15-САБАҚ
Жақсы сыртқы көрініс
СЫРТ көрінісіңе қарап сен туралы көп нәрсе айтуға болады. Ехоба адамның жүрегіне қараса, адамдар көбінесе “адамның тек бет-әлпетіне” қарап тұжырым жасайды (Пат. 1-ж. 16:7). Егер таза да тап-тұйнақтай болсаң, басқалар сенің өз-өзіңді сыйлайтыныңды байқайды, әрі сөзіңе құлақ асуға әлдеқайда бейім болады. Жақсы сыртқы көрінісің сонымен қатар адамдардың өзің мүшесі болып табылатын ұйымың мен ғибадат ететін Құдайың туралы көзқарасына әсер етеді.
Басшылыққа алатын принциптер. Киелі кітапта сырт көрініске қатысты көп ережелер берілмеген. Бірақ онда дұрыс шешім қабылдауымызға көмектесетін принциптер бар. ‘Бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеуге’ ұмтылғанымыз осы принциптердің негізі болып табылады (Қор. 1-х. 10:31). Сонымен сыртқы көрінісімізге қатысты қандай принциптерге жүгінеміз?
Біріншіден, Киелі кітап денемізді де, киімімізді де таза ұстауға шақырады. Исраилдіктерге берген Заңында Ехобаның тазалыққа қатысты талаптары жазылған. Мысалы, діни қызметкерлер өз міндеттерін атқарғанда белгілі бір уақытта денесі мен киім-кешектерін жуып тұру керек болған (Леуі. 16:4, 24, 26, 28). Мәсіхшілер Мұсаның заңына бағынбайды, десе де, ондағы принциптер әлі күшінде (Жох. 13:10; Аян 19:8). Әсіресе ғибадат ету орнына барғанда немесе уағыздау қызметіне шыққанда, өзгелер жағымсыз сезімде болмау үшін денеміз бен киімдеріміз таза болып, аузымыздан жағымсыз иіс шығып тұрмау керек. Бұл жағынан баяндама айтуға немесе көрсетулерге шыққандар өзгелерге жақсы үлгі көрсету керек. Сыртқы көрінісімізге ұқыпты болғанымыз Ехобаны және оның ұйымын құрметтейтінімізді көрсетеді.
Екіншіден, Киелі кітап қарапайым да есті болуға кеңес береді. Елші Пауыл мәсіхші әйелдерге: “Әдеппен әрленіп-сәнденсін: шаштарын тым баптай бермей, алтын, маржан және қымбат киімге үйір болмай, киімдері қарапайым да сыпайы болсын [“қарапайымдылықпен әрі естілікпен киінсін”, ЖД]. Оларды істеген игі істері көркейтсін. Бұл Құдайға ұнамды болуға ұмтылған әйелдерге лайық”,— деп кеңес берген (Тім. 1-х. 2:9, 10). Ер адамдардың да сырт көрінісінен қарапайымдылық пен естілік байқалып тұру керек.
Қарапайым адам өзгелердің сезімін ескереді, өзіне тым көп көңіл аудартпауға тырысады. Адамның естілігі оның ойланып әрекет еткенінен, дұрыс көзқарасынан байқалады. Бойында осындай қасиеттері бар адам Құдайдың нормаларын құрметтеп, нәтижесінде іс-әрекетінде байсалдылық танытатын болады. Қарапайым да есті болу әдемі киінбеу керек дегенді білдірмейді, бұлар сырт көрінісімізге парасаттылықпен қарап, тым ерекшеленіп киінуден қашық болуға көмектеседі (Жох. 1-х. 2:16). Бұл принциптерді қай жерде жүрсек те — мейлі, ғибадат ету орнында, қызметте не өзге істермен айналысқанда да — ұстануымыз керек. Тіпті күнделікті киімімізден де қарапайымдылық пен естілік байқалып тұру керек. Мектепте не жұмыс орнында да бейресми куәлік етудің мүмкіндіктері туып қалуы мүмкін. Бұл, әрине, үнемі жиналысқа не конгреске барғандай киініп жүру керек дегенді білдірмейді, дегенмен киіміміз барлық уақытта да таза, ұқыпты, әдепті де қарапайым болу керек.
Әрине, бәріміздің киім кию үлгіміз бірдей емес. Осылай болуын бізден ешкім де талап етпейді. Адамдардың талғамы әр түрлі және бұл табиғи нәрсе. Әйтсе де, әрқашан Киелі кітаптың принциптерін ұстанғанымыз абзал.
Елші Петір шаш қою үлгісі мен киімімізден гөрі, адамның ‘көркі’ оның ‘көзге көрінбес ізгі қасиеттері’ болу керектігі әлдеқайда маңызды екенін айтқан (Пет. 1-х. 3:3, 4). Егер жүрегіміз сүйіспеншілікке, қуанышқа, тыныштық пен қайырымдылыққа және берік сенімге толы болса, бұл қасиеттер Құдайға даңқ әкелетін рухани ‘көркіміз’ болады.
Үшіншіден, Киелі кітап сыртқы көрінісіміздің ұқыпты болуына шақырады. “Ұқыпты” деген сөз Тімотеге 1-хат 2:9-да (ЖД) кездеседі. Елші Пауыл бұл тармақта әйелдердің киімі туралы айтқанымен, бұл принцип ерлерге де қатысты. Ұқыпты деген сөз таза да жинақы дегенді білдіреді. Материалдық жағдайымыздың қандай болғанына қарамастан, бәріміз де тап-тұйнақтай болып жүре аламыз.
Адамдар ең алдымен шашымызға көңіл аударады. Шашымыз таза, ұқыпты әрі таралған болу керек. Шаш қою үлгісі көбінесе шаштың ерекшеліктері мен жергілікті салттарға байланысты. Қорынттықтарға 1-хат 11:14, 15-де елші Пауылдың шаш қоюға қатысты осы екі жағдайды да ескеретін кеңесі берілген. Ал егер адамның шаш қою үлгісі оның өзге жынысты адам болып көрінгісі келетінін аңғартса, бұл Киелі кітаптың принциптерін бұзады (Заң. қ. 22:5).
Ерлер үшін ұқыпты болу деген сақал-мұртын жақсылап қыру керектігін де білдіреді. Ал мұрт қою әдепсіздік болып есептелмейтін жерлерде мұрты бар адамдар оны үнемі және жарасымды етіп қырқып отырулары керек.
Төртіншіден, сыртқы көрінісіміз осы дүниені және оның жолдарын сүймейтінімізді көрсетіп тұру керек. Елші Жохан: “Осы күнәкар дүниені және ондағы еш нәрсені сүймеңдер!”— деп ескерткен (Жох. 1-х. 2:15—17). Бұл дүние күнәкар құмарлықтарға толы. Оларға, Жохан ескерткендей, тән құмарлығы, көздің қомағайлығы мен мал-мүлікке мастану жатады. Жазбалар сондай-ақ назарымызды бүлікшіл рухқа не билікке мойынсұнбаушылыққа аударады (Нақ. с. 17:11; Ефес. 2:2). Мұндай құмарлықтар мен көзқарастар жиі адамның киімі мен жалпы сыртқы көрінісінен көрінеді. Ондай адамдарды әдепсіз, ұқыпсыз, тым ерсі не теріс сезім оятатын киімдерінен байқауға болады. Ехоба Куәгерлері ретінде біз осындай мәсіхшіге жат көзқарасты көрсететін киім кию үлгілерінен аулақ боламыз.
Осы дүниенің киім кию үлгісіне еліктегенше, қауымдағы рухани толысқан бауырластардан үлгі алғанымыз қаншалықты артық! Баяндамашы болғысы келетін жастар баяндама айтып жүрген бауырластардың қалай киінетініне назар аударса болады. Көп жылдан бері уағыздау қызметінде белсенділік танытып жүрген бауырластарымыздан бәріміз де үлгі ала аламыз (Тім. 1-х. 4:12; Пет. 1-х. 5:2, 3).
Бесіншіден, ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін шешуде ‘Мәсіх те Өзіне емес, көктегі Әкеге ұнайтынды істегенін’ есімізде ұстайық (Рим. 15:3). Иса бірінші кезекте Құдайдың еркін орындауды ойлаған. Өзгелерге көмектесу де оның өз мүддесін ойлаудан жоғары тұрған. Ал егер біз қызмет етіп жүрген жерде сыртқы көріністің не киімнің қандай да бір түрі орынсыз болып есептелсе, не істеуіміз керек? Мәсіхтікі сияқты кішіпейіл рух дұрыс шешім қабылдауымызға көмектеседі. Елші Пауыл мынадай принципті айтқан: “Ешкімге ешқандай кедергі жасамаймыз” (Қор. 2-х. 6:3). Осыны ескеріп, адамдарға хабарымызды тыңдауларына кедергі келтіретін шаш қою үлгісінен не киімнен бас тарту туралы ойланып көргеніміз дұрыс.
Денені дұрыс ұстау. Жақсы сыртқы көрініске денемізді дұрыс ұстай білу де жатады. Әрине, бәріміздің дене бітіміміз бірдей емес, сондықтан белгілі бір үлгімен жүріп-тұруға тырыспаймыз. Дегенмен көңіл қоятын жайт, Киелі кітапқа сәйкес, денені тік ұстау адамның өз-өзін құрметтейтінін әрі келешекке сеніммен қарайтынын білдіреді (Леуі. 26:13; Лұқа 21:28). Әйтсе де, ұзақ жылдар бойы бір қалыпта жұмыс істегеннен, я болмаса кәріліктен, тәннің әлсіздігінен бауырластың денесін тік ұстап тұра алмайтыны түсінікті. Кейде оларға бірдеңеге сүйеніп тұруға тура келеді. Бірақ өзгелермен сөйлескенде селқос не кешірім сұрап тұрғандай көрінбеу үшін, денені мүмкіндігінше тік ұстауға тырысқан жөн. Сол сияқты баяндамашының да кейде қолын алдындағы қойғышқа қойғанында тұрған ештеңе жоқ, бірақ оған сүйенбейтін болса, бұл тыңдаушыларға жақсы әсер қалдырады.
Қызметте қолданатын құралдарымыздың таза да ұқыпты болуы. Тек сыртқы көрінісіміз ғана емес, қызметте қолданатын құралдарымыз да таза әрі ұқыпты болу керек.
Киелі кітапты алайық. Жаңа Киелі кітап алуға бәрімізде бірдей мүмкіндік бола бермейді. Дегенмен Киелі кітаптың неше жыл қолданылғанына қарамастан, ұқыпты ұсталғаны көрініп тұру керек.
Уағызға шығарда, әрине, сөмкемізге қызметте пайдаланатын заттарымызды әрқалай етіп саламыз, бірақ, ең бастысы, оның іші-сырты таза да ұқыпты болу керек. Бәлкім, жариялаушы үй иесіне тармақты оқып берейін деп жатқанда немесе бауырлас баяндама айтып тұрғанда, Киелі кітабынан қандай да бір қағаздардың түсіп жатқанын байқаған боларсың. Мұның адам ойын бөлетінімен келісерсің. Киелі кітапқа салған қағаздарың саған не өзгеге кедергі жасайтын болса, оларды басқа жерге салғаның жөн. Тағы бір ескеретін жайт: Киелі кітапты не өзге де діни басылымдарды еденнің үстіне қою кей жерлерде мүлде сыйламағандық болып саналады.
Сыртқы көрінісімізге өте байыппен қарауымыз керек. Бұл өзгелердің біз туралы көзқарастарына әсер етеді. Бірақ сыртқы көрінісімізге мұқият қарауымыздың ең басты себебі — біздің ‘Құтқарушымыз Құдайдың ілімін көркейтуді’ қалайтынымыз (Тит. 2:10).