“Парызшылдардың ашытқысынан сақтаныңдар!”
Иса шәкірттеріне былай деп ескертті: “Парызшылдардың ашытқысынан, яғни екіжүзділіктен сақтаныңдар!” (Лұқа 12:1). Матай жазған Ізгі хабардан анық көрінетіндей, бұл жерде Иса парызшылдардың “ілімін” айыптаған (Мат. 16:12).
Киелі кітапта “ашытқы” сөзі жиі бүлінуді білдіреді. Парызшылдардың ілімі де, мінез-құлқы да өзгелерге кері әсер еткені сөзсіз. Олардың ілімі неліктен сонша қауіпті болған?
1 Парызшылдар көкірек болды, әрі өздерін өзгелерден артық санады.
Иса бір астарлы әңгімесінде осы әділсымақ адамдар туралы айтқан. Ол былай деді: “Парызшыл орнынан тұрып, іштей: — Уа, Құдай, басқалар сияқты тонаушы, әділетсіз, неке адалдығын бұзушы, мына салықшы сияқты да болмағаным үшін алғыс айтамын. Аптасына екі рет ораза ұстаймын, бар тапқанымның оннан бір бөлігін беремін,— деп дұға етеді. Ал салықшы болса алыста тұрып, тіпті назарын көкке көтеруге де батылы бармай, кеудесін ұрғылап: — Уа, Құдай, мендей күнәкарға рақым ете көр!— деп жалбарынады” (Лұқа 18:11—13).
Иса салық жинаушының кішіпейілділігін былай деп мақтады: “Сендерге айтамын, мына кісі үйіне қайтқанда, Құдайдың көз алдында әлгі парызшылдан гөрі әлдеқайда әділ болды. Өйткені өзін жоғарылатқан әркім төмендетіледі, ал өзін төмен тұтқан әркім жоғарылатылады” (Лұқа 18:14). Салық жинаушылар қулық-сұмдығымен танымал болса да, уағызына құлақ асқан кейбіріне Иса көмектесуге тырысты. Кем дегенде екі салықшы — Матай мен Зақай — оның ізбасары болды.
Егер біз Құдай дарытқан қабілеттерімізге және мәртебелі міндеттерімізге немесе өзгелердің қателіктері мен кемшіліктеріне бола өзімізді өзгелерден артық санайтын болсақ ше? Ондай ойдан тез арада арылайық, өйткені Жазбаларда айтылғандай, өзгелерді сүйетін адам шыдамды да мейірімді әрі еш қызғанбайды, мақтанбайды. Ол менменсінбейді және біреу күнә жасағанда, қуанбайды (Қор. 1-х. 13:4—6).
Біз елші Пауылға еліктеуіміз керек. Ол: “Мәсіх Иса осы дүниеге күнәкарларды құтқару үшін келді,— деген соң, — Солардың ішіндегі ең күнәкары менмін”,— деп мойындады (Тім. 1-х. 1:15).
Ой жүгіртуге арналған сұрақтар:
Мен күнәкар пенде екенімді және құтқарылу-құтқарылмауым Ехобаның рақымына байланысты екенін мойындаймын ба? Әлде жылдар бойы атқарған адал қызметіме, Құдай ұйымындағы міндеттеріме және туа біткен қабілеттеріме бола өзімді өзгелерден артық санаймын ба?
2 Парызшылдар игі істерді жұрттың көзіне түсу үшін істейтін. Олар өздеріне атақ-даңқ іздеп, халықтың өздерін арнайы лауазымдармен атағанын қалайтын.
Иса олар туралы былай деді: “Барлық істерін олар жұрт көзіне түсу үшін істейді. Мысалы, тұмарларын үлкейтіп, киімдерінің шашақтарын ұзартады, қонақасыларда төрде жантайып, мәжілісханаларда алдыңғы орындарда отырғанды ұнатады, сондай-ақ базар алаңдарында жұрттың өздеріне сәлем бергенін және “Ұстаз” деп атағанын жақсы көреді” (Мат. 23:5—7). Ал Исаның мінез-құлқы олардікінен мүлдем өзгеше еді. Құдайдың кемелді Ұлы болса да, ол кішіпейілділік танытты. Бір кісі оны “ізгі” деп атағанда, Иса: “Неге мені ізгі дейсің? Құдайдан басқа ешкім де ізгі емес”,— деп жауап қатты (Мар. 10:18). Ал басқа бір жолы Иса шәкірттерінің аяқтарын жуып, оларға әрдайым кішіпейіл болу керектігін үйретті (Жох. 13:1—15).
Шынайы мәсіхшілер бауырластарына қызмет етуі керек (Ғал. 5:13). Бұл әсіресе қауым бақылаушысы болуды қалайтындарға қатысты. “Бақылаушы міндетіне ұмтылған” дұрыс, бірақ бұған өзгелерге көмектесу ниетімен талпыну керек. Бақылаушы өзгелерден артық емес әрі қауымға үстемдік етпейді. Оған Иса сияқты кішіпейіл болу қажет (Тім. 1-х. 3:1, 6; Мат. 11:29).
Ой жүгіртуге арналған сұрақтар:
Мен қауымда көбірек міндеттер алу үшін жауапкершілігі бар бауырластарға жағымпазданамын ба? Мақтау сөздер есту үшін қызметімде тек көзге түсетін істерді ғана атқаруды ұнатамын ба? Барлық жағынан өзгелерден асып түсуге тырысамын ба?
3 Парызшылдардың ережелері мен дәстүрлері Мұса заңын орындағысы келген қарапайым халықтың өмірін қиындатты.
Ехоба исраилдіктерге өзіне қалай ғибадат етуді көрсету үшін Заң берді. Бірақ онда бәрі егжей-тегжейлі жазылмаған. Мысалы, Заң бойынша Демалыс күні жұмыс істеуге болмайтын. Алайда ол күні нақты қандай жұмысқа тыйым салынатыны айтылмаған (Мыс. ш. 20:10). Парызшылдар Ехобаның Заңындағы бұл “ақаудың” орнын толтыру керек деп, өздерінің ережелері мен дәстүрлерін ойлап тапты. Иса парызшылдардың қатаң ережелеріне бағынбағанымен, Мұса заңын ұстанған (Мат. 5:17, 18; 23:23). Ол Заңның рухын түсінді әрі Құдай адамдардан мейірімділік пен жанашырлықты күтетінін білді. Иса шәкірттері жиі оның көңілін қалдырса да, оларға мейірімділік танытқан. Мәселен, тұтқынға алынатын түні ол үш елшісінен сергек болуды өтінді. Бірақ олар қайта-қайта ұйықтап қала берді. Сонда да Иса оларға жанашырлық танытып: “Рух дайын, бірақ тән әлсіз”,— деді (Мар. 14:34—42).
Ой жүгіртуге арналған сұрақтар:
Мен қатаң ережелер орнатып, басқалардан соларды ұстануды талап етемін бе? Өзгелерге әрдайым өз дегенімді істетуге тырысамын ба? Басқалардан шамасы келмейтін нәрселерді күтемін бе?
Исаның тәлімі мен парызшылдар үйреткен ілімдерінің арасындағы айырмашылық жер мен көктей еді. Өзіңе қай жағынан жақсаруға болатынын байқадың ба? Олай болса, неге бұған бар күшіңді салмасқа?
[28-беттегі сурет]
Парызшылдардың Жазбалардың үзінділері салынған тұмарлары (Мат. 23:2, 5)
[29-беттегі суреттер]
Мәсіхші ақсақалдар парызшылдар сияқты паң емес. Олар өзгелерге кішіпейілділікпен қызмет етеді
[30-беттегі сурет]
Сен Иса сияқты мейірімдісің бе, әлде адамдардан шамалары келмейтін нәрселерді күтесің бе?