Марқа
12 Кейін Иса мынадай мысал келтірді: “Бір кісі жүзім бағын отырғызып+, оны айналдыра қоршау орнатады. Сосын жүзім сығатын орын жасап, мұнара тұрғызады+. Бұдан соң бағын жүзімшілерге жалға беріп, өзі басқа елге сапарға аттанады+. 2 Мерзімі жеткенде ол өнімнен өз үлесін алу үшін жүзімшілерге бір құлын жұмсайды. 3 Бірақ олар оны ұстап алып, ұрып-соғып, құралақан қайтарады. 4 Ол тағы бір құлын жібергенде, оның басын жарып, қорлық көрсетеді+. 5 Өзге біреуін жұмсағанда, оны өлтіріп тастайды. Ол басқа да көптеген адам жібереді, бірақ олар бірін соққыға жығып, бірін өлтіреді. 6 Оның жұмсайтын тағы бір адамы, өзінің сүйікті ұлы+, қалады. Ол: —Менің ұлымды сыйлар,— деп ойлап, ақырында ұлын жібереді. 7 Бірақ жүзімшілер өзара: —Бұл — мұрагер ғой+! Жүріңдер, оны өлтірейік, сонда мұрасы біздікі болады,— десіп, 8 оны ұстап алып, өлтіріп, жүзімдіктің сыртына сүйреп шығарып тастайды+. 9 Енді жүзімдіктің иесі не істейді? Ол келіп, жүзімшілердің көзін құртады да, жүзімдігін басқаларға береді+. 10 Жазбадағы келесі сөздерді ешқашан оқымап па едіңдер? Онда: —Құрылысшылар бас тартқан тас негізгі бұрыштық тасқа* айналды+. 11 Біздің көз алдымыздағы бұл керемет істі жасаған — Ехоба,— делінген ғой+”.
12 Олар бұл мысалдың өздеріне қатысты айтылғанын түсініп, Исаны ұстап алғысы келді. Бірақ халықтан қорыққандықтан оны тастап, жөндеріне кетті+.
13 Бұдан кейін олар Исаны сөзден ұстау үшін бірнеше парызшылдар мен Иродтың жақтастарын жіберді+. 14 Олар келіп, оған былай деді: “Ұстаз, біз сіздің шыншыл екеніңізді әрі өзгеге жағынудан аулақ екеніңізді білеміз, өйткені сіз ешкімнің бет-жүзіне қарамай, шынымен Құдай жолына үйретесіз. Айтыңызшы, патшаға* алым-салық төлеу заңды ма, жоқ па? 15 Оны төлеуіміз керек пе, жоқ па?” Иса олардың екіжүзділігін біле қойып: “Мені неге сынайсыңдар? Маған динарды* әкеліп көрсетіңдерші”,— деді. 16 Олар біреуін әкеліп берді. Сонда ол: “Мына сурет пен жазу кімдікі?”— деп сұрады. Олар: “Патшанікі”,— дегенде, 17 Иса: “Патшанікін патшаға+, ал Құдайдікін Құдайға беріңдер”+,— деді. Олар Исаға қайран қалды.
18 Содан кейін оған қайта тірілуге сенбейтін саддукейлер*+ келіп, мынадай сұрақ қойды+: 19 “Ұстаз, Мұса бізге егер біреу артында бала қалдырмай өлсе, онда бауыры оның жесіріне үйленіп, марқұмның ұрпағын жалғастыруы керектігін жазған болатын+. 20 Жеті ағайынды бар еді. Солардың үлкені үйленіп, артында ұрпақ қалдырмай өлді. 21 Жесіріне екіншісі үйленіп, ол да артынан бала қалдырмай көз жұмды. Үшіншісімен де солай болды. 22 Осылай жетеуі де сол әйелге үйленіп, ұрпақ қалдырмай өлді. Соңында әйелдің өзі де дүние салды. 23 Өлгендер қайта тірілгенде, ол кімнің әйелі болады? Оған жетеуі де үйленген еді ғой”. 24 Иса оларға мынаны айтты: “Сендер Жазбаларды да, Құдайдың құдіретін де білмегендіктен қателесіп тұрсыңдар, солай емес пе+? 25 Өйткені олар қайта тірілгенде, үйленбейді де, күйеуге де шықпайды. Олар көктегі періштелер іспетті болады+. 26 Ал өлгендердің қайта тірілетіні жөнінде Мұсаның кітабындағы тікенді бұта туралы әңгімеден Құдайдың оған “мен Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайымын” деген сөздерін оқымап па едіңдер+? 27 Ол — өлгендердің емес, тірілердің Құдайы. Сендер қатты қателесесіңдер+!”
28 Бір дін мұғалімі келіп, олардың айтысып жатқанын тыңдап тұрған еді. Ол Исаның жақсы жауап бергенін көріп, одан: “Ең басты заң қандай?”— деп сұрады+. 29 Иса былай деді: “Ең басты заң мынау: “Тыңда, уа, Исраил, біздің Құдайымыз Ехоба — жалғыз Ехоба. 30 Құдайың Ехобаны бар жүрегіңмен, бүкіл жан-тәніңмен, барлық ақыл-ойыңмен және бар күш-қуатыңмен сүй+”. 31 Ал екіншісі мынадай: “Өзге адамды өзіңді сүйгендей сүй”+. Бұлардан маңызды заң жоқ”. 32 Сонда дін мұғалімі: “Ұстаз, шындығын айттыңыз. “Құдай жалғыз, әрі одан басқа шынайы Құдай жоқ”+. 33 Оны бар жүрегіңмен, бар түсінігіңмен және бар күш-қуатыңмен сүю әрі өзге адамды өзіңді сүйгендей сүю түгелдей өртелетін құрбандықтар мен басқа құрбандықтардың бәрінен де артық+”,— деді. 34 Иса оның ақылмен жауап бергенін көріп: “Құдай Патшалығынан алыс емес екенсің”,— деді. Бұдан кейін оған сұрақ қоюға ешкімнің батылы бармады+.
35 Ғибадатханада тәлім беріп жатып, Иса оларға былай деді: “Неге дін мұғалімдері Мәсіхті Дәуіттің ұлы дейді+? 36 Киелі рухтың жетелеуімен+ Дәуіттің өзі: —Ехоба менің Иеме былай деді: “Жауларыңды аяғыңның астына салып бергенімше, оң жағымда отыр”,— деген ғой+. 37 Дәуіттің өзі оны Ием деп атаса, қалайша ол оның ұлы болады+?”
Жиналған қалың жұрт оның айтқандарын сүйсіне тыңдады. 38 Ол әрі қарай былай деп тәлім берді: “Дін мұғалімдерінен сақтаныңдар! Олар ұзын шапан киіп жүргенді, базар алаңдарында жұрттың өздеріне сәлем бергенін+, 39 мәжілісханаларда алдыңғы орындарда отырып, ал қонақасыларда төрде жантайғанды ұнатады+; 40 олар жесірлердің үй-жайын жалмайды; әдейі жұрт көзіне түсу үшін ұзақ дұға етеді. Оларға әлдеқайда қатаң үкім шығарылады”.
41 Иса садақа салатын ыдыстар көрінетін жерге отырып+, жұрттың қалай ақша салып жатқанын бақылай бастады. Көптеген байлар ақшаны молынан салып жатты+. 42 Сол кезде бір кедей жесір әйел келіп, құны өте төмен ұсақ екі тиын* салды+. 43 Иса шәкірттерін қасына шақырып алып: “Сендерге шындығын айтамын, мына кедей жесір әйел ақша салып жатқандардың бәрінен де көп салды+. 44 Өйткені барлығы өздерінен артылғанын салса, бұл әйел кедей бола тұра, бар ақшасын, күнелтетін нәрсесінің бәрін салды+”,— деді.