Ехобаға үміт арт та, батыл бол
“Ехобаға үміт арт; батыл бол және жүрегің бекем болсын. Иә, Ехобаға үміт арт” (ЗАБУР 27:14, ЖД; [26:14]).
1. Үміт қаншалықты маңызды және Жазбаларда бұл сөз қалай қолданылады?
ШЫНАЙЫ үміт жарқыраған жарық іспетті. Ол қазіргі сынақтардан кейін күтіп тұрған баталарды көре білуге және болашақты батылдықпен әрі қуанышпен қарсы алуға көмектеседі. Бізге тек Ехоба ғана берік үміт бере алады, әрі мұны ол рухтың жетелеуімен жазылған Сөзі арқылы істейді (Тімотеге 2-хат 3:16). Негізінде, Киелі кітапта “үміт”, “үміттенген”, “үміттену” деген сөздер көп рет кездеседі. Ол жақсылықты асыға әрі сеніммен күтуге және сол күткен нәрсеге нұсқайдыa. Бұндай үміт — негізі жоқ немесе орындалуы да екіталай жай ғана қалау емес.
2. Исаның өмірінде үміттің рөлі қандай болды?
2 Иса сынақтар мен қиындықтарға кезіккенде, алдағы нәрсені көре білді және Ехобаға үміт артты. “Иса Өзін күтіп тұрған зор қуаныш үшін айқышқа шегеленудің қорлығын елемей, соған төзді. Бұдан кейін Ол Құдай тағының оң жағындағы орнына жайғасып отырды” (Еврейлерге 12:2). Ол бар назарын Ехобаның билігінің ақталуы мен есімінің қастерленуіне аударғандықтан, қандай құрбандыққа баруға тура келсе де, Құдайға мойынсұнудан ешқашан тайған жоқ.
3. Құдай қызметшілерінің өмірінде үміттің қандай маңызы бар?
3 Дәуіт патша үміт пен батылдықтың байланысын көрсетіп: “Ехобаға үміт арт; батыл бол және жүрегің бекем болсын. Иә, Ехобаға үміт арт”,— деген болатын (Забур 27:14, ЖД; [26:14]). Жүрегіміз бекем болсын десек, үмітіміздің бұлыңғырлануына жол бермей, оны әрдайым санамызда айқын ұстап, жүрегімізге жақын тұтуымыз керек. Бұл Исаның өз шәкірттеріне тапсырған ісіне атсалысуда батылдық пен құлшыныс танытып, оған еліктеуімізге көмектеседі (Матай 24:14; 28:19, 20). Расында да, сенім және сүйіспеншілікпен қатар айтылған үміт — Құдай қызметшілерінің өмірлерінен көрініс табатын маңызды да жоғалмайтын қасиет (Қорынттықтарға 1-хат 13:13).
‘Үміттерің мол’ ма?
4. Майланған мәсіхшілер мен ‘басқа қойлар’ не нәрсені асыға күтуде?
4 Құдай халқын алда керемет болашақ күтіп тұр. Майланған мәсіхшілер Мәсіхпен бірге көкте қызмет етуді аңсап күтсе, ‘басқа қойлар’ ‘өткіншіліктің құлдығынан босатылып, Құдайдың [жердегі] рухани балаларының салтанатты ұлылығы мен бостандығына жетуге’ үміттенеді (Жохан 10:16; Римдіктерге 8:19—21; Філіпіліктерге 3:20). Мұндағы ‘салтанатты бостандыққа’ күнә мен оның азапты зардабынан құтылу да жатады. ‘Берген қай нәрсесі де игі’ Ехоба, расында да, адал қызметшілеріне тек ең жақсы сыйды береді (Жақып 1:17; Ишая 25:8).
5. Қалай ‘үмітімізді молайта’ аламыз?
5 Мәсіхшілерге берілген үміт өмірімізде қаншалықты маңызды болу керек? Римдіктерге 15:13-тен былай деп оқимыз: “Үмітіміздің бастауы — Құдай қандай жағдайда да бәріңді қуаныш пен тыныштыққа кенелте көрсін! Өздерің Оған сене отырып, Киелі Рухтың құдіретімен үміттерің молая түссін!” Иә, үмітті түнектегі шырақпен емес, адам өмірін тыныштық пен бақытқа кенелтетін әрі мән-мағына мен батылдық беретін таң шапағының алтын нұрына теңеуге болады. Байқасаң, Құдайдың Сөзіне сенетін және оның киелі рухын алатын болсақ, ‘үмітіміз мол’ болады. Римдіктерге 15:4-те: “Киелі жазбалардағылардың бәрі бізге тәлім болсын деп баяғыда жазылып қалдырылды. Керемет болашағымыздан үмітімізді үзбеу үшін олар арқылы табандылық пен жігерлілікке үйренеміз”,— делінген. Сондықтан өзіңнен: “Киелі кітапты күнделікті тыңғылықты зерттеу арқылы үмітімді көз алдымда айқын ұстаймын ба? Құдайдың киелі рухын сұрап жиі дұға етем бе?”— деп сұрап көр (Лұқа 11:13).
6. Үмітіміз жанып тұру үшін неден сақ болуымыз қажет?
6 Бізге Үлгі көрсетуші Иса Құдай Сөзінен күш-жігер алған. Оның өмірін жақынырақ қарастырсақ, ‘қажып, жігерімізді жасытып’ алудан сақ боламыз (Еврейлерге 12:3). Егер Құдай берген үміттің жалыны санамыз бен жүрегімізде сөніп бара жатса немесе бар ойымыз басқа жаққа — мысалы, дүние-мүлік яки осы дүниелік мақсаттарға — ауып кетсе, онда көп кешікпей рухани қалжырап, ақыр соңында дұрыс нәрсені істеуге күшіміз де, батылдығымыз да жетпей қалатыны қисынды-ақ. Бұдан тіпті ‘сенімімізді құртып’ алуымыз мүмкін (Тімотеге 1-хат 1:19). Ал нағыз үміт, керісінше, сенімімізді нығайтады.
Сенім үшін үміт маңызды
7. Қалайша сенім үшін үміт маңызды?
7 Киелі кітапта: “Сенім дегеніміз — үміттенгеннің жүзеге асатынына күмәнданбау, әлі де көрінбей тұрған уәденің орындалуына шүбәсіз илану”,— делінген (Еврейлерге 11:1). Демек, үміт — сенімнің қосымша емес, аса маңызды бөлігі. Мысалы, Ыбырайымды алайық. Ехоба оған мұрагерді уәде еткенде, адами тұрғыдан қарағанда, ол да, әйелі Сара да балалы болатын шақтан өтіп кеткен еді (Жаратылыс 17:15—17). Ыбырайым не істеді? “Үміттенетін еш шара қалмаған кездің өзінде Ыбырайым үмітін үзбей, сенімінде берік тұра берді [“Ыбырайымның үмітке негізделген сенімі болды”, ЖД]. Сондықтан да... көптеген халықтардың рухани түп атасы болды” (Римдіктерге 4:18). Расында да, Ыбырайымның ұрпағым болады деген сеніміне Құдайдан алған үміті берік негіз болды. Ал сенімі, өз кезегінде, оның үмітін жандандырып, күшейтті. Міне, сондықтан да Ыбырайым мен Сараның өз үйлері мен туған-туыстарын тастап, қалған өмірлерін жат жерде, шатырда өткізуге батылдықтары болды.
8. Қалай адалдықпен табандылық көрсету үмітті нығайтады?
8 Ыбырайым Ехобаға толық мойынсұнуымен, тіпті бұлай ету оңай болмаса да, өз үмітін берік сақтады (Жаратылыс 22:2, 12). Біз де Ехобаға қызмет етуде мойынсұнғыш әрі табанды бола отырып, алатын сыйымызға сенімді бола аламыз. “Табандылық”,— деп жазды Пауыл,— ұнамды етеді”, ал ‘ұнамды болу’, өз кезегінде, үміт береді, “бұл үміт алдамшы қиял емес” (Римдіктерге 5:4, ЖД; 5). Міне, сондықтан да Пауыл тағы: “Әрқайсыларыңның үміттеріңді соңына дейін берік ұстануларың үшін де осындай ынта-жігер танытқандарыңды аңсап тілейміз”,— деп жазды (Еврейлерге 6:11). Ехобамен тығыз қарым-қатынастың негізінде пайда болатын мұндай дұрыс көзқарас кез келген қиындықты батылдықпен, тіпті қуанышпен, қарсы алуға көмектеседі.
“Үміттеніп қуаныңдар”
9. ‘Үміттеніп қуану’ үшін үнемі не істеп отыруымыз керек?
9 Осы дүние ұсынатын кез келген нәрсе Құдайдың бізге берген үмітімен салыстырғанда түкке де тұрмайды. Забур 36:34-те: “Жаратушыға сенетін бол [“үміт арт”, ЖД] және Соның жолын ұстан: сонда жерге сен ие болу үшін Ол сені қолдайды; және де ұждансыздардың қырылған кезінде, оны өзің де көресің”,— делінген. Расында да, бізге ‘үміттеніп қуануға’ барлық себеп бар (Римдіктерге 12:12). Алайда ‘үміттеніп қуану’ үшін, үмітімізді жадымыздан бір елі шығармауымыз керек. Сен Құдай берген үміт жайлы үнемі ой жүгіртесің бе? Өзіңді денсаулығың өте мықты, ешбір уайым-қайғы жоқ, айналаңда тек сүйікті адамдарың, сондай-ақ қанағат беретін еңбекпен айналысатын Жұмақта жүргеніңді елестете аласың ба? Басылымдарда бейнеленген Жұмақтың көрінісіне ой жібересің бе? Осылай үнемі ой жүгіртуді ар жағындағы әсем көріністі көруге болатын терезені тазалаумен салыстыруға болады. Егер оның әйнегін тазалауға немкетті қарайтын болсақ, көп ұзамай кір болып, ластанып, сырттағы тартымды көріністі анық көре алмай қаламыз. Осы сияқты біздің де көңілімізді басқа нәрселер жаулап алуы мүмкін. Бұған ешқашан жол бермелік!
10. Неге сыйды күткеніміз Ехобамен жақсы қарым-қатынаста екенімізді көрсетеді?
10 Әрине, Құдайға қызмет етуіміздің басты себебі — біз оны сүйеміз (Марқа 12:30). Десе де алатын сыйымызды асыға күтуіміз керек. Ехоба да бізден осыны күтеді! Еврейлерге 11:6-да: “Сенім артпай Құдайға ұнау мүмкін емес. Оған келген әркім Оның бар екеніне сенуге және Өзін іздеп, жақыннан танығысы келгендерді Құдайдың жарылқайтынына илануға тиіс”,— делінген. Неге Ехоба өзін Жарылқаушы Құдай деп санағанымызды қалайды? Өйткені мұнымен көктегі Әкемізді жақсы білетінімізді көрсетеміз. Ол — жомарт Құдай, әрі балаларын сүйеді. Өзің ойлап көрші: егер ‘болашақ пен үмітіміз’ болмағанда, өзімізді сондай бақытсыз сезініп, ұнжырғамыздың түсуі де оңай болар еді (Еремия 29:11).
11. Құдай берген үміт Мұсаға дана шешімдер қабылдауына қалай көмектесті?
11 Құдай берген үмітке бар назарын тіккен адамдардың бірі Мұса болған. “Перғауын қызының баласы” саналған Мұсаның билігі де, беделі де, қарауында Мысырдың байлығы да болды. Ол осылардың соңына түсер ме екен, жоқ әлде Ехобаға қызмет ете ме? Мұса батылдықпен екіншісін таңдады. Неліктен? “Себебі ол болашақтағы мәңгілік сыйды көздеді” (Еврейлерге 11:24—26). Иә, Мұсаның Ехоба ұсынған үмітке немқұрайды қарамағаны анық.
12. Неге мәсіхшінің үміті дулыға іспетті?
12 Елші Пауыл үмітті дулығамен салыстырған. Бейнелі дулығамыз ой-санамызды қорғап, дана шешімдер қабылдауға, маңызды нәрсені басты орынға қоя білуге және мінсіздігімізді сақтауға көмектеседі (Салониқалықтарға 1-хат 5:8). Бейнелі дулығаңды үнемі киіп жүресің бе? Онда Мұса мен Пауыл сияқты ‘сеніміңді [“үмітіңді”, ЖД] өткінші байлыққа емес, Құдайға артқаның. Ол рақатын көру үшін игіліктердің бәрін сыйлайды’. Рас, көпшіліктің ығына көнбей, қара бастың қамын ойлаудан бас тарту үшін батылдық қажет, бірақ бұл соған тұрарлық! Шынында да, Ехобаны сүйетіндер мен оған үміт артатындарды күтіп тұрған ‘шынайы өмірден’ артық нәрсе бар ма екен?!
“Ешқашан жалғыз қалдырмаймын”
13. Ехоба өзінің адал қызметшілерін не нәрсеге сендіреді?
13 Үмітін осы дүниеге артатын адамдар ертеңі жайлы ойланғанда, үрейленетін болу керек. Өйткені бұл дүниенің ‘толғақты азабы’ артқан үстіне артуда (Матай 24:8). Ал Ехобаға үміт артатындардың бойында мұндай үрей жоқ. Олар әрі қарай да “қауіпсіз тұрады, еш пәледен қорықпай, алаңсыз болады” (Нақыл сөздер 1:33). Олар осы дүниеге үміт артпайтындықтан, Пауылдың келесі сөздеріне қуанышпен құлақ асады: “Ақша жанды болмай өмір сүріп, қолдағы барды қанағат тұтыңдар! Құдай: — Мен сенен бас тартпаймын, Ешқашан жалғыз қалдырмаймын,— деген ғой” (Еврейлерге 13:5).
14. Неге мәсіхшілерге тәндік қажеттіліктерін тым уайымдаудың қажеті жоқ?
14 “Ешқашан” деген күшейтіп айтылған сөз Құдайдың қамымызды ойлайтынын анық көрсетеді. Иса да Құдай қамымызды ойлайтынына сендіріп, былай деген: “Ең бастысы, Оның Патшалығының қамын ойлап, Оның әділ еркін орындауға ұмтылыңдар! Сонда көктегі Әкелерің сендерге бұлардың [күнделікті материалдық қажеттіліктердің] бәрін қосып береді. Сонымен ертеңгі күн туралы уайымға салынбаңдар!” (Матай 6:33, 34) Патшалық ісінде құлшыныс танытып, сөйте тұра, тәндік қажеттіліктерімізді қанағаттандыруға қатысты міндетімізді толық атқарудың оңай еместігін Ехоба біледі. Сондықтан оның біздің қамымызды ойлай алатындығына және солай етуге деген ықыласына толық сенім артайық (Матай 6:25—32; 11:28—30).
15. Мәсіхшілер қалай ‘көздерін қарапайым’ етіп сақтай алады?
15 ‘Көзімізді қарапайым’ етіп сақтасақ, Ехобаға арқа сүйейтінімізді көрсетеміз (Матай 6:22, ЖД; 23). Қарапайым көз — шынайы, таза пейілді, ашкөз емес және тек қара бастың қамын ойлаудан аулақ көз. Көздің қарапайым болуы тақыр кедей болу дегенді немесе тәндік қажеттілікке қатысты мәсіхшілердің жауапкершілігіне атүсті қарауды білдірмейді. Қайта, бұл “саналылық” танытып, Ехобаға қызмет етуді бірінші орынға қоюды білдіреді (Тімотеге 2-хат 1:7, Тт).
16. Көзді қарапайым етіп сақтау үшін неге сенім мен батылдық қажет?
16 Көзді қарапайым етіп сақтау үшін сенім мен батылдық қажет. Мысалы, егер жұмыс берушің қауым кездесулері өтетін уақытта әрдайым жұмыс істеуді талап етіп тұрып алса, рухани кестеңді мықтап ұстануға батылың жете ме? Егер адам Ехоба өз қызметшілерінің қамын ойлайтынына қатысты уәдесінде тұратынына күмәнданатын болса, Шайтан осындай қысым көрсетуін жалғастыра береді де, ақырында, ол қауым кездесулеріне келуді мүлдем доғаруы мүмкін. Иә, егерде сеніміміз болмаса, бұл өмірімізде басты орында не тұру керектігін Ехоба емес, Шайтанның шешуіне ерік береді. Ал мұның соңы өте қайғылы болмақ (Қорынттықтарға 2-хат 13:5).
“Ехобаға үміт арт”
17. Ехобаға сенім артатындар қазірдің өзінде қандай баталарға ие?
17 Жазбаларда Ехобаға үміт пен сенім артатындардың ешқашан құр алақан қалмайтыны қайта-қайта көрсетіледі (Нақыл сөздер 3:5, 6; Еремия 17:7). Рас, кейде оларға аз нәрсені қанағат етуге тура келер, бірақ мұны олар өздеріне сақталып отырған баталармен салыстырғанда кішкене ғана құрбандық деп есептейді. Осылайша олар ‘Ехобаға үміт артатындарын’ және Құдай түбінде адал қызметшілерінің жүректегі барлық қалауын орындайтынына сенімді екендерін көрсетеді (Забур 36:4, 34). Демек, олар тіпті қазірдің өзінде, шын мәнінде, бақытты. “Әділдің күткені шаттыққа апарар, Зұлымның үміті бекерге болар” (Нақыл сөздер 10:28).
18, 19. а) Ехоба сүйіспеншілікпен бізді не нәрсеге сендіреді? ә) Ехоба үнемі ‘оң жағымызда’ болу үшін не істей аламыз?
18 Кішкентай балақай әкесінің қолынан ұстап, онымен бірге жүргенде, өзін алаңсыз әрі қауіпсіз сезінеді. Көктегі Әкемізбен бірге жүретін болсақ, біз де өзімізді солай сезінеміз. “Қорықпа,— деді Ехоба Исраилге.— Мен саған жар боламын... Саған қуат беріп көмектесемін... Себебі Мен, сиынатын Құдай Иең, Сені оң қолыңнан сүйемелдеймін. Қорықпа, Мен сені қолдап қорғаймын! — Деп саған берік уәде беремін” (Ишая 41:10, 13).
19 Ехоба адамның қолынан сүйемелдейді. Бұл жанға жылы тиетін қандай керемет көрініс десеңші! Дәуіт: “Ықылас-ниетім әрдайым Иемде, Оң жағымда маған жар боп келеді: Жағдайым шайқалмайды ешбір кезде”,— деп жазды (Забур 15:8). Ехоба үнемі ‘оң жағымызда’ болу үшін не істеуіміз керек? Мұның, кем дегенде, екі жолы бар. Біріншісі — оның Сөзіне өміріміздің әрбір саласында басшылық беруіне мүмкіндік беруіміз керек. Екіншісі — Ехобаның бергелі отырған ұлы сыйын көз алдымызда ұстауымыз керек. Забур жыршысы Асаф: “Алайда әрдайым қасыңда боламын, Сен мені оң қолымнан ұстап қолдайсың. Ақыл-кеңесіңмен мені жетелеп, Соңында ұлылықпен қабылдайсың”,— деп жырлаған (Забур 72:23, 24). Осындай кепілдік беретін сөздердің арқасында болашаққа сеніммен қарай аламыз.
“Құтқарылуларың жақын!”
20, 21. Ехобаға үміт артатындарды қандай болашақ күтіп тұр?
20 Күн өткен сайын, Ехоба үнемі оң жағымызда болу керектігінің маңыздылығы арта түседі. Жуырда Шайтанның дүниесі жалған діндердің жойылуымен басталатын бұрын-соңды болмаған азапты бастан кешеді (Матай 24:21). Сонда сенімі жоқ адамзатты үрей билейді. Алайда сол аумалы-төкпелі кезеңде Ехобаның батыл қызметшілері үміттері үшін шаттанып-қуанады. Иса: “Бұл оқиғалар бола бастаған кезде бастарыңды көтеріп, жоғары қараңдар, себебі құтқарылуларың жақын!”— деген (Лұқа 21:28).
21 Ендеше, Шайтанның көңілімізді алаңдататын айла-амалына алданып қалмай, Құдай берген үмітімізге қуанайық. Сонымен қатар сенім, сүйіспеншілік пен Құдай алдындағы қорқынышты дамыту үшін бар күшімізді салайық. Сонда Ехобаға қандай жағдайда болмасын, мойынсұнуға және Шайтанға қарсы тұруға батылдығымыз жетеді (Жақып 4:7, 8). Олай болса, “Ехобаға үміт артатындардың бәрі, батыл болыңдар, жүректерің бекем болсын”! (Забур 31:24, ЖД; [30:25])
[Сілтеме]
a Мәсіхшілердің грек жазбаларында “үміт” сөзі жиі майланған мәсіхшілердің көктегі сыйына қатысты қолданылғанымен, бұл мақалада оның жалпы мағынасы қарастырылып отыр.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Исаның үміті батыл болуына қалайша көмектесті?
• Сенім мен үміт өзара қалай байланысты?
• Үміт пен сенім қалай мәсіхшіге өмірінде маңызды нәрсені басты орынға қоюға батылдық береді?
• ‘Ехобаға үміт артатындар’ неге болашаққа сеніммен қарай алады?
[30-беттегі сурет]
Жас бол не кәрі бол, өзіңді Жұмақтағы өмірде елестете аласың ба?