Жалған ғибадаттан аулақ бол!
“Жаратқан Ие былай дейді: Олардың арасынан шығып, бөлек тұрыңдар, арам нәрселеріне мүлдем жоламаңдар!” (ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 2-ХАТ 6:17)
1. Көптеген ақ жүректі адамдардың рухани күйі қандай?
КӨПТЕГЕН ақ жүректі адамдар Құдай туралы шындықты және адамзатты болашақта не күтіп тұрғанын білмейді. Олар өздерін қатты мазалайтын рухани нәрселерге қатысты сұрақтарына жауап таба алмай әбден дал болып, бойларын сенімсіздік билейді. Миллиондаған адамдар Құдайды қорлайтын ырымдардың, әдет-ғұрыптардың және мерекелердің құлдығында. Бәлкім, көршілерің не туыстарың тозақ отына, үштікке, мәңгі өлмейтін жанға не басқа да жалған ілімдерге сенетін шығар.
2. Дінбасылары не істеді және ол неге әкеліп соқты?
2 Кең етек алған осы рухани қараңғылықтың артында не тұр? Бір таңғалдыратыны, ол — дін, нақтырақ айтсақ, Құдайдікіне қайшы келетін өз ойларынан шығарған нәрселерге үйрететін діни ұйымдар мен олардың жетекшілері (Марқа 7:7, 8). Нәтижесінде көптеген адам алданып, шынайы Құдайға ғибадат етіп жүрміз деп ойлайды, ал шындығында оны қорлап жүр. Осындай қайғылы жағдайдың орын алғанына жалған дін тікелей жауапты.
3. Жалған дінді қолдаушылардың бастысы кім және Киелі кітапта ол қалай сипатталады?
3 Жалған діннің артында көрінбейтін тұлға тұр. Соған нұсқай отырып елші Пауыл былай деген: “Бұлар оған сенбейді, себебі осы күнәкар дүниенің “тәңірі” (әзәзіл шайтан) Мәсіхтің салтанатты ұлылығы туралы Ізгі хабардың нұрын оларға көрсетпеу үшін саналарын соқыр қылып қойған. Ал Мәсіх Құдайдың қандай екенін айқын көрсетеді” (Қорынттықтарға 2-хат 4:4). “Осы күнәкар дүниенің “тәңірі” — Әзәзіл Шайтанның нақ өзі. Жалған ғибадатты қолдаушылардың бастысы да — сол. “Шайтанның өзі өңін айналдырып, нұрлы періште болып көрінеді,— деп жазды Пауыл,— сондықтан оның қызметшілерінің де өңдерін айналдырып, әділдіктің қызметшілері болып көрінуі ғажап іс емес” (Қорынттықтарға 2-хат 11:14, 15). Шайтан жаман нәрселерді жақсы етіп көрсетіп, адамдарды өтірікке сендіріп бағуда.
4. Мұса заңында жалған пайғамбарларға қатысты қандай ескерту айтылған?
4 Киелі кітаптың жалған дінді айыптайтынында дау жоқ. Мәселен, Мұса заңында Құдайдың таңдаулы халқы жалған пайғамбарлардан аулақ болу керектігі нықтап ескертілген. Жалған ілімдерді таратып, жалған құдайларға ғибадат етушілер басқаларды ‘Құдайға қарсы шығамыз деп үгіттегендері үшін өлімге’ кесілулері керек еді. Исраилдіктерге ‘зұлымдықты араларыңнан жойыңдар’ деген бұйрық берілген (Заңды қайталау 13:1—5). Иә, Ехоба жалған дінге зұлымдық деп қарайды (Езекиел 13:3).
5. Бүгінде қандай ескертулерге құлақ асқанымыз жөн?
5 Иса Мәсіх пен оның шәкірттері жалған дінге Ехоба сияқты жек көрінішпен қараған. Иса шәкірттеріне былай деп ескерткен: “Жалған пайғамбарлардан сақтанып жүріңдер! Олар сендерге қой терісін жамылып келеді, бірақ шынында олар жыртқыш қасқырлар” (Матай 7:15; Марқа 13:22, 23). Ал Пауыл: “Құдай көктен адамдардың барлық азғындығы мен әділетсіздігіне қарсы өз қаһарын білдіреді. Себебі олар... шындықты аяққа басады”,— деп жазды (Римдіктерге 1:18). Шынайы мәсіхшілердің осы ескертулерге құлақ асып, Құдай сөзіндегі шындықты бүркемелейтіндер мен жалған ілімдерді тарататындардан алшақ жүргендері қандай маңызды! (Жоханның 1-хаты 4:1)
“Ұлы Бабылдан” шық
6. ‘Ұлы Бабыл’ Киелі кітапта қалай суреттелген?
6 Аян кітабында жалған дін қалай сипатталатынын қарастырып көрейік. Бұл кітапта ол көптеген патшалықтар мен олардың тұрғындарына ықпалы бар мас жезөкше ретінде суреттеледі. Құдайдың шынайы қызметшілерінің қанына мас болған бұл бейнелі әйел көптеген патшамен азғындық жасауда (Аян 17:1, 2, 6, 18). Оның маңдайында азғын және жексұрын іс-әрекеттеріне сай келетін аты жазулы тұр. Бұл ат — ‘ұлы Бабыл, әлемдегі барлық опасыздық пен жексұрындық жасайтындардың анасы’ (Аян 17:5).
7, 8 Жалған дін қалай азғындық жасауда және бұның нәтижесі қандай?
7 Ұлы Бабылдың Киелі кітаптағы сипаттамасы осы дүниедегі барлық жалған діндерге дәл келеді. Дүниедегі мыңдаған діндер ресми түрде дүниежүзілік бір ұйым болып бірікпеген, сөйтсе де олардың әрекеттері мен ниеті бір. Аян кітабында азғын әйелдің суреттелгеніне сай, жалған дін үкіметке зор ықпал етеді. Неке антына адал емес әйел іспетті жалған дін де саяси биліктердің бірінен соң бірімен одақ құру арқылы азғындық жасайды. Шәкірт Жақып былай деп жазды: “Әй, опасыздар! Осы күнәкар дүниемен достасу Құдайға қастық екенін білмейтін бе едіңдер? Осы дүниемен дос болғысы келген әркім Құдайдың жауына айналады” (Жақып 4:4).
8 Жалған дін мен үкіметтердің қоян-қолтық араласуының нәтижесінде адамзат зор қасірет шегуде. Африкалық саяси сарапшы Онена Мангу “дін мен саясаттың аралас-құралас болуының салдарынан тарихта адамдардың жаппай қырғынға ұшыраған кездері көп болғандығын” айтады. Жақында бір газетте былай делінген еді: “Бүгінде ең қанды және қиян-кескі қақтығыстар діннің қатысуымен болып жатыр”. Дін қолдап отырған қақтығыстарда миллиондаған жан жер құшуда. Ұлы Бабыл тіпті Құдайдың шынайы қызметшілерін қуғындап және өлтіріп, былайша айтқанда, олардың қанына мас болуда (Аян 18:24).
9 Ехобаның жалған дінге деген жек көрініші Аян кітабынан қалай көрінеді?
9 Ехобаның жалған дінді жек көретіні Ұлы Бабылдың қандай жағдайға душар болатынынан анық көрінеді. Аян 17:16-да былай делінген: “Сен көрген он мүйіз де, айуан да опасыз әйелді жек көреді. Сондықтан оны елсіз дара, тыр жалаңаш қалдырып, талан-таражға салып, тәнін жалмап, отпен тып-типыл етпек”. Алдымен алып айуан оны жұлмалап өлтіріп, тәнін жейді. Ал қалдығын түгелімен өртейді. Жақында дүние жүзіндегі үкіметтер жалған дінге қатысты дәл осылай әрекет етпек. Бұған Құдай қозғау салады (Аян 17:17). Жалған діннің дүниежүзілік империясы Ұлы Бабылмен болашақта не болатыны белгілі: ол жойылады. Ол ‘енді қайтып көрінбейтін болады’ (Аян 18:21).
10. Біздің жалған дінге деген көзқарасымыз қандай болу керек?
10 Шынайы ғибадат етушілердің Ұлы Бабылға қатысты көзқарастары қандай болу керек? Киелі кітапта мынадай нақты бұйрық бар: “Одан шық, халқым Менің, одан шық! Әйтпесе оның күнәларына араласып, басына түсетін пәлелерін де бөлісесің” (Аян 18:4). Құтқарылғысы келетіндер кеш болмай тұрғанда жалған діннен шығулары керек. Иса Мәсіх жерде болған кезінде, соңғы күндері көптеген адамдар оның соңынан ерушіміз деп айтатындығын алдын ала ескерткен (Матай 24:3—5). Бұндайларға ол: “Сендерді ешқашан білген емеспін. Әділетсіздік істегендер, Менен аулақ кетіңдер!”— дейді (Матай 7:23). Қазір тақта отырған патша Иса Мәсіхтің жалған дінге еш қатысы жоқ.
Қалай аулақ болуға болады?
11. Жалған ғибадаттан аулақ болу үшін не істеуіміз керек?
11 Шынайы мәсіхшілер жалған діни ілімдерден бас тарту арқылы жалған ғибадаттан аулақ болады. Бұл дегеніміз радио мен теледидардан берілетін діни бағдарламаларды тыңдап көруден және Құдай мен оның Сөзі жөнінде жалған мәлімет тарататын діни әдебиеттерді оқудан аулақ болуымыз керек дегенді білдіреді (Забур 118:37). Сондай-ақ жалған дінмен байланысы бар кез келген ұйымның демеушілігімен ұйымдастырылған көңіл көтеруге арналған шаралар мен қоғамдық жиындарға қатыспағанымыз даналық болар еді. Сонымен қатар біз жалған ғибадатқа қатысы бар-ау деген еш нәрсеге де жоламаймыз (Қорынттықтарға 1-хат 10:21). Осылай әрекет еткеніміз бізді ‘қайдағы біреудің пәлсапасымен, пайдасыз ілімімен... баурап алуынан’ қорғайды. Себебі ‘адамдар ойлап шығарған аңызға негізделген ондай ілім Мәсіх туралы емес, әлемдегі тұрпайы рухани күштер туралы үйретеді’ (Қолостықтарға 2:8).
12. Қалай адам жалған діни ұйымдармен өз байланысын үзе алады?
12 Ехоба Куәгері болғысы келетін адам тіркелуді талап ететін қандай да бір жалған діннің мүшесі болса ше? Көп жерде егер адам сол діннен кету туралы ойын жазбаша түрде білдірсе, бұл оның бұдан былай жалған діннің мүшесі болғысы келмейтіндігін көрсетеді. Жалған ғибадаттың өзін арамдауына жол бермеу үшін адамның үзілді-кесілді әрекет етуі өте маңызды. Куәгер болғысы келген адам діни ұйымға, сондай-ақ өзгелерге сол дінмен енді еш байланысы жоқ екендігін анық білдіруі керек.
13. Жалған ғибадаттан аулақ болуға қатысты Киелі кітап қандай кеңес береді?
13 Елші Пауыл былай деп жазған: “Сенбейтіндермен қоян-қолтық бірге жүріп, жаман ниеттеріне ортақтаспаңдар! Себебі әділдік пен заңсыздық арасында ортақ не бар. Яки жарық пен түнек қалай тығыз байланыста тұрмақ? Мәсіх пен белияр (шайтан) арасында ынтымақ бола ала ма? Мәсіхке сенуші мен сенбейтіннің арасында ортақ не бар? Құдайдың киелі үйі мен жалған тәңірлер арасында қандай келісім болуы мүмкін?.. Жаратқан Ие былай дейді: — Сондықтан олардың арасынан шығып, бөлек тұрыңдар, арам нәрселеріне мүлдем жоламаңдар!” (Қорынттықтарға 2-хат 6:14—17) Жалған ғибадаттан аулақ болғанымыз — осы сөздерге құлақ асқанымыз. Пауыл осылай кеңес беруімен жалған ғибадат етушілерден де аулақ жүруіміз керек дегісі келді ме?
‘Парасатты қарым-қатынас жаса’
14. Жалған ғибадатпен байланысы барлардан мүлдем аулақ жүруіміз керек пе? Түсіндір.
14 Шынайы ғибадат етушілер жалған діндегі адамдармен ешқандай қарым-қатынас жасамаулары керек пе? Басқа сенімдегілерден мүлдем алшақ жүруіміз қажет пе? Жоқ. Екі ұлы өсиеттің бірінде: “Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!”— делінген (Матай 22:39). Маңайымыздағы адамдарға Патшалық туралы ізгі хабарды жеткізгенде, біз оларды сүйетінімізді көрсететініміз анық. Сондай-ақ олармен Киелі кітапты зерттегенде және жалған ғибадаттан аулақ болу керектігін түсіндіргенде де сүйіспеншілік танытамыз.
15. ‘Осы дүниелік’ болмау деген нені білдіреді?
15 Маңайымыздағыларға ізгі хабарды уағыздаймыз, бірақ біз Исаның ізбасарлары болғандықтан ‘осы дүниелік емеспіз’ (Жохан 15:19). Мұндағы ‘дүние’ деген сөз Құдайдан алшақ адамзат қоғамына нұсқап отыр (Ефестіктерге 4:17—19; Жоханның 1-хаты 5:19). Ехобаны қорлайтын көзқарастардан, сөйлеу мәнерінен, іс-әрекеттерден аулақ болу арқылы осы дүниеден бөлек боламыз (Жоханның 1-хаты 2:15—17). Бұған қоса, ‘араммен араласқан жан адал әдетінен айырылады’ деген принципті ескере отырып, Киелі кітап нормалары бойынша өмір сүрмейтін адамдармен дос болмаймыз (Қорынттықтарға 1-хат 15:33). Осы дүниелік болмау дегеніміз ‘осы дүниелік арамдықтардан [өзімізді] кіршіксіз пәк ұстауды’ білдіреді (Жақып 1:27). Демек, осы дүниеден бөлек жүру дегеніміз өзгелерден тікелей мағынада мүлдем алшақ жүруді білдірмейді (Жохан 17:15, 16; Қорынттықтарға 1-хат 5:9, 10).
16, 17. Мәсіхшілер Киелі кітаптағы шындықты білмейтін адамдарға қалай қараулары керек?
16 Олай болса Киелі кітаптағы шындықты білмейтін адамдарға қалай қарауымыз керек? Қолостағы қауымға Пауыл былай деп жазған: “Қауымнан тыс адамдармен парасатты қарым-қатынас жасап, тиімді сәттерді пайдаланыңдар! Сөйлескенде ұдайы ниеттерің игі, сөздерің дәмді болсын, әрқайсысына қалай жауап беру керек екенін біліңдер” (Қолостықтарға 4:5, 6). Ал елші Петір болса: “Жүректеріңнен Мәсіхке қасиетті Иеміз деп ерекше орын беріңдер! Іштеріңдегі үмітті түсіндіруді сұраған кез келген адамға жауап беруге әрдайым дайын болыңдар. Тек ілтипат, құрмет танытып сөйлеңдер”,— деп айтқан (Петірдің 1-хаты 3:15). Пауыл мәсіхшілерді ‘ешкімді қаралап, жанжал туғызбай, жұрттың бәріне бірдей мейірімділік пен ілтипаттылық танытуға’ шақырған (Титке 3:2).
17 Біз, Ехоба Куәгерлері, дөрекі не тәкаппар болудан қашуымыз керек. Біз басқа діндегі адамдарға қатысты қорлайтын сөздерді, әрине, қолданбаймыз. Қайта, үй иесі, көршіміз не қызметтесіміз бізге жылы шырай танытпаған не тіл тигізген күнде де ілтипаттылық танытамыз (Қолостықтарға 4:6; Тімотеге 2-хат 2:24).
“Естігендеріңді дұрыс ілімнің үлгісі ретінде берік ұстан!”
18. Жалған дінге қайта оралғандар қандай қайғылы күйде болады?
18 Киелі кітаптағы шындықты білген соң, адамның жалған дінге қайта оралғаны қандай өкінішті болар еді! Бұндай қайғылы жағдай Киелі кітапта былай суреттеледі: “Осындайлар Құтқарушы Иеміз Иса Мәсіхті танып білгендері арқылы арамдықтардан құтылғаннан кейін қайтадан соның шырмауына түсіп, жеңілгендіктен, олардың соңғы жағдайы бастапқысынан бетер жаман болмақ... Бастарынан кешкендерінде мына тауып айтылған мақал-мәтел жүзеге асады: “Төбет қайта оралар өзінің құсығына”, “Жуылған шошқа қайтар аунайтын батпағына” (Петірдің 2-хаты 2:20—22).
19. Рухани күйімізге нұқсан келтіретін кез келген нәрседен сақ болғанымыз неге өте маңызды?
19 Біз әрқашан қырағы болып, рухани күйімізге қауіп төндіретін кез келген нәрседен сақ болуға тиіспіз. Қыр астында жау жоқ деуге болмайды. Елші Пауыл былай деп ескертеді: “Құдай Рухы: — Соңғы дәуірде кейбіреулер сенімдерінен бас тартып, жалған рухтарға құлақ салып, жындар үйреткен ілімдерге еретін болады,— деп анық айтады” (Тімотеге 1-хат 4:1). Біз ‘соңғы дәуірде’ өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан жалған ғибадаттан аулақ жүрмейтіндер кез келген ағымдағы ілімге ілесіп, қу, айлакер адамдардың алдап-арбауына еріп, әрбір ой толқынының тәлкегіне түсіп қалуы мүмкін (Ефестіктерге 4:13, 14).
20. Жалған діннің зиянды әсерінен өзімізді қалай қорғай аламыз?
20 Жалған діннің зиянды әсерінен өзімізді қалай қорғай аламыз? Ехобаның біздің қамымыз үшін жасаған барлық шараларын қарастырайық. Бізде Құдай Сөзі Киелі кітап бар (Тімотеге 2-хат 3:16, 17). Сондай-ақ Ехоба ‘адал да ақылды құл’ арқылы рухани ас-суды молынан беріп отыр (Матай 24:45, ЖД). Шындықта жүріп, рухани жетіле түскен сайын, ‘тек рухани кемеліне келгендер ғана жей алатын “қатты тағамдарға”’ деген тәбетімізді және шындықты терең түсіну үшін бірге жиналуға деген ынтамызды арттыруымыз керек емес пе? (Еврейлерге 5:13, 14; Забур 25:8) ‘Естігендерімізді дұрыс ілімнің үлгісі ретінде берік ұстануымыз’ үшін, Ехобаның біздің қамымызды ойлап жасаған шараларын толығымен пайдалануға бел буайық (Тімотеге 2-хат 1:13). Сонда жалған ғибадаттан аулақ бола аламыз.
Не білдік?
• ‘Ұлы Бабыл’ дегеніміз не?
• Жалған діннен аулақ болуымыз үшін, не істеуіміз керек?
• Рухани күйімізге қауіп төндіретін қандай нәрселерден аулақ болуымыз керек?
[18-беттегі сурет]
‘Ұлы Бабыл’ не себепті азғын әйел ретінде суреттелетінін білесің бе?
[19-беттегі сурет]
‘Ұлы Бабылмен’ не болатыны белгілі: ол жойылады
[21-беттегі сурет]
Біз басқа сенімдегі адамдарға ‘ілтипат пен құрмет танытамыз’