Лұқа
18 Содан соң Иса шәкірттеріне үнемі дұға ету және табанды болу керектігіне+ қатысты мынадай мысал келтірді: 2 “Бір қалада Құдайдан қорықпайтын, адамды да сыйламайтын би болыпты. 3 Сол қалада бір жесір әйел де тұрады екен. Ол әлгі биге қайта-қайта барып: —Соттасқан адамыммен арамыздағы дауды әділдікпен шешіп беріңізші,— деп сұрай береді. 4 Алайда би біраз уақыт бойы көмектескісі келмей жүреді. Ақырында ол өз-өзіне: —Құдайдан қорықпаймын, адамды да сыйламаймын, 5 бірақ мына жесір тыныштық бермей қойғандықтан, дауын әділдікпен шешіп берейін. Әйтпесе өтінішімен қайта-қайта келіп, әбден мезі қылар+,— дейді”. 6 Сосын Иеміз мынаны айтты: “Әділетсіз болса да, бидің не дегенін естідіңдер ғой? 7 Олай болса, Құдай шыдамдылық танытып отырғанмен+, өзі таңдап алған әрі өзіне күні-түні жалбарынып жүрген адамдары+ үшін қалайша әділдік орнатпайды? 8 Сендерге мынаны айтамын: Құдай олар үшін әділдік орнатуға асығады. Алайда Адам Ұлы келгенде, жер бетінен осындай сенім табар ма екен?”
9 Ал өздерінің әділдігіне сенімді болып, өзгелерді менсінбейтіндерге Иса мынадай мысал келтірді: 10 “Екі адам дұға ету үшін ғибадатханаға өрлеп барыпты. Бірі парызшыл, екіншісі салықшы екен. 11 Парызшыл тұра қалып, іштей: —Уа, Құдай, басқалар сияқты тонаушы, әділетсіз, неке адалдығын бұзушы, мына салықшы сияқты да болмағаным үшін алғыс айтамын. 12 Аптасына екі рет ораза ұстаймын, бар тапқанымның оннан бір бөлігін беремін+,— деп дұға етеді. 13 Ал салықшы болса алыста тұрып, тіпті назарын көкке көтеруге де батылы бармай, кеудесін ұрғылап: —Уа, Құдай, мендей күнәкарға рақым ете көр+!— деп жалбарынады. 14 Сендерге мынаны айтамын: мына кісі үйіне қайтқанда, Құдайдың көз алдында әлгі парызшылдан гөрі әлдеқайда әділ болды+. Өйткені өзін жоғарылатқан әркім төмендетіледі, ал өзін төмен тұтқан әркім жоғарылатылады+”.
15 Бұдан кейін Иса қолын тигізсін* деп, жұрт оған сәбилерін әкеліп жатты. Бұны көрген шәкірттері оларға тыйым салды+. 16 Алайда Иса сәбилерді өзіне шақырып, былай деді: “Балалардың маған келуіне жол беріңдер, оларға кедергі жасамаңдар. Өйткені Құдай Патшалығы осындайлар үшін+. 17 Сендерге шындығын айтамын, кім Құдай Патшалығын кішкентай бала сияқты қабылдамаса, оған кірмейді+”.
18 Басшылардың бірі Исадан: “Ізгі Ұстаз, мәңгілік өмірді мұра ету үшін не істеуім керек?”— деп сұрады+. 19 Иса былай деп жауап қатты: “Неге мені ізгі дейсің? Құдайдан басқа ешкім де ізгі емес+. 20 “Неке адалдығын бұзба+! Кісі өлтірме+! Ұрлық жасама+! Жалған куәлік берме+! Әке-шешеңді құрметте+!” деген заңдарды білесің ғой”. 21 Сонда ол: “Бұлардың бәрін жастайымнан орындап келемін”,— деді. 22 Мұны естігенде, Иса: “Саған бір нәрсе жетіспейді: қолыңда бардың бәрін сатып, түскен ақшаны кедей-кепшіктерге үлестіріп бер, сонда қазынаң көкте болады. Өзің келіп, менің ізбасарым бол”+,— деді. 23 Бұл сөздерге әлгі кісінің қатты көңілі түсіп кетті, өйткені ол өте бай болатын+.
24 Иса оған қарап, мынаны айтты: “Ақшалы адамдардың Құдай Патшалығына кіруі өте қиын болады+! 25 Байдың Құдай Патшалығына кіруінен гөрі түйенің ине көзінен өтуі оңайырақ+”. 26 Мұны естігендер: “Онда кім құтқарыла алады?”— деді+. 27 Иса: “Адамның қолынан келмейтін нәрселер Құдайдың қолынан келеді”+,— деп жауап берді. 28 Сонда Петір: “Міне, біз барымызды тастап, соңыңыздан ердік”,— деп еді+, 29 Иса оларға: “Сендерге шындығын айтамын, Құдай Патшалығы үшін әйелін, бауырларын, ата-анасын, бала-шағасын не үй-жайын қалдырған әркім+ 30 қазіргі уақытта бұларды көп есе артығымен алып, ал келер заманда* мәңгілік өмірге ие болады+”,— деді.
31 Иса 12 елшісін былайырақ шығарып, мынаны айтты: “Міне, Иерусалимге өрлеп келеміз. Пайғамбарлар арқылы Адам Ұлына қатысты жазылғандардың бәрі орындалмақ+. 32 Ол басқа ұлт адамдарының қолына ұсталып беріледі де+, олар оны мазақ етіп+, қорлап, бетіне түкіріп+, 33 қамшымен сабайды, сосын өлтіреді+. Бірақ ол үшінші күні қайта тіріледі+”. 34 Алайда елшілері Исаның осы айтқандарынан ештеңе ұқпады. Бұл сөздердің мәні олар үшін құпия болғандықтан, түсініксіз күйі қала берді.
35 Иса Иерихонға жақындап қалғанда, жол бойында бір зағип қайыр сұрап отыр екен+. 36 Қасынан көп жұрттың өтіп бара жатқанын естіген ол не болып жатқанын сұрады. 37 Жұрт оған: “Назареттік Иса өтіп бара жатыр!”— деді. 38 Сонда зағип: “Дәуіт Ұлы Иса, маған рақым ете көріңіз!”— деп айғайлады. 39 Алда кетіп бара жатқандар оған үндемеуді бұйырды. Бірақ ол одан бетер айғайлап: “Дәуіт Ұлы, маған рақым ете көріңіз!”— деді. 40 Иса тоқтай қалып, оны алып келуді бұйырды. Зағип қасына келгенде, одан: 41 “Саған не істегенімді қалайсың?”— деп сұрады. Ол: “Ием, көзімді көретін етіңізші”,— деді. 42 Бұған Иса: “Көзің көретін болсын! Сенімің арқылы айықтың+”,— деді. 43 Сол сәтте-ақ оның көзі көретін болды! Ол Құдайды мадақтап, Исаның соңынан ерді+. Мұны көрген барша халық та Құдайды дәріптеді+.