19-ТАРАУ
“Өзен суы аққан жердің бәрінде тіршілік пайда болады”
ОЙБАҒДАР: Ғибадатханадан ағып жатқан өзен жайлы аянның ежелдегі, қазіргі және болашақтағы орындалуы
1, 2. Езекиел 47:1—12 тармақтарға сай, Езекиел аянда не көрді және періштеден не жайлы білді? (Тараудың басындағы суретті қараңыз.)
ЕЗЕКИЕЛ ғибадатхана жайлы аянда тағы бір таңғажайып нәрсе көрді. Бұл — ғибадатханадан ағып жатқан өзен! Суы мөп-мөлдір осы өзенді бойлай кетіп бара жатқан Езекиелді елестетіп көріңізші (Езекиел 47:1—12 оқыңыз). Өзен ғибадатхананың босағасынан бастау алып, шығыс қақпа ғимаратының тұсынан сыздықтап ағып жатты. Періште Езекиелді ғибадатханадан сыртқа алып шығып, жол-жөнекей жүрген жолдарын өлшеп отырды. Тоқтаған жерлерінде періште қайта-қайта Езекиелді судан өткізді. Сонда пайғамбар судың барған сайын тереңдеп жатқанын байқады. Періште соңғы рет өлшегенде, екпіндеп аққан су тек жүзіп өтуге болатын өзенге айналды!
2 Періште Езекиелге өзеннің Өлі теңізге барып құятынын айтты. Өзеннің суы аққан жердің бәрінде теңіздің тұзды суы тұщыланып, іші балыққа толды. Ал өзеннің жағасын бойлай әртүрлі мәуелі ағаштар өсіп тұрды. Олар ай сайын нәрлі жеміс беретін, ал жапырақтары сауықтыратын. Бұл көргендерінің бәрі Езекиелдің жүрегінде үміт отын жағып, жанын жайландырды. Ғибадатхана жайлы аянның өзен жайлы осы тұсы пайғамбардың өзі үшін және оның жер аударылған басқа бауырлары үшін нені білдірді? Ал біз үшін оның мәні қандай?
Өзен жайлы аян жер аударылған яһудилер үшін нені білдірді?
3. Ежелдегі яһудилер Езекиелдің өзен жайлы аянын тура мағынада түсінген бе? Түсіндіріңіз.
3 Өзен жайлы осы аянды ежелдегі яһудилер тура мағынада түсінбегені анық. Олар бұл аянды естігенде, қалпына келу жайлы басқа бір пайғамбарлықты — екі ғасырдай ертеректе жазылып кеткен Жоел пайғамбардың сөздерін — естеріне алса керек (Жоел 3:18 оқыңыз). Жер аударылған яһудилер Жоелдің пайғамбарлығын тікелей түсініп, таулардан тура мағынада “тәтті шарап тамшылайды”, “қырлардан сүт ағады”, “Ехобаның үйінен бұлақ ағып шығады” деп ойламаған. Олар Езекиелдің пайғамбарлығында айтылған өзеннің де тура мағынадағы өзен емес екенін жақсы түсінсе керекa. Ендеше, бұл аян арқылы Ехоба не айтқысы келді? Өзен жайлы осы аянның кейбір тұстарын түсінуге Киелі жазбалар жақсы көмектеседі. Қазір аянның Ехоба Құдайдың сүйіспеншілігін паш ететін үш тұсына назар аударайық.
4. а) Езекиелдің өзен жайлы аянынан яһудилер Ехобаның батасы жайында нені түсінсе керек? ә) Киелі кітаптағы “өзен” және “су” деген сөздер Ехобаның өз халқына батасын төгетініне қалай көзімізді жеткізеді? (“Ехобаның баталарына толы өзендер” деген қоршауды қараңыз.)
4 Баталарға толы өзен. Киелі кітапта өзендер мен сулар жиі Ехобаның төгетін баталарын сипаттау үшін қолданылады. Езекиелдің аянында осындай өзен ғибадатханадан ағып жатты. Осыған қарап, Құдай халқы олар таза ғибадат еткен жағдайда ғана Ехобаның баталары төгілетінін түсінсе керек. Бұл қандай баталар еді? Бұлар бұрынғыдай діни жетекшілерден рухани тәлім алу және ғибадатханада құрбандықтар ұсынып, кешірімге ие болу еді (Езек. 44:15, 23; 45:17). Осы баталардың арқасында халық ғибадатханадан ағып жатқан таза суға шомылып шыққандай қайтадан тазармақ-тын.
5. Баталар әрдайым бәріне жеткілікті мөлшерде төгіле беретіні өзен жайлы аяннан қалай көрінген?
5 Құдайдың төгетін баталары бәріне әрдайым жете ме? Езекиелдің аяны мұндай уайымдардың кез келгенін сейілтеді. Аяннан көргеніміздей, сыздықтап аққан су екі шақырымға жетпей-ақ терең өзенге айналып, арнасы барған сайын кеңейген (Езек. 47:3—5). Демек, яһудилер отандарына оралған соң, олардың саны қанша өспесін, Ехобаның баталары молайып, бәрінің қажеттілігін қанағаттандырмақ еді. Ғибадатханадан аққан өзен, сөз жоқ, молшылықтың белгісі болған!
6. а) Аянның астарында қандай уәде жатты? ә) Аянның ескерту боларлық қандай тұсы болды? (Сілтемені де қараңыз.)
6 Тіршілік дарытатын су. Езекиелдің аянында өзен Өлі теңізге құйып, оның көп бөлігін қалпына келтірген. Соның арқасында бұл теңізде Ұлы теңіздегідей, яғни Жерорта теңізіндегідей неше түрлі балықтар пайда болған. Сол жерде тіпті балық шаруашылығы дамыған. Бұл шаруашылық Өлі теңіздің жағасындағы бір-бірінен біршама алшақ жатқан екі қаланың арасын алып жатқан. Аянда періште Езекиелге: “Өзен суы аққан жердің бәрінде тіршілік пайда болады”,— деген. Сонда бұл Ехобаның үйінен аққан су Өлі теңіздің барлық жеріне ағып баратынын білдірген бе? Жоқ. Періште тіршілік дарытатын өзен теңіздің шалшықты жерлеріне ақпайтынын айтқан. Ол жерлер “тұзды болып жата бермек” едіb (Езек. 47:8—11). Сонымен, аянның астарында мынадай уәде жатты: таза ғибадат халықты өркендетіп, қалпына келтірмек еді. Алайда аянның ескерту боларлық тұсы да болды: Ехобаның батасын бәрі бірдей қабылдап, бәрі бірдей сауықпайды.
7. Аяндағы өзенді жағалай өскен ағаштар жер аударылған яһудилерге қандай сенімділік берді?
7 Тамақ болатын әрі сауықтыратын ағаштар. Өзенді жағалай өскен ағаштар жайында не деуге болады? Олар аянның сәнін келтіріп тұр, солай емес пе?! Бұл ағаштар сонымен қатар аянның мәнін де келтіреді. Езекиел мен оның жерлестері осы ағаштардың ай сайын әкелетін дәмді жемістерін елестетіп, бір қуанып қалған шығар. Жүрек жылытар бұл көрініс Ехоба оларды рухани тамақпен қамтамасыз ететініне сенімділік берді. Ағаштардың жапырақтарының болса “сауықтыратын” күші бар еді (Езек. 47:12). Ехоба өз елдеріне оралған яһудилер ең алдымен рухани сауығуға мұқтаж болатынын білген, сондықтан оларды рухани жағынан сауықтыратынын уәде етті. Ехобаның бұл уәдесін қалай орындағаны қалпына келтіру шарасы жайлы басқа пайғамбарлықтардан көрінеді. Олар жайында осы басылымның 9-тарауында қарастырылған.
8. Езекиелдің аяны кең көлемде орындалмақ болғаны неден көрінді?
8 Біздің 9-тараудан тағы бір білгеніміз, отандарына оралған яһудилер сол пайғамбарлықтардың толық орындалуын көрмеген. Бұлай болуына халықтың өзі кінәлі еді. Олар қайта-қайта жаман жолдарына оралып, мойынсұнбай, таза ғибадатты аяқасты етті. Мұндайда Ехоба оларға батасын қайдан толық төксін?! Алайда бұл қыңыр халықтың арасында бауырларының теріс қылықтарына күйініп, азап шеккен адал жандар да болды. Олар Ехобаның уәделері ешқашан орындаусыз қалмайтынына сенімді болды. Оның уәделері әрқашан жүзеге асады (Ешуа 23:14 оқыңыз). Күндердің күнінде Езекиелдің көрген аяны кең көлемде орындалмақ еді. Бірақ қашан?
Өзен қазір де ағып жатыр!
9. Езекиелдің ғибадатхана жайлы аяны кең көлемде қашан орындалмақ-тын?
9 Осы басылымның 14-тарауынан көргеніміздей, Езекиелдің ғибадатхана жайлы аяны кең көлемде “соңғы күндерде”, яғни таза ғибадат бұрын-соңды болмағандай асқақтатылған кезде орындалмақ-тын (Ишая 2:2). Ғибадатхана жайлы сол аянның өзен жайлы тұсы бүгінде қалай орындалып жатыр?
10, 11. а) Бүгінде бізге қандай баталар өзендей ағуда? ә) Соңғы күндерде рухани шөлдеген адамдардың қарқындап көбеюіне орай Ехобаның баталары қалай молая түсті?
10 Баталарға толы өзен. Ехобаның үйінен бастау алған өзен бүгінде рухани денсаулығымызды нығайтып, мол игілік әкеліп жатқан баталарды еске салады. Олардың ішіндегі ең негізгісі — күнәмізді жуып тазартатын Мәсіхтің төлем құрбандығы. Құдай Сөзінің таза шындықтары да тазартатын әрі өмір дарытатын мөлдір су тәрізді (Ефес. 5:25—27). Осындай баталарға толы өзен біздің кезімізде қалай ағып жатыр?
11 1919 жылы Ехобаның қызметшілерінің саны небәрі бес мыңдай ғана болатын. Олар қажетті рухани ас-суларын алып, Киелі кітаптағы шындықтарды түсінгенде, қуаныштарында шек болмады! Құдай халқы жыл өткен сайын қарқындап өсіп, олардың саны бүгінде 8 000 000-нан асып жығылады. Ал шындықтың таза суы ше, ол да молайды ма? Иә! Бізге Құдай Сөзіндегі көп шындықтар ашыла түсті. Өткен ғасырда Киелі жазбалар, кітаптар мен кітапшалар, журналдар мен буклеттер Құдай халқына миллиардтаған данамен ағылып келді. Жер шары бойынша саны еселеп артып жатқан адамдардың рухани шөлін қандыру үшін, таза шындықтар да Езекиелдің аянындағы өзен сияқты молая түсті. Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер бұрыннан баспа жүзінде қолжетімді болып келді. Ал қазір ондай әдебиеттердің электронды нұсқасы jw.org сайтында 900-ден астам тілде шығады! Шындықтары арнасынан асып төгілген бұл өзен ақжүрек адамдарға қалай әсер етіп жатыр?
12. а) Шындық хабары адамдарға қалай әсер етуде? ә) Аянның қазіргі уақытта біз үшін ескерту боларлық қандай тұсы бар? (Сілтемені де қараңыз.)
12 Тіршілік дарытатын су. Аянда періште: “Өзен суы аққан жердің бәрінде тіршілік пайда болады”,— деген. Қалпына келген рухани мекенімізге қоныс тепкендердің бәріне шындық хабары қалай әсер еткені жайлы ойлап көріңізші. Киелі кітаптағы шындықтар миллиондаған ақжүрек жандарға өмір дарытты әрі рухани денсаулықтарын нығайтуға көмектесті. Алайда аянның қазіргі уақытта ескерту боларлық тұсы да бар: Өлі теңіздің батпақты, шалшықты жерлері болғанындай, шындықты бағаламай кетіп, оны өмірде қолданудан қалатын адамдар да боладыc. Солардың арасында біз де болып жүрмейік! (Мұсаның 5-жазбасы 10:16—18 оқыңыз).
13. Езекиелдің аянындағы ағаштардың біз үшін қандай мәні бар?
13 Тамақ болатын әрі сауықтыратын ағаштар. Аяндағы өзенді бойлай өскен ағаштардың біз үшін жігер боларлық зор мәні бар! Есімізде болса, бұл ағаштар ай сайын дәмді жеміс берген, ал жапырақтары сауықтырған (Езек. 47:12). Бұл бізді ең маңызды жағынан, яғни рухани жағынан жомарттықпен тамақтандырып әрі сауықтырып жатқан Құдайға қызмет етіп жатқанымызды еске салады. Бүгінгі дүние рухани ауру, рухани аш. Ал Ехоба бізді молынан қамтамасыз етіп жатыр. Журналымыздағы бір мақаланы оқып біткеннен кейін, я конгресте соңғы әнді шырқап болған соң, не болмаса видео я бродкастинг бағдарламасын көріп болғаннан кейін, осындай рухани ас-су үшін бойыңызды ризашылық кернеген бе? Біз, расында да, тоқ жүрміз! (Ишая 65:13, 14). Қабылдап жатқан ас-суымыз сондай-ақ рухани жағынан сауықтырады. Киелі кітапқа негізделген пайдалы кеңестер бізді азғындық, ашкөздік пен сенімнің жоқтығы сияқты рухани аурулардан қорғайды. Ауыр күнә жасап, рухани ауруға шалдыққан мәсіхшілерге сауығуға көмектесу үшін, Ехоба арнайы шара ұйымдастырған (Жақып 5:14 оқыңыз). Иә, Езекиелдің аянындағы ағаштардан көрінетіндей, біз Ехобаның батасына молынан кенеліп жүрміз.
14, 15. а) Аянның сауықпаған шалшықты жерлер жайлы тұсынан біз қандай сабақ аламыз? ә) Біз аяндағы өзеннің бүгінде қандай игілігін көріп жүрміз?
14 Ал аянның сауықпаған шалшықты жерлер жайлы тұсынан біз маңызды сабақ аламыз. Біз ешқашан да Ехобаның баталарына бөгет болып, олардың өмірімізге төгілуіне кедергі болғымыз келмес еді. Рухани ауру осы дүниедегі көптеген адамдар сияқты біз де сауықпай қалсақ, қандай өкінішті болар еді! (Мат. 13:15). Қайта, біз баталарға толы өзеннің барынша игілігін көрсек дейміз. Құдай Сөзіндегі шындықтың таза суынан қанып ішкенде, уағызда сол шындық жайлы басқаларға айтқанда, адал да ақылды құлдан үйренген ақсақалдардың бағыт-бағдарын, жұбанышы мен көмегін қабыл алғанда, есімізге Езекиелдің өзен жайлы аяны келер. Расында да, бұл өзен аққан жерінің бәрінде тіршілік дарытады әрі сауықтырады!
15 Өзен жайлы бұл аян болашақта қалай орындалады? Келесі абзацтардан көретініміздей, бұл өзен жұмақта бұрын-соңды болмағандай деңгейде ағатын болады!
Аянның жұмақтағы орындалуы
16, 17. Жұмақта баталарға толы өзеннің қандай игілігін көреміз? Мысал келтіріңіз.
16 Сіз өзіңіздің жұмақта отбасыңызбен және достарыңызбен бірге өмірдің бар қызығын көріп жүрген кезіңізді елестетесіз бе? Езекиелдің өзен жайлы аянын зерттесеңіз, жарқын болашағыңызды одан да анық елестете аласыз. Қалайша? Қазір аянға қайта үңіліп, Ехобаның сүйіспеншілігін паш ететін үш тұсына тағы бір рет назар аударайық.
17 Баталарға толы өзен. Жұмақта бұл өзеннің арнасы бұрын-соңды болмағандай кеңейіп, ол рухани ғана емес, тәндік игіліктер де әкелетін болады. Исаның мыңжылдық билігінің тұсында адал жандар Құдай Патшалығының арқасында төлемнің әлдеқайда көп игілігін көреді. Олар бірте-бірте кемелділікке жетеді. Індеттер, дәрігерлер, ауруханалар мен ем-шаралар дегенді атымен ұмытады! Өмір дарытатын өзеннің суы Армагеддоннан аман қалған сан миллиондаған адамға — зор алапаттан өткен “ұлы жамағатқа” — ағып барады (Аян 7:9, 14). Бірақ бұл баталар қаншалықты ғаламат болып көрінбесін, олар кейін болатын жайттармен салыстырғанда сыздықтап аққан су сияқты болып қалады! Баталарға толы өзен адамдардың көбейе түсетін қажеттіліктерінің бәрін қанағаттандыру үшін одан сайын ұлғаятын болады.
18. Қай мағынада “өмір суының өзені” мыңжылдық билік кезінде екпіндеп ағатын болады?
18 Тіршілік дарытатын су. Мыңжылдық билік кезінде “өмір суының өзені” екпіндеп ағатын болады (Аян 22:1). Қайтыс болған миллиондаған, тіпті миллиардтаған адам тіріліп, оларға жұмақта мәңгі өмір сүру мүмкіндігі беріледі! Ехоба Патшалық арқылы батасын төгіп, ғасырлар бойы жер қойнауында жатқан сансыз көп адамға өмір дарытады (Ишая 26:19). Алайда тірілген сол адамдардың бәрі мәңгі өмір сүре ме?
19. а) Неліктен жұмақта шындықтардың мөлдір таза суы әрі қарай да аға береді дей аламыз? ә) Болашақта кейбіреулер қалайша “тұзды болып жата береді”?
19 Адам мәңгі өмір сүре ме, жоқ па — бұл оның өзіне байланысты болады. Жұмақта Ехобадан келетін шындықтардың мөлдір таза суы әрі қарай да аға беретін болады. Жаңа шындықтар мен нұсқауларды қамтитын жаңа шиыршықтар ашылады. Бұл бір керемет шақ болмақ, солай емес пе?! Дегенмен жаңа нұсқауларға құлақ асқысы келмей, Ехобаға мойынсұнбауды шешетін адамдар да болады. Кейбіреулер мыңжылдық биліктің кезінде бүлік шығаруы мүмкін. Бірақ жұмақтың шырқын ешкім бұза алмайды! (Ишая 65:20). Мұндай адамдар Езекиелдің аянындағы “тұзды болып жата берген” шалшықты, сортаң жерлерді есімізге салар. Олардың тоңмойындық танытып, құн жетпес өмір суынан ішпей қоятындары неткен ақымақтық болады десеңізші! Ал кейбіреулер мың жылдан кейін Шайтанның жағына шығады. Ақырында, Ехобаның әділ билігін мойындамайтындардың бәрі мәңгілікке жойылады (Аян 20:7—12).
20. Мыңжылдық билік кезінде біздің игілігіміз үшін жасалатын қандай шара Езекиел көрген ағаштарды есімізге салады?
20 Тамақ болатын әрі сауықтыратын ағаштар. Ехоба жұмақта өмір сүретіндердің ешқайсысының мәңгілік өмірден құралақан қалғанын қаламайды. Осы тамаша мүмкіндіктен айырылып қалмауымыз үшін, ол мыңжылдық биліктің кезінде Езекиелдің аянындағы ағаштар сияқты шара жасалуын қамдайды. Ехоба жұмақта тәндік баталармен қатар рухани баталарын да төгеді. Көкте Иса Мәсіх пен 144 000 билеуші мың жыл бойы бірге патшалық етеді. Олар діни қызметкерлер ретінде Мәсіхтің төлем құрбандығының бар игілігін қолданып, адал жандарды кемелділікке жеткізеді (Аян 20:6). Тәндік те, рухани да сауықтыратын бұл шара Езекиелдің аянындағы өзенді бойлай өскен, жемістері нәр беретін, ал жапырақтары сауықтыратын ағаштарды есімізге салады. Бұл аян елші Жохан көрген басқа бір тамаша аянға қатты ұқсайды (Аян 22:1, 2 оқыңыз). Жоханның аянындағы ағаштардың жапырақтары “халықтарды сауықтыруға арналған” еді. 144 000 діни қызметкердің атсалысуымен миллиондаған адал адам “сауығып”, күнә мен өлімнен азат болады.
21. а) Езекиелдің аянындағы өзен жайлы ой жүгірткеніңіз сізге қалай әсер етті? (“Сыздықтап аққан судың өзенге айналуы” деген қоршауды қараңыз.) ә) Келесі тарауда не жайында қарастырамыз?
21 Езекиелдің аянындағы өзен жайлы ой жүгірткеніміз үмітімізді жандандырып, жанымызға жай берді, солай емес пе?! Бізді неткен керемет болашақ күтіп тұр! Ехоба көптеген пайғамбарлықтар жаздырып, жер бетінде орнайтын жұмақты тамаша суреттеген. Аян ретінде жазылған сол пайғамбарлықтардың кең көлемде орындалуын өз көзімен көрсін деп, Ехоба адамзатты жұмақтағы өмірге мыңдаған жылдан бері шыдамдылықпен шақырып келеді. Сіз сол өмірді көресіз бе? Бәлкім, сіз “жұмақта маған шынымен орын бола ма?” деп ойларсыз. Езекиел айтқан пайғамбарлықтың осыған қатысты бойымызға сенімділік ұялататын тағы бір тұсы бар. Бұл жайында келесі тарауда қарастырамыз.
a Бұған қоса, жер аударылған яһудилердің ішінде өз елдерінің жер бедерін жақсы білетіндер болған. Олар ғибадатханадан ағып жатқан бұл өзеннің тура мағынадағы өзен емес екенін түсінсе керек. Өйткені аяндағы ғибадатхана өте биік тауда тұрды, ал мұндай биік тау шын өмірде болмаған. Сондай-ақ аяннан бұл өзеннің Өлі теңізге қарай түп-түзу әрі еш кедергісіз аққанын байқауға болады. Исраилдің жер бедерін ескерсек, бұл да мүмкін емес жайт еді.
b Кейбір зерттеушілер тармақтағы бұл сөздер жағымды ойға нұсқайды деп жатады. Олар бұзылудан сақтайтын қасиеті бар тұзды жинау Өлі теңіз аймағында бұрыннан табысты кәсіп болып келе жатқанын алға тартады. Десе де тармақта “шалшықты жерлер тұщыланбайтыны”, яғни сауықпайтыны анық айтылған. Олардың сауықпай, өлі болып жата берген себебі — Ехобаның үйінен басталған тіршілік дарытатын су ол жерлерге бармаған. Сондықтан да шалшықты жерлердің тұзды болып жата беруі жағымсыз ойға нұсқаса керек (Зәб. 107:33, 34; Ерм. 17:6).
c Исаның теңізге тасталған ау туралы мысалына да назар аударайық. Ауға көп балық түскенмен, барлығы бірдей “жақсы балық” болмай шығады. Ішіндегі жарамсыздары лақтырып тасталады. Бұл мысалмен Иса Ехобаның ұйымына адамдар көптеп келгенмен, уақыт өте кейбірі адал болмай шығуы мүмкін екенін айтқан (Мат. 13:47—50; Тім. 2-х. 2:20, 21).