Мұсаның 1-жазбасы
3 Ехоба Құдай жаратқан жабайы хайуанаттардың ішіндегі ең сағы жылан еді+. Ол әйелге: “Құдай сендерге бақтағы ешбір ағаштың жемісін жемеңдер деп шынымен айтты ма?”— деді+. 2 Әйел жыланға былай деді: “Бақтағы ағаштардың жемісін жей аламыз+. 3 Бірақ бақтың ортасындағы ағаштың жемісі+ жайлы Құдай: —Одан жемеңдер, тіпті оған тимеңдер, әйтпесе өлесіңдер,— деген”. 4 Сонда жылан әйелге: “Жоқ, өлмейсіңдер+. 5 Оны жеген күні көздерің ашылып, ненің жақсы, ненің жаман екенін біліп, Құдай сияқты болатындарыңды ол біледі”,— деді+.
6 Содан әйел ағаштың жемісі жеуге жақсы екенін әрі көздің жауын алып, қызықтырып тұрғанын байқады. Сөйтіп, оның жемісін алып жеді+. Кейін күйеуі қасында болғанда, жемісті оған берді, ол да жеді+. 7 Сол кезде екеуінің де көздері ашылып, өздерінің жалаңаш екенін түсінді. Сондықтан інжір жапырақтарын біріктіріп тігіп, алжапқыш жасап алды+.
8 Кейінірек еркек пен әйел салқын түскен мезгілде бақтың ішінде жүрген Ехоба Құдайдың даусын естіді. Сонда олар Ехоба Құдайдың жүзінен тасаланып, бақтағы ағаштардың арасына жасырынып қалды. 9 Ехоба Құдай адамды: “Сен қайдасың?”— деп қайта-қайта шақырды. 10 Ақырында адам: “Бақта даусыңды естідім. Бірақ жалаңаш болғандықтан, қорқып тығылып қалдым”,— деп жауап қатты. 11 Сонда Құдай: “Саған кім жалаңашсың деді+? Әлде мен жеуге тыйым салған ағаштың жемісін жедің бе+?”— деп сұрады. 12 Бұған адам: “Өзің берген әйел маған сол ағаштың жемісін ұсынды, сондықтан жедім”,— деді. 13 Ехоба Құдай әйелден: “Бұл не істегенің?”— деп сұрағанда, ол: “Мені жылан алдады, сондықтан жедім+”,— деп жауап берді.
14 Сонда Ехоба Құдай жыланға+ былай деді: “Осылай істегенің үшін, мал мен жабайы аң атаулының ішіндегі сені қарғыс атсын. Өмір бойы бауырыңмен жорғалап, топырақ жейтін боласың. 15 Мен әйел+ екеуіңді, сенің+ ұрпағың+ мен әйелдің ұрпағын+ өзара өштестіріп қоямын+. Әйелдің ұрпағы сенің басыңды мыжиды*+, ал сен оның өкшесін шағасың*+”.
16 Құдай әйелге: “Жүктілік кездегі азабыңды күшейте түсемін, балаларыңды қиналып босанасың. Сен күйеуіңе құштар боласың, ал ол саған үстемдік етеді”,— деді.
17 Адамға* болса Құдай былай деді: “Әйеліңнің тілін алып, жеуге тыйым салынған+ ағаштың жемісін жегенің үшін, сенің кесіріңнен жерді қарғыс атты+. Енді өмір бойы жердің өнімін азап шегіп жүріп жейтін боласың+. 18 Жер саған тікен мен арамшөп өсіріп шығарып, азығың дала өсімдіктері болады. 19 Өзің жаратылған жердің қойнына қайтып кіргенше+, жейтін наныңды маңдай теріңді төгіп табатын боласың. Сен топырақтан жаратылдың, қайтадан топыраққа айналасың+”.
20 Осыдан кейін Адам әйелін Хауа* деп атады, өйткені ол бүкіл адамзатқа ана болып, өмір бермек еді+. 21 Ехоба Құдай Адам мен оның әйелі кисін деп, теріден ұзын киім жасап берді+. 22 Сосын Ехоба Құдай былай деді: “Міне, адам біз сияқты жақсылық пен жамандықты білетін болды+. Енді ол өмір сыйлайтын ағашқа+ қолын созып, жемісін алып жеп, мәңгі өмір сүріп жүрмесін...” 23 Сөйтіп, Ехоба Құдай оны Едем бағынан+ шығарып жіберіп, оған өзі жаратылған жердің топырағын өңдетіп қойды+. 24 Құдай Адамды қуып шыққаннан кейін, өмір сыйлайтын ағашқа апаратын жолды күзету үшін, Едем бағының шығыс жағына керуб*+ деген періштелер мен жүзінен от жалындап, айналып тұрған семсер қойды.