‘Дұғаны еститін’ Құдайға қалай жақындауға болады?
“Сен дұғаны естіп тұрсың; кез-келген пенде Саған келеді” (ЗАБУР 64:3).
1. Жердегі басқа жаратылыстарға қарағанда адамның қандай ерекшелігі бар және бұл не нәрсеге мүмкіндік береді?
ЖЕРДЕГІ қыбырлаған сан мыңдаған тірі жандардың ішінде адам баласында ғана Жаратушыға ғибадат ету қабілеті бар. Тек адам баласы ғана рухани мұқтаждығын мойындайды, әрі оны қанағаттандыруды қалайды. Бұл бізге көктегі Әкемізбен жеке қарым-қатынаста болуға керемет мүмкіндік береді.
2. Күнә адамның Жаратушысымен қарым-қатынасына қандай кері әсерін тигізді?
2 Құдай адамды Жаратушысымен байланыса алатын қабілет беріп жаратқан. Адам мен Хауа жаратылғанда күнәсіз еді. Сондықтан баланың әкесіне еркін жақындап сөйлесе алатыны сияқты, олар Құдайға еркін жақындай алатын. Алайда олар күнәнің кесірінен сол бір керемет мәртебеден айырылып қалды. Адам мен Хауа Құдайдың тілін алмай, онымен жақын қарым-қатынастарын жоғалтты (Жаратылыс 3:8—13, 17—24). Бұл Адамның кемелсіз ұрпақтары бұдан былай Құдаймен байланыса алмайды дегенді білдіре ме? Жоқ. Ехоба олардың өзіне жақындауына әлі де жол ашып отыр, тек олар белгілі бір талаптарға сай келулері керек. Ол қандай талаптар?
Құдайға жақындау үшін қажетті талаптар
3. Күнәкар адамзат қалай Құдайға жақындай алады және мұны қандай мысалдан көруге болады?
3 Адам атаның екі ұлымен болған оқиға Құдай өзіне жақындағысы келетін кемелсіз адамдардан нені талап ететінін көруімізге көмектеседі. Қабыл да, Әбіл де Құдайға құрбандықтар әкелулерімен оған жақындамақ болды. Құдай Әбілдің құрбандығын қабыл алып, ал Қабылдікін қабылдамады (Жаратылыс 4:3—5). Неге бұлай болды? Еврейлерге 11:4-те былай делінген: “Құдайға сенгендіктен Әбіл Оған арнап Қабылдікінен гөрі тиімді құрбандық жасады. Сенімі арқылы Әбіл ақталды”. Демек, Құдайға жақындау үшін сенімнің болуы шарт. Тағы бір талапты Ехобаның Қабылға айтқан мынадай сөздерінен көруге болады: “Егер істегенің дұрыс болса, онда сені қабылдар едім”. Иә, егер Қабыл дұрыс нәрсені істегенде, Құдай оның өзіне жақындау үшін істеген әрекетін қабыл алар еді. Бірақ ол Құдайдың кеңесіне құлақ аспай, Әбілді өлтірді, сөйтіп, ақыр соңында кезбеге айналды (Жаратылыс 4:7—12). Олай болса, адамзат тарихының басында-ақ Құдайға жақындау үшін сенім мен игі істердің маңызды екендігіне баса көңіл аударылған.
4. Құдайға жақындауға қатысты нені мойындауымыз керек?
4 Құдайға жақындағымыз келсе, өзіміздің күнәкарлығымызды мойындау маңызды. Адам атаулының бәрі күнәкар, әрі осы күнә Құдайға жақындауға кедергі жасайды. Еремия пайғамбар Исраил жайында былай деп жазды: “Біз бас тарттық... Біздің дұғамыз жетпеуі үшін Өзіңді бұлтпен тұмшалап тастадың” (Еремияның зары 3:42, 44). Солай болған күнде де, бүкіл тарих бойына Құдай өзіне сеніммен, дұрыс ниетпен, сондай-ақ өз өсиеттерін ұстана отырып жақындағандардың дұғаларын қабылдауға дайын екенін көрсетті (Забур 118:145). Олар кімдер еді және олардың дұғаларынан неге үйрене аламыз?
5, 6. Ыбырайымның Құдайға қалай жақындағанынан не нәрсеге үйренеміз?
5 Сондай адамдардың бірі Ыбырайым еді. Құдай оның өзіне жақындау үшін істеген әрекеттерін қабыл алған, өйткені оны “досым” деп атаған болатын (Ишая 41:8, сілтемені қараңдар). Ыбырайымнан неге үйрене аламыз? Бұл адал рубасы Құдайға мұрагер жөнінде айтып: “Сен маған қандай сыйлық бермексің? Мен дүниеден баласыз өтетін болармын”,— дейді (Жаратылыс 15:2, 3; 17:18). Тағы бірде ол Құдайға зұлымдыққа толы Содом мен Ғомораға қатысты үкімін жүзеге асырғанда, кімнің аман қалатыны жайлы мазасызданатынын айтты (Жаратылыс 18:23—33). Ол сондай-ақ басқалар үшін де сиынды (Жаратылыс 20:7, 17). Сонымен қатар Құдайға жақындау үшін кейде Ыбырайым Әбіл сияқты Ехобаға құрбандық ұсынды (Жаратылыс 22:9—14).
6 Осы жағдайдың бәрінде Ыбырайым Құдаймен еркін сөйлескен. Сөйте тұра, ол Құдай алдындағы өз орнын біліп, кішіпейіл болып қала берген. Жаратылыс 18:27-дегі (ЖД) оның құрметпен айтқан сөздерін байқашы: “Ғафу ете гөр, мен күл мен топырақтан жаралсам да, Ехобамен алдымен өзім сөйлесіп тұрмын”. Үлгі аларлық қандай керемет көзқарас!
7. Рубасылар не туралы Ехобаға дұға еткен?
7 Рубасылары да әр түрлі мәселе жайында дұға еткен, әрі Ехоба олардың тілегін қабыл алған. Мысалы, Жақып дұғасын ант түрінде айтқан. Құдайдан өзіне жар болуын сұраған соң, ол: “Сенің маған беретініңнің барлығының оннан бірін Өзіңе арнамақпын”,— деп шын жүректен уәде етті (Жаратылыс 28:20—22). Кейінірек Жақып ағасымен кездескелі жатқанда, Ехобадан өзін қорғауын өтініп: “Мені ағам Есаудың қолынан сақтай көр... қорқамын”,— дейді (Жаратылыс 32:9—12). Әйүп болса отбасындағылар үшін құрбандықтар әкеп, олар үшін Ехобаға дұға етті. Әйүптің үш жолдасы сөздерімен күнә жасағанда, Әйүп олар үшін де дұға етті, ал “Жаратқан Ие Иовтың [Әйүптің] жүзін бұрып қабыл алды” (Әйүп 1:5; 42:7—9). Бұл оқиғалар Ехобаға дұғамызда не туралы айтуымызға болатынын көруге көмектеседі. Сондай-ақ Ехоба өзіне дұрыс жолмен жақындайтындардың дұғасын қабыл алуға дайын екенін көреміз.
Заң келісімі бойынша
8. Заң келісімі бойынша халық атынан Ехобаға дұға қалай айтылатын?
8 Ехоба Исраил халқын Мысырдан құтқарған соң, олармен Заң келісімін жасады. Заңда арнайы тағайындалған діни қызметкерлер арқылы Құдайға жақындау үшін қарастырылған шаралар жайлы айтылды. Леуіліктердің кейбіреуі халық атынан діни қызметке тағайындалды. Қандай да бір ұлттық маңызы бар мәселе туындағанда, халық атынан сөйлейтін адам — кейде патша не пайғамбар — сол мәселе жөнінде Құдайға дұғада айтатын (Патшалықтар 1-жазба 8:21, 22; 14:36—41; Еремия 42:1—3). Мысалы, ғибадатхананың бағышталуы болғанда, Сүлеймен патша Ехобаға шын жүректен дұға етіп жақындаған болатын. Ал Ехоба оның дұғасын қабыл алғанын көрсету үшін ғибадатхананы нұрлы салтанатымен толтырды және “Осы жерде айтылатын мінажаттарға... құлағым түрулі болады”,— деді (Шежірелер 2-жазба 6:12—7:3, 15).
9. Киелі үйде Құдайға дұрыс жолмен жақындау үшін не талап етілетін?
9 Исраилге берілген Заңда Ехоба киелі үйде өзіне дұрыс жолмен жақындау үшін не талап ететінін де айтқан болатын. Ол нендей талап еді? Бас діни қызметкер күн сайын таңертең және ымырт жабыла, жануарларды құрбандыққа шалуларымен қоса, Ехобаның алдында хош иісті заттарды түтету керек еді. Кейінірек мұндай қызметті Тазару күнінен басқа күндері өзге діни қызметкерлер де атқаратын болды. Егер діни қызметкерлер осылай Ехобаны терең қастерлемеген жағдайда қызметтері ұнамсыз болар еді (Мысырдан шығу 30:7, 8; Шежірелер 2-жазба 13:11).
10, 11. Ехоба жеке адамдардың да дұғасын еститінін көрсететін қандай дәлел бар?
10 Ежелгі Исраилде Құдайға тек тағайындалған өкілдер арқылы ғана жақындай алатын ба еді? Жоқ. Жазбалардан Ехобаның жеке адамдардың да дұғасын қабылдауды ұнатқанын көруге болады. Сүлеймен ғибадатхананы бағыштауға арналған дұғасында Ехобаға: “Жеке біреу болсын не бүкіл халқың Исраил болсын, егер осы киелі үйіңе қарай қолдарын жайып Саған сиынып жалбарынса, онда Сен көктегі мекеніңнен құлақ сала гөр”,— деп жалынды (Шежірелер 2-жазба 6:29, 30). Лұқаның хабарынан шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияның әкесі Зәкәрия киелі орында хош иісті заттарды түтетіп жатқанда, діни қызметкерлерге жатпайтын Ехобаның өте көп қызметшісі “сыртта... сиынып мінажат етіп тұрды”. Алтын үстелде Ехобаға арнап хош иісті заттар түтетіліп жатқанда, киелі орынның сыртында дұға етуге жиналу халық үшін дәстүрге айналған болса керек (Лұқа 1:8—10).
11 Осылайша Ехоба өзіне дұрыс жолмен жақындағысы келіп, бүкіл халықтың атынан айтып тұрған адамның да, жеке адамның да өтінішін қабылдауға қуанышты болған. Бүгінде Заң келісімі бойынша өмір сүріп жатқан жоқпыз. Сөйткенмен де ежелгі исраилдіктердің Құдайға қалай жақындағандарынан дұғаға қатысты кейбір маңызды сабақтар алуымызға болады.
Мәсіхшілік құрылым бойынша
12. Қандай құрылым мәсіхшілерге Ехобаға жақындауға мүмкіндік береді?
12 Біз қазір мәсіхшілік құрылым бойынша өмір сүреміз. Қазір діни қызметкерлер бүкіл Құдай халқының атынан сөйлейтін немесе Құдайға дұға еткенде бетімізді солай беріп дұға ететін көзге көрінетін ғибадатхана жоқ. Әйтсе де өзіне жақындауымыз үшін қарастырған Ехобаның белгілі бір құрылымы бар. Ол қандай құрылым? Б. з. 29 жылы Мәсіх майланып және Бас діни қызметкер боп тағайындалғанда, рухани ғибадатхана іске қосылдыa. Осы рухани ғибадатхана Ехобаға Иса Мәсіхтің төлем құрбандығының негізінде жақындау үшін жасалған жаңа құрылым болды (Еврейлерге 9:11, 12).
13. Иерусалимдегі ғибадатхана мен рухани ғибадатханадағы дұғаға қатысты ұқсастықтардың бірі қандай?
13 Иерусалимнің ғибадатханасындағы көп жайттар рухани ғибадатханадағы шараларды, соның ішінде дұғаға да қатысты шараны, жақсы бейнелейді (Еврейлерге 9:1—10). Мысалы, ғибадатхананың қасиетті бөлмесіндегі үстелде таңертең және кешке түтетілетін хош иісті заттар нені бейнелеген? Аян кітабында айтылғандай, “хош иісті заттар Құдай халқының айтқан мінажаттарын білдіреді” (Аян 5:8; 8:3, 4). Дәуіт киелі рухтың жетелеуімен: “Бейне Сенің көз алдыңда көлбеңдеген түтініндей... дұғам менің ұнасын”,— деп жазды (Забур 140:2). Демек, жұпар иісті заттар мәсіхшілік құрылымда Құдай қабылдайтын дұғаларды және оны мадақтауды орынды түрде бейнелейді (Салониқалықтарға 1-хат 3:10).
14, 15. а) Майланған мәсіхшілердің, ә) ‘басқа қойлардың’ Құдайға жақындауы туралы не айтуға болады?
14 Құдайға осы рухани ғибадатханада кім жақындай алады? Жердегі ғибадатханада діни қызметкерлер мен леуіліктердің ғана ішкі аулада қызмет ету мәртебесі болатын, ал қасиетті бөлмеге тек діни қызметкерлер кіре алатын. Көкте өмір сүруге үміті бар майланған мәсіхшілер ерекше рухани жағдайда, ал ішкі аула мен қасиетті бөлме осы рухани жағдайдың күңгірт жобасы болған. Бұл оларға Құдайға дұға айтуға және оны мадақтауға мүмкіндік береді.
15 Ал жерде өмір сүруге үміттенетін ‘басқа қойлар’ жайлы не деуге болады? (Жохан 10:16) Ишая пайғамбар “соңғы күндері” (Тт) Ехобаға ғибадат етуге көп ұлт адамдары келетінін айтқан (Ишая 2:2, 3). Ол сондай-ақ “басқа ұлт адамдары” да Ехобаға қызмет ететінін жазған. Құдай олардың өзіне жақындау үшін жасаған әрекеттерін қабылдауға дайын екенін көрсетіп: “Маған сиынуға арналған ғибадатханада оларды қуанышқа кенелтемін”,— деді (Ишая 56:6, 7). Аян 7:9—15 тармақтарда қосымша жайттар келтірілген: Құдайға “күні-түні” ғибадат ету мен дұға ету үшін жиналған “әрбір ұлттан” шыққан ‘өте үлкен тобырдың’ рухани ғибадатхананың сыртқы ауласында тұрғаны айтылған. Құдай өздерін еститініне толық сенімді болғандықтан, оған еркін жақындай алатынын білу бүгінгі Құдайдың барлық қызметшілеріне қандай жұбаныш береді десеңші!
Құдай қандай дұғаларды қабыл алады?
16. Ертедегі мәсіхшілердің дұғасынан не нәрсеге үйрене аламыз?
16 Ертедегі мәсіхшілер жиі дұға айтатын адамдар болған. Олар не жайында дұға еткен? Мысалы, мәсіхші ақсақалдар жауапкершілік жүктейтін бауырластарды таңдағанда, басшылық сұрап дұға еткен (Елшілердің істері 1:24, 25; 6:5, 6). Епафрас бір сенімдегілер үшін дұға айтқан (Қолостықтарға 4:12). Ал Иерусалимдегі қауым мүшелері абақтыдағы Петір үшін сиынған (Елшілердің істері 12:5). Ертедегі мәсіхшілер қарсылыққа кезіккенде, Құдайдан батылдық сұрап: “Иеміз, олардың қоқан-лоқысын көріп, құлдарыңа сөзіңді зор батылдықпен уағыздайтын күш бере гөр!”— деген (Елшілердің істері 4:23—30). Ал елші Жақып мәсіхшілерді сынаққа кезіккенде Құдайдан даналық сұрап дұға етуге шақырды (Жақып 1:5). Ехобаға дұға еткенде, сен де осындай жайттарды айтасың ба?
17. Ехоба кімдердің дұғасын қабыл алады?
17 Ехоба барлық дұғаларды қабыл ала бермейді. Онда Құдай дұғамызды тыңдайтынына сенімді болу үшін не істеуіміз керек? Дұғаларына Құдай құлақ асқан ежелгі уақыттағы адал адамдар оған шын жүректен және түзу ниетпен жақындаған. Олар сенім білдіріп, мұнысын игі істерімен көрсеткен. Құдай өзіне осылай жақындайтын адамдардың дұғасына құлақ асатынына сенімді болуымызға болады.
18. Құдай дұғаларын есту үшін мәсіхшілерге қандай талап қойылады?
18 Дұғаға қойылатын тағы бір талап бар. Мұны елші Пауыл былай деп түсіндірді: “Мәсіх арқылы бір Киелі Рухтың арқасында Құдай Әкеге сиынуға жол ашылды” (Ефестіктерге 2:13, 18). Иә, біз Әкемізге тек Иса арқылы ғана еркін жақындай аламыз (Жохан 14:6; 15:16; 16:23, 24).
19. а) Қай кезде исраилдіктердің ұсынған хош иісті заттары Құдайға жиіркенішті болды? ә) Дұғаларымыз Ехобаның алдында хош иісті заттардай екеніне қалай көз жеткізе аламыз?
19 Жоғарыда айтып өткендей, исраилдік діни қызметкерлердің түтеткен хош иісті заттары адал қызметшілердің Құдай қабыл алатын дұғаларын бейнелейді. Алайда кейде исраилдіктердің ұсынған хош иісті заттары Құдайға жиіркенішті болған. Бұл олардың ғибадатханада хош иісті заттарды түтетіп, сөйте тұра, жалған тәңірлерге табынған кездерінде болған (Езекиел 8:10, 11). Бүгінгі күні де кімде-кім Ехобаға қызмет етіп жатырмын дей тұра, бірақ оның заңдарына қайшы келетін істерді жасайтын болса, оның дұғалары да Құдайға жағымсыз иістей болады (Нақыл сөздер 15:8). Ендеше, дұғаларымыз Құдайға арналған жұпар иісті заттардай болу үшін әрі қарай да өміріміздің барлық саласында таза жүріп-тұралық. Ехоба өзінің әділ жолымен жүргендердің дұғасын ұнатады (Жохан 9:31). Алайда әлі де жауабын алуымыз керек кейбір сұрақтар бар. Біз қалай дұға етуіміз керек? Не туралы дұға ете аламыз? Құдай дұғаларымызға қалай жауап береді? Келесі мақалада осы және басқа да сұрақтар қарастырылады.
[Сілтеме]
a 2001 жылдың 15 мамырындағы “Күзет мұнарасын” қараңдар (27-бет, ор.)
Қалай түсіндірер едіңдер?
• Құдай қабыл алу үшін, кемелсіз адамдар оған қалай жақындай алады?
• Дұға еткенде, рубасыларына қалай еліктей аламыз?
• Ертедегі мәсіхшілердің дұғаларынан не нәрсеге үйрене аламыз?
• Қай кезде дұғаларымыз Құдай алдында хош иісті заттардай болады?
[23-беттегі сурет]
Неге Құдай Қабылдың емес, Әбілдің құрбандығын қабыл алды?
[24-беттегі сурет]
‘Мен күл мен топырақтан жаралдым’
[25-беттегі сурет]
“Сенің маған беретініңнің барлығының оннан бірін Өзіңе арнамақпын”
[26-беттегі сурет]
Дұғаларың Ехобаның алдында хош иісті заттардай ма?