Өзімізді ақтағанға Ехоба қалай қарайды?
“ӨЗІҢ жіберген әйел маған сол ағаштың жемісін берді, мен жедім”,— деді Адам ата Құдайға. Ал Хауа ана: “Мені жылан азғырған соң жедім”,— деп жауап берді. Бұл тарихта алғашқы рет адам баласының өзін ақтап айтқан сөздері еді (Жар. 3:12, 13).
Әдейі мойынсұнбаған Адам мен Хауаға Ехоба үкім шығарды. Бұдан олардың Құдай алдында ақтала алмағанын көреміз (Жар. 3:16—19). Сонда Ехобаның алдында ешкім ақтала алмай ма? Ақтала алатындай келелі себеп бола ма? Болса, оны қалай ажыратамыз? Бұл үшін алдымен ақталу дегеннің не екенін қарастырайық.
Ақталу деген — бір нәрсенің істелген-істелмегеннің немесе істелмейтіннің себебін түсіндіру. Ақталғанда адам өзіне рақым етілуіне немесе кешірілуіне негіз болатындай етіп қателігінің келелі себебін түсіндіреді және шын өкінгенін білдіреді. Бірақ Адам мен Хауаның жағдайынан көрінетіндей, кейде адам өзін ақтаймын деп, әрекетінің шын себебін не ішкі ниетін жасырып қалу үшін сылтау айтуы мүмкін. Мұндай жағдай жиі орын алатындықтан, өзін ақтаған адамға басқалар күдікпен қарайды.
Өзімізді ақтағымыз келгенде, әсіресе Құдайға қызмет етуге қатысты жағдайларда, “жаңсақ пікірлермен өзімізді алдаудан” (ЖД) аулақ болуымыз керек (Жақ. 1:22). Сондықтан Киелі кітаптағы кейбір мысалдарды және “Құдайға не ұнайтынын біліп алуға” көмектесетін принциптерді қарастырайық (Ефес. 5:10).
Құдай бізден не күтеді?
Киелі кітаптан Ехоба халқына нақты тапсырмалар бергенін білеміз. Мысалы, Мәсіх шәкірттеріне: “Күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіңдер”,— деген. Бұл тапсырманың қазіргі шынайы мәсіхшілердің бәріне де қатысы бар (Мат. 28:19, 20). Оны орындаудың маңыздылығы сонша, Пауыл: “Ізгі хабарды уағыздамасам, қасіретке қалар едім”,— деген (Қор. 1-х. 9:16).
Алайда кейбір адамдар Киелі кітапты ұзақ уақыттан бері зерттеп келе жатса да, Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздаудан тартынуы мүмкін (Мат. 24:14). Ал кей бауырластар уағыздау қызметіне қатысуды тіптен доғарған. Мұның себебін олар қалай түсіндіреді? Ехоба бұрынғы кезде тапсырмасын орындаудан қашқақтаған адамдарға қалай қараған?
Құдай алдында ақталмайтын жайттар
“Мен үшін тым қиын”. Адам табиғатынан ұялшақ болса, оған уағыздау өте қиын болып көрінуі мүмкін. Алайда Жүністің бастан кешкені бізге қандай сабақ болатынын қарастырып көрейікші. Ехоба оған Ниневиге барып, қаланың жойылатынын тұрғындарына жариялауды тапсырады. Жүністің бұл тапсырманы орындауға жүрексінгенін түсінуге болады. Өйткені Ниневи Ассирияның астанасы болған, ал ассириялықтар асқан қатыгездігімен әйгілі еді. Жүніс: “Бұлардың арасына қалай барамын?! Олар мені тірі қалдырмайды ғой!”— деп уайымдаған шығар. Көп ойланып жатпай, ол тапсырманы орындаудан қашады. Бірақ Жүніс бұлай еткені үшін Ехобаның алдында ақтала алмады. Сондықтан Ехоба оған Ниневиге баруды қайтадан бұйырады. Бұл жолы ол батылдық танытып, ісін аяқтайды да, Ехобаның батасына ие болады (Жүніс 1:1—3; 3:3, 4, 10).
Егер ізгі хабарды уағыздау тым қиын деп есептесең, Құдайдың ‘қолынан бәрі де келетінін’ есте ұста (Мар. 10:27). Ехобадан көмек сұрай берсең, ол сені нығайтатынына әрі батыл уағыздауға күш салсаң, батасын беретініне сенімді бол (Лұқа 11:9—13).
“Ықыласым жоқ”. Мәсіхші ретіндегі қызметіңді атқаруға шын ықылас болмаса, не істей аласың? Мұндай жағдайда Ехобаның өзіңе әрі қалауларыңа әсер ете алатынын ұмытпа. Пауыл былай деген: “Өзіне ұнайтын істерді қалап, жүзеге асыруларыңа түрткі болушы — Құдай” (Філіп. 2:13). Демек, еркін орындау үшін Ехобадан қалау сұрай аласың. Дәуіт патша да солай еткен. Ол Ехобаға: ‘Шындығыңа бағыттай гөр’,— деп жалбарынған (Заб. 24:4, 5). Сен де шын жүректен Ехобаға дұға етіп, оған ұнайтынды істеуге деген ықылас оятуын өтінсең болады.
Шаршағанда немесе еңсеміз түскенде, қауым кездесулеріне баруға не уағыз ісіне қатысуға кейде өзімізді күштеуге тура келетін шығар. Сонда бұл Ехобаға деген шынайы сүйіспеншілігіміздің жоқ екенін білдіре ме? Жоқ, олай емес. Ежелдегі адал қызметшілер де Құдайдың еркін орындау үшін көп күш салған. Мысалы, Пауыл Құдайдың өсиеттеріне мойынсұну үшін ‘тәнін ауыртпалықтарға душар еткізген’ (Қор. 1-х. 9:26, 27). Олай болса, бізге де қызмет ету үшін өзімізді күштеуге тура келуі мүмкін. Бірақ Ехоба бұған батасын беретініне сенімді бола аламыз. Неге? Өйткені өзімізді күштеп істетуге дұрыс ниет, яғни Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз, талпындырады. Ал бұл, өз кезегінде, Құдайдың қызметшілері қиналған кезде одан бас тартады деген Шайтанның жаласын жоққа шығарады (Әйүп 2:4).
“Қолым тимейді”. Қызметке қолың тимегендіктен шықпай жүрсең, өміріңде ненің басты орында тұрғанын қайтадан тексеріп көргенің өте маңызды. Иса: “Ең бастысы, Оның Патшалығының қамын ойлаңдар!”— деген (Мат. 6:33). Бұл принципті ұстану үшін қарапайым өмір кешуіміз немесе көп уақытты көңіл көтеруге кетірмей, қызметке жұмсауымыз қажет болар. Әрине, көңіл көтеру мен басқа да жеке шаруаларымыздың өз орны бар, бірақ соларға бола қызметке қатыспауды ақтауға болмайды. Құдайдың қызметшісі өмірінде басты орынға Патшалықтың мүддесін қояды.
“Қолымнан келмейді”. Бәлкім, өзіңді ізгі хабарды уағыздауға қабілетсіз сезінетін шығарсың. Ежелдегі Ехобаның кейбір адал қызметшілері де өздеріне тапсырылған істі орындай алмайтындай сезінген. Соның бірі Мұсаның мысалын қарастырып көрейікші. Ехоба оған нақты тапсырма бергенде, ол былай деген: “Уа, Жаратқан Ие! Мен бұрыннан бері де, Сен құлыңмен тілдесіп тұрған қазір де сөзге шешен адам емеспін: аузым шабан, тілім жүйрік емес”. Кейін Ехоба айтатын сөзді өзі үйрететініне сендірсе де, Мұса: “Уа, Ием! Кез келген басқа біреуді жібере көрші”,— деп жалбарынады (Мыс. ш. 4:10—13). Ехоба бұған қалай қарады?
Ехоба Мұсаны тапсырманы орындаудан бәрібір босатқан жоқ. Қайта, орындай алуы үшін оған көмекші етіп Һаронды тағайындады (Мыс. ш. 4:14—17). Кейін де жылдар бойы Ехоба Мұсамен бірге болып, өзі тапсырған істерді жақсылап атқаруға қажетті нәрселермен қамтамасыз етіп отырды. Бүгінде де Ехоба тәжірибелі бауырластарды саған көмектесуге талпындыратынына сенімді бол. Ең бастысы, Киелі кітапта айтылғандай, Ехобаның өзі бізді қызмет етуге қабілетті етеді (Қор. 2-х. 3:5). (“Өмірімдегі ең бақытты жылдар” деп аталатын қоршауды қара.)
“Біреу мені ренжітті”. Кейбіреулер әлдекімге ренжіп қалғандықтан, қызметтерін тоқтатып не қауым кездесулеріне келуді доғарып жатады. Мұны олар өзін ақтауға болатын себеп деп қарастырады. Әрине, біреу ренжіткенде ұнжырғамыздың түсетіні түсінікті-ақ, алайда бұл қызметімізді тоқтататындай келелі себеп пе? Пауыл мен Барнаба айтысып қалғанда, бір-бірінің көңіліне тиген шығар (Ел. іс. 15:39). Алайда соған бола олар қызметтерін тоқтатты ма? Жоқ.
Сол сияқты, бауырласыңа ренжіп қалсаң, жауың кемелсіз мәсіхші бауырласың емес, сені жалмап қойғысы келетін Шайтан екенін ұмытпа. Егер ‘сеніміңе берік болып, оған төтеп берсең’, Ібіліс өз дегеніне жете алмайды (Пет. 1-х. 5:8, 9; Ғал. 5:15). Сенімің осындай мықты болса, ешқашан ешкімнен де “көңілің қалмайды” (ЖД) (Рим. 9:33).
Мүмкіндігіміз шектеулі болса, не істей аламыз?
Жоғарыдағы жайттарды қарастыра келе, Ехобаның нақты айтқан тапсырмаларын, оның ішінде ізгі хабарды уағыздау да бар, орындамауды ақтайтындай Жазбаларға негізделген себептің жоқ екенін білдік. Дегенмен көбірек қызмет ете алмауымыздың шын себептері де болуы ықтимал. Киелі жазбаларда айтылған міндеттерді атқаруға да көп уақытымыз кететін шығар. Сондай-ақ кейде қатты шаршағандықтан немесе сырқаттанғандықтан Ехобаға қалағанымызша қызмет ете алмауымыз мүмкін. Алайда Киелі кітап Ехобаның жүрек қалауымызды білетініне, әрі мүмкіндіктеріміздің шектеулі екенін ескеретініне сендіреді (Заб. 102:14; Қор. 2-х. 8:12).
Сондықтан осы мәселеде өзімізді және басқаларды қатаң айыптаудан аулақ болғанымыз жөн. Елші Пауыл былай деген: “Басқа Біреудің қызметшісін айыптауға қандай қақың бар?! Қызметшісін ақтау не айыптау — Иесінің ісі” (Рим. 14:4). Өзіміздің жағдайымызды басқалардікімен салыстырғаннан гөрі, ‘әрқайсымыз Құдай алдында өз іс-әрекетіміз үшін есеп беретінімізді’ есте ұстауымыз керек (Рим. 14:12; Ғал. 6:4, 5). Сондықтан Ехобаның алдында өзімізді ақтап дұға еткенде, мұны таза ар-ұжданмен істейік (Евр. 13:18).
Ехобаға қызмет ету қуаныш әкеледі
Бәріміз де Ехобаға зор қуанышпен қызмет ете аламыз. Өйткені жағдайымыз қандай болмасын, оның талаптары ақылға қонымды әрі орындай алмайтындай қиын емес. Неге бұлай дей аламыз?
Құдай Сөзінде: “Қолыңнан келіп тұрғанда мұқтаждарға Жақсылық көрсет, соған лайық жандарға”,— делінген (Нақ. с. 3:27). Осы нақыл сөзден Құдайдың нені талап ететінін байқадың? Ехоба бауырластарыңның шамасына қарап, сенен де сонша істеуді талап етпейді, қайта, өзіңнің ‘қолыңнан келетінді’ істегеніңді қалайды. Олай болса, әрқайсысымызда күш-қуат аз не көп болсын, Ехобаға жан-тәнімізбен қызмет ете аламыз (Лұқа 10:27; Қол. 3:23).
[14-беттегі қоршау/сурет]
“Өмірімдегі ең бақытты жылдар”
Тәндік не эмоциялық жағынан қиындықтарымыз болса да, бұл қызметке толық қатысуға кедергі келтіреді деген тұжырым жасауға асықпауымыз керек. Мысалыға канадалық Эрнест атты бауырластың жағдайын қарастырып көрейік.
Эрнест кекештеніп сөйлейтін және өте ұялшақ болатын. Омыртқасына қатты зақым келгендіктен, құрылысшы болып істейтін жұмысын тастауына тура келеді. Мүгедек болып қалғанына қарамастан, жағдайы оған көбірек қызмет етуге мүмкіндік береді. Ол қауым кездесулерінде қосалқы ізашар болуға қатысты шақыруды естіп, осы қызметті бастауға талпынады. Алайда ол бұған өзін қабілетсіз сезінеді.
Қосалқы ізашар бола алмайтынына көз жеткізу үшін, Эрнест бір ай қосалқы ізашар ретінде қызмет етіп көруді шешеді. Ойдағыдай атқара алғанда, өзі де таңғалады. Бірақ әрі қарай жалғастыра алмаймын деп ойлайды. Мұны байқап көрмек болып, Эрнест қосалқы ізашарлық қызметке қайтадан өтініш жазады. Бұл жолы да қызметін сәтті аяқтайды.
Сөйтіп, Эрнест бір жыл бойы қосалқы ізашар ретінде қызмет етеді. Алайда ол: “Жалпы ізашар бола алмаспын”,— деп ойлайды. Мұның растығына тағы да көз жеткізбек болып, жалпы ізашарлық қызметке өтініш қағазын толтырады. Кейін ол жалпы ізашар ретінде бір жыл қызмет ете алғанына өзі де таңғалып, оны әрі қарай жалғастыруды шешеді. Ауруы асқынып, қайтыс болғанға дейін Эрнест екі жыл бойы жалпы ізашар ретінде қызмет етіп, зор қуанышқа кенелді. Өмірінің соңғы күндерінде жағдайын білу үшін келіп тұрған бауырластарға Эрнест жиі көзіне жас алып тұрып: “Ехобаға ізашар ретінде қызмет еткен кездерім мен үшін өмірімдегі ең бақытты жылдар”,— дейтін.
[13-беттегі сурет]
Қызмет етуге бөгет болатын кез келген кедергіні жеңе аламыз
[15-беттегі сурет]
Қолымыздан келгеннің бәрін істеп, жан-тәнімізбен қызмет еткенімізге Ехоба қуанады