“Рухани мұқтаждықтарын мойындайтындар бақытты”
ЕРТЕҢГІСІН құстар көзін ашады да, сәл шықылықтап, кейін тамақ іздеп ұшып кетеді. Кешкісін ұяларына қайта оралып, тағы біраз шықылықтайды да, ұйқыға кетеді. Жылдың белгілі бір мезгілінде олар жұптасып, жұмыртқалап, балапандарын өсіреді. Өзге жан-жануарлар туралы да осылай деуге болады.
Ал біз, адамдар, өзгешеміз. Рас, біз де тамақ жейміз, ұйықтаймыз, ұрпақ әкелеміз, бірақ көпшілігіміз мұны қанағат тұтып қоя салмаймыз. Біз не үшін тіршілік етіп жатқанымызды білгіміз келеді. Өмірдің мағынасын іздейміз, сондай-ақ болашаққа үміт артқымыз келеді. Осы әлдеқайда күштірек қажеттіліктер адамның бойында бар ерекше бір қасиетті — оның руханилығын, яғни рухани мұқтаждығы мен қабілетін көрсетеді.
Құдайға ұқсас етіп жаратылған
Адамның бойында рухани нәрселерге деген қажеттіліктің болу себебі Киелі кітапта былай түсіндіріледі: “Құдай адамды рухани жағынан Өзіне ұқсас етіп, бірін еркек, бірін әйел қылып жаратты” (Жаратылыс 1:27). ‘Құдайға ұқсас етіп’ жаратылдық деген тіпті кемелсіз болып, күнәмен былғансақ та, Құдайдың кей қасиеттерін танытуға қабілетті екенімізді білдіреді (Римдіктерге 5:12). Мысалы, біз жасампаз бола аламыз. Сонымен қатар бізде қандай да бір шамада даналық бар, әділдік сезімі бар және бір-бірімізге жанқиярлықпен сүйіспеншілік көрсете аламыз. Сондай-ақ өткенімізді еске түсіріп, болашағымызды жоспарлай аламыз (Нақыл сөздер 4:7; Екклесиаст 3:1, 11; Миха 6:8; Жохан 13:34; Жоханның 1-хаты 4:8).
Рухани қабілетіміз Құдайға ғибадат етуге деген туа біткен ниетімізден ап-айқын көрінеді. Құдаймен жақсы қарым-қатынаста болу қажеттілігін дұрыс қанағаттандырмайынша, біз шынайы да баянды бақыт таба алмаймыз. Иса: “Рухани мұқтаждықтарын мойындайтындар бақытты”,— деген (Матай 5:3, ЖД). Бірақ сол мұқтаждықтарымызды рухани шындықпен, яғни Құдай туралы айғақтар, оның талаптары мен адамзатқа қатысты ниеті жайлы шындықпен, қанағаттандыруда мұқият болуымыз керек. Рухани шындықты қайдан табуымызға болады? Оны Киелі кітаптан таба аламыз.
“Сенің сөзің — шындық”
Елші Пауыл: ‘Киелі жазбалардың бәрі Құдай Рухының жетелеуімен жазылып, тәлім беру, әшкерелеу, түзету үшін тиімді’,— деп жазған (Тімотеге 2-хат 3:16). Пауылдың сөздері Исаның: “Сенің сөзің — шындық”,— деп, Құдайға дұғада айтқан сөздеріне сай келеді. Бүгінде сол Сөз бізге Киелі кітап ретінде белгілі. Сондықтан сеніміміз бен ұстанатын нормаларымызды Киелі кітаптағымен салыстырғанымыз ақылдылық болар еді (Жохан 17:17).
Өз нанымдарымызды Құдай Сөзімен салыстыратын болсақ, Пауылдың ілімдері Жазбаларға сай келетініне көздерін жеткізген ертедегі Береядағыларға еліктейміз. Лұқа береялықтарды осы үшін сынап-мінемей, қайта мақтаған. “Олар Ізгі хабарды шын көңілмен қабылдап, шындығына көздерін жеткізу үшін күн сайын Киелі жазбаларды зерттеді”,— деп жазды ол (Елшілердің істері 17:11). Бүгінде бір-біріне қайшы келетін діни және өнегелікке қатысты ілімдердің мол екенін ескерер болсақ, пейілдері кең береялықтарды үлгі тұтқанымыз маңызды-ақ.
Рухани шындықты анықтаудың өзге бір жолы — оның адамдардың өміріне қалай әсер етіп жатқанын байқау (Матай 7:17). Мысалы, Киелі кітаптағы шындыққа сай өмір сүру адамды жақсы күйеу, жақсы әке, жақсы әйел не жақсы ана ету керек. Осылай отбасының бақыты артып, адам қанағат сезінетін болады. Иса: “Құдай Сөзін естіп, оны орындаушылар одан бетер бақытты!”— деген (Лұқа 11:28).
Исаның сөзі көктегі Әкесінің ежелгі исраилдіктерге: “Мен, Құдай Иелерің, сендерге пайдалыны үйретіп, түзу жолмен бастап алып жүремін. О, егер өсиеттеріме құлақ ассаңдар ғой! Сонда сендердегі амандық пен тыныштық сарқылмас өзен секілді, әділдік те теңіз толқындарындай шексіз болар еді!”— деген сөздерін еске салады (Ишая 48:17, 18). Жақсылық пен әділдікті сүйетіндердің бәріне де осындай жанға жылы тиетін шақыру әсер етпей қоймайды.
Кейбіреулері “құлақтарына жағатындарды” тыңдауды артық көрді
Құдай шын жүректен шыққан сол шақыруды исраилдіктерге айтқан болатын, өйткені олар діни жалғанның шырмауында еді (Забур 105:35—40). Біз де діни жалғаннан сақ болуымыз керек. Жалған мәсіхшілер туралы Пауыл: “Адамдар дұрыс тәлімді еш қабылдамайтын уақыт та туады. Олар жеке құмарлықтарының жетегінде кетіп, құлақтарына жағатындарды айтатын мұғалімдерді көптеп шақырып, соларды тыңдайтын болады. Сөйтіп шындыққа құлақ салмай, бос аңыздарға назар аудармақ”,— деп жазған (Тімотеге 2-хат 4:3, 4).
Дінбасылары некеден тыс жыныстық қатынас, гомосексуализм, маскүнемдік сияқты күнәкар құмарлықтарды қанағаттандыратын істерді ақтауымен адамдардың құлақтарына жағымдыны айтады. Киелі кітапта осындай істерді қолдап, онымен айналысатындарға “Құдай Патшалығында орын жоқ!” екені нақты айтылған (Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10; Римдіктерге 1:24—32).
Әрине, Киелі кітаптың талаптарына сай өмір сүру үшін, әсіресе келеке-мазақ еткенде, батыл болу қажет, ал бұл қолдан келеді. Ехоба Куәгерлерінің арасында бұрын нашақор, маскүнем, азғын, бұзақы, ұры және өтірікші болғандар бар. Әйтсе де, олар Құдай Сөзін жүректерімен қабылдап, “Құдай халқына лайық” болып жүру үшін киелі рухтың көмегімен өмірлерінде өзгерістер жасаған (Қолостықтарға 1:9, 10; Қорынттықтарға 1-хат 6:11). Құдаймен татулықта бола отырып, олар сондай-ақ жан дүние тыныштығына және төменде қарастыратынымыздай, нағыз үмітке ие болды.
Патшалықтың беретін үміті
Киелі кітаптағы тілалғыш адамзатқа арналған мәңгі тыныштық жайлы үміт Құдай Патшалығы арқылы іске асады. Иса үлгілі дұғасында: “Патшалығың осында орнасын! Сенің еркің көкте орындалғандай, Жер бетінде де орындала берсін!”— деген (Матай 6:10). Иә, тек Құдай Патшалығының арқасында ғана Құдайдың еркі жер бетінде орындалады. Неге? Себебі сол көктегі Патшалығы — Иса Мәсіхтің қолындағы үкіметі — Құдайдың жер бетіне билік етуге құқы бар екенін көрсететін құралы (Забур 2:7—12; Даниял 7:13, 14).
Көк Патшалығының патшасы ретінде Иса Мәсіх тілалғыш адамзатты құлдықтың барлық түрінен, соның ішінде бізге мықтап жабысқан Адам атаның күнәсі мен оның салдары болып табылатын ауру мен өлімнен де құтқарады. Аян 21:3, 4-те былай делінген: “Қараңдар, Құдайдың адамдар арасындағы мекені... Ол [Ехоба Құдай] барлық көздің жастарын сүртіп тастап жұбатады. Енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Себебі бұрынғы әлем құрып, жоқ болды”.
Таусылмас тыныштық бүкіл жер бетінде орнайды. Неге бұған сенімді бола аламыз? Мұның себебі Ишая 11:9-да айтылады: “Бүкіл қасиетті тауымда ешқандай зұлымдық пен қиянат жасалмайтын болады”,— дейді Тәңір Ие. Себебі теңіз суға қалай толы болса, жер де Жаратқан Иені жақыннан танып, қастерлеген адамдарға солай толы болады!” Иә, әрбір адам Құдай туралы тура білім алып, оған мойынсұнатын болады. Осындай үміт көңіліңізге ұнай ма? Егер осылай болса, қазір ‘Жаратқан Иені жақыннан танитын’ уақыт.
Патшалық туралы хабарға құлақ саласыз ба?
Құдай Патшалық арқылы Шайтанның барлық ісінің тас-талқанын шығарып, адамдарды Өзінің әділ жолдарына үйретеді. Олай болса, сол Патшалық Исаның тәлімінің басты тақырыбы болғандығы таңғалдырмайды. Ол: “Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабарды басқа қалаларға да жариялауға тиістімін. Мен сол үшін осында жіберілдім”,— деген (Лұқа 4:43). Мәсіх шәкірттеріне де осы хабарды жариялауды бұйырған (Матай 28:19, 20). Ол: “Құдай Патшалығы туралы осы Ізгі хабар барлық ұлттарға паш етілу үшін күллі әлемге уағыздалатын болады. Содан кейін бұл заманның ақыры келеді”,— деп алдын ала айтқан (Матай 24:14). Бұл зұлым заманның ақыры таяп келеді. Сол себепті де өмірлерін сақтап қалатын ізгі хабарға ақ жүректі адамдардың құлақ салғаны қаншалықты маңызды десеңші!
Алдыңғы мақалада айтылып кеткен Альберт Патшалық туралы хабарды әйелі мен ұлы Ехоба Куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеу сабағын бастағанда естиді. Алғашқыда Альберт бұған күмәндана қарайтын. Ол тіпті жергілікті шіркеу қызметшісінен Куәгерлердің ілімдері жалған екенін көрсетіп беру үшін әйелі мен ұлына жолығуды сұрайды. Бірақ шіркеу қызметшісі бұл іске араласқысы келмейді. Сондықтан Альберт Куәгерлердің қателігін көрсету мақсатымен Киелі кітапты зерттеу сабағына қатысып, тыңдап көрмекші болады. Бір сабақтан соң-ақ ол зерттеу сабағына қосылып, көбірек білуді қалайды. Кейінірек ол өз көзқарасының неге өзгергенін түсіндіріп: “Менің өмір бойы іздеп жүргенім осы болып шықты”,— дейді.
Содан ол өзінің рухани мұқтаждықтарын қанағаттандыруды бастайды және ол мұнысына ешқашан өкінген емес. Киелі кітаптағы шындық оның өмір бойы іздегенінің, яғни қоғамда етек алып отырған әділетсіздік пен азып-тозудың шешімін көрсетіп, болашаққа үміт берді. Сол шындық жан дүниесіне тыныштық сыйлады. Рухани мұқтаждықтарыңызды қанағаттандырып жатырсыз ба? Неге 6-беттегі қоршауда келтірілген сұрақтарды оқып көрмеске? Егер бұл жайлы көбірек білгіңіз келсе, Ехоба Куәгерлері сізге қуана-қуана көмектеседі.
[6-беттегі қоршау/суреттер]
РУХАНИ МҰҚТАЖДЫҒЫҢЫЗДЫ ҚАНАҒАТТАНДЫРЫП ЖАТЫРСЫЗ БА?
Алып жатқан рухани ас-суыңызға қанағаттанасыз ба? Келесі сұрақтарды оқып шығып, дұрыс жауабын білем дегендерін белгілеп көріңіз.
□ Құдай деген кім және оның есімі кім?
□ Иса Мәсіх деген кім? Неге ол өлу керек болды? Оның өлімінің сіз үшін қандай пайдасы бар?
□ біліс бар ма? Бар болса, ол қайдан пайда болған?
□ Өлгеннен соң бізбен не болады?
□ Құдайдың жер мен адамзатқа қатысты ниеті қандай?
□ Құдай Патшалығы деген не?
□ Құдайдың өнегелікке қатысты нормалары қандай?
□ Құдай отбасында күйеу мен әйелге қандай рөл берген? Киелі кітаптың отбасы бақытына ықпал ететін кейбір принциптері қандай?
Осы сұрақтардың бірінің жауабына сенімді болмасаңыз, “Құдай бізден нені талап етеді?” кітапшасына тапсырыс берсеңіз болады. Ехоба Куәгерлері 300-ге жуық тілде басып шығарған бұл кітапшада Киелі кітаптың 16 негізгі тақырыбы талқыланады, сондай-ақ онда жоғарыдағы сұрақтардың бәрінің Киелі кітапқа негізделген жауабы бар.
[4-беттегі суреттер]
Адамдардың жануарлардан айырмашылығы рухани мұқтаждықтары бар
[5-беттегі сурет]
‘Олар құлақтарына жағатындарды айтатын мұғалімдерді көптеп шақырады’ (Тімотеге 2-хат 4:3)
[7-беттегі сурет]
Мәңгілік тыныштықты Мәсіхтің Патшалығы әкеледі