Ехобаның сөзі тірі.
Жоел және Амос кітаптарындағы көңіл бұрарлық ойлар
ОЛ өзі жайында Петуелдің ұлы Жоел екені туралы ғана жазған (Жоел 1:1). Өз атымен аталатын кітабында Жоел жеткізген хабарынан басқа нәрселер жөнінде өте аз жазған, тіпті оның пайғамбарлық еткен уақыты жөнінде де тек долбар жасауға болады, ал ол шамамен б. з. б. 820 жылы, Ұзиях (Озия) Яһуда еліне патшалық құрғаннан кейін тоғыз жылдан соң, пайғамбарлық еткен. Неге Жоел өзі жайында жазуға ықыласты болмаған? Ол хабаршыға емес, хабардың өзіне баса назар аударғысы келгенге ұқсайды.
Сонымен қатар Ұзияхтың тұсында Яһуда патшалығында өмір сүрген қойшы әрі інжір ағашының жемісін тесуші Амосқа да пайғамбарлық ету тапсырылған-ды (Амос 7:14). Жоел Яһудада, ал Амос Исраилдің он рулы солтүстік патшалығында пайғамбарлық еткен. Амос қарапайым тілмен жазылған, бірақ өте әсерлі кітабын шамамен б. з. б. 804 жылы пайғамбарлық етуін аяқтап, Яһудаға оралғанда жазған.
“БЕУ, ШІРКІН, ҚАНДАЙ КҮН!”
Жоел аян алып, құрт, шегіртке, қоңыздардың қаптап кеткенін көреді. Ол оларды ‘қалың қол халыққа’, ‘палуандарға’ теңейді (Жоел 1:4; 2:2—7). “Беу, шіркін, қандай күн!— деп күңіренеді Жоел. — Өйткені Жаратушы Иенің күні жақын; ол Құдіреттінің ойраны болып келеді” (Жоел 1:15). Ехоба Сион тұрғындарына: “Шын ниеттеріңмен Маған жалбарыныңдар”,— деп кеңес береді. Олар солай етсе, Ехоба ‘өз халқына аяушылығы оянып’, ‘солтүстіктен келгендерді’, жәндіктердің шабуылын, аулақтатпақ еді. Алайда өзінің ұлы күні келмес бұрын, Ехоба әртүрлі адамдарға рухын дарытып, ‘көкте және жерде нышан көрсетеді’ (Жоел 2:12, 18—20, 28—31).
Халықтар ‘соқаның бәрінен семсер соғып, орақтың бәрінен найза жасап’, соғысқа дайындалуға шақырылды. Оларға ‘Жосафаттың алқабына түсу’ бұйырылды, сол жерде сот жүргізіліп, олар жойылмақ. Бірақ Яһуда елін адамдар мәңгі-бақи мекендейтін болады (Жоел 3:10, 12, 20).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
1:15; 2:1, 11, 31; 3:14. Ехобаның күні деген не? Бұл — Ехобаның жауларына шығарған үкімі жүзеге асырылатын уақыт. Сол кезде олар жойылады, ал шынайы ғибадат етушілер аман қалады. Мысалы, б. з. б. 539 жылы мидиялықтар мен парсылар Бабылды күйреткенде, оның басына Ехобаның күні туған (Ишая 13:1, 6). Жақында, “Ұлы Бабылға”, дүниежүзілік жалған діндер империясына, шығарылған үкім жүзеге асқанда, тағы да Ехобаның күні келмек (Аян 18:1—4, 21).
2:1—10, 28. Жәндіктердің шабуылы туралы пайғамбарлық қалай орындалды? Киелі кітапта Яһуда елін Жоел кітабында суреттелгендей деңгейде жәндіктер қаптағаны жөнінде мәлімет жоқ. Сондықтан Жоел суреттеген шабуыл б. з. 33 жылы Ехоба Мәсіхтің ертедегі шәкірттеріне рухын дарытып, олар жалған діннің басшыларын қатты қинаған хабарды жариялай бастаған кезге қатысты пайғамбарлық болғанға ұқсайды (Елшілердің істері 2:1, 14—21; 5:27—33). Бізге де сондай іске атсалысу мәртебесі беріліп отыр.
2:32. ‘Ехобаның есімін атап шақыру’ (ЖД) деген нені білдіреді? Құдайдың атын атап шақыру деген оны білуді, барынша құрметтеуді және сол есімнің иесіне арқа сүйеп, сенім артуды білдіреді (Римдіктерге 10:13, 14).
3:14. ‘Сот алқабы’ деген не? Бұл — Құдайдың үкімі жүзеге асырылатын бейнелі орын. Есімі “Ехоба — Би, Төреші” дегенді білдіретін Яһуда патшасы Жосафаттың заманында Құдай шабуыл жасаған көрші елдердің сарбаздарының арасында келіспеушілік тудырып, Яһуда елін құтқарған. Сондықтан аталмыш жер “Жосафат алқабы” деп те аталады (Жоел 3:2, 12). Біздің күнімізде бұл халықтарды жүзім сияқты таптайтын бейнелі орынды білдіреді (Аян 19:15).
Біз үшін сабақ:
1:13, 14. Құтқарылу үшін шынымен өкіну және Ехобаны шынайы Құдай ретінде мойындаудың маңызы зор.
2:12, 13. Шынымен өкіну жүректен шығады. Ол көзге түсу үшін ‘киім жыртуды’ емес, ‘жүректі жыртуды’ білдіреді.
2:28—32. Ехобаның “құдіретті және үрейлі күні” тек оның атын атап шақырғандар ғана аман қалады. Құдай өзінің ‘ұлы істерін жариялау’ ісіне қатысуға мүмкіндік беру үшін жас-кәрі, әйел-еркек демей, әртүрлі адамдарға рухын дарытқанына қалайша ризамыз десеңші! (Елшілердің істері 2:11) Ехобаның күні жақындап қалғандықтан, “жүріс-тұрысымыз оған бағышталған, қасиетті” болу керек емес пе? (Петірдің 2-хаты 3:10—12)
3:4—8, 19. Жоел Яһуда елінің айналасындағы халықтар Құдайдың таңдап алған халқына дұрыс қарамағаны үшін жазаланатынын пайғамбарлық еткен. Оның пайғамбарлығы орындалып, Тир қаласының құрлықтағы бөлігін Бабыл патшасы Набуходоносор күйретеді. Кейінірек, оның аралды алабын Ескендір Зұлқарнайын жаулап алғанда, мыңдаған сарбаздары мен беделділері жер құшып, ал 30 000 тұрғыны құлдыққа алынады. Ескендір мен оның орнын басқан қолбасшылар філістірлерді де осындай күйге ұшыратады. Ал б. з. б. төртінші ғасырға таман Едом күйрейді (Малахи 1:3). Осы пайғамбарлықтардың орындалғаны Ехобаның өз уәделерін орындайтынына деген сенімімізді нығайтады. Сондай-ақ олардан бүгінде өзінің қызметшілерін қудалап жатқан халықтарға Ехобаның не істейтіні көрінеді.
3:16—21. “Аспан мен жер тітіркенеді” де, Ехоба халықтарды жазалайды. Бірақ Ехоба ‘өз халқына қорған болып’, жұмақта өмір сүру мүмкіндігін береді. Қазіргі зұлым заманға шығарылған үкім жүзеге асатын уақыт таяған сайын, біз Ехобаға жақын болуға деген шешімімізге берік болуымыз керек емес пе?
“ҚҰДАЙЫҢМЕН КЕЗДЕСУГЕ ӘЗІР БОЛ”
Амосқа Исраилдің айналасындағы жауласқан халықтарға, Яһуда және Исраил еліне арналған хабар беріледі. Құдай халқына қатыгездік көрсеткендіктен, Сирия, Філістір, Тир, Едом, Моаб елдері жойылуға тиіс еді. Ал Яһуда Ехобаның ‘заңын теріске шығарғаны’ үшін жойылмақ (Амос 2:4). Он рулы Исраил патшалығы ше? Ол жарлы-жақыбайларға қатты қысым көрсетіп, азғындыққа салынып және Құдайдың пайғамбарларын қорлауымен күнә жасады. Амос Ехобаның Исраилді Бетелде құрбан шалатын орындар жасағаны үшін жауапқа тартатынын және ‘жазғы үймен қоса қысқы үйді де қирататынын” ескертеді (Амос 3:14, 15).
Түрлі жолмен жазаланғанына қарамастан, пұтқа табынып кеткен исраилдіктер қасарысқандарын қоймады. Амос оларға: “Құдайыңмен кездесуге әзір бол”,— деді (Амос 4:12). Исраилдіктер үшін Ехобаның күні “Дамаскінің арғы бетіне”, яғни Ассурға, ‘жер аударуды’ білдірмек еді (Амос 5:27). Амосқа дінбасы қарсылық көрсетеді, бірақ ол қорықпайды. Ехоба Амосқа: “Менің халқым Исраилдің ақтық күні келіп жетті: енді оған кешірім жасамаймын”,— деді (Амос 8:2). Шеол да, асқар таулар да оларды Құдайдың сотынан қалқалай алмас еді (Амос 9:2, 3). Сөйте тұра, оларға үміт те берілді. Ехоба былай деді: “Сонда өз халқым Исраилді тұтқыннан қайтарамын, олар қаңырап қалған қалаларды қайта салып, бауыр басады, жүзімдіктерін өсіріп, соның шарабын ішеді, бауларын жайқалтып, соның жемісін жейді” (Амос 9:14).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
4:1. Башан “сиырлары” кімді бейнелейді? Ғалилея көлінің шығысындағы Башан жазығы асыл тұқымды малымен, оның ішінде сиыр да бар, танымал болған. Көгі мол жайылымдары бұған жақсы ықпал еткен. Амос Самарияның балқып-шалқып өмір сүруді жақсы көретін әйелдерін Башан сиырларына теңеген. Сол әйелдер, сөз жоқ, “мырзаларына”, немесе күйеулеріне, қысым жасап, өздері баю үшін кедейлерді қанауға мәжбүрлеген болу керек.
5:5. Қай мағынада исраилдіктер Бетелді ‘іздемеулері’ керек еді? Еробоғам Бетелде бұзауға табынушылықты ендірген. Содан бері Бетел жалған діннің орталығына айналған болатын. Ғылғал мен Бер-Шеба да сондай жерлер болғанға ұқсайды. Алдын ала айтылған апаттан аман қалу үшін, исраилдіктер сол жерлерге барып табынуды доғарып, Ехобаны іздеулері керек-тін.
7:1. ‘Патша шабыны’ деген нені білдіреді? Бұл атқосшылары мен малына қажетті патша салған салық болса керек. Бұл салық “кейінгі шалғын” “көктеп шығар алдында” төленуі тиіс еді. Бұдан кейін ғана халық өз егінін оратын. Алайда бұған жеткізбей шегіртке қаптап, олардың егіндігін де, жеміс-жидектерін де тып-типыл етті.
8:1, 2. “Піскен жеміс толы кәрзеңке” ненің белгісі болған? Бұл Ехобаның күнінің жақын екенінің белгісі болған. Жазғы, немесе піскен, жемісті жылдың аяғына таман науқан кезі аяқталарда жинайды. Ехобаның Амосқа “піскен жеміс толы кәрзеңке” көрсеткені Исраилдің жойылатын уақытының жақын екенінің белгісі болған. Сондықтан ол Амосқа: “Менің халқым Исраилдің ақтық күні келіп жетті: енді оған кешірім жасамаймын”,— деген.
Біз үшін сабақ:
1:3, 6, 9, 11, 13; 2:1, 4, 6. Исраил, Яһуда және оның айналасындағы алты халыққа Ехоба: “Аяушылық жасамаймын”,— деген. Ехобаның жазасынан қашып құтылу мүмкін емес (Амос 9:2—5).
2:12. Біз ауыр еңбек етіп жүрген ізашарлар, аралаушы бақылаушылар, миссионерлер мен бетелдіктерді жұрт сияқты өмір сүруге талпындырып, толық уақытты қызметті тастауға түрткі болмауымыз керек. Олардың ұнжырғаларын түсірмей, қайта, игі істерін жалғастыра беруге көңілдеріне жел беруіміз керек.
3:8. Арыстанның ақырғанын естігенде, адамды қорқыныш билейтіні сияқты Ехобаның Амосқа Өз халқына барып, пайғамбарлық етуге жібергені оған қатты әсер еткен (Амос 7:15). Құдай алдындағы қорқыныш бізді Патшалық туралы ізгі хабарды құлшыныспен уағыздауға талпындыру керек.
3:13—15; 5:11. Қарапайым қойшы болған Амос Ехобаның көмегімен бай да бейқам адамдарға ‘куәлік еткен’. Сол сияқты аумағымызда уағыздау қаншалықты қиын болмасын, Ехоба бізді ізгі хабарды жариялауға қабілетті ете алады.
4:6—11; 5:4, 6, 14. Исраилдіктер Ехобаға бет бұрудан қайта-қайта бас тартқанына қарамастан, аман қалу үшін оны іздеуге шақырылған. Ехоба осы зұлым дүниені жоймай шыдамдылық танытып отырғанда, біз өзгелерді Құдайға бет бұруға шақыруымыз керек.
5:18, 19. Ехобаның күнінің келуіне шынымен дайын болмай оны ‘аңсау’ — ақымақтық. Бұндай адам арыстаннан қашып, аюға, ал аюдан құтылып, жыланға тұтылатын адамға ұқсайды. Біздің рухани “сергек болып”, Ехобаның күніне әрқашан дайын жүргеніміз даналыққа жатады (Лұқа 21:36).
7:12—17. Құдайдың хабарын жариялағанда, батыл әрі сенімді болуымыз керек.
9:7—10. Адал рубасылардың және Құдайдың Мысыр құлдығынан құтқарып алған халқының ұрпағы болғанмен, исраилдіктер адалдық танытпай, Құдайдың ықыласынан айырылып, ефиопиялықтар сияқты болған. Бет-жүзге қарамайтын Құдайдың ықыласына ие болу адамның шыққан тегіне емес, ‘Оны қастерлеп, әділетке сай әрекет етуіне’ байланысты (Елшілердің істері 10:34, 35).
Біз не істеуіміз керек?
Шайтанның дүниесіне шығарған Құдайдың үкімі жүзеге асырылатын күн жақын. Құдай өз қызметшілеріне киелі рухын төгіп, осы күн жайлы адамзатты ескертуге қабілетті етіп отыр. Ендеше өзгелерге Ехобаны танып-білуге және оның ‘атын’ шақыруға көмектесу үшін, барынша күш салуымыз керек емес пе? (Жоел 2:31, 32)
“Жамандықтан қашыңдар, жақсылықты асырыңдар және қақпа алдындағы сот әділдігін қалпына келтіріңдер”,— деп шақырады Амос (Амос 5:15). Ехобаның күні таяп қалғандықтан, оған жақындағанымыз және осы зұлым дүние мен ондағы азғын адамдардан өзімізді алшақ ұстағанымыз даналыққа жатады. Бұл үшін Жоел және Амос кітаптарынан алған сабағымыз қалайша уақтылы көмек болып табылады десеңші! (Еврейлерге 4:12)
[6-беттегі сурет]
Жоел: “Жаратушы Иенің күні жақын”,— деп пайғамбарлық еткен
[9-беттегі суреттер]
Құдайдың хабарын жариялағанда, біз де Амос сияқты батыл әрі сенімді болуымыз керек