Сол ‘жерді кезіп шық’
“Тұр да, жолға жиналып, бүкіл жердің түкпір-түкпірін кезіп шық” (ЖАРАТЫЛЫС 13:17).
1. Құдай Ыбырайымға қандай ерекше тапсырма берген?
СЕН саяхат жасауды ұнатасың ба? Кейбіреулер демалыс күні көлікке мініп алып, ауылды жерлерге саяхат жасайды. Тағы біреулер жаттығу үшін әрі табиғатты тамашалау үшін саяхатқа велосипедпен шыққанды ұнатады. Басқалар болса, айналаны тамашалап, асықпай серуендеу үшін жаяу жүруді таңдайды. Әдетте мұндай саяхаттар ұзаққа созылмайды. Бірақ Құдайдың: “Тұр да, жолға жиналып, бүкіл жердің түкпір-түкпірін кезіп шық, өйткені оны саған беремін”,— деген сөздерін естігенде Ыбырайымның не сезінгенін ойлап көрші (Жаратылыс 13:17).
2. Мысырдан шығып, Ыбырайым қайда барды?
2 Осы сөздердің мәнмәтініне көңіл аударайық. Ыбырайым әйелі екеуі үй ішімен бірге уақытша Мысырда тұрған. Жаратылыс кітабының 13-тарауында олардың Мысырдан шығып, малдарын айдап “Қанаханның оңтүстік аймағына [Негевке]” қарай көшкендері айтылады. Одан соң Ыбырайым “оңтүстік аймақтан [Негевтен] шығып, Бетелге бағыт алып, жер-жерді аралап көшіп-қонып жүрді”. Кейін Ыбырайым мен немере інісі Луттың малшыларының арасында дау-жанжал туып, тағы басқа жайылым табуға тура келгенде, Ыбырайым кеңпейілділік танытып Луттың жерді бірінші таңдауына мүмкіндік береді. Лут “Иордан бойындағы бүкіл аймақты”, “Едем бағы” сияқты шұрайлы алқапты, таңдайды да, Содомға қоныс тебеді. Сонда Құдай Ыбырайымға: “Айналаңа көз тастап, тұрған жеріңнен бастап солтүстік пен оңтүстікке, шығыс пен батысқа қара”,— деді. Бетелдің жанындағы қыратты жерге болса керек, шығып алып, Ыбырайым жердің басқа да бөліктерін көре алған. Бірақ оны айналаға көз тастау ғана емес, анағұрлым зор іс күтіп тұрды. Құдай оған сол ‘жердің түкпір-түкпірін кезіп шығып’, оның аймақтарының табиғатымен жақынырақ танысып шығуды ұсынды.
3. Неге Ыбырайым жүрген жерлерді көз алдымызға елестету қиын?
3 Ыбырайым Хебронға жеткенге дейін қаншама жерді шарлағаны бізге белгісіз, бірақ Уәде етілген жерді ол көбімізден жақсы білгені анық. Осы мәліметте аталған жерлер туралы ойланып көрейік: Негев, Бетел, Иордан алқабы, Содом және Хеброн. Бұл аймақтардың орналасқан жерлерін елестете аласың ба? Көпшілігіміз бұл жерлерді елестете алмаймыз, себебі Ехобаның халқының ішінде Киелі кітапта жазылған жерлердің түкпір-түкпірін кезіп шыққан адамдар өте аз. Сөйтсе де біз Киелі кітапта жазылған аймақтарды білуге шын ниетпен талпынуымыз керек. Неге?
4, 5. а) Нақыл сөздер 18:15 Киелі кітапта аталған жерлермен жақсырақ танысу үшін зерделілік қажет екенін қалай көрсетеді? ә) Софонияның екінші тарауында не суреттеледі?
4 Құдай Сөзінде: “Зерделінің санасы білімді иемденер, дананың құлағы білімді іздей берер”,— деп жазылған (Нақыл сөздер 18:15). Зерттеу арқылы көп нәрселер жайында білуге болады, алайда Ехоба Құдай мен оның істері жайлы тура білімге ие болу бәрінен де маңызды. Киелі кітапты оқу осындай білімге ие болудың бірден-бір жолы екенінде сөз жоқ (2 Тімотеге 3:16). Алайда ‘зерделі’ болуға тағы не жататынына көңіл бөліңдерші. Бұл — жағдайдың мән-жайын жете түсіну, жайттардың өзара және толық бір-бірімен байланысын байқай немесе түсіне білуді білдіреді. Киелі кітапта аталған жерлерге қатысты мәліметті түсіну үшін де осы қасиет қажет. Мысалы, көбіміз Мысырдың қай жерде екенін білеміз, бірақ Ыбырайымның Мысырдан шығып Негевке, одан соң Бетелге, кейін Хебронға барғаны туралы мәліметті қаншалықты жете түсінеміз? Бұл жерлердің өзара қандай қашықтықта орналасқанын білеміз бе?
5 Немесе Киелі кітапты күнделікті оқу кестесі бойынша бәріміз де Софонияның екінші тарауын оқыған шығармыз. Онда қалалардың, халықтардың және жерлердің атаулары жазылған. Газа, Ашқалон, Азот, Ақарон, Содом және Ниневи, сол сияқты Қанахан, Моаб, Аммон, және Ассур — осы атаулардың бәрі бір тарауда кездеседі. Кезінде шын болған және пайғамбарлықтардың өз өмірлерінде орындалуының куәсі болған халықтар өмір сүрген жерлерді көз алдымызға қаншалықты жақсы елестете аламыз?
6. Неге кейбір мәсіхшілер карталардың бағалы екенін түсінеді? (Қоршауды қараңдар.)
6 Құдай Сөзін зерттеуші көп адам Киелі кітаптың жерлері көрсетілген карталарын қолданудың зор пайдасын көрген. Олар карталарды ұнататындықтан емес, Құдай Сөзін жақсырақ түсіну үшін қолданады. Сонымен қатар карталарды қолдану мәліметті тереңірек түсінуге және осы уақытқа дейін білген нәрселерінің басқа мәліметтермен қандай байланысы бар екенін көруге көмектеседі. Кейбір мысалдарды қарастырудың барысында мүмкін сен де Ехобаға деген ризашылығыңды арттырып, оның Сөзіндегі мәліметтерді тереңірек түсінетін шығарсың. 14 беттегі қоршауды қара.
Ара қашықтықты білу түсінікті тереңдетеді
7, 8. а) Самсон Газада қандай таңғаларлық іс жасады? ә) Қандай мәлімет Самсонның ерлігін жаңа қырынан көрсетеді? б) Самсон туралы осы мәлімет бізге қалай көмектеседі?
7 Билер 16:2-де Самсонның Газаға келгені жазылған. Бүгінде Газа жайлы жиі жаңалықтардан естуге болады, сондықтан Самсонның шамамен қай жерде болғанын біле аласың, бұл Жерорта теңізінің жағалауындағы Філістір жері. [11] Енді Билер 16:3-ке назар аударайықшы: “Самсон түн ортасына дейін ұйықтап жатты; түн ортасында төсегінен тұрып қала қақпаларының есіктерін құлыптаулы тұрған күйінде жақтауларымен қоса жұлып алып, иықтарына салды да Хебронға бара жатқан жолдағы таудың шыңына апарып тастады”.
8 Газа сияқты мықты бекінген қаланың қақпасы мен жақтаулары үлкен әрі ауыр болғанында сөз жоқ. Оларды көтерудің қандай екенін ойлап көрші! Самсон сол қақпаларды көтерген, бірақ ол есіктерді қайда апарған және ол қандай жермен жүріп өткен? Газа теңіз жағалауында шамамен теңіз деңгейімен бірдей биіктікте орналасқан. [15] Ал Хеброн болса Газаның шығыс жағында 900 метр биіктікте орналасқан — тауға шығу деп осыны айт! Біз ‘Хебронға бара жатқан жолдағы таудың шыңы’ анық қай жерде болғанын білмейміз, бірақ Хеброн Газадан шамамен 60 шақырым қашықтықта орналасқан. Әрі оған бару үшін өрге көтерілу керек болған! Самсонның қандай жол жүргенін білгенде, енді оның ерлігіне жаңаша көзбен қараймыз, солай емес пе? Оның үстіне, Самсонның неге мұндай ерлік жасағанын есімізге түсірейікші: “Оған Тәңірдің рухы қонды” (Билер 14:6, 19; 15:14). Бүгінде Құдай рухы бізге табиғаттан тыс күш дарытады деп күте алмаймыз. Дегенмен сол қуатты рух терең рухани нәрселерді жете түсінуге және жан дүниемізді нығайтуға көмектесе алады (1 Қорынттықтарға 2:10—16; 13:8; Ефестіктерге 3:16; Қолостықтарға 1:9, 10). Иә, Самсон туралы мәліметті түсінгеніміз Құдай рухының бізге көмектесе алатынына көзімізді жеткізе түседі.
9, 10. а) Гедеон мадиандықтарды жеңу үшін қандай әрекеттер жасады? ә) Осы жердің географиялық ерекшеліктерін білгеніміз бұл мәліметті жақсырақ түсінуімізге қалай көмектеседі?
9 Гедеонның мадиандықтармен шайқасып, жеңіске жеткені туралы оқиға да ара қашықтықты білудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Киелі кітапта оқырмандарының көбісі Гедеон мен оның 300 әскері Море тауының жанындағы Езрел жазығына қос тіккен мадияндықтар, амалектіктер мен басқа халықты қосқанда 135 000 адамнан тұратын әскердің тас-талқанын шығарғанын біледі. [18] Гедеонның адамдары керней тартып, оттарын жасырып алып келген құмыраларын қиратады да: “Тәңір мен Гедеонның семсері!” — деп айқай салады. Мұны естігенде үрейлері ұшып, қатты сасқан жау әскері бірін-бірі өлтіре бастайды (Билер 6:33; 7:1—22). Оқиғаның бәрі осымен аяқталды деуге бола ма? Әрі қарай Билер кітабының 7-ші және 8-ші тарауларын оқысақ, Гедеон шабуылын әрі қарай жалғастырғанын көреміз. Бұл тарауларда аталған кейбір жерлерді бүгінде анықтау мүмкін емес, сондықтан олар Киелі кітап карталарында да көрсетілмеген. Дегенмен біраз жерлер белгілі. Гедеонның әрекеттерін бақылай алу үшін бізге соның өзі жеткілікті.
10 Гедеон жау әскерінің тамтығын Бет-Шиттадан асырып, оңтүстікке қарай Иорданның жанындағы Абел-Мехолаға дейін қуып тастайды (Билер 7:22—25). Киелі кітапта: “Гедеон Иорданға келіп, қасындағы үш жүз адамымен бірге кесіп өтті. Олар жауды қуамыз деп әбден қалжыраған еді”,— деп жазылған. Арғы бетке өткен соң, исраилдіктер жау әскерін қуып отырып, Ябоктың қасындағы Соқот пен Пенуелге дейін, одан соң Иогбеханың қасындағы (қазіргі Амманның төңірегі, Иордания) тауларға дейін жетеді. Жауларын қуып жүріп олар шамамен 80 шақырым жүріп өтеді. Мадиандықтардың екі патшасын ұстап алып, өлтірді; одан соң Гедеон өз қаласына, соғыс басталған жерге таяу орналасқан Офраға қайтады (Билер 8:4—12, 21—27). Гедеон бірнеше минут керней тартып, құмыраларын қиратып, айқайлаумен қана шектеліп қойған жоқ, ол бұдан анағұрлым көп ерлік жасағаны сөзсіз. Осы жайында ой жүгірте отырып, сенімі берік адамдар туралы келесі сөздердің қаншалықты тура айтылғанын жақсырақ түсінеміз: ‘Гедеон [мен басқалар] туралы әңгімелеуге уақытым жетпес те еді. Олар әлсірегенде Құдайдан күш алып, ұрыс-шайқаста нығайған’ (Еврейлерге 11:32—34). Мәсіхшілердің де шаршайтын кездері болады, бірақ Құдайдың еркін орындай бергеніміздің маңызы зор емес пе? (2 Қорынттықтарға 4:1, 16; Ғалаттықтарға 6:9).
Адамдардың ниеті мен әрекеттерін түсіну
11. Исраилдіктер Қадешке жеткенге дейін және одан кейін қандай жол жүрді?
11 Кейбіреулер Киелі кітап карталарын ондағы жерлерді анықтау үшін қолданатын болар, бірақ қалай ойлайсың, жерлердің ерекшеліктерін білу арқылы адамдардың ой-ниетін анықтауға бола ма? Мысал ретінде исраилдіктердің Синай тауынан Уәде етілген жерге көшкен кезін алайық. Жол-жөнекей кейбір жерлерге тоқтай отырып, олар ақырында Қадешке жетеді. [9] Заңды қайталау 1:2-де бұл шамамен 270 шақырым, немесе он бір күндік жол ретінде суреттеледі. Осы жерден Мұса он екі барлаушыны Уәде етілген жерге жібереді (Руларды санау 10:12, 33; 11:34, 35; 12:16; 13:1—3, 25, 26). Барлаушылар Негев арқылы солтүстікке жүреді, одан соң Бер-Шеба мен Хеброннан өткен болуы мүмкін, ақырында олар Уәде етілген жердің солтүстік шекарасына дейін жетеді (Руларды санау 13:21—24). Он барлаушының бұрмаланған жағымсыз хабарына құлақ асқандықтан, исраилдіктердің шөл даланы қырық жыл бойы кезіп жүрулеріне тура келді (Руларды санау 14:1—34). Бұдан олардың сенімдері мен Ехобаға сенім артуға қаншалықты дайын екендіктері туралы не білуге болады? (Заңды қайталау 1:19—33; Забур 77:22, 32—43; Яһуда 5).
12. Исраилдіктердің сенімі туралы қандай тұжырым жасауымызға болады және неге бұл туралы ой жүгірткеніміз дұрыс?
12 Осы оқиғаны географиялық тұрғыдан қарастырайық. Исраилдіктер сенім білдіргенде және Ешуа мен Халептің кеңесіне құлақ асқандарында Уәде етілген жерге жету үшін ұзақ жол жүрер ме еді? Қадеш Ысқақ пен Рабиға тұрған Беэр-Лахай-Рой деген жерден 16 шақырымдай қашықтықта орналасқан болатын. [7] Бұл жерден Уәде етілген жердің оңтүстік шекарасы болып есептелген Бер-Шебаға дейінгі аралық 95 шақырымнан да аз еді (Жаратылыс 16:14, сілтемені қараңдар; 24:62; 25:11; 2 Патшалықтар 3:10). Мысырдан Синай тауына, одан 270 шақырым жүріп отырып Қадешке келген олар Уәде етілген жердің табалдырығында тұрғандай еді. Біз де бүгінде жер бетіндегі уәде етілген Жұмақтың табалдырығында тұрмыз. Өзіміз үшін қандай сабақ алуымызға болады? Елші Пауыл исраилдіктердің жағдайын айта келе, былай деп кеңес берген: “Сондықтан ешқайсымыз ата-бабаларымыз сияқты бағынбаушылыққа бола сол тыныштықтан құр қалмау үшін оны иемденуге жан сала ұмтылайық!” (Еврейлерге 3:16—4:11).
13, 14. а) Гибеондықтардың шешуші қадам жасауларына не әсер етті? ә) Гибеондықтардың ой-қалпынан не байқауға болады және біз бұдан қандай сабақ алуымыз керек?
13 Киелі кітаптың гибеондықтар туралы әңгімесінен басқаша ой-қалып, Құдайға сенім арту мен оның еркін дайындықпен орындау, анық көрінеді. Ешуа исраилдіктерді Иордан өзенінен өткізіп, Құдай Ыбырайымның отбасына уәде еткен жерге кіргізген соң, қанахандықтарды ол жерден қуып шығатын уақыт келді (Заңды қайталау 7:1—3). Қанахандықтардың арасында гибеондықтар да бар еді. Иерихон мен Айды талқандаған соң, исраилдіктер Ғылғалдың жанына қоныстанады. Гибеондықтардың қарғысқа ұшыраған өзге қанахандықтар сияқты өлгілері келмеді, сондықтан олар Ғылғалдағы Ешуаға өкілдерін жібереді. Еврейлермен бейбіт келісімге қол жеткізу үшін олар Қанахан аймағынан емес, басқа жердің адамдары сияқты келеді.
14 Бұл өкілдер: “Сенің Тәңір Иеңнің есімін шақырып, құлдарың өте алыс елден келді”,— дейді (Ешуа 9:3—9). Киімдері мен тамақтары олардың алыстан келгеніне көз жеткізгендей еді, бірақ, шындығында, гибеондықтар Ғылғалдан 30 шақырымдай ғана жерде тұратын. [19] Оларға сеніп қалған Ешуа мен Исраил ақсақалдары гибеондықтар мен Гибеонның төңірегіндегі қалалармен бейбіт келісім жасайды. Гибеондықтар осы қулыққа жандарын аман алып қалу үшін ғана барды ма? Жоқ, олар Исраил Құдайының ықыласына ие болғылары келген. Ехобаның гибеондықтарға ықыласы түсіп, оларға ‘қауым мен құрбандық шалатын орын үшін отын жарып, су тасып’ қызмет етуге рұқсат етті (Ешуа 9:11—27). Гибеондықтар бұдан кейін де Ехобаға қызмет ете жүріп, қарапайым істерді атқаруға дайын екендіктерін көрсете берді. Олардың кейбіреулері Бабылдан қайтып келіп, ғибадатхананы қалпына келтіруге атсалысқан нетинимдердің арасында болған болуы мүмкін (Езра 2:1, 2, 43—54; 8:20). Біз де Құдаймен бейбіт қарым-қатынасымызды сақтауға талпынып және оған қызмет еткенде кез-келген қарапайым тапсырманы орындауға дайындық білдіру арқылы оларға еліктей аламыз.
Жанқияр бол
15. Неге мәсіхшілердің Грек жазбаларын оқығанда географияны білгеніміз пайдалы болады?
15 Мәсіхшілердің Грек жазбаларында, мысалы, Исаның және елші Пауылдың сапарлары мен қызметтері туралы мәліметтерде де жер атаулары көп кездеседі (Марқа 1:38; 7:24, 31; 10:1; Лұқа 8:1; 13:22; 2 Қорынттықтарға 11:25, 26). Келесі абзацтарда айтылатын олардың жүрген жолдарды көзімізге елестетуге тырысайық.
16. Береядағы бауырластар Пауылдың қызметін бағалайтындықтарын қалай көрсетті?
16 Екінші миссионерлік сапарында (картадағы күлгін түсті сызық) Пауыл қазір Грекияның шекарасына кіретін Філіпіге барған. [33] Ол онда куәлік етеді де, түрмеге жабылады, бірақ артынан босатылып, Салоникаға жол тартады (Елшілердің істері 16:6—17:1). Яһудилер бүлік шығарғанда салоникалық бауырластар Пауылды 65 шақырымдай қашықтықтағы Береяға кетуге көндіреді. Мұнда Пауылдың қызметі табысты болады, бірақ бұл жерге де келген яһудилер халықты тағы да дүрліктіреді. Сондықтан “бауырластар Пауылды дереу теңіз жағасына жөнелтіп жіберді”, ал ‘Пауылды шығарып салушылар Афиныға дейін барады’ (Елшілердің істері 17:5—15). Жаңа шәкірттердің кейбіреулері Эгей теңізіне дейін 40 шақырым жаяу жүріп, одан соң кемеге ақша төлеп мініп, 500 шақырымдай жүзіп өтуге дайын болған болуы керек. Мұндай сапарға шығу қауіпсіз болмаған шығар, бірақ бауырластар сапар шегіп жүрген Құдайдың өкілінің қасында көбірек болу үшін осындай тәуекелге баруға дайын болды.
17. Мілит пен Ефестің ара қашықтығын білгеніміздің арқасында нені жақсырақ түсінеміз?
17 Пауыл өзінің үшінші сапарында (картада жасыл түсті сызық) Мілит қаласына барады. Мұнда ол 50 шақырымдай жерде орналасқан Ефеске кісі жіберіп, қауым жетекшілерін шақыртады. Жұмыстарының бәрін тастап, Пауылға келген сол ақсақалдарды көздеріңе елестетіңдерші. Олар жеткенше алдағы кездесуді әңгіме етіп, мәз болып келген болар. Кездесу аяқталып, Пауыл дұға айтқан соң “бәрі жылап, оны құшақтап сүйді”. Содан кейін олар Иерусалимге бет алған “Пауылды кемеге шығарып салды” (Елшілердің істері 20:14—38). Ефеске қайтқанда олар ой жүгіртіп, әңгіме ететін жайт одан да көп болған шығар. Олардың сапарда жүрген қызметшінің хабарын тыңдап, жігерлену үшін осынша жер жүруге талпындырған сүйіспеншіліктері сені тебірентпей ме? Осы оқиғадан қандай да бір пайда алуға бола ма?
Сол жер туралы және күтіп тұрған болашақ туралы біліміңді арттыр
18. Киелі кітапта аталған жерлерге қатысты не істегеніміз жөн?
18 Осы мысалдардан Құдай исраилдіктерге берген және Киелі кітапта аталған көп оқиғаларға қатысы бар жерді жақсы білудің маңызды екені көрінеді. (Сонымен қатар сол жердің төңірегіндегі аймақтарды зерттеу арқылы да түсінігімізді тереңдете аламыз.) Уәде етілген жерге қатысты біліміміз бен түсінігімізді арттыра отырып, исраилдіктерге “сүт пен бал” ағып жатқан жерге кіріп, оның рақатын көру үшін қойылған негізгі талапты есімізде ұстаймыз. Олар Ехобадан қорқып, оның өсиеттеріне бағынулары керек еді (Заңды қайталау 6:1, 2; 27:3).
19. Қандай екі жұмаққа назар тігуіміз керек?
19 Тура сол сияқты бүгін біз де Ехобадан қорқып, оның жолдарын ұстануымыз керек. Осылайша жер жүзіндегі мәсіхшілер қауымында орнаған рухани жұмақтың көлемі кеңейіп, көркейе беруіне ықпал етеміз. Осы рухани жұмақ жайында және оның беретін баталары туралы жақсырақ біле түсеміз. Оның үстіне, әлі бұдан да көп батаға ие болатынымызды да білеміз. Ешуа исраилдіктерді Иорданнан өткізіп, керемет құнарлы жерге алып кірді. Қазір біздің жердегі Жұмаққа, яғни болашақта күтіп тұрған “жақсы жерге” назар тігіп, сеніммен қарауымызға толық негіз бар.
Естеріңде ме?
• Неге Киелі кітапта аталған жерлерге қатысты біліміміз бен түсінігімізді тереңдетуге ықыласымыз болу керек?
• Осы мақалада қарастырылған географиялық ерекшеліктердің қайсысы сендер үшін әсіресе қызықты болды?
• Кейбір оқиғаларды географиялық тұрғыдан қарастырғанда өздерің үшін қандай сабақ алдыңдар?
[14-беттегі қоршау/сурет]
“Жақсы жерге” қараңдар”
2003 және 2004 жылғы конгрестерде Ехоба Куәгерлері “Жақсы жерге” қараңдар” деген кітапшаны алғандарына қуанышты болды. 80-ге жуық тілде шығарылған бұл жаңа әдебиет Киелі кітапта аталған аймақтардың, әсіресе әр түрлі кезеңдегі Уәде етілген жердің түрлі-түсті карталарынан құралған.
Талқылауға арналған мақалада кейбір карталарға сілтеме берілген. Жуан сандар, мысалы, [15], карта орналасқан бетті білдіреді. Жаңа кітапшаң бар болса, Құдай Сөзін жақсырақ түсіну үшін уақыт бөліп, оның ерекшеліктерімен танысып ал.
1) Көп картада шартты белгілерді түсіндіретін қоршау бар [18]. 2) Карталардың көбісінің масштабы мильмен және шақырыммен берілген, бұл көлем немесе ара қашықтықтың қандай екенін түсінуге көмектеседі [26]. 3) Көрсетілген жерлерді табу ыңғайлы болу үшін солтүстікті көрсетіп тұратын нұсқар қойылған [19]. 4) Жер бедері байқалу үшін карталар әр түрлі түспен боялған [12]. 5) Ойша координаталық торды елестетіп, қалалар мен басқа жерлерді таба алуы үшін картаның жиегіне әріптер мен сандар берілген [23]. 6) Жерлердің аттары жазылған екі беттік индексте [34, 35] беттің нөмірі жуан санмен белгіленген, одан соң жердің координатасы Г2 сияқты белгімен беріледі. Осы ерекшеліктерді бірнеше рет пайдаланған соң, біліміңді арттырып, Киелі кітапты тереңірек түсінуге олардың қаншалықты пайдалы екенін көріп таңқалуың мүмкін.
[16, 17-беттегі кесте/карта]
ТАБИҒИ БЕЛДЕМДЕР КАРТАСЫ
(Толық мәтінді басылымнан қараңдар)
А. Ұлы теңіздің жағалауы
Ә. Иорданның батысындағы жазық жерлер
1. Ашир жазығы
2. Жағалаудағы Дор алқабы
3. Сарон жайылымы
4. Філістір жазығы
5. Орталық шығыс-батыс аңғары
а) Мегіддо жазығы
ә) Езрел жазығы
Б. Иорданның батысындағы қыратты жерлер
1. Ғалилея таулары
2. Кармил тау жотасы
3. Самария таулары
4. Шефелах (қыраттар)
5. Яһудеяның таулы қыраты
6. Яһудея шөлі
7. Негев
8. Паран шөлі
В. Араба (Рифтті аңғар)
1. Хула өзенінің алабы
2. Ғалилея көлінің аймағы
3. Иордан аңғары
4. Тұз теңізі (Өлі теңіз)
5. Араба (Тұз теңізінің оңтүстік жағы)
Г. Таулар/Иорданның шығысындағы жайпақ таулар
1. Башан
2. Ғалақад
3. Аммон және Моаб
4. Едом таулы үстірті
Ғ. Ливан таулары
[Карта]
Хермон тауы
Море
Абел-Мехола
Соқот
Иогбеха
Бетел
Ғылғал
Гибеон
Иерусалим
Хеброн
Газа
Бер-Шеба
Содом?
Қадеш
[15-беттегі карта/сурет]
(Толық мәтінді басылымнан қараңдар)
ҚАНАХАН
Мегіддо
ҒАЛАҚАД
Дотан
Сихем
Бетел (Лұз)
Ай
Иерусалим (Сәлім)
Бетлехем (Ефрата)
Мамре
Хеброн(Махпела)
Герар
Бер-Шеба
Содом?
НЕГЕВ
Рехобот?
Мория
Тұз теңізі
Иордан
[Сурет]
Ыбырайым сол жерді кезіп шыққан
[18-беттегі карта/сурет]
(Толық мәтінді басылымнан қараңдар)
Троя
САМОТРАК
Неапол
Філіпі
Амфипол
Салониқа
Берея
Афины
Қорынт
Ефес
Мілит
РОДОС