‘Бөтендердің даусынан’ сақ болыңдар
“Бөтен біреудің соңынан олар ешқашан ермейді, қайта, одан қашып кетеді, себебі бөтендердің даусын танымайды” (ЖОХАН 10:5, ЖД).
1, 2. а) Исаның атын атап шақырғаны Мәриямға қалай әсер етті және бұл оқиға Исаның бұрынырақта айтқан қандай әңгімесін суреттейді? ә) Ненің арқасында Исаның ізімен тура жүре аламыз?
ҚАЙТА тірілген Иса өзінің бос қабірінің қасында тұрған әйелге қарап тұр. Ол бұл әйелді жақсы біледі. Бұл — мағдалалық Мәриям. Екі жылдай уақыт бұрын Иса оны жындардан арылтқан. Сол уақыттан бері ол Иса мен оның елшілеріне еріп, оларды керекті нәрселерімен қамтамасыз етіп, қызмет көрсетіп жүрген (Лұқа 8:1—3). Алайда бүгін қайғыға батқан Мәриям жылап тұр, себебі Исаның өлімін көргені аздай, енді оның денесінің де жоғалып кеткеніне куә болып тұр! Сондықтан Иса одан: “Қарындас, неге жылап тұрсың? Кімді іздеп жүрсің?” — деп сұрады. Мәриям Оны бағбан екен деп ойлап: “Мырза, Оны алып кеткен Сіз болсаңыз, қай жерге қойғаныңызды айтыңызшы, мен Оны алып келейін”,— деді. Сонда Иса оған: “Мәриям!” — деп үн қатты. Өзіне таныс дауысты Мәриям бірден тани кетті. “Ұстазым!” — деп қуанғанынан айқайлап жіберді де, ол Исаны құшақтай алды (Жохан 20:11—18).
2 Бұл оқиға Исаның бұрынырақта айтқан әңгімесін іс жүзінде әсерлі түрде көрсетеді. Өзін бағушымен, ал ізбасарларын қойлармен салыстыра отырып, ол бағушы өз қойларын атымен шақыратынын және олар оның даусын танитынын айтқан (Жохан 10:3, 4, 14, 27, 28). Шынында да, қойдың бағушысын танығаны сияқты Мәриям да өз Бағушысы Мәсіхті таныды. Исаның бүгінгі ізбасарлары жайлы да осылай деуге болады (Жохан 10:16). Қой дауысты естіп, айыра білуінің арқасында бағушысынан қалмай ілесіп жүре алғаны тәрізді, біз де рухани айыра білу қабілетіміздің арқасында ізгі Бағушымыз Мәсіхтің ізімен тура жүре аламыз (Жохан 13:15; 1 Жохан 2:6; 5:20).
3. Исаның қой қора жайлы мысалынан қандай сұрақтар туындайды?
3 Осы мысалдан адамның даусын айыра білу қабілетінің арқасында қой досын ғана емес, жауын да айыра алатыны көрінеді. Бұл өте маңызды, себебі біздің қулықпен әрекет ететін қарсыластарымыз бар. Олар кімдер? Қалай әрекет етеді? Біз қалай өзімізді қорғай аламыз? Мұны білу үшін Исаның қой қора жайлы мысалында тағы не айтқанын қарастырайық.
Ол есіктен кірмейді
4. Бағушы жайлы мысалға сәйкес қой кімнің соңынан ереді, ал кімнің соңынан ермейді?
4 Иса былай дейді: “Ал кім есіктен кірсе, қойлардың бағушысы — сол. Қарауыл оған есік ашып, қойлар оның даусын естіп таниды; ол өз қойларын атымен шақырып, далаға шығарады. Шығарған соң, олардың алдында жүріп отырады, ал қойлары соңынан ереді, өйткені олар оның даусын таниды. Бағушы өз қойларын атымен шақырып, далаға шығарады. Бөтен біреудің соңынан олар ешқашан ермейді, қайта, одан қашып кетеді, себебі бөтендердің даусын танымайды” (Жохан 10:2—4, 5, ЖД). Байқаңдаршы, Иса “дауыс” деген сөзді үш рет қолданған. Екі рет ол бағушының даусы жайлы айтады да, үшінші рет “бөтендердің даусын” айтады. Иса бөтендер деп кімді айтып тұр?
5. Неге біз Жоханның 10-тарауында айтылған бөтен біреуге қонақжайлылық көрсетпеуіміз керек?
5 Иса біз қонақжайлылық көрсеткіміз келетін бейтаныс кісі жайлы айтып тұрған жоқ, себебі Киелі кітаптың түпнұсқасы жазылған тілде қонақжайлылық сөзі “бейтаныс кісілерді жақсы көру” деген мағына береді (Еврейлерге 13:2). Исаның мысалындағы бөтен біреу шақырылған қонақ та емес. Ол ‘қой қораға есіктен емес, өзге жерден кіреді’. ‘Ол — ұры, әрі қарақшы’ (Жохан 10:1). Құдай Сөзінде ұры әрі қарақшы ретінде алғаш рет суреттелген кім? Ібіліс, Шайтан. Бұл Жаратылыстың басталуы кітабынан айқын көрінеді.
Бөтен біреудің даусы алғаш естілген кез
6, 7. Неге Шайтанды орынды түрде бөтен біреу және ұры деп атауға болады?
6 Жаратылыс 3:1—5 дейінгі тармақтарда жер бетінде бөтен біреудің даусы алғаш рет қалай естілгені жазылған. Онда Шайтанның жылан арқылы алғашқы әйел Хауаға келіп, оны алдап сөйлегені айтылады. Рас, бұл жерде Шайтан тікелей “бөтен біреу” деп аталмаған. Алайда іс-әрекетінен ол көп жағынан Жоханның оныншы тарауында жазылған Исаның мысалындағы бөтен біреу тәрізді болғаны көрінеді. Кейбір ұқсастықтарды қарастырайық.
7 Иса бөтен біреу қой қорадағы құрбандықтарына жасырын келетінін айтқан. Сол сияқты Шайтан да құрбандығына жылан арқылы жасырын келді. Бұлай қулықпен келуі, шындығында, Шайтанның кім екенін, яғни қаскүнем екенін көрсетеді. Оның үстіне, қой қораға түскен бөтен адам қойларды иелерінен ұрлап әкетуге келеді. Шындығында, ол ұрыдан да жаман, себебі сонымен қатар оның мақсаты — “сойып, құрту” (Жохан 10:10). Сол сияқты Шайтан да ұры болған. Хауаны алдауымен Шайтан Құдайдан оның адалдығын ұрлады. Одан да зоры, Шайтан адамдарға өлім алып келді. Сондықтан ол — кісі өлтіруші.
8. Қалай Шайтан Ехобаның сөзі мен пейілін бұрмалады?
8 Шайтанның қаскөйлігі Ехобаның сөзі мен пейілін қалай бұрмалағанынан байқалады. “Құдай сендерге бақтағы ешбір ағаштың жемісін жемеңдер деп шынымен айтты ма?” — деп сұрады ол Хауадан. Шайтан: ‘Құдай да мұншалықты ақылға қонбайтын талап қояды екен-ау’,— дегендей таңғалған сыңай танытты. Ол сөзін жалғап: ‘Қайта, сендер осы жемісті жеген кезде көздерің ашылатынын Ол жақсы біледі’,— деді. Оның: ‘Құдай жақсы біледі’,— деген сөздеріне мән беріңдерші. Басқаша сөзбен айтқанда, Шайтан: “Мен Құдайдың жақсы білетінін білемін. Оның пейілін білемін, оның пейілі жаман”,— дегенге меңзеді (Жаратылыс 2:16, 17; 3:1, 5). Өкінішке орай, Хауа мен Адам бұл бөтен біреудің даусын естімеу үшін теріс айналып кеткен жоқ. Керісінше, олар оған құлақ асты да, өздерін де, ұрпақтарын да қайғы-қасіретке душар етті (Римдіктерге 5:12, 14).
9. Неге бүгінде бөтендердің дауысын естиміз деп күткен орынды?
9 Құдайдың халқын алдау үшін Шайтан бүгін де осындай тәсілдерді қолданады (Аян 12:9). Ол — “өтіріктің бастауы” және ол сияқты Құдайдың қызметшілерін алдауға тырысатындар — оның балалары (Жохан 8:44). Бүгінде осы бөтендердің даусы қалай естіліп жатқанын қарастырып көрейік.
Бүгін естіліп жатқан бөтендердің даусы
10. Бөтендердің даусы қайдан шығады?
10 Жалған тұжырымдар. Елші Пауыл: “Түрлі бөтен ілімдерге ілесіп кетпеңдер!” — деген болатын (Еврейлерге 13:9). Бұл қандай ілімдер? Бізді ілестіріп әкете алатындықтан, Пауыл рухани күйімізді әлсірететін ілімдер жайлы айтып тұрғаны анық. Мұндай бөтен ілімдер кімнен шығады? Пауыл мәсіхші ақсақалдарға: “Тіпті өз араларыңнан жалған ілімдерді уағыздап, Мәсіх жолымен жүргендерді теріс жолға азғырушылар шықпақ”,— деп айтқан (Елшілердің істері 20:30). Рас, бүгін де Пауылдың күндеріндегідей кезінде қауымда болғандар ‘жалған ілімдерімен’, басқаша сөзбен айтқанда, жартылай немесе таза өтірік айтып, қойларды алдауға тырысуда. Елші Петір айтқандай, олар шындыққа ұқсайтын, бірақ шындығына келгенде түкке тұрғысыз ‘өтірік сөздерді’ қолданады (2 Петір 2:3).
11. 2 Петір 2:1, 3-тегі сөздер жолдан таюшылардың тәсілдері мен мақсаттарын қалай әшкерелейді?
11 Петір кейінірек жолдан таюшылардың әдістерін әшкерелеп ‘жік салғыш зиянды ілімдерді жасырын енгізетінін’ айтқан (2 Петір 2:1, 3). Исаның мысалындағы ұрының ‘қой қораға есіктен емес, өзге жерден кіргені’ тәрізді, жолдан таюшылар да бізге жасырын түрде жақындайды (Ғалаттықтарға 2:4; Яһуда 4). Олардың мақсаты не? Петір былай деп қосады: “Олар сендерді өз мүдделері үшін пайдаланбақ” (ЖД). Жолдан таюшылар қалай ақталса да, олардың шын мәніндегі мақсаты — “ұрлап, сойып, құрту” (Жохан 10:10). Мұндай бөтендерден сақ болыңдар!
12. а) Қалай араласатын адамдар арқылы бөтендердің даусы естілуі мүмкін? ә) Шайтан мен бүгінгі бөтендердің әдістерінің қандай ұқсастықтары бар?
12 Зиянды орта. Бөтендердің даусы өзіміз араласатын адамдар арқылы да естілуі мүмкін. Зиянды орта — әсіресе жастар үшін қауіпті (1 Қорынттықтарға 15:33). Естеріңде болсын, Шайтан алғашқы адам жұбының ең жас әрі тәжірибесі аз дегенін, Хауаны, көздеді. Ол Хауаны Ехоба оған тым үлкен шектеулер қойып отыр дегенге сендірді. Бірақ, шындығында, бәрі керісінше еді. Ехоба өзі жаратқан адамдарды жақсы көрген және олардың бар жағдайын жасаған (Ишая 48:17). Сол тәрізді бүгін де, жастар, бөтендер мәсіхші ата-аналарың сендерге тым үлкен шектеулер қояды деп сендіруге тырысады. Мұндай бөтендер сендерге қалай әсер етулері мүмкін? Бір мәсіхші қыз былай дейді: “Сыныптастарымның әсерінен сенімім біраз әлсіреп қалған кез болды. Олар менің дінімді қатал әрі ақылға сыймайды деп айта беретін”. Бірақ ата-аналарың сендерді шынымен жақсы көреді. Сондықтан сыныптастарың ата-аналарыңа сенбеуге көндіруге тырысатын болса, Хауаға ұқсап алданып қалмаңдар.
13. Дәуіт қандай дана жолмен жүрген және оған еліктеудің бір жолы қандай?
13 Зиянды ортаға қатысты забур жыршысы Дәуіт былай деген: “Өтірікші адамдармен отырған жоқпын және залымдармен [немесе өзінің шынайы болмысын жасыратындармен] бірге бармаймын” (Забур 25:4). Тағы да бөтен біреулердің ерекшеліктерін байқадыңдар ма? Шайтанның өзінің кім екенін жасырып, жыланды пайдаланғаны тәрізді олар да өздерінің шынайы болмыстарын жасырады. Бүгінде кейбір азғын адамдар Интернетті қолданып, өздерінің кім екендіктерін және шын ниеттерін жасырады. Ондағы әңгімелесу бөлмелерінде бұзылған адамдар сендерді қақпанға түсіру үшін тіпті жас адам болып танысуы мүмкін. Жастар, өтінеміз, рухани күйлеріңе зиян тигізіп алмау үшін өте абай болыңдар! (Забур 118:101; Нақыл сөздер 22:3).
14. Қалай бұқаралық ақпарат құралдары кейде бөтен кісілердің даусын жеткізеді?
14 Жалған айып. Ехоба Куәгерлері жайлы кейбір мәліметтер дұрыс беріліп жатқанымен, кейде бұқаралық ақпарат құралдары өздерін бөтендердің қате пікірлерін жеткізу үшін пайдалануларына жол береді. Мысалы, бір елде жаңалықтардан Куәгерлер Екінші дүниежүзілік соғыстың кезінде Гитлердің орнатқан тәртібіне қолдау көрсеткен деген жалған мәлімет берілді. Тағы бір елде жаңалықтардан Куәгерлерді шіркеулерді талқандайды деп айыптады. Біраз елдерде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Куәгерлерге балаларын медициналық жолмен емдеуден бас тартады және өз адамдарының жасап жатқан ауыр күнәларына көз жұмады деген айып таққан (Матай 10:22). Бірақ бұған қарамастан бізді жеке танитын ақ жүректі адамдар мұндай айыптардың жалған екенін біледі.
15. Неге бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып жатқанның бәріне сене беру даналыққа жатпайды?
15 Осындай бөтен біреулердің даусымен тағылған айып таралып жатса не істегеніміз дұрыс? Нақыл сөздер 14:15-тегі кеңесті жүрегімізбен қабыл алғанымыз дұрыс: “Ақылсыз кез келген сөзге сене береді, ал парасатты адам өз жолдарына көңіл қояды”. Бұқаралық ақпарат құралдарында шындық деп айтылып жатқанның бәріне сене беру даналыққа жатпайды. Әрине, біз әлемдегі мәліметтің барлығына күмәнмен қарамаймыз, дегенмен ‘бүкіл дүниеге шайтан билігін жүргізіп отырғанын білеміз’ (1 Жохан 5:19).
‘Құдайдан келген бе, жоқ па, алдымен анықтаңдар!’
16. а) Қалай қойдың қылығы Исаның Жохан 10:4-те жазылған сөздерінің растығын көрсетеді? ә) Киелі кітап бізді не істеуге шақырады?
16 Бірақ досымыз бен жауымызды қалай айыра аламыз? Иса қойлар бағушының соңынан еретінін айтқан, “өйткені олар оның даусын таниды” (Жохан 10:4). Қойлар бағушының соңынан сырт пішініне қарап емес, даусын танығандықтан ереді. Киелі кітап елдері жайлы кітапта бірде қойшыға келген бір қонақтың қойлар иесін даусынан емес, киімінен айыратынын айтқаны жазылған. Ал қойшы даусынан айыратынын айтады. Бұны дәлелдеу үшін ол қонақпен киімін ауыстырып алады. Қойшының киімін киіп алған бөтен кісі қойларды шақырады, бірақ олар үн қатпайды. Себебі оның даусын танымады. Ал оларды қойшы шақырғанда, үстінде басқа киім болса да, қойлар оның даусын бір естігеннен-ақ қасына жиналады. Сондықтан біреудің қойшыға ұқсағанымен, қойлар оған шын қойшы екен деп сене қалмайды. Себебі қой шақырған адамның даусын қойшының даусымен салыстыра отырып, анықтай алады. Құдай Сөзі бізді де осылай етуге шақырады: “Олар [рухтың жетелеуімен айтылған сөздер] Құдайдан келген бе, жоқ па — алдымен соны анықтаңдар!” (1 Жохан 4:1; 2 Тімотеге 1:13). Мұны қалай анықтауға болады?
17. а) Қалай Ехобаның даусын жақсырақ тани түсеміз? ә) Ехоба беріп жатқан білімнің арқасында қандай қабілет пайда болады?
17 Ехобаның даусын, немесе хабарын, неғұрлым жақсырақ білсек, бөтен біреудің даусын да соғұрлым жақсырақ айыра аларымыз анық. Киелі кітап осыған қажетті білімді қайдан табуға болатынын көрсетеді. Онда: “Құлақтарың: — Міне жол, сонымен жүріңдер,— деген арттарыңнан айтылған сөзді еститін болады”,— деп айтылады (Ишая 30:21). Бұл артымыздан айтылған ‘сөз’ Құдай Сөзінен естіледі. Оны оқыған сайын, бейнелеп айтқанда, Ұлы Бағушымыз Ехобаның даусын естиміз (Забур 22:1). Сондықтан Киелі кітапты көбірек зерттеген сайын, Құдайдың даусын жақсырақ тани түсеміз. Ал бұның арқасында бөтен дауысты бірден айыратын қабілет пайда болады (Ғалаттықтарға 1:8).
18. а) Ехобаның даусын білуге не жатады? ә) Матай 17:5-ке сай неге Исаның даусына құлақ асқанымыз дұрыс?
18 Ехобаның даусын білгенге тағы не жатады? Естіген соң, оған бағынуымыз керек. Тағы да Ишая 30:21-ге көңіл аударайықшы. Құдай Сөзі: “Міне жол”,— деп жар салады. Иә, Киелі кітапты зерттеу арқылы біз Ехобаның басшылығын естиміз. Бұдан кейін ол: “Сонымен жүріңдер”,— деп бұйырады. Ехоба естігенімізді іс жүзінде қолданғанымызды қалайды. Осылайша білгендерімізді өмірде қолдана отырып, Ехобаның даусын естіп қана қоймай, оны тыңдайтынымызды да көрсетеміз (Заңды қайталау 28:1). Ехобаның даусына құлақ асқанымыз Исаның даусына да құлақ асуды білдіреді, себебі Ехобаның өзі соны талап еткен (Матай 17:5). Иса, ізгі Бағушы, бізге не істе дейді? Ол бізге шәкірт дайындауды және ‘адал да ақылды құлға’ сенім білдіруді үйретеді (Матай 24:45, ЖД; 28:18—20). Оның даусына құлақ асқанымыз мәңгілік өмірге жеткізеді (Елшілердің істері 3:23).
Олар “одан қашып кетеді”
19. Бөтендердің даусын естігенде не істегеніміз дұрыс?
19 Олай болса бөтендердің даусын естігенде не істегеніміз дұрыс? Мұндайда қойдан үлгі алуымыз керек. Иса: “Бөтен біреудің соңынан олар ешқашан ермейді, қайта, одан қашып кетеді”,— деп айтқан (Жохан 10:5, ЖД). Біз екі түрлі әрекет етеміз. Біріншіден, біз бөтен біреудің ‘соңынан ешқашан ермейміз’. Иә, біз бөтендерден үзілді-кесілді бас тартамыз. Негізінде Киелі кітап жазылған грек тілінде “ешқашан” деп аударылған сөз ол тілде белсенді түрде бас тартуды білдіреді (Матай 24:35; Еврейлерге 13:5). Екіншіден, біз ‘одан қашып кетеміз’ немесе одан теріс айналып кетеміз. Ізгі Бағушының даусына қарама-қайшы келетін ілімдерді оқытатындарға қатысты өзімізді осылай ұстауымыз керек. Бұл — ең дұрыс әрекет.
20. а) Жалған сөйлейтін жолдан таюшыларға кезіккенде, ә) зиянды ортадан қауіп келгенде, б) бұқаралық ақпарат құралдары қате пікір таратқанда не істейміз?
20 Сондықтан жолдан таюшылыққа итермелейтіндермен кезіккенде, біз Құдай Сөзіндегі: “Жік шығарып, өздеріңе үйреткен ілімге қарсы араздық туғызушылардан сақ болып, аулақ жүріңдер!” — деген өсиетті орындағымыз келеді (Римдіктерге 16:17; Титке 3:10). Сол сияқты мәсіхші жастар зиянды ортадан келетін қауіппен кезіккенде, Пауылдың Тімоте есімді жас жігітке берген: “Жастықтың құмарлықтарынан бас тарт [“қаш”, ЖД]”,— деген кеңесін қолданғылары келеді. Ал бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жалған айып тағылып жатса, Пауылдың Тімотеге берген келесі кеңесін есімізге түсіреміз: ‘[Бөтендердің даусына құлақ асатындар] бос аңыздарға назар аудармақ. Ал сен әрдайым қырағы бол’ (2 Тімотеге 2:22; 4:3—5). Бөтендердің даусы қаншалықты жағымды естілсе де, сенімімізге зиян келтіретіннің бәрінен де қашамыз (Забур 25:5; Нақыл сөздер 7:5, 21; Аян 18:2, 4).
21. Бөтендердің даусын тыңдаудан үзілді-кесілді бас тартатындарды қандай болашақ күтіп тұр?
21 Бөтендердің даусынан бас тарта отырып, киелі рухпен майланған мәсіхшілер Лұқа 12:32-де жазылған ізгі Бағушының сөздеріне үн қатты. Онда Исаның оларға: “Шағын қауым, қорықпа! Әкелерің сендерге Патшалығын тапсыруға ризалық еткен”,— деген сөздері жазылған. Сол сияқты басқа қойлар да Исаның: “Әкем жарылқағандар, келіңдер! Әлем жаратылғаннан бері өздеріңе дайындалған Патшалықтан үлестеріңді алыңдар!” — деген сөздерін еститін уақытты тағатсыздана күтіп жүр (Жохан 10:16; Матай 25:34). ‘Бөтендердің даусынан’ сақ болсақ, сондай керемет сыйға ие боламыз!
Естеріңде ме?
• Қай жағынан Шайтан Исаның қой қора жайлы мысалындағы бөтен біреуге ұқсайды?
• Бүгінде бөтендердің даусы қалай естілуде?
• Бөтендердің даусын қалай айыра аламыз?
• Бөтендердің даусын естігенде не істеуіміз керек?
[31-беттегі сурет]
Мәриям Мәсіхті тани кетті
[32-беттегі сурет]
Бөтендердің даусын естігенде не істейміз?