Тірі Құдайдың басшылығымен жүріңдер
‘Аспан мен жерді, теңізді және солардағы бар нәрселерді жаратқан тірі Құдайға бет бұрыңдар’ (ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 14:15).
1, 2. Неге Ехобаны ‘тірі Құдай’ деп мойындағанымыз орынды?
ЕЛШІ Пауыл мен Барнаба Лүстрада бір адамды айықтырған соң, Пауыл өзін қоршаған халыққа қарап: “Біз де сендер сияқты пенделерміз! Біз сендерге түкке тұрмайтын тәңір бейнелерін тастап, аспан мен жерді, теңізді және солардағы бар нәрселерді жаратқан тірі Құдайға бет бұрсын деп, Ізгі хабарды әкелдік”,— деп сендіруге тырысты (Елшілердің істері 14:15).
2 Шынында да, Ехоба — жансыз пұт емес, ‘тірі Құдай’! (Еремия 10:10; 1 Салониқалықтарға 1:9, 10). Ехоба тірі Құдай болумен қатар, барлығымызға өмір берген. “Оның Өзі барлығына өмір, дем және қажеттінің бәрін сыйлайды” (Елшілердің істері 17:25). Ол біздің қазір де, болашақта да өмірден қанағат алғанымызды қалайды. Пауыл әрі қарай: “[Құдай] Өзінің бар екендігіне игі істерімен анық куәлік келтіруін тоқтатпады; аспаннан жаңбыр жаудырып, дер кезінде өнім беріп, мол азық сыйлап, жанымызды қуанышқа толтырады”,— деп қосқан (Елшілердің істері 14:17).
3. Неге біз Құдайдың басшылығына сенім арта аламыз?
3 Құдай біздің қамымызды ойлайды, сондықтан оның басшылығына сенім артуға барлық негіз бар (Забур 146:8; Матай 5:45). Кейбіреулер Киелі кітаптағы кейбір өсиеттерді түсінбегендіктен не олар тым қатал көрінгендіктен Құдайдың басшылығын қабыл алғысы келмеуі мүмкін. Бірақ тәжірибе көрсетіп отырғандай, Құдайдың басшылығына сенім артқанымыз даналыққа жатады. Мысалы, исраилдік адам мәйітке қол тигізбеуге қатысты заңды түсінбегенімен, ол үшін бұл заңға бағыну пайдалы болған. Біріншіден, бағыну арқылы олар тірі Құдайға жақындай түскен; екіншіден, бұл оны ауру-сырқаудан сақтаған (Леуіліктер 5:2; 11:24).
4, 5. а) Мәсіхшілерге дейін Ехоба қанға қатысты қандай басшылық берген? ә) Құдайдың қанға байланысты басшылығының мәсіхшілерге де қатысы бар екенін қайдан білеміз?
4 Құдайдың қанға қатысты басшылығы да осындай. Ол Нұхқа қанды пайдаланбау туралы нұсқау берген. Кейін Таурат заңында Құдай қанды бір ғана мақсатпен, күнә кешірілу үшін, құрбандық шалатын орында қолдануға болатынын көрсетті. Сол басшылықтарды бере отырып, Құдай қанды ең ұлы мақсатпен қолданатынын, атап айтқанда, Исаның азаттық төлемі арқылы адамзатты өлімнен құтқаратынын көрсетті (Еврейлерге 9:14). Иә, Құдайдың басшылығынан оның біздің жағдайымызды ойлап, есен-сау болғанымызды қалайтыны көрінген. Жаратылыс 9:4-ке қатысты XIX ғасырдың Киелі кітапты зерттеуші ғалымы Адам Кларк былай деп жазды: “Бұл [Нұхқа берген] өсиетті шығыстағы мәсіхшілер әлі күнге дейін мұқият ұстанады... Заңда қан жеуге тыйым салынған, себебі ол адамзаттың күнәсі кешірілу үшін төгілетін қанға нұсқаған; Інжіл бойынша да қанды жеуге болмаған, себебі оны әрқашан күнәдан босату үшін төгілген қанды еске салады деп қарастыру керек”.
5 Бұл кісі Інжіл дегенде, Исаның өмірі жазылған ізгі хабарды айтқан болса керек. Онда Құдайдың өз Ұлын біз үшін өлуге, яғни мәңгі өмір сүруіміз үшін қанын төгуге жібергені жайлы айтылады (Матай 20:28; Жохан 3:16; Римдіктерге 5:8, 9). Ол сонымен қатар кейінірек айтылған Мәсіхтің ізбасарларының қаннан бас тартуы жайлы бұйрықты ескере кетеді.
6. Мәсіхшілер қанға қатысты қандай басшылық алған және неге?
6 Құдай исраилдіктерге жүздеген ережелер бергенін білеміз. Иса өлген соң, оның шәкірттері бұл заңдардың бәрін орындауға міндетті болмаған (Римдіктерге 7:4, 6; Қолостықтарға 2:13, 14, 17; Еврейлерге 8:6, 13). Бірақ кейін бір маңызды талапқа, сүндетке отырғызуға, қатысты дау туды. Мәсіхтің қанының арқасында құтқарылғысы келген яһуди емес мәсіхшілер өздерінің Таурат заңына бағынышты екендіктерін көрсетіп сүндеттелулері керек пе? Б. з. 49 жылы мәсіхшілердің басқарушы кеңесі осы сұрақты қарастырды (Елшілердің істері 15-тарау). Құдай рухының жетелеуімен елшілер мен ақсақалдар бұл рәсім Таурат заңымен бірге күшін жойған деген шешімге келді. Дегенмен мәсіхшілер үшін Құдайдың кейбір талаптары күшін жоғалтпады. Қауымдарға басқарушы кеңес былай деп хат жазды: “Киелі Рухтың білдіруімен біз сендерге төмендегі қажетті ережелерден басқа ешқандай салмақ салмауымыз керек деп шештік: жалған тәңірлерге арналған құрбандықтардан, қаннан, арам өлген малдың етінен және неке адалдығын бұзудан аулақ жүріңдер! Осы нұсқауларды ұстансаңдар, жақсы істейсіңдер” (Елшілердің істері 15:28, 29).
7. Мәсіхшілер үшін ‘қаннан аулақ жүру’ қаншалықты маңызды?
7 Басқарушы кеңес ‘қаннан аулақ жүру’ моральдық жағынан алғандағы маңыздылығы азғындық пен жалған тәңірлерге табынудан аулақ болумен бірдей екенін анық көрсетті. Бұл қанға қатысты қойылған тыйым салуға атүсті қарамау керек екенін көрсетеді. Еш өкінбестен жалған тәңірлерге құлшылық ете беретін немесе азғындықпен айналыса беретін мәсіхшілер ‘Құдай Патшалығынан орын алмайды’; олардың ‘үлесі — “екінші өлім”’ (1 Қорынттықтарға 6:9, 10; Аян 21:8; 22:15). Айырмашылығына көңіл бөліңдерші: Құдайдың қанды қасиетті деп қарауға қатысты берген басшылығына немқұрайды қарау мәңгілік өлімге апарады. Ал Исаның құрбандығына құрметпен қарау мәңгілік өмірге жетелейді.
8. Алғашқы мәсіхшілердің Құдайдың қанға қатысты басшылығына атүсті қарамағаны неден көрінеді?
8 Құдайдың қанға қатысты принципін бірінші ғасырдағы мәсіхшілер қалай түсінген және қолданған? Кларктың түсініктемесін еске түсірейік: “Інжіл бойынша да қанды жеуге болмаған, себебі оны әрқашан күнәдан босату үшін төгілген қанды еске салады деп қарастыру керек”. Тарих алғашқы мәсіхшілердің бұған маңызды деп қарағанын растайды. Тертуллиан былай деп жазған: “Аренадағы айқастарда қылмыскерлердің жылы қанын ала салып... талма ауруынан құтылу үшін тойымсыздықпен құшырлана жұтып жататындар қайда?” Қанды пайдаланатын пұтқа табынатын адамдардан айырмашылығын айтып, Тертуллиан мәсіхшілер жайлы: “Тіпті малдардың да қанын жемейді... Мәсіхшілерді азаптау үшін оларға қан толтырылған шұжықты бересіңдер. Олар үшін бұл заң бұзушылық екенін сендер, әрине, білесіңдер”,— деп айтқан. Иә, өлім қаупі төнсе де, мәсіхшілер қанды қабылдамаған. Құдайдың басшылығы олар үшін өте маңызды болған.
9. Қаннан бас тартуға оны жемеуден басқа не жатқан?
9 Кейбіреулер басқарушы кеңестің айтқаны жай ғана қанды жеуге не ішуге және қаны шығарылмаған етке немесе қаннан жасалған тамаққа қатысты болған деп ойлауы мүмкін. Рас, Құдайдың Нұхқа берген өсиетінің түпкі мағынасы осындай болған. Елшілердің шешімі де мәсіхшілер “арам өлген малдың етінен”, яғни қаны шығарылмаған еттен, аулақ болулары керек екенін көрсеткен (Жаратылыс 9:3, 4; Елшілердің істері 21:25). Бірақ мәсіхшілер бұған бұдан да басқа нәрсе жататынын білген. Кейде қан медициналық мақсатта қолданылған. Тертуллианның айтуы бойынша, кейбір пұтқа табынушылар талма ауруын емдеу үшін жаңадан алынған қанды ішкен. Ауруды емдейді не денсаулықты жақсартады деген оймен қанды басқа да жолмен қолданған болуы мүмкін. Демек, мәсіхшілер қанды өзгелер медициналық деп есептейтін мақсатпен де қолданбаған. Тіпті өмірлеріне қауіп төніп тұрса да, олар бұл шешімдерінен таймаған.
Қанды медициналық мақсатпен пайдалану
10. Медицинада қанды қалай қолданады және осыған байланысты қандай сұрақ туындайды?
10 Қазір қанды медицинада пайдалану кеңінен тараған. Бұрын қанның өзі құйылатын, яғни оны қан берушіден алып, сақтап қойып, кейін ауруға, мүмкін жарақат алған адамға, құйған. Кейінірек ғалымдар қанды негізгі бөліктерге бөлуді үйренді. Бөліктерді құю арқылы дәрігерлер, мысалы плазманы, бір адамға, ал эритроциттерді басқа адамға құйып, алынған қанды көбірек адамға жеткізе алатын болды. Әрі қарай зерттеудің нәтижесінде бір құрамбөліктің (компоненттің) өзінен, мысалы плазмадан, бірнеше фракция алуға болатыны анықталды. Онда бұл қанды бұдан да көп науқасқа жеткізуге болады. Бұдан да терең зерттеулердің нәтижесінде фракцияларды қолданудың жаңа жолдары ашылуда. Бұған мәсіхші қалай қарау керек? Мысалы, мәсіхші қан құйдырудан үзілді-кесілді бас тартқанымен, оның дәрігері қанның негізгі құрамбөліктерінің бірін, мүмкін эритроцитті, қабылдауға көндіруге тырысады делік, немесе құрамбөліктен алынған ұсақ фракциялардың бірін қолдану керек болар. Мұндайда Құдайдың қызметшісі қанның қасиетті екенін және негізінде Мәсіхтің қаны ғана құтқара алатынын есінде ұстай отырып, қалай шешім қабылдау керек?
11. Куәгерлер медициналық мәліметтерге сүйене отырып, қанға қатысты қандай нақты көзқарасты көп жылдардан бері ұстанып келе жатыр?
11 Ондаған жыл бұрын Ехоба Куәгерлері өз көзқарастарын нақты көрсетті. Мысалы, олар “Америка медицина ассоциациясының журналы” үшін мақала дайындаған (The Journal of the American Medical Association. 1981 жыл, 27 қараша; “Қалай қан сенің өміріңді алып қала алады?”a брошюрасында қайта басылып шығарылған, 27—29 беттер). Ол мақалада Жаратылыстың басталуы, Леуіліктер және Елшілердің істері кітаптарынан үзінділер келтірілген болатын. Мақалада былай деп жазылған: “Бұл тармақтар медициналық тілмен жазылмағанымен, оларды Куәгерлер қанның өзін, эритроциттерді, плазманы, лейкоциттерді және тромбоциттерді құюға тыйым салатын басшылық деп түсінеді”. 2001 жылы жарық көрген “Төтенше жағдайда көмек көрсету” деп аталатын оқулықтағы “Қан құрамы” деген тақырыпшада: “Қан бірнеше құрамбөліктерден құралған, олар: плазма, эритроциттер (қызыл қан түйіршіктері), лейкоциттер (қанның ақ түйіршіктері) және тромбоциттер (қантабақшалар)”,— деп жазылды (Emergency Care). Сондықтан осы медициналық мәліметке сүйене отырып, Куәгерлер қанның өзін және осы негізгі төрт құрамбөліктің ешқайсысын да қабылдамайды.
12. а) Қанның негізгі құрамбөліктерінен алынған фракцияларға қатысты көзқарасымыз жайлы не айтылды? ә) Бұл жайлы қосымша мәліметті қайдан табуға болады?
12 Мақалада әрі қарай былай делінді: “Куәгерлердің діни түсініктері альбумин, иммунды көтеретін глобулиндер және гемофилияны емдеуге қолданатын дәрілерді қолдануға үзілді-кесілді тыйым салмайды; әрбір Куәгер бұларды қабылдау-қабылдамауды өзі шешу керек”. 1981 жылдан бері медицинада пайдалану үшін көптеген фракциялар (негізгі төрт құрамбөліктен алынған кішкене бөлшектер) алынған. Осыған орай, “Күзет мұнарасының” (ор.) 2000 жылғы 15 маусымдағы санында “Оқырмандардың сауалдары” айдарында осы тақырыпқа қатысты пайдалы мәлімет шыққан болатын. Қазіргі миллиондаған оқырмандар үшін “Күзет мұнарасы” (ор.) журналының 15 маусымдағы санының 29—31 беттерінде сол мақала қайта басылып шығарылды. Онда бұл сұрақ егжей-тегжейлі әрі қисынды түрде түсіндіріледі, бірақ бұл мақаланың негізі ретінде 1981 жылғы мақаладағы принциптер алынғанын көруге болады.
Ар-ұжданның атқаратын рөлі
13, 14. а) Ар-ұждан деген не және қанға қатысты шешім қабылдағанда, оның атқаратын рөлі қандай? ә) Құдай исраилдіктерге етті жеуге қатысты қандай басшылық берген, бірақ бұған қатысты қандай сұрақтар туындауы мүмкін еді?
13 Мұндай мәселеде әркім ар-ұжданына қарай шешім қабылдау керек. Неге? Мәсіхшілер Құдайдың басшылығымен жүру керек екенін біледі, бірақ кей жағдайларда ар-ұжданға сүйене отырып, жеке шешім қабылдау қажет болады. Ар-ұждан деген — мән-жайды бағалауға және шешім қабылдауға, жиі моральдық сұрақтарға қатысты мәселелерде көмектесетін туа біткен қабілет (Римдіктерге 2:14, 15). Бірақ біз әркімнің ар-ұжданы әр түрлі екенін білемізb. Киелі кітаптың ‘дүдамал ар-ұждан’ жайлы айтуы ар-ұжданы мықты адамдардың да бар екенін көрсетеді (1 Қорынттықтарға 8:12). Мәсіхшілердің Құдай Сөзін зерттеу мен түсіну және шешім қабылдағанда, оның ой-қалпын ескеру дәрежелері әр түрлі. Бұны яһудилердің етті жеуге қалай қарағандарынан көруге болады.
14 Киелі кітапта Құдайға бағынышты адам қаны шығарылмаған етті жемеу керек екені анық айтылады. Бұның маңызды болғаны сонша, тіпті төтенше жағдайда исраил жасақтары қаны шығарылмаған етті жегеннің өзінде, олар үлкен қателік немесе күнә жасады (Заңды қайталау 12:15, 16; 1 Патшалықтар 14:31—35). Дегенмен мынадай сұрақтар тууы мүмкін болған: исраилдік кісі қой сойғанда, қанын қанша уақыттың арасында ағызып үлгеруі керек? Қаны ағу үшін оны тамағынан бауыздау керек пе? Қойды міндетті түрде сирағынан іліп қою керек болды ма? Болса, қанша уақытқа? Ал сиыр сойғанда, оның қанын қалай ағызу керек? Тіпті ағызған соң да қанның біразы шықпай қалып кетеді. Мұндай етті жеуге бола ма? Оны кім шешу керек?
15. Кейбір яһудилер етті жеуге қалай қараған, бірақ Құдай қандай басшылық берген?
15 Заңды берік ұстанатын яһуди осындай жағдайға кезікті делік. Ол ең дұрысы базардан алған етті жемеген деп ойласа, ал басқа яһуди жалған тәңірлерге ұсынылған деп күмәнданған жағдайда еттен бас тартуы мүмкін. Енді біреулері қаннан тазарту рәсімдерін жасаған соң ғана етті жеуі мүмкінc (Матай 23:23, 24). Осындай әр түрлі көзқарас жайлы сен не ойлайсың? Оның үстіне, Құдай мұндай әрекеттерді талап етпегендіктен, шешім қабылдаған сайын туындайтын көптеген сұрақтарға қатысты раввиндер кеңесінен ақыл сұрап алғандары дұрыс болмас па еді? Бұндай әдет-ғұрып иудаизмде пайда болғанымен, Ехобаның шынайы ғибадат етушілерден қанға қатысты шешімдерді осылай қабылдауды талап етпейтіні қандай жақсы! Құдай таза малдарды союға және олардың қандарын шығаруға қатысты негізгі басшылық берген, бірақ оған қосымша түсіндірмелер бермеген (Жохан 8:32).
16. Неге мәсіхшілер қанның құрамбөлігіндегі ұсақ фракцияны қабылдауға қатысты әр түрлі көзқарас танытулары мүмкін?
16 11, 12-абзацтарда айтылып кеткендей, Ехоба Куәгерлері қанның өзін немесе оның негізгі төрт құрамбөліктерін — плазма, эритроциттерді, лейкоциттерді және тромбоциттерді — құюдан бас тартады. Ал құрамында ауруға немесе жыланның уына қарсы қолданатын антиденелері бар қан сарысуы тәрізді негізгі құрамбөліктен алынған фракциялар жайлы не деуге болады? (w2004.15.06 (ор.) 30-беттегі 4-абзацты қара). Кейбіреулер бұл кішкентай фракциялар енді қанның өзі емес, сондықтан шындығында ‘қаннан аулақ жүріңдер’ деген өсиеттің бұл жерге қатысы жоқ деген шешімге келеді (Елшілердің істері 15:29; 21:25; w2004.15.06 (ор.) 31-бет, 1-абзац). Өз шешімдері үшін олар өздері жауап береді. Ал басқалардың қаннан (малдың немесе адамның қанынан) алынған ешбір нәрсені, тіпті негізгі құрамбөліктің біреуінен ғана алынған фракция болса да, қабылдауға ұяты жібермейдіd. Ал кейбіреулер басқа ұсақ фракциялардан бас тартқанымен, ауруға немесе жыланның уына қарсы плазма белогын қабылдай береді. Оның үстіне, төрт негізгі құрамбөліктің бірінен алынған кейбір дәрілер бүкіл құрамбөліктің өзіндей қызмет атқаратындықтан және өмірді қолдауда соншалықты маңызды рөл атқаратындықтан, мәсіхшілердің көбісі оларды қабылдау айыптауға тұрарлық іс деп қарастырады.
17. а) Қан фракцияларына қатысты шешім қабылдарда ар-ұжданымыз қалай көмектеседі? ә) Неге бұған қатысты шешім қабылдауға үстіртін қарамауымыз керек?
17 Мұндай шешім қабылдарда Киелі кітаптың ар-ұждан жайлы не дейтінін ескерген дұрыс. Алдымен, Құдай Сөзінде не айтылғанын зерттеп, ар-ұжданымызды соған сай тәрбиелеуіміз керек. Бұл саған біреуден өзің үшін шешім қабылдауды өтінбестен, Құдайдың басшылығына сай шешім қабылдауыңа көмектеседі (Забур 24:4, 5). Қанның фракцияларына қатысты шешім қабылдарда кейбіреулер: “Бұл — әркімнің ұяты білетін іс, сондықтан бұған соншалық мән бермесе де болады”,— деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұлай ойлау дұрыс емес. Мәселе ар-ұжданға байланысты болса, бұған жеңіл-желпі қарауға болады дегенді білдірмейді. Ол өте маңызды болуы мүмкін. Себебі шешіміміз ар-ұждандары біздің ар-ұжданымыздан басқаша адамдарға әсер етуі мүмкін. Бұны, бәлкім, жалған тәңірлерге арналып, артынан базарда сатылған етке қатысты берген Пауылдың кеңесінен көруге болады. Мәсіхші бауырластардың “дүдамал ар-ұждандарын жарақаттап” алмау жағын ойлау керек. Егер ол басқаларға “кедергі тас” болса, ‘бауырласы тура жолдан адасып, рухани жойылып кетеді, алайда ол үшін Мәсіх жанын қиды’. Олай болса, ол Мәсіхке қарсы күнә жасайды. Сондықтан қанның ұсақ фракцияларына қатысты шешімді әркім өзі қабылдағанымен, бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды (1 Қорынттықтарға 8:8, 11—13; 10:25—31).
18. Қалай мәсіхші қанға қатысты шешім қабылдағанда, ар-ұжданын ескермей қоюдан аулақ бола алады?
18 Қанға қатысты қабылдаған шешімдердің маңыздылығын көрсететін тағы бір жайт бар. Бұл — қабылдаған шешімнің өз ар-ұжданыңа әсер етуі. Егер қанның ұсақ фракциясын қабылдағаның ар-ұжданыңды мазалайтын болса, оны ескергенің дұрыс. Біреудің: “Мұнда тұрған ештеңе жоқ; оны көбісі қабылдайды”,— деп айтқаны үшін ар-ұжданыңды ескермей кетпе. Есіңде болсын, бүгінде миллиондаған адам ар-ұждандарына құлақ аспай, ақырында ұяттан жұрдай болғаны соншалық, еш қынжылмастан өтірік айтып немесе басқа да қате істермен айналыса береді. Әрине, мәсіхшілер мұндай нәрседен аулақ болғылары келеді (2 Патшалықтар 24:10; 1 Тімотеге 4:1, 2).
19. Қанға қатысы бар емнің түріне байланысты шешім қабылдағанда, ең бастысы, нені естен шығармауымыз керек?
19 “Күзет мұнарасы” (ор.) журналының 15 маусымындағы санының 29—31 беттердегі қайта шығарылған мақаланың соңына таман былай делінген: “Әркімнің көзқарасы мен шешімдері әр түрлі болғандықтан, бұл сұрақ маңызды емес дегенді білдіре ме? Жоқ. Бұл — өте маңызды сұрақ”. Оның әсіресе маңызды болатын себебі — сенің ‘тірі Құдаймен’ қарым-қатынасыңа әсер етеді. Исаның төгілген қанының арқасында мәңгілік өмірге сол ғана жеткізе алады. Құдайдың қанға деген көзқарасына терең құрмет көрсет, себебі Құдай сол арқылы өмірді сақтайды. Пауыл: “Сендер... Құдайды танымай, үмітсіз өмір кештіңдер. Алайда Иса Мәсіхтің қанын төгіп, құрбан болғандығы арқылы бұрын қашық жүрген сендер енді Құдайға жақындадыңдар”,— деп жақсы жазған (Ефестіктерге 2:12, 13).
[Сілтемелер]
a Ехоба Куәгерлері басып шығарған.
b Бір жолы Пауыл қасына төрт мәсіхшіні ертіп, тазару рәсімінен өту үшін ғибадатханаға кіреді. Таурат заңы күшінен айырылғанымен, Пауыл Иерусалимдегі ақсақалдардың кеңесі бойынша осылай істеді (Елшілердің істері 21:23—25). Бірақ басқа мәсіхшілер ғибадатханаға барып, мұндай рәсім жасау дұрыс емес деп ойлаулары да мүмкін еді. Әркімнің ар-ұжданы әр түрлі болған, бүгінде де солай.
c “Иудей энциклопедиясында” етті тазартудың “күрделі де егжей-тегжейлі” рәсімі суреттеледі. Онда ет суда қанша минут тұру керек, оның қалған қанын қалай ағызу керек, оны қандай тұзбен тұздау керек және суық сумен қанша рет шаю керек екені айтылады.
d Бүгінде негізгі немесе белсенді бөліктер ретінде қаннан алынбаған рекомбинантты препараттарды салу кеңінен тарауда. Бірақ кей жағдайларда альбумин сияқты қан фракциясының кішкене бөлігін қосуы мүмкін (“Күзет мұнарасының” (ор.) 1994 жылғы 1 қазандағы санының “Оқырмандардың сауалдары” айдарын қараңдар).
Естеріңе түсіре аласыңдар ма?
• Құдай Нұхқа, исраилдіктерге және мәсіхшілерге қанға қатысты қандай басшылық берді?
• Қанға қатысты Ехоба Куәгерлері неден үзілді-кесілді бас тартады?
• Қай мағынада қанның негізгі құрамбөліктерінен алынатын ұсақ фракцияларды қабылдауды әркім ұятына қарай шешеді, бірақ бұл нені білдірмейді?
• Неге шешім қабылдағанда, ең бастысы, Құдаймен қарым-қатынасымызды естен шығармауымыз керек?
[16-беттегі кесте]
(Толық мәтінді басылымнан қараңдар)
ҚАНҒА ҚАТЫСТЫ НЕГІЗГІ КӨЗҚАРАС
ҚАННЫҢ ӨЗІН
ҚАБЫЛДАУҒА БОЛМАЙДЫ
эритроциттер
лейкоциттер
тромбоциттер
плазма
МӘСІХШІНІҢ ЖЕКЕ ШЕШІМІ
Эритроциттерден алынған фракциялар
Лейкоциттерден алынған фракциялар
Тромбоциттерден алынған фракциялар
Плазмадан алынған фракциялар
[14-беттегі сурет]
Басқарушы кеңес мәсіхшілер ‘қаннан аулақ жүрулері’ керек деген шешім шығарды
[17-беттегі сурет]
Қан фракциясына қатысты шешім қабылдағанда, ар-ұжданыңды ескермей кетпе