Ертеңгі күнді ойлап өмір сүріңіз
ҒАЛИЛЕЯ тауының бөктерінде айтқан әйгілі уағызында Иса Мәсіх: “Ертеңгі күн туралы уайымға салынбаңдар!”— деген. Өзге бір аудармаға сай, Иса былай деп жалғастырған: “Ертеңгі күн өз қамын өзі жейді” (Матай 6:34, “Жаңа ағылшын Киелі кітабы”).
Қалай ойлайсыз, бұл сөздердің мәні неде? Сонда біз ертеңді ойламай, тек бүгінгі күнмен өмір сүруіміз керек пе? Мұндай көзқарас Иса мен оның ізбасарларының іліміне сай келе ме?
“Уайымдамаңдар!”
Матай 6:25—32-тармақтарда жазылған Исаның сөздерін толықтай оқып көріңізші. Онда мынадай сөздер бар: “Не ішіп-жейміз деп өмірлеріңді, не киеміз деп тәндеріңді уайымдамаңдар... Әуеде ұшқан құстарға назар салыңдаршы: олар егін екпейді де, орып, қамбаға жинамайды да, бірақ көктегі Әкелерің оларды асырайды... Сондай-ақ осындай мәселелерді уайымдап, араларыңдағы қайсың өз бойын тіпті бір қарыс ұзарта алады? Неге киімдеріңді ойлап уайымдап жүрсіңдер? Даладағы қызғалдақтардың қалай өсіп тұрғанына көңіл бөліңдерші: олар еңбек те етпейді, жіп те иірмейді... Сондықтан не ішіп-жейміз, не киеміз деп уайымдамаңдар! Тәңірге мойынсұнбағандар барлық сондай нәрселерге ие болуға тынымсыз ұмтылуда. Ал бұлардың сендерге қажет екенін көктегі Әкелерің біледі ғой”.
Иса уағызының осы бөлігін екі кеңеспен қорытындылаған. Бірінші кеңес — “Ең бастысы, Оның [Құдайдың] Патшалығының қамын ойлап, Оның әділ еркін орындауға ұмтылыңдар! Сонда көктегі Әкелерің сендерге бұлардың бәрін қосып береді”. Екіншісі, “Сонымен ертеңгі күн туралы уайымға салынбаңдар! Тәңір ертеңгі күннің де қам-қарекетін ойлайды. Әр күннің қиыншылығы өзіне жетерлік” (Матай 6:33, 34).
“Бұлардың сендерге қажет екенін көктегі Әкелерің біледі”
Иса шәкірттерін, олардың арасында диқандар да болған, ‘егін егіп, орып, қамбаға жинаудан’ қақпайлаған ба? Қажетті киімдері үшін ‘еңбек етіп, жіп иірмеуге’ шақырған ба? (Нақыл сөздер 21:5; 24:30—34; Екклесиаст 11:4) Әрине, жоқ. Олар еңбек етпесе, ішерге ас, киерге киім таппай, “орақ кезінде қайыр сұрар” еді (Нақыл сөздер 20:4, ЖД).
Ал уайымдау жөнінде не деуге болады? Иса мүлдем уайымдамауымыз керек дегісі келді ме? Бұлай деу қисынсыз болар еді. Тұтқындалған түні Исаның өзі де жан азабына түсіп, қатты уайымдаған (Лұқа 22:44).
Иса жай ғана негізгі шындықты айтқан: орынсыз уайым ешқандай қиындықты шешуге көмектеспейді. Мысалы, ол өмірді ұзартпайды. Исаның сөздеріне сай, уайым ‘өміріңізді тіпті бір қарыс ұзарта алмайды’ (Матай 6:27, сілтеме). Керісінше, ұзаққа созылған уайым өмірді қысқартады.
Исаның кеңесі өте тиімді еді. Біз уайымдайтын жайттардың көбісі ешқашан орын алмайды. Британияның мемлекет қайраткері Уинстон Черчилль Екінші дүниежүзілік соғыстың қиын-қыстау күндерінде мұның растығына көз жеткізген. Сол кездегі уайымы туралы ол былай деп жазды: “Сол уайымдарым туралы ойлағанда, бір қарт кісінің өлер шағында айтқан сөздерін есіме аламын: оның өмірде уайымы көп болыпты, бірақ олардың басым көпшілігі ешқашан болмаған екен”. Расында да, әр күннің өз тауқыметімен өмір сүрген даналыққа жатады, әсіресе кезігіп жүрген қысым мен қиындықтарымыз сары уайымға салып жіберуі оп-оңай болса, солай еткен дұрыс.
Ең бастысы, Құдай Патшалығының қамын ойлаңдар
Негізінде, Иса тыңдаушыларының тән және эмоциялық қажеттіліктерінен әлдеқайда көп нәрсені ойда тұтқан. Ол тіршіліктің қам-қарекетін уайымдау және дүние-мүлік пен ләззат-ермек қуудың анағұрлым маңызды нәрселерді ығыстырып тастауы мүмкін екенін білген (Філіпіліктерге 1:10). Бәлкім, сіз: “Тіршілік қамынан маңызды не бар?”— деп ойларсыз. Бұдан маңыздырағы — Құдайға деген ғибадатпен байланысы бар рухани нәрселер. Иса өміріміздегі ең маңызды нәрсе — алдымен, Құдай ‘Патшалығының қамын ойлап, Оның әділ еркін орындауға ұмтылу’ екенін нықтап айтқан (Матай 6:33).
Исаның заманында көп адам тынымсыз баюға ұмтылатын. Дүние-мүлік жинау олардың өмірінде басты орында тұрған. Ал Иса болса тыңдаушыларын басқа көзқарасты ұстануға шақырған. Құдайға бағышталған халық ретінде олардың “бар міндеті” ‘Құдайдан қорқу және оның өсиеттерін орындау’ болатын (Екклесиаст 12:13, ЖД).
Баюды тым көп ойлау — ‘бұ дүниелік тұрмыс қамын ойлап абыржып, байлыққа алдану’ — оның тыңдаушыларын рухани әлсіретуі мүмкін еді (Матай 13:22). Елші Пауыл: “Баюға ұмтылғандар азғыруға ұшырап, өздерін апатқа, құруға алып келетін көптеген ақымақ та зиянды құмарлықтардың торына түседі”,— деген (Тімотеге 1-хат 6:9). Иса ізбасарларына осы ‘торға’ түсуден аулақ болуға көмектесу үшін, олардың бар қажеттіліктерін көктегі Әкелерінің білетінін естеріне салған. Құдай ‘әуеде ұшқан құстарды’ асырап отырғаны сияқты олардың да қамын ойлар еді (Матай 6:26, 32). Олар уайымға салынудың орнына, қолдан келгенше тіршілік қамын жасап, қалғанын Ехобаға сеніп тапсырулары керек-тін (Філіпіліктерге 4:6, 7).
Иса “ертеңгі күн өз қамын өзі жейді” деуімен бүгінгі қиыншылықтарымызға ертең болуы мүмкін жайттарды қоса ойлап, орынсыз уайымға салынбауымыз керектігін айтқысы келген. Басқа бір аудармада бұл сөздер былай тәржімеленген: “Ертеңді ойлап абыржыма; Ертеңгі күннің өз уайымы өзіне жетеді. Бір күннің уайымына екіншісінікін қосудың қажеті жоқ” (Матай 6:34, Today’s English Version).
“Патшалығың осында орнасын!”
Алайда ертеңгі күнді ойлап, орынсыз уайымға салыну мен оны мүлдем ойламай қоюдың үлкен айырмашылығы бар. Иса ешқашан шәкірттерін бұлай етуге шақырмаған. Қайта, болашаққа барынша қызығушылық білдіруге талпындырған. Олар тіршілік қажеттіліктерін — күнделікті нанын — сұрап дұға ету керек-тін. Бірақ алдымен болашақтағы жайттар, яғни Құдай Патшалығының келуі мен оның еркінің жер бетінде орындалуы, туралы дұға етулері керек еді (Матай 6:9—11).
Біз Нұх пайғамбардың заманындағы адамдар сияқты болғымыз келмейді. Олар ‘ішіп-жеп, әйел алып, қыздарын ұзатудың’ қамына беріліп кеткендері сонша — алда не күтіп тұрғаны туралы ойланбаған. Мұның арты қандай болды? Жерді ‘топан су басып, бәрін алып кетіп, қырып салды’ (Матай 24:36—42). Елші Петір тарихта болған осы оқиғаны қолданып, ертеңді ойлап өмір сүруіміз керектігін есімізге салған. Ол: “Бар дүние осылайша құрып кететіндіктен, сендер қандай болуларың керек? Жүріс-тұрыстарың Тәңірге бағышталып, қасиетті де Оған ұнамды болуға тиіс! Себебі сендер Құдайдың алдын ала белгілеген күнін сағына күтіп, оны тезірек келтіргілерің келеді”,— деген (Петірдің 2-хаты 3:5—7, 11, 12).
“Байлықты көкте жинаңдар!”
Иә, Ехобаның күнін әрқашан ойымызда ұстайық. Бұлай еткеніміз уақытымыз бен күш-жігерімізді, талантымыз бен қабілетімізді және қолда барымызды қалай қолданатынымызға қатты әсер етеді. Мейлі, тіршілікке не рақат өмір сүруге қажет болсын, материалдық нәрселерге беріліп кетіп, ‘Тәңірге бағышталғанымызды’ ісімізбен көрсетуге аз уақыт қалып жүрмесін. Бүгінгі күнмен өмір сүрудің нәтижесі бірден көрінетіндей болғанмен, оның пайдасы уақытша ғана. Иса айтқандай, байлықты жерде емес, ‘көкте жинаған’ даналыққа жатады (Матай 6:19, 20).
Осы ойға ол болашағына қатысты үлкен жоспарлар құрған кісі туралы астарлы әңгімесінде ерекше көңіл бөлді. Ол кісінің жоспарына Құдаймен қарым-қатынаста болу кірмеген еді. Егістігі мол өнім береді де, ол ішіп-жеп, жеңіл әрі рақат өмір сүру үшін қамбаларын бұзып, үлкенірек етіп салуды ұйғарады. Алайда мұнда тұрған не бар? Ол еңбегінің рәтін көрмей, өліп кетеді. Ал ең сорақысы — ол Құдаймен қарым-қатынас дамытпаған еді. Иса сөзін былай түйіндеді: “Өзі үшін байлық жинап, бірақ Құдаймен қатынасында бай болмаған адамның ақыры осылай болады” (Лұқа 12:15—21; Нақыл сөздер 19:21).
Сіздің не істеуіңізге болады?
Исаның астарлы әңгімесіндегі кісі сияқты қателік жасамаңыз. Құдайдың ертеңгі күнге қатысты ниетін біліп алып, соған сай өмір сүріңіз. Ол оны адамдардан жасырып отырған жоқ. Ежелде өмір сүрген Амос пайғамбар: “Өзінің құпиясын құлдарына — әулиелеріне ашпай, Жаратушы Құдай Ие ештеңе істемейді”,— деп жазған (Амос 3:7). Ехоба Құдайдың пайғамбарларына ашқандарын рухтың жетелеуімен жазылған оның Сөзі Киелі кітаптан оқуға болады (Тімотеге 2-хат 3:16, 17).
Киелі кітапта ашылған нәрселердің бірі — жақын болашақта бүкіл жер бетіне қатты әсер ететін жайттың орын алатындығы. Иса: “Әлем жаратылғаннан бері күні бүгінге дейін еш болмаған... ауыр азап бастарыңа түседі”,— деді (Матай 24:21, сілтеме). Одан бірде-бір адам қашып құтыла алмайды. Алайда шынайы мәсіхшілерге одан қашуға себеп жоқ. Неге? Өйткені сол кезде зұлымдық атаулы құрып кетіп, көктегі жаңа үкімет пен жердегі жаңа қоғамды білдіретін “жаңа көк пен жаңа жер” болады. Сол жаңа дүниеде Құдай “барлық көздің жастарын сүртіп тастап [адамдарды] жұбатады. Енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды” (Аян 21:1—4).
Олай болса, қазір сол оқиғалар туралы Киелі кітапта не айтылғанын зерттеп білетін кез емес пе? Бұған сізге көмек қажет пе? Оны Ехоба куәгерлерінен сұрауыңызға немесе осы журналдың баспасына хат жазып жіберуіңізге болады. Еш күмәнданбай, тек бүгінгі емес, ертеңгі керемет күн үшін де өмір сүріңіз.
[3-беттегі суреттер]
“Ертеңді ойлап абыржыма; Ертеңгі күннің өз уайымы өзіне жетеді”