Ехобаның алдын ала айтқан сөзі жүзеге асады
“ЖАЛҒЫЗ Мен ғана шынайы Құдаймын, Менен өзге құдай жоқ, Маған ұқсас ешкім де болмайды! Мен ақырғы жайттарды әуел бастан-ақ және әлі істелмеген істерді баяғыдан-ақ алдын ала білдіріп келемін” (Ишая 46:9, 10). Бұл — болашақта не болатынын тура айта алатын Ехоба Құдайдың сөздері.
Адам баласының болашақты тура болжай алмайтыны баршаға мәлім. Сондықтан Киелі кітаптың пайғамбарлық кітап болып есептелетіні шындықты іздеушілердің бәрін оның авторы Құдайдың өзі екеніне көз жеткізуге талпындыру керек. Олай болса, Киелі кітаптағы орындалып қойған пайғамбарлықтардың кейбірін қарастырып көрейік.
Ежелгі өркениеттер
Құдай Едом, Моаб және Аммон елдерінің мәңгілікке жойылатынын алдын ала айтқан (Еремия 48:42; 49:17, 18; 51:24—26; Абадия 8, 18; Софония 2:8, 9). Олардың халық ретінде жоғалуы Құдайдың пайғамбарлық Сөзінің тура екендігінің дәлелі болып табылады.
Алайда біреу: “Халық қаншалықты құдіретті болмасын, ақырында құрып жоқ болады, әрі мұны кез келген адам алдын ала айтып бере алады”,— деп дауласуы мүмкін. Бірақ мұндай адам Киелі кітапта қосымша мәліметтер бар екенін ескермейді. Мысалы, онда Бабылдың қалай күйрейтініне қатысты егжей-тегжейлі мәлімет бар: қаланы мидиялықтар жаулап алады, шапқыншыларды Кир деген қолбасшы бастайды және қаланы қорғап тұрған ағыстар кеуіп қалады (Ишая 13:17—19; 44:27—45:1).
Киелі кітапта жаулап алынған елдер не халықтардың бәрі де мәңгілікке жойылады делінбеген. Мысалы, Құдай Иерусалимді тұтқындарын ешқашан босатпайтын бабылдықтар күйрететіні туралы пайғамбарлығында қаланың қайта қалпына келтірілетінін айтқан (Еремия 24:4—7; 29:10; 30:18, 19). Бұл сөздер орындалды: бүгінде еврейлердің ұрпақтары дербес халық болып отыр.
Сондай-ақ Ехоба дүниежүзілік ірі мемлекет болған Мысырдың талқандалатынын, ‘алайда кейінірек ол бұрынғысынша адамдардың қонысына айналатынын’ пайғамбарлық еткен. Уақыт өте келе ежелдегі осы қуатты мемлекет енді ‘әлсіз патшалыққа’ айналу керек еді (Еремия 46:25, 26; Езекиел 29:14, 15). Бұл да орындалды. Бұған қоса, Ехоба Грекия ірі мемлекетінің құлайтынын алдын ала айтқан. Бірақ бұл халық мүлдем құриды демеген. Ехоба тып-типыл жойылатынын айтқан елдердің құрып кеткенінен, ал бұлай демеген елдердің әлі де бар екенінен не білеміз? Бұдан Құдай Сөзіндегі пайғамбарлықтардың бәрі шынайы әрі сенім артуға тұрарлық екені көрінеді.
Таңғалдыратын жайттар
Жоғарыда айтылғандай, Ехоба Бабылдың күйрейтініне қатысты көп нәрсе айтқан. Сол сияқты, Езекиел кітабындағы Тир қаласының жойылуы жайлы пайғамбарлықта оның тастары, ағаштары мен топырағы ‘суға тасталатыны’ айтылған еді (Езекиел 26:4, 5, 12). Бұл пайғамбарлық б. з. б. 332 жылы орындалды. Сол жылы Ескендір Зұлқарнайынның әскері Тирдің құрлықтағы бөлігінің үйіндісінен оның кейін жаулап алынған аралдағы бөлігіне қарай көпір салды.
Даниял 8:5—8, 21, 22 және 11:3, 4-те жазылған пайғамбарлықта ерекше ұлылыққа жеткен “Грекияның патшасы” туралы қызықты жайттар айтылған болатын. Бұл билеуші әбден күшейіп алған шағында опат болып, оның патшалығы төртке бөлінуі, бірақ оның ұрпақтарының үлесіне тимеуі керек еді. Осы пайғамбарлық жазылғаннан кейін 200-ден астам жыл өткен соң, аталмыш құдіретті патша Ескендір Зұлқарнайын болып шықты. Тарихтан білетініміздей, ол мезгілсіз қайтыс болып, ақырында, оның империясын ұрпақтары емес, төрт қолбасшысы бөліп алды.
Сыншылар бұл пайғамбарлықтың оқиғалар болып қойған соң жазылғанына сендіреді. Алайда Даниял кітабының жоғарыда келтірілген үзіндісіне тағы да бір көңіл бөлейікші. Пайғамбарлық тұрғыдан онда таңғажайып жайттар жазылған. Ал егер тарихта болған оқиға пайғамбарлық ретінде қарастырылса, келтірілген жайттар сізге тым аз боп көрінбей ме? Егер Ескендірден кейін өмір сүрген пайғамбарсымақ оқырмандарды таңғалдырғысы келген болса, неге ол Ескендір көз жұма салысымен, оның екі ұлы патшалық етпек болып, бірақ қастандықпен өлтірілетінін айтпаған? Неге ол Ескендірдің қолбасшыларының төртеуі де империяның өз үлестеріне тиген бөлігіне билік еткенше, көп жылдар өтетіні туралы тіс жармаған? Сондай-ақ неліктен сол ұлы патша мен оның төрт қолбасшысының есімдерін атамаған?
Киелі кітаптағы пайғамбарлықтар оқиға орын алғаннан соң жазылған деп, бірақ бұларын дәлелдей алмайтындар бұрыннан бар. Мұндай адамдар дәлелдерді тексермей жатып, болашақта болатын жайттарды алдын ала айту мүмкін емес деп шешіп қояды. Олар Киелі кітапты Құдай Сөзі деп мойындамайды, сондықтан барлық нәрсені тек адами тұрғыдан ғана түсіндіре алады. Дегенмен Құдай өзінің Киелі кітаптың авторы екенін көрсету үшін қанша ұсақ-түйек мәлімет қажет болса, сонша мәлімет жаздырғанa.
Киелі кітаптағы пайғамбарлықтар және олардың қалай орындалғаны туралы ой жүгіртетін болсақ, сеніміміз нығая түседі. Неге Киелі кітап пайғамбарлықтарын зерттеп көрмеске? Ол үшін “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?”b кітабының 200-бетіндегі кестені пайдалануға болады. Осылай етуді шешсеңіз, мақсатыңыз сеніміңізді нығайту болсын. Мәліметті асығыс оқып шыға салмай, Ехобаның алдын ала айтқандарының бәрі тура орындалатыны жайлы терең ой жүгіртіңіз.
[Сілтемелер]
a Киелі кітаптағы пайғамбарлықтар оқиғалардан кейін жазылған деген пікірді жоққа шығаратын басқа да мағлұматты Ехоба куәгерлері басып шығарған “Қамқор Жаратушы бар ма?” (ор.) кітабының 106—111 беттерінен таба аласыз.
b Ехоба куәгерлері басып шығарған.
[24-беттегі қоршау/сурет]
ПАЙДАЛЫ ПРИНЦИПТЕР
Мына бір жайтқа да көңіл бөліңізші. Дүниежүзілік ірі мемлекеттердің пайда болуы мен құлдырауын өте дәл айтқан Құдай Киелі кітапта өмірде қолдануға болатын принциптерді де жаздырған. Олардың кейбірі мыналар:
“Адам не ексе, соны орады” (Ғалаттықтарға 6:7).
“Алғаннан гөрі берген бақытты” (Елшілердің істері 20:35).
“Рухани мұқтаждықтарын мойындайтындар бақытты” (Матай 5:3, ЖД).
Егер өміріңізде осы принциптерді ұстанатын болсаңыз, олардың көп пайда әкелетіні шүбәсіз.
[22-беттегі суреттер]
Құдай Сөзі мына елдердің мәңгіге жойылатынын айтқан...
ЕДОМ
БАБЫЛ
... ал мыналарды жойылады демеген
ГРЕКИЯ
МЫСЫР
[Түпдерек]
Pictorial Archive (Near Eastern History) Est.
WHO photo by Edouard Boubat
[23-беттегі сурет]
Ескендір Зұлқарнайын