Матай
28 Демалыс күні өткеннен кейін, аптаның бірінші күні* таң ата мағдалалық Мәриям мен өзге Мәриям қабірді көруге келді+.
2 Кенет жер қатты сілкінді. Өйткені көктен Ехобаның періштесі түсіп, қабірдің аузындағы тасты домалатып тастап, соның үстінде отырған болатын+. 3 Оның сырт көрінісі найзағайдай жарқыраған, ал киімі қардай аппақ еді+. 4 Күзетшілер одан қорыққандарынан қалшылдап, өлі адамдай қатты да қалды.
5 Ал періште әйелдерге былай деді: “Қорықпаңдар! Бағанаға ілініп өлтірілген Исаны іздеп жүргендеріңді білемін+. 6 Ол мұнда жоқ, өзі айтқандай, қайта тіріліп кетті+! Бері келіп, оның жатқан орнына қараңдар. 7 Сосын тезірек барып, шәкірттеріне: —Ол өлімнен қайта тірілді. Қазір Ғалилеяға бара жатыр+, оны сол жерде көресіңдер,— деңдер. Міне, сендерге айтар хабарым — осы+”.
8 Сонда әрі қорқып, әрі қатты қуанған олар қабірден асыға шығып, шәкірттерге хабар жеткізу үшін жүгіре жөнелді+. 9 Жолда оларға кенеттен Иса кезігіп: “Амансыңдар ма!”— деді. Әйелдер оған жақындап, жерге бас ұрып, оның аяғын ұстады. 10 Иса оларға: “Қорықпаңдар! Бауырластарыма барып, бәрін жеткізіңдер, сондай-ақ “Ғалилеяға жөнелсін, мені сол жерде көреді” деп айтыңдар”,— деді.
11 Әйелдер әлі жолда кетіп бара жатқанда, сақшылардың+ кейбірі қалаға барып, болған жайттың бәрін жоғарғы діни қызметкерлерге жеткізді. 12 Сонда олар ақсақалдармен кеңесіп, сарбаздарға көп күміс ақша беріп: 13 “Жұртқа: —Түнде біз ұйықтап жатқанда, шәкірттері келіп, оның мәйітін ұрлап кетіпті+,— деңдер. 14 Егер бұл әміршінің құлағына жетсе, біз оған мән-жайды түсіндіреміз*. Ал сендер еш уайымдамаңдар”,— деді. 15 Әлгілер күміс ақшаларды алып, өздеріне тапсырылғандай істеді. Осылайша бұл сөздер күні бүгінге дейін яһудилер арасында кеңінен тараған.
16 Ал 11 елші Ғалилеяға барып+, Иса айтқан тауға көтерілді+. 17 Оны көргенде, тағзым етті, бірақ кейбіреулер бұл оның өзі екеніне күмәнданды. 18 Иса қастарына келіп, былай деді: “Маған көк пен жердегі барлық билік берілген+. 19 Сондықтан барыңдар да, барлық халықтардан шәкірттер дайындап+, оларды Әкенің, Ұлдың және киелі рухтың атынан шомылдыру рәсімінен өткізіңдер+, 20 әрі мен сендерге бұйырғандардың бәрін ұстануды үйретіңдер+. Мен осы заман* аяқталғанша, әр күні сендермен біргемін+”.