Ехобаның күнін табандылықпен күтейік
‘Сенімдеріңде төзімділік танытыңдар’ (ПЕТІРДІҢ 2-ХАТЫ 1:5, 6).
1, 2. Табандылық деген не және неге мәсіхшілердің табанды болғаны маңызды?
ЕХОБАНЫҢ ұлы күні өте жақын (Жоел 1:15; Софония 1:14). Ехобаға адал болуға бел буған мәсіхшілер ретінде біз оның билігі ақталатын уақытты асыға күтудеміз. Ал сол уақыт келгенше, сеніміміз үшін жеккөрінішті болып, қорлық пен қудалауға кезігуіміз, тіпті өлім құшуымыз мүмкін (Матай 5:10—12; 10:22; Аян 2:10). Сондықтан бізге қиындықтарға төзуге көмектесетін қасиет — табандылық — қажет. Елші Петір: ‘Сенімдеріңде төзімділік танытыңдар’,— деп шақырды (Петірдің 2-хаты 1:5, 6). Иә, біз табанды болуымыз керек, өйткені Иса: “Ақырына дейін табандылық көрсеткен әркім құтқарылады”,— деген (Матай 24:13).
2 Сонымен қатар біз ауруға шалдығып, жақынымыздан айырылып не басқа да сынақтарға кезігуіміз мүмкін. Осындай кездері сенімімізден айырылып қалсақ, бұған Шайтан қалайша қуанар еді! (Лұқа 22:31, 32) Алайда Ехобаның көмегімен кез келген қиындыққа төзе аламыз (Петірдің 1-хаты 5:6—11). Қазір Ехобаның күнін табандылықпен және берік сеніммен күте алатынымызды көрсететін өмірден алынған кейбір оқиғаларды қарастырып көрейік.
Ауырғандарына қарамай табанды болғандар
3, 4. Сырқатқа қарамастан Ехобаға адал қызмет ету мүмкін екенін көрсететін мысал келтіріңдер.
3 Бүгінде Құдай бізді керемет түрде сауықтырмайды, бірақ ол ауруға бой алдырмауға күш береді (Забур 40:2—4). “Есімді білгелі мүгедектер арбасынан түскен емеспін,— дейді Шарон. — Туылғанымнан церебралды сал ауруына шалдығып, ол мені балалық шақтың бар қызығынан айырды”. Ехоба мен оның керемет денсаулық беретініне қатысты уәдесін білгені Шаронға үміт берді. Сөйлеу мен жүру оған қиынға соқса да, Шарон Ехобаға қызмет етуден қуаныш табады. Осыдан 15 жылдай бұрын ол былай деген болатын: “Денсаулығым нашарлай түсетін шығар, бірақ Құдайға деген сенімділігім және онымен қарым-қатынасым мен үшін тірек болып қала береді. Ехобаның халқының арасында болып, оның мені қолдап жүргенін сезіну неткен бақыт!”
4 Елші Пауыл Салоникадағы мәсіхшілерді ‘жаны күйзелгендерді жұбатуға’ шақырды (Салониқалықтарға 1-хат 5:14, ЖД). Еңсенің түсуі не басқа да жайттар адамды жан күйзелісіне ұшыратуы мүмкін. 1993 жылы Шарон былай деп жазған еді: “Өзімді түкке тұрғысыз сезініп... ақырында үш жылға созылған жан күйзелісіне ұшырадым... Ақсақалдар маған жұбаныш пен кеңес берді... Ехоба сүйіспеншілікпен “Күзет мұнарасы” арқылы ауыр жан күйзелісі жайлы мәлімет беріп отырды. Иә, ол шын мәнінде өз халқының қамын ойлайды әрі біздің сезімімізді түсінеді” (Петірдің 1-хаты 5:6, 7). Шарон Ехобаның ұлы күнін күтіп, оған әлі де адал қызмет етіп келеді.
5. Мәсіхшілердің ауыр стреске төтеп бере алатынын қандай мысалдан көруге болады?
5 Кейбір мәсіхшілерді бір кездері өмірлерінде орын алған жайттар қатты мазалауы мүмкін. Харли Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ауыр шайқастың куәсі болды. Соғыста көргендері оның түсіне кіріп, ұйқысын бұзатын. Ол ұйықтап жатып: “Абайла! Сақ бол!”— деп айғайлап та жіберетін. Ал оянғанда су тер болып жататын. Харли Құдай жолына түсті, сөйтіп, уақыт өте келе оны осындай қорқынышты түстер сирек мазалайтын болды.
6. Бір мәсіхші эмоционалдық қиындықтармен қалай күресті?
6 Биполярлы бұзылыс сырқатымен ауыратын бір мәсіхшіге үйме-үй уағыздау өте қиын болатын. Алайда ол табандылық танытатын, өйткені өзінің де, хабарға құлақ асқан адамдардың да өмірі сол қызметіне байланысты екенін түсінетін (Тімотеге 1-хат 4:16). Кейде оның есік қоңырауын басуға батылы бармайтын. Алайда ол былай дейді: “Ақырында өз-өзімді қолға алып, келесі есіктің алдына баратынмын. Сөйтіп, тағы да әрекеттеніп көретінмін. Қызметімді тоқтатпағанымның арқасында рухани денсаулығымды сақтай алдым”. Бұл мәсіхшіге кездесулерге бару да қиынға соққан болатын, бірақ ол бауырластармен араласуды жоғары бағалайтын. Сондықтан кездесулерге бару үшін бар күшін салатын (Еврейлерге 10:24, 25).
7. Кейбіреулер көпшілік алдында сөйлеуден не кездесуге келуден қорықса да, қалай табандылық танытуда?
7 Кейбір мәсіхшілерді фобиялар мазалап, олар қандай да бір жағдайлардан не кейбір нәрселерден қатты қорқуы мүмкін. Мысалы, олар көпшілік алдында сөйлеуден не тіпті кездесулерге келуден қорқады. Осындай бауырластар үшін мәсіхшілер кездесулерінде түсініктеме беру не Теократиялық қызмет мектебінде тапсырмалармен шығу қаншалықты қиын екенін ойлап көрші! Сөйтсе де олар табандылық танытуда. Біз олардың кездесулерге келіп, оған атсалысып жатқандарын жоғары бағалаймыз.
8. Эмоционалдық қиындықтармен күресуге әсіресе не көмектеседі?
8 Адамның көбірек тынығып, көбірек ұйықтағаны эмоционалдық қиындықтармен күресуіне көмектесуі мүмкін. Бәлкім, оның ем қабылдағаны жөн болар. Дегенмен Құдайға арқа сүйеп, дұға ету әсіресе маңызды. Забур 54:23-те былай делінген: “Өзіңнің шаруаңды Жаратушыға тапсыр, және де Ол сені қолдайды. Тақуа [әділ] адамның шайқатылуына Ол ешқашан жол бермейді”. Сондықтан “сенім арт шын жүректен Жаратқан Иеңе” (Нақыл сөздер 3:5, 6).
Жақын адамымызды жоғалтқанда
9—11. а) Жақынымыздан айырылғанда, қайғыға батпауға не көмектеседі? ә) Жесір қалған Аннаның үлгісі бізге қалай көмектеседі?
9 Жақынымыздан айырылғанда, қатты қайғыға батуымыз мүмкін. Ыбырайым сүйікті әйелі Сара дүние салғанда, оны жоқтап қайғырған болатын (Жаратылыс 23:2). Тіпті кемелді адам Иса досы Елазар қайтыс болғанда, “көзіне жас алды” (Жохан 11:35). Сондықтан жақынымыздан айырылғанда күйік-шерге бату — кәдімгі нәрсе. Әйтсе де мәсіхшілер қайта тірілу болатынын біледі (Елшілердің істері 24:15). Сол себепті олар ‘үміті үзілген басқалар сияқты қайғырмайды’ (Салониқалықтарға 1-хат 4:13).
10 Қайғыға батпауға бізге не көмектеседі? Мынадай жағдайды ойлап көрейікші: досымыз сапарға аттанғанда, әдетте ұзақ уақыт бойы мұңайып жүрмейміз, өйткені оның қайтып келетінін білеміз. Өмірден өткен адал мәсіхшіге де осылай қарағанымыз қайғымызды жеңілдетуге көмектеседі, себебі біз оның қайта тірілетініне сенімдіміз (Екклесиаст 7:1).
11 “Жұбаныш атаулының қайнар көзі” Ехобаға толық сенім артқанымыз мойымауға көмектеседі (Қорынттықтарға 2-хат 1:3, 4). Бірінші ғасырдағы жесір әйел Аннаның үлгісі жайлы ойланғанымыз да пайдалы. Ол жеті-ақ жыл тұрмыс құрып, жесір қалған еді. Бірақ ол 84 жасында да Ехобаның ғибадатханасында қасиетті қызметін атқарып жүрді (Лұқа 2:36—38). Оның осылайша Құдайға адал қызмет еткені қайғы мен жалғыздыққа бой алдырмауға көмектескені шүбәсіз. Патшалықты уағыздау ісімен қатар басқа да рухани істерге үнемі атсалысқанымыз жақынымызды жоқтап қайғыға батпауға көмектеседі.
Басқа да сынақтарға кезіккенде
12. Кейбір мәсіхшілер отбасында қандай қиындыққа кезігуі мүмкін?
12 Кейбір мәсіхшілерге отбасында туындайтын қиындықтармен күресуге тура келеді. Мысалы, ерлі-зайыптылардың бірі жұбайының көзіне шөп салса, мұның зардабы қандай ауыр болады десеңші! Бұл жазықсыз зайыбына төбесіне жай түскендей ауыр тиіп, ол түнгі ұйқысынан айырылуы және тоқтаусыз жылай беруі мүмкін. Оған қарапайым тірлікті істеудің өзі қиынға соққандықтан, жиі қателесуі не кейбір істері сәтсіз болуы мүмкін. Сондай-ақ кінәсіз жұбайы тамақ ішуден қалып, жүдеп, жаны жай таппауы мүмкін. Оған рухани істермен айналысу да қиынға соғар. Ал бұның бәрі балаларға қаншалықты ауыр тиеді десеңші!
13, 14. а) Сүлейменнің ғибадатхананы бағыштағанда айтқан дұғасы бізді қалай жігерлендіреді? ә) Неге киелі рух сұрап дұға еткеніміз маңызды?
13 Осындай сынақтарға кезіккенде, Ехоба бізге қажетті көмек береді (Забур 93:19). Сүлеймен патшаның Ехобаның ғибадатханасын бағыштағанда айтқан дұғасынан көрінетіндей, Құдай өз халқының дұғаларын естиді. Сүлеймен былай деп дұға еткен: “Олардың Саған сиынып еткен мінажатына құлақ сала гөр. Азап шегіп, қайғырып жатқан жеке біреу болсын не бүкіл халқың Исраил болсын, егер осы киелі үйіңе қарай қолдарын жайып Саған сиынып жалбарынса, онда Сен көктегі мекеніңнен құлақ сала гөр. Оларға кешірім беріп, әрқайсысына өзінің ой-ниеті мен істеріне қарай жауабыңды бере гөр. Адам жүрегінде не бар екенін Сен ғана жақсы білесің ғой. Өзің осы елді ата-бабаларымызға сыйлаған едің. Ендеше меншікті халқың бұл жерде тұрған барлық уақытта Сені терең қастерлеп, тура жолыңмен жүретін болсын!” (Шежірелер 2-жазба 6:29—31)
14 Әсіресе киелі рух сұрауды доғармағанымыз маңызды (Матай 7:7—11). Киелі рух жемісіне қуаныш пен тыныштық сияқты қасиеттер кіреді (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Көктегі Әкеміз дұғамызға жауап бергенде, қандай жеңілдік сезінеміз десеңші! Сонда қайғы мен жан азабынан арылып, қуаныш пен тыныштыққа кенелеміз.
15. Уайымға беріліп кетпеуге қандай тармақтар көмектеседі?
15 Ауыр қиындықтарға кезіккенде, уайымдап, мазасызданатынымыз рас. Алайда Исаның келесі сөздерін есте ұстайтын болсақ, уайымымыз қандай да бір шамада азаюы мүмкін. “Не ішіп-жейміз деп өмірлеріңді, не киеміз деп тәндеріңді уайымдамаңдар!.. Ең бастысы, Оның Патшалығының қамын ойлап, Оның әділ еркін орындауға ұмтылыңдар! Сонда көктегі Әкелерің сендерге бұлардың бәрін қосып береді” (Матай 6:25, 33, 34). Елші Петір бізді былай деп шақырады: “Барлық уайымдарыңды Құдайға сеніп тапсырыңдар, себебі Ол қамдарыңды ойлайды!” (Петірдің 1-хаты 5:6, 7) Әрине, қиындықты шешу үшін күш салғанымыз дұрыс. Әйтсе де қолдан келгеннің бәрін істегеннен кейін, тым көп уайымдай бермей, дұға еткеніміз маңызды. Забур жыршысы: “Өз жолыңды Жаратушыға тапсыр да Соған үміт арт, сонда Ол ойға алғаныңды орындайды”,— деп жырлаған (Забур 36:5).
16, 17. а) Неге уайымнан толықтай арылу мүмкін емес? ә) Філіпіліктерге 4:6, 7-дегі кеңеске құлақ асатын болсақ, қандай пайдасын көреміз?
16 “Еш нәрсені уайымдамай, барлық жағдайда өтініштеріңді Құдайға сиынып, тілекпен, шүкіршілікпен білдіріңдер! Сонда Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы сендердің жүректерің мен ой-саналарыңды Мәсіх Исада сақтайды”,— деп жазды Пауыл (Філіпіліктерге 4:6, 7). Рас, Адамның кемелсіз ұрпақтары уайымнан толық арыла алмайды (Римдіктерге 5:12). Есаудың хеттік әйелдері Құдайды қастерлеген әке-шешесі “Ысқақ пен Рабиғаға үлкен уайым әкелді” (Жаратылыс 26:34, 35). Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер Тімоте мен Трофимді сырқаттары мазалаған болса керек (Тімотеге 1-хат 5:23; Тімотеге 2-хат 4:20). Ал Пауыл болса бір сенімдегі бауырластарды ойлап уайымдаған (Қорынттықтарға 2-хат 11:28). Бірақ ‘дұғаны еститін’ Ехоба Құдай өзін сүйетіндердің дұғасын әрқашан тыңдайды (Забур 64:3).
17 Ехобаның күнін күте отырып, ‘тыныштықтың қайнар көзі — Құдайдан’ қолдау мен жұбаныш таба аламыз (Філіпіліктерге 4:9). Ехоба — “рақымды да қайырымды”, “кешірімі шексіз” Құдай, әрі “топырақтан екеніміз Оның есінде” (Мысырдан шығу 34:6; Ишая 55:7; Забур 102:13, 14). Сондықтан ‘өтініштерімізді Құдайға білдірейік’, сонда ‘Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығына’ ие боламыз.
18. Әйүп 42:5-те айтылғандай, Құдайды қалайша ‘көре’ аламыз?
18 Дұғаларымызға жауап алғанда, Құдайдың жанымызда екенін сеземіз. Сынақтарға төтеп бергеннен кейін, Әйүп былай деген болатын: “Сен [Ехоба] туралы құлағыммен естіп едім; енді өз көзіммен Сені көріп тұрмын” (Әйүп 42:5). Түсінік, сенім мен ризашылық көзімен Құдайдың бізге қалай қарайтыны жайлы ой жүгіртсек, оны жаңа қырынан ‘көре’ аламыз. Ехобаға осылайша жақындай түскеніміз жүрегіміз бен ой-санамызды орнықтырады.
19. ‘Барлық уайымымызды Құдайға сеніп тапсырсақ’, не сезінеміз?
19 ‘Барлық уайымымызды Құдайға сеніп тапсырсақ’, жүрегіміз бен ой-санамызды сақтайтын жан тыныштығына ие болып, сынақтарға төтеп бере аламыз. Бейнелі жүрегіміз уайым, қорқыныш пен үрейден, ал санамыз шарасыздық пен маза бермейтін ойлардан арылады.
20, 21. а) Степанның мысалы қудалауға кезіккенде, тыныштық сезіне алатынымызды қалай көрсетеді? ә) Сынақтар кезінде тыныштық сақтауға болатынын көрсететін бүгінгі өмірден алынған мысал айтып беріңдер.
20 Шәкірт Степан сенімі қатты сыналғанда, жан тыныштығын сезінген. Соңғы рет куәлік етпес бұрын жоғарғы кеңесте отырғандардың бәрі оның “бет-жүзінің періштенікіне ұқсас екенін көрді” (Елшілердің істері 6:15). Оның бет-жүзінен Құдайдың хабаршысы періштенікіндей сабырлылық байқалды. Степан олардың Исаның өліміне кінәлы екенін ашық айтқаннан кейін, оларды “ашу кернеп, Степанға тістерін қайрады”. “Киелі Рухқа кенелген ол көкке қадала қарап, Құдайдың нұрлы салтанатын және Исаның Оның оң жағында тұрғанын көрді”. Осы көріністен жігер алған Степан ақырына дейін адал болып қалды (Елшілердің істері 7:52—60). Бүгінде қудалауға кезіккенде, аян көрмесек те, Құдайдың беретін тыныштығын сезіне аламыз.
21 Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистердің қолынан қаза тапқан мәсіхшілердің не сезінгенін көрейік. Сотта болған жағдайды бір бауырлас былай әңгімелейді: “Мен өлім жазасына кесілдім. Үкімді естіген соң, Иеміздің “өлуге тура келсе де, маған адал бол” деген және басқа да сөздерін айттым, сонымен бәрі бітті. Бірақ бұл туралы уайымдамай-ақ қойыңдар. Қазір менің қандай жан тыныштығын сезініп тұрғанымды айтып жеткізу мүмкін емес!” Өлімге кесіліп, басы алынған бір жас мәсіхші ата-анасына былай деп жазды: “Түн ортасы болып қалды. Әлі де ойымды өзгертуіме болады. Бірақ Иемізден бас тартып, бұл дүниеде қайта бақытты бола алар ма едім? Әрине, жоқ! Менің бұл дүниеде бақытты да тыныш өмір кешіп өткеніме сенімді болуларыңа болады”. Иә, Ехоба өзінің адал қызметшілерін қолдайтынында күмән жоқ.
Табанды бола аласыңдар!
22, 23. Ехобаның күнін табандылықпен күте отырып, не нәрсеге сенімді болуыңа болады?
22 Жоғарыда айтылған қиындықтар сенің басыңа түспеген шығар. Десе де Құдайды қастерлеген Әйүп: “Әйелден туған адамның күні қысқа, қайғыға толы”,— деп рас айтқан (Әйүп 14:1). Бәлкім, сен балаларыңа рухани тәрбие беруге барынша тырысып жатқан боларсың. Олар мектепте түрлі сынақтарға кезігіп жатады. Әйтсе де олардың Ехобаның жағында нық тұрып, оның әділ принциптерін ұстанғандары сені қуантады емес пе?! Мүмкін, сен жұмыс орнында қиындықтар мен азғыруларға кезігіп жатқан шығарсың. Алайда осы не басқа да сынақтарға төзе аласың, өйткені “Ехоба сенің ауыртпалығыңды күнделікті көтереді” (Забур 68:19, ЖД [67:20]).
23 Бәлкім, өзіңді маңызсыз сезінетін шығарсың, бірақ Ехоба сенің еңбегіңді және оның есімі үшін көрсеткен сүйіспеншілігіңді ешқашан ұмытпайтынын есте ұста (Еврейлерге 6:10). Құдайдың арқасында сынақтарға төтеп бере аласың. Сондықтан Құдайдың еркін орындауды дұғада айтып, соған сай әрекет ет. Сонда Ехобаның күнін табандылықпен күте отырып, оның батасы мен қолдауына ие болатыныңа сенімді бола аласың.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Неге мәсіхшілердің табанды болулары қажет?
• Ауруға шалдыққандарға не жақынын жоғалтқандарға не көмектеседі?
• Дұға еткеніміз сынақтарға төтеп беруге қалай көмектеседі?
• Неге Ехобаның күнін табандылықпен күте аламыз деуге болады?
[17-беттегі сурет]
Шын жүректен дұға еткеніміз сынақтарға төтеп беруге көмектеседі