Сыйға алған өміріңді дұрыс бағала
‘Құрбандық ретінде Құдайға ұсынған Мәсіхтің өз қаны өлі істерімізден ар-ұжданымызды тазартпақ! Соның нәтижесінде біз мәңгі тірі Құдайға шынымен ғибадат ете аламыз’ (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 9:14, сілтемеге қараңдар).
1. Өмірді жоғары бағалайтынымыз неден көрінеді?
БІРЕУ сенен өміріңнің құнын сұраса, қанша деп айтар едің? Бәріміз де өмірді — өзіміздің де, өзгенің де — жоғары бағалаймыз. Бұған дәлел — ауырып қалғанда дәрігерге көрінеміз немесе үнемі тексеріліп тұрамыз. Себебі өмір сүргіміз келеді және денсаулығымыздың жақсы болғанын қалаймыз. Тіпті қартайғандардың не сал болып қалғандардың көпшілігі өлгісі келмейді, өмір сүре берсем дейді.
2, 3. а) Нақыл сөздер 23:22 қандай борышымызға көңіл бөледі? ә) Нақыл сөздер 23:22-де айтылған борышымызға Құдайдың қандай қатысы бар?
2 Өмірді бағалағаның адамдармен қарым-қатынасыңа әсер етеді. Мысалы, Құдай Сөзінде былай делінген: “Әкеңді тыңда, ол сені дүниеге келтірді; анаңды қартайған кезінде де сыйлайтын бол” (Нақыл сөздер 23:22). “Тыңда” деген естуді ғана емес, мойынсұнуды да білдіреді (Мысырдан шығу 15:26; Заңды қайталау 7:12; 13:18; 15:5; Ешуа 22:2; Забур 80:14). Неге Құдай Сөзі әке-шешені тыңдау керек дейді? Олардың жасы үлкен әрі өмірден көрген-білгендері мол болғандықтан ғана емес, олар ‘сені дүниеге келтіргендіктен’. Демек, өміріңді бағаласаң, сол өмірді бергендердің алдындағы борышыңды сезінесің.
3 Шынайы мәсіхші болсаң, әрине, сен Ехоба өміріңнің Бастауы екенін мойындайсың. Оның арқасында сен барсың, санасы мен сезімі бар жаратылыс ретінде ‘өмір сүріп, әрекет етудесің’ және болашақ жайлы, сонымен қатар мәңгілік өмір жайлы ойлай не жоспарлай аласың (Елшілердің істері 17:28; Забур 35:10; Екклесиаст 3:11). Нақыл сөздер 23:22-дегі сөздерге сай, өмірге деген басқа бір көзқарасты ұстанбай, оған Құдайдың өзі қалай қарайтынын түсіну мен сондай көзқарас дамытуды қалап, айтқандарын тыңдаған абзал.
Өмірді қастерлейтініңді көрсет
4. Адамзат тарихының ең басында-ақ өмірді қастерлеудің маңызды екені қалай белгілі болды?
4 Адамзат тарихының ең басында-ақ Ехоба қандай себептен болмасын, адам баласының өмірге қиянат жасауға құқы жоқ екенін анық көрсетті. Қатты қызғаныштан Қабыл кінәсіз адамның, інісі Әбілдің, өмірін үзді. Қабылдың осылай етуге құқы болды деп ойлайсың ба? Құдай олай ойламады. Ол Қабылдың жауап беруін талап етіп: “Сен не істедің? Ініңнің төгілген қаны Маған жерден үн қатып, кегін алуды сұрап тұр!” — деді (Жаратылыс 4:10). Көңіл қойшы, Әбілдің төгілген қаны оның жауыздықпен үзілген өмірін бейнеледі және Құдайға үн қатып, кегін алуды сұрады (Еврейлерге 12:24, сілтемеге қараңдар).
5. а) Нұхтың күндерінде Құдай не нәрсеге тыйым салды және ол кімге қатысты болды? ә) Салынған тыйым не нәрседегі маңызды қадам болды?
5 Топан судан кейін адамзат бар-жоғы сегіз адамнан тарады. Құдай адамдардың бәріне арналған жарлығында өмір мен қанды қастерлеу керектігін анығырақ көрсетті. Ол жануардың етін жеуге рұқсат етті, бірақ: “Қимылдап жүргендер мен кеудесінде жаны барлардың бәрі сендерге қорек болады. Өсімдіктерді бергенім сияқты, қазірден бастап сендерге бәрін де беремін. Алайда қанын шығармай тұрып, олардың етін жеуші болмаңдар, жаны қанында”,— деп тыйым салды (Жаратылыс 9:3, 4). Кейбір яһудилер бұл жерде өлмеген малдың етін жеуге не қанын ішуге болмайтыны жайлы айтылған деп түсіндіреді. Бірақ уақыт өте келе, бұл сөздермен Құдайдың өмірді қолдау үшін қанды пайдалануға тыйым салғаны анықталды. Оның үстіне, Құдайдың Нұх арқылы берген нұсқауы қанмен байланысы бар өзінің ұлы ниетін, яғни адамзаттың мәңгілік өмір сүруіне мүмкіндік беретін ниетін, жүзеге асырудағы маңызды бір қадам болды.
6. Нұх арқылы Құдай өмірді қастерлі деп қарастыратынын қалай көрсетті?
6 Құдай әрі қарай былай деді: “Сендердің қандарың төгілетін болса, Мен сол үшін есеп беруді талап ететін боламын. Кез келген аңнан және кісіден адамның өмірі үшін есеп беруді талап етемін. Кімде-кім адамның қанын төксе, оның да қаны адам арқылы төгілетін болады, себебі Құдай адамды Өзіне ұқсас етіп жаратты” (Жаратылыс 9:5, 6). Бүкіл адамзатқа айтылған осы сөздерден байқағаныңдай, Құдай адамның қанын оның өмірі деп қарастырады. Адамға өмір беретін Жаратушы, сондықтан қан арқылы бейнеленген сол өмірді үзуге ешкімге рұқсат жоқ. Егер Қабылға ұқсап біреу кісі өлтірсе, Жаратушының ‘есеп беруді талап етуге’, яғни кісі өлтірушіні өмірінен айыруға, құқы бар.
7. Құдайдың Нұх арқылы қанға байланысты айтқан сөздері неге бізді қызықтыру керек?
7 Осы сөздермен Құдай адамдарға қанды қолдануда белгілі бір шек қойды. Неге екенін ойланып көрдің бе? Расында да, Құдайдың қанды бұлай қарастыруына не себеп болды екен? Бұл сұрақтың жауабы Киелі кітаптың ең маңызды ілімдерінің бірімен байланысты. Көптеген шіркеулер бұған мән бермесе де, ол — мәсіхшілер ілімінің өзегі. Ол қандай ілім және сенің өміріңе, шешімдеріңе, іс-әрекеттеріңе қандай қатысы бар?
Қанды қалай дұрыс қолдануға болады?
8. Таурат заңында Ехоба қанды қолдануға байланысты қандай шектеу қойған?
8 Ехоба Исраилге Таурат заңын беріп, өзінің өмір мен қанға байланысты көзқарасын айқындай түсті. Сонымен қатар ол ниетін жүзеге асыруда тағы бір қадам жасады. Таурат заңы Құдайға құрбандық ретінде астық, май мен шараптан сый-тартулар жасауды талап ететінін білетін боларсың (Леуіліктер 2:1—4; 23:13; Руларды санау 15:1—5). Сондай-ақ құрбандыққа мал шалынатын. Бұған қатысты Құдай: ‘Тәннің жаны қанда, және Мен оны жандарыңды тазарту үшін, құрбандық шалатын орынға арнап белгіледім, өйткені бұл қан жанды тазартады. Сондықтан мен Исраил ұлдарына ешбір жан қанды жемеу керектігін айттым’,— деді. Ехоба егер әлдекім аңды немесе малды жеу үшін өлтірсе, қанын жерге ағызып, топырақпен көміп тастау керектігін айтты. Жер — Құдайдың табан тіреніші, сондықтан адам қанды жерге ағызуымен өмірдің Иесіне қайтарылатынын мойындайды (Леуіліктер 17:11—13; Ишая 66:1).
9. Таурат заңы бойынша қан тек қалай қолданылуы керек еді және оның мақсаты қандай болды?
9 Таурат заңы біз үшін маңызы жоқ жай ғана діни ғұрып емес еді. Исраилдіктердің қанды неге жемегеніне көңіл бөлдің бе? Құдай: “Сондықтан мен Исраил ұлдарына ешбір жан қанды жемеу керектігін айттым”,— деді. Не себепті? “Мен оны [қанды] жандарыңды тазарту үшін, құрбандық шалатын орынға арнап белгіледім”. Осы сөздерден Құдайдың Нұх арқылы неге қаны шықпаған етті жеуге адамдарға тыйым салғаны көрініп тұр емес пе? Жаратушы қанға аса мән беріп, көптеген адамның өмірін сақтап қалу үшін ерекше түрде қолданбақ болды. Қан күнәнің құнын өтеу үшін аса маңызды қызмет атқармақ еді. Таурат заңы бойынша, қанды құрбандық шалатын орында Ехобаның кешіргенін қалайтын исраилдіктердің өмірінің құны ретінде ғана қолдануға рұқсат етілді.
10. Малдың қаны неге біржола кешірім бере алмады және Таурат заңы бойынша, құрбандық шалу нені еске салып отырды?
10 Бұл түсінік өзін мәсіхшімін дейтіндерге жат емес. Құдайдың алдын-ала қарастырған Таурат заңының осындай ерекшелігіне нұсқап, мәсіхші Пауыл: “Таурат заңы бойынша бәрі дерлік қанмен тазартылады. Қан төгілмей, Құдай күнәны кешірмейді”,— деп жазды (Еврейлерге 9:22). Пауыл талап етілетін бұл құрбандық исраилдіктерді күнәсіз, кемелді ете алмайтынын анық көрсетіп, былай деді: “Жылма-жыл ұсынылатын құрбандықтар адамдардың жасаған күнәларын естеріне түсіріп қана отырады. Өйткені құрбандыққа шалынған бұқалар мен қошқарлардың қаны адамның күнәсын өтеп, тазарта алмайды” (Еврейлерге 10:1—4). Дегенмен бұндай құрбандықтың белгілі бір мақсаты болған. Бұл исраилдіктердің біржола кешірім алу үшін бұдан да зор құрбандықты керек ететін күнәкар адамдар екендіктерін естеріне салып отырды. Ал малдың өмірін білдірген қан адам күнәсын өтей алмаса, өтей алатын басқа қан бар ма?
Өмір берушінің құтқарылуға арналған шарасы
11. Малдың қаны құрбандық етудің бейнелі мағынасы болғанын қайдан білеміз?
11 Шын мәнінде, Таурат заңы Құдай ниетінің орындалуына байланысы бар әлдеқайда маңызды жайтқа нұсқаған. Пауыл: “Онда, Таурат заңының атқаратын қызметі қандай?” — деп сұрақ қойды. Сөйтіп өзі жауап беріп: “Ол күнәларды әшкерелеу үшін қосымша ретінде берілді. Тәңірдің уәдесі Ыбырайымның Ұрпағы Мәсіхке байланысты; Ол келгенше, Таурат заңы күшінде тұрды. Періштелер мұны халыққа арада жүрген Мұса пайғамбар арқылы жеткізген еді”,— деді (Ғалаттықтарға 3:19). Сондай-ақ Пауыл: “Таурат заңы Құдайдың адамдарға дайындап қойған жарылқауының өзі емес, оның күңгірт жобасы ғана”,— деп жазды (Еврейлерге 10:1).
12. Қанға байланысты Құдай ниеті қалай ашыла түсті?
12 Сонымен қорытындыласақ, Нұхтың күнінде Құдай адамдарға өмірлерін қолдау үшін жануардың етін жеуге рұқсат берді, алайда қанын жеуге тыйым салды. Кейінірек Құдай “тәннің жаны қанда” екенін айтты. Ол қанды өмір ретінде қарастыруды ұйғарып: “Мен оны жандарыңды тазарту үшін, құрбандық шалатын орынға арнап белгіледім”,— деді. Алайда Құдайдың бұған қатысты ниеті әлі де ашыла түсу керек еді. Таурат заңы келешек жарылқаудың күңгірт жобасы еді. Ол қандай жарылқау?
13. Неге Исаның өлімі маңызды болды?
13 Таурат заңындағы құрбандыққа қатысты бейнелер Иса Мәсіхтің өліміне нұсқады. Исаны азаптап, бөренеге шегелеп өлтіргенін білесің. Ол қылмыскер сияқты өлді. Пауыл былай деді: “Ақталуға ешқандай шарамыз болмай тұрғанда, Мәсіх Құдай алдын ала белгілеп қойған уақытында күнәкар біздер үшін жанын қиды! Әлі де күнәкар болып жүрген кезімізде біз үшін Мәсіх өмірін құрбан етті. Осы арқылы Құдай бізге Өзінің зор сүйіспеншілігін дәлелдеді” (Римдіктерге 5:6, 8). Мәсіх біз үшін өліп, бізді күнәдан азат ететін төлеммен қамтамасыз етті. Бұл азаттық төлем — мәсіхшілер ілімінің өзегі (Матай 20:28; Жохан 3:16; 1 Қорынттықтарға 15:3; 1 Тімотеге 2:6). Оның өмір мен қанға қандай қатысы бар және сенің өміріңе қалай әсер етеді?
14, 15. а) Кейбір аудармаларда Ефестіктерге 1:7-де қалай Исаның өліміне баса көңіл бөлген? ә) Ефестіктерге 1:7-ні қарастырғанда, не ескерілмей қалуы мүмкін?
14 Кейбір шіркеулерде Исаның өліміне баса көңіл бөледі, сондықтан олардың сенушілері “Иса мен үшін өлді” деген сияқты сөздер айтады. Кейбір Киелі кітап аудармашыларының Ефестіктерге 1:7-ні қалай аударғанына көңіл бөлейікші: “Оның өзі және өлімі арқылы азаттық аламыз, яғни айыптарымыздан арыламыз” (Фрэнк Шэйл Бэлинтайнның аудармасы “The American Bible”, 1902). “Мәсіхтің өлімі арқылы азаттыққа жеттік және күнәларымыз кешірілді” (“Today’s English Version”, 1966). “Мәсіх арқылы және оның өз өмірін құрбан етуі арқылы бостандық алдық, ал бостандық күнәларымыздың кешірілгенін білдіреді” (Уильям Баркли аудармасы “The Translator’s New Testament”, 1969). “Мәсіхтің өлімі арқылы күнәларымыз кешірілді және азат етілдік” (“The Translator’s New Testament”, 1973). Осы аудармаларда, өзің байқағандай, негізінен Исаның өліміне көңіл бөлінген. Кейбіреулер: “Алайда Исаның өлімінің маңызды екені рас қой. Бұл аудармалардың несі дұрыс емес?” — дейтін шығар.
15 Егер тек осындай аудармаларды оқитын болсаң, Киелі кітап хабарын толық түсінуге қажет өте маңызды бір ойды ескермей қалуың мүмкін. Бұндай аудармалар Ефестіктерге 1:7-де грек тіліндегі түпнұсқада “қан” дегенді білдіретін сөз бар екенін көрсетпейді. Ал көптеген Киелі кітаптарда бұл тармақ түпнұсқаға өте жақын аударылған. Мысалы, қазақ тіліндегі Киелі кітапта былай делінген: ‘Мәсіхтің құрбан болып, қаны төгілуімен төлеміміз өтеліп, біздер жамандықтың құлдығынан азат етіліп, күнәларымыз кешірілді. Осылайша Құдай шексіз зор рақымын [жаудырды]’.
16. ‘Мәсіхтің қаны’ деген сөздер есімізге қандай жайтты салады?
16 ‘Мәсіхтің қаны’ деген сөздердің астында терең ой жатыр және ол есімізге көп нәрсені түсіреді. Жай ғана өлім, тіпті кемелді болған Исаның өлімі, жеткіліксіз болған. Иса арқылы Таурат заңындағы бейнелер, әсіресе Тазару немесе Ұлы кешірім күнімен байланысы барлары, жүзеге асты. Осы ерекше күні белгілі бір малдар құрбандыққа шалынатын. Кейін бас діни қызметкер олардың қанын алатын да, киелі шатырдың не ғибадатхананың ең қасиетті бөлмесіне кіретін. Сол жерде оны Құдайдың өзіне ұсынғандай ұсынатын (Мысырдан шығу 25:22; Леуіліктер 16:2—19).
17. Иса Ұлы кешірім күніндегі бейнелерді қалай жүзеге асырды?
17 Пауылдың түсіндіруі бойынша, Ұлы кешірім күніндегі бейнелерді жүзеге асырған — Иса. Пауыл алдымен Исраилде бас діни қызметкердің ең қасиетті бөлмеге құрбандыққа шалынған қанды “өзінің және халықтың білмей жасаған күнәларын өтеу үшін” жылына бір рет кіретінін айтты (Еврейлерге 9:6, 7). Осыған сәйкес, Иса рух ретінде қайта тірілді де, көкке көтерілді. Денесі қан мен тәннен тұрмайтын рух болғандықтан, ол ‘Құдайдың алдында тұрып, бізді қолдай’ алды. Ол Құдайға не ұсынды? Көзге көрінетін емес, одан әлдеқайда маңызды нәрсені ұсынды. Пауыл бұны былай деп түсіндірді: “Бас діни қызметкеріміз Мәсіх... құрбандыққа шалынған қошқарлар мен бұзаулардың қанын емес, Өзінің құрбан болған кезінде төгілген қанын осы киелі үйдің ең қасиетті бөліміне... алып кірді. Осылайша Ол бізді күнәмыздан арылтып, мәңгілік азат етті. Таураттың ережелеріне сай арам деп есептелгендерге құрбандыққа шалынған қошқардың не бұзаудың қаны... арқылы олар сырттай тазаратын. Олай болса, мәңгілік Киелі Рухқа кенелген, Өзін мүлдем кемшіліксіз құрбандық ретінде Құдайға ұсынған Мәсіхтің өз қаны өлі істерден ар-ұжданымызды одан бетер арылтып тазартпақ! Соның нәтижесінде біз мәңгі тірі Құдайға шынымен ғибадат ете аламыз”. Иә, Иса Құдайға өз қанының құнын ұсынды (Еврейлерге 9:11—14, 24, 28; 10:11—14; 1 Петір 3:18).
18. Киелі кітаптағы қан жайлы айтылған сөздер бүгінде мәсіхшілер үшін неге маңызды болу керек?
18 Құдайдың бұл шындығы бізге Киелі кітапта қанға қатысты айтылған терең ойларды толық түсінуге мүмкіндік береді. Мысалы: Неге Құдай қанды қастерлі деп бекітті? Оған біздің көзқарасымыз қандай болуы керек? Қанды қолдануға байланысты Құдай қойған шектеуді неге құрметтеуіміз керек? Мәсіхшілердің Грек жазбаларын оқығанда Мәсіхтің төгілген қаны деген сияқты тіркестер көп кездеседі. (Қоршауға қараңдар.) Бұлар әрбір мәсіхшінің неге Мәсіхтің ‘төгілген қанына’ сену керектігін айқын көрсетеді (Римдіктерге 3:25). Тек “[Мәсіхтің] қанын төгіп, құрбан болғандығының арқасында” ғана кешірім алып, Құдаймен тату қарым-қатынасқа ие бола аламыз (Қолостықтарға 1:20). Бұл, әрине, Исамен көкте патшалық ету үшін бекітілген ерекше келісімге кіргендерге қатысты (Лұқа 22:20, 28—30; 1 Қорынттықтарға 11:25; Еврейлерге 13:20). Сондай-ақ алдағы ауыр азаптан аман өтіп, жұмақ орнаған жерде мәңгі өмір сүретін бүгінгі ‘өте үлкен тобырға’ да қатысты. Бейнелі сөзбен айтқанда, олар “шапандарын Тоқтының төгілген қанымен “жуып” аппақ қылды” (Аян 7:9, 14).
19, 20. а) Неге Құдай қанды қолдануда шектеу қойды және біз оған қалай қаруымыз керек? ә) Осыған байланысты бізді қандай сұрақ қызықтыру керек?
19 Құдайдың қанға ерекше мән беріп қарайтыны анық. Біздің де көзқарасымыз сондай болу керек. Өмірді бағалы деп қарастыратын Жаратушының адам баласына қанды қолдануда шек қоюына құқы бар. Ол біздің өмір сүргенімізді қалағандықтан, қанды ерекше түрде қолдануды ұйғарды. Себебі тек сонда ғана мәңгілік өмірге жол ашылатын еді. Бұл шара Исаның төгілген бағалы қанымен байланысты. Ехоба Құдай Исаның қанын біздің игілігімізге қолданып, бізді құтқарғаны үшін дән ризамыз! Біз үшін құрбан болып, қанын төккен Исаға да қаншалықты риза болуымыз керек десеңші! Әрине, біз Жоханның келесі сөздеріндегі сезіміне ортақпыз: “Мәсіх бізді сүйіп, Өзін құрбан етіп, қанын төгуімен күнәларымыздан тазартып арылтты, һәм бізді өз Құдайы және Әкесіне бағышталған қызметкерлердің патшалығы қылды. Оның салтанатты ұлылығы мен құдіреті мәңгілік бола бермек! Аумин” (Аян 1:5, 6).
20 Өмір беруші әрі даналығы шексіз Құдайымыз о бастан осындай өмір сақтау шарасын ойластырып қойған болатын. Біз өзімізден “Бұл біздің қабылдаған шешіміміз бен іс-әрекеттерімізге қалай әсер ету керек?” — деп сұрауымызға болады. Келесі мақалада осы сұрақ қарастырылады.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Нұх пен Әбіл жайлы оқиғадан Құдайдың қанды қалай қарастыратыны жайлы не білдік?
• Таурат заңында Құдай қанды қолдануға байланысты қандай шек қойды және неге?
• Иса Ұлы кешірім күніндегі бейнелерді қалай жүзеге асырды?
• Исаның төгілген қаны өмірімізді қалай аман алып қалады?
[12-беттегі қоршау]
ӨМІРДІ КІМНІҢ ҚАНЫ САҚТАЙДЫ?
“Енді өздеріңе де, Киелі Рух бақыла деп берген барлық қауымға да қараңдар! Шопан қойын қалай бақса, сендер де Құдай Иеміздің өз қанын төгіп, иемденген қауымына солай қамқор болыңдар!” (Елшілердің істері 20:28).
“Енді біз Мәсіхтің қаны төгіліп құрбан болғандығы арқылы ақталған соң, Оның арқасында Құдайдың қаһарынан мәңгілік құтқарылатынымыз да сөзсіз!” (Римдіктерге 5:9).
“Сендер Мәсіхтен мүлдем қашық болып, Исраил үмбетінен тыс және Құдайдың келісімдерінде берген уәделерінен шет қалдыңдар. Құдайды танымай, үмітсіз өмір кештіңдер. Алайда Иса Мәсіхтің қанын төгіп, құрбан болғандығы арқылы бұрын қашық жүрген сендер енді Құдайға жақындадыңдар” (Ефестіктерге 2:12, 13).
“Құдай Өзінің бүкіл болмысының рухани Ұлында тұруын ұнатты. Ол арқылы жер мен көктегі барлық нәрсені Өзімен татуластыруды, яғни Оның айқышта қанын төгіп, құрбан болғандығының арқасында татулық орнатуды қалады” (Қолостықтарға 1:19, 20).
“Сонымен, бауырластар, Иса Мәсіхтің өз қанын төккенінің арқасында... еш қысылмастан ең қасиетті орынға кіре аламыз” (Еврейлерге 10:19).
“Ата-бабаларыңнан жеткен пайдасыз өмір салтынан азат болуларың үшін не төленгенін білесіңдер... Құдайдың мінсіз де мүлтіксіз “Тоқтысы” — Мәсіхтің Өзі құрбан болып, Баға жетпес қанын төгуімен Құтқарылуларыңның құнын төледі” (1 Петір 1:18, 19).
“Егер Құдайға ұқсап нұрда тұрсақ, онда өзара байланыста боламыз және Оның рухани Ұлы Исаның төгілген қаны бізді барлық күнәларымыздан тазартады” (1 Жохан 1:7).
“Сен лайықсың кітапты қолыңа алуға, мөрлерін бұзып, оны ашуға! Өйткені Өзіңнің құрбан болып, қаныңды төгуің арқылы әрбір ру, тіл, ұлт және халықтан шыққандардың төлемдерін өтеп, Құдайға арнадың оларды” (Аян 5:9).
“Бауырластарымызға жала жауып келген шайтан көктен лақтырылып тасталды... Бауырластарымыз “Тоқтының” өз жанын құрбан етіп, қанын төгуінің арқасында және өздерінің Ізгі хабарды қабылдап, ашық мойындауларымен жеңіске қол жеткізді” (Аян 12:10, 11).
[10-беттегі сурет]
Құдай Таурат заңы арқылы қанның күнәларды кешіруге қатысы бар екенін анық көрсетті
[11-беттегі сурет]
Исаның төгілген қаны арқылы көп адам аман қала алады