігерлендіре алмайды (Ев. 10:24, 25). Ал, керісінше, баяндамашы себепсізден-себепсіз даусын қатты шығаратын болса, тыңдаушылар өздерін ыңғайсыз, тіпті жаман сезініп қалулары мүмкін (Нақ. с. 27:14).
Тыңдаушыларыңды ескер. Тыңдаушыларың кім? Бір ғана адам ба, әлде отбасы ма? Уағыздау қызметіне арналған кездесудегі бір топ адам ба, жоқ әлде бүкіл қауым ба? Мүмкін, конгресте отырған көп адам болар? Жағдайға байланысты әдетте дауыстың қаттылығы да түрліше болады.
Құдайдың қызметшілеріне көпшіліктің алдында сөйлеуге тура келген жайттар көп болған. Сүлейменнің кезінде ғибадатхананың салтанатты түрде ашылуы өткенде, дыбыскүшейткіш құрылғылар болмаған. Сондықтан Сүлеймен мінбеге шығып, халыққа “қатты дауыстап” батасын берген (Пат. 3-ж. 8:55; Шеж. 2-ж. 6:13). Ғасырлар өте, б. з. 33 жылы Алғашқы өнім мейрамында Иерусалимдегі мәсіхшілердің шағын тобына киелі рух төгілгеннен кейін, бірі қызығушылық танытып, бірі күлкіге айналдырып тұрған қалың жұрт оларды қоршап алады. Сонда Петір парасаттылық танытып, “орнынан тұрып, даусын көтеріп, сөйлеп кетті” (Ел. іс. 2:14). Сол күні керемет куәлік берілген еді.
Даусыңның жеткілікті шығып тұрған-тұрмағанын қалай білуге болады? Бұл жерде тыңдаушыларыңның бет-жүзі ең жақсы көрсеткіш болып табылады. Егер біреудің әрең естіп отырған түрін байқасаң, даусыңды қаттырақ шығар.
Бір адаммен не бір топ адаммен сөйлессек те, алдымызда кім тұрғанын ескергеніміз жөн. Егер әлдекім нашар еститін болса, даусыңды қаттырақ шығаруың керек болады. Бірақ кейбір қарт адамдарға естігендерін қабылдау үшін сәл көбірек уақыт қажет, мұны ескерместен айқайлап сөйлейтін болсаң, сені ұнатпай қалады. Тіпті мұны олар әдепсіздік деп түсініп қалуы да мүмкін. Кей жерлерде тым қатты сөйлеуді ашудың немесе шыдамсыздықтың белгісі деп есептейді.
Кедергі жасайтын дыбыстарды ескер. Уағыздап жүргенде қаншалықты қатты сөйлеу керектігі жағдайға байланысты. Саған көліктердің шуы, балалардың айқайы, қатты шығып тұрған музыканың немесе теледидардың даусы кедергі жасауы мүмкін. Ал егер үйлер бір-біріне өте жақын орналасқан жерлерде тым қатты сөйлейтін болсаң, бұл көршілердің назарын аударып, үй иесін ыңғайсыз жағдайға қалдыруы мүмкін.
Қауымда немесе конгресте баяндама айтатын бауырластар да әр түрлі жағдайларға кезігеді. Ашық далада сөйлеу мен дауыс жақсы естілетін залда сөйлеудің айырмашылығы айтарлықтай. Латын Америкасында екі миссионер бір қызығушылық білдірген адамның ауласында баяндама айтып жатқанда, жақын маңдағы алаңда мейрамда тұтандыратын заттар тарсылдап, ал көршінің қорасында қораз тынбай шақыра берген екен.
Кейде баяндамашының не кідіре тұруына, не даусын қаттырақ шығаруына тура келетін жағдайлар болады. Мысалы, кездесу шатыры қаңылтырмен жабылған орында өтіп жатқанда, кенеттен жауын қатты құйып кетсе, баяндамашының сөзін есту қиын болады. Сондай-ақ баланың жылағаны немесе біреудің кешігіп келгені де кедергі болуы мүмкін. Тыңдаушылар айтқандарыңның толық пайдасын көру үшін осындай жағдайлардан шыға білуді үйрен.
Дыбыскүшейткіш құрылғылар (егер бар болса), сөйлеп жатқан адамға зор көмек болып табылады, бірақ егер жағдай қажет етіп тұрса, бәрібір қаттырақ сөйлеу керек. Кей жерлерде электр энергиясы болмай қалады, мұндай кезде баяндамашы сөзін микрофонсыз жалғастыра беру керек.
Баяндамаңның мазмұнын ескер.Дауысты қаншалықты қатты шығару керектігі баяндамаңның мазмұнына да байланысты. Егер баяндама күшті сезіммен айтуды талап етсе, тым жай дауыс оның әсерін бермей қалады. Мысалы, әшкерелейтін сөздер жазылған тармақтарды оқу керек болса, онда даусың сүйіспеншілік көрсету жайында берілген кеңесті оқығандағыдан күштірек шығу керек. Даусыңды мәліметіңе сай өзгерт, бірақ абай бол, мәнерің өзіңе көңіл аудартып қалмасын.
Мақсатыңды ескер. Тыңдаушыларды белсенді әрекетке талпындырмақшы болсаң да, даусыңды қаттырақ шығарып сөйлеуің керек. Бірақ көзқарастарын өзгерткің келсе, тым қатты дауыспен сөйлеп, оларды ренжітіп алма. Ал егер жұбатқың келсе, жұмсақ сөйлегеннен артығы жоқ.
Дауыс қаттылығын дұрыс қолдан. Бір іспен айналысып жатқан адамның көңілін аударғымыз келсе, әдетте қаттырақ сөйлейміз. Мұны ата-аналар жақсы біледі, сондықтан ойнап жүрген балаларын қатты дауыстап шақырады. Сонымен қатар қауым кездесуінде немесе конгресте төрағалық етуші бауырлас бағдарламаның басталғанын және орындарына жайғасуларын айтқан кезде, даусын қаттырақ шығару керек. Уағыздау қызметінде далада жұмыс істеп жатқан адамдарды кездестіргенде, олардың көңілін бұру үшін дауысты қаттырақ шығарып сәлемдескен жөн.
Тіпті біреудің назарын өзіңе аударған соң да, әрі қарай дауыстап сөйлей берген дұрыс. Егер тым жай сөйлейтін болсақ, әңгімелесіп тұрған адамда біз туралы не жақсы дайындалмаған, не айтып тұрғанына өзі де сенімді емес деген ой туып қалуы мүмкін.
Күшті дауыспен айтылған шақыру адамдарды іс-әрекетке талпындырады (Ел. іс. 14:9, 10). Егер адамға қандай да бір қауіп төніп тұрса, қатты айқайлағанымыз өмірін сақтап қалуы мүмкін. Філіпіде бір түрме бастығы тұтқындар қашып кетті деп ойлап, өз-өзіне қол жұмсамақшы болады. ‘Бірақ Пауыл: — Өзіңе залал келтірме! Бәріміз осындамыз!— деп айғайлап жібереді’. Осының арқасында ол өлімнен аман қалады. Содан Пауыл мен Сыйлас түрме бастығы мен оның үй-ішіндегілеріне куәлік беріп, олар шындықты қабыл алады (Ел. іс. 16:27—33).
Дауыс қаттылығын қалай дұрыстауға болады? Кейбіреулерге дауыстарын жеткілікті қатты шығарып сөйлеуді үйренуге көбірек күш салу керек болады. Кейбір адамның даусы табиғатынан жай болуы мүмкін. Сондықтан қандай да бір әрекеттер жасау арқылы дауысты едәуір көтеруге болады, бірақ оған даусы бәрібір де жай шығатындай көрінуі мүмкін. Тыныс алуың мен тұрысыңа назар аударғаның жөн. Отырғанда, тұрғанда кеудеңді тік ұстауға тырыс. Иықтарыңды түзеп, терең тыныс ал. Дем алғанда, өкпенің астыңғы бөлігі ауаға толу керек, өйткені дауыстың қаттылығы өкпедегі ауаның көлемі мен оның дұрыс шығуына байланысты.
Ал өзге біреулері үшін тым қатты сөйлейтіні қиындық тудырады. Кейде мұндай әдет далада немесе шулы жерде жұмыс істегеннен қалыптасады. Ал кейбіреулердің өскен жерінде айқайлап сөйлеу немесе біреудің сөзін бөлу қалыптасқан жағдай болған болуы мүмкін. Сондықтан оларға қатты сөйлемесе, өздерін ешкім тыңдамайтындай көрінеді. Мұндай адамдар Киелі кітаптағы: “Жанашыр, мейірімді, кіші пейіл, ілтипатты, сабырлы болып, осы қасиеттерге бөленіңдер”,— деген кеңесті мүмкіндігінше жақсырақ қолдануға тырысар болса, онда бәсеңдеу сөйлеуді үйренеді (Қол. 3:12).
Жақсы дайындық, уағыздау қызметіне үнемі қатысудан жинақтайтын тәжірибе және Ехобаға дұға ету дауысты қажетінше қатты шығарып сөйлеуге көмектеседі. Қауым кездесуінде сөйлесең де, уағыздау қызметінде жолыққан адаммен әңгімелессең де, айтып жатқандарыңның оларға әкелетін пайдасы жайында ойлауға тырыс (Нақ. с. 18:21).