Жарату ісіндегі киелі рухтың рөлі
“Жаратқанның сөзімен аспан жаралды, Аузының лебімен [“рухымен”] жұлдыздар жасалды” (ЗАБ. 32:6).
1, 2. а) Уақыт өте келе адамдардың аспан әлемі мен жерге қатысты білімі қалай молая түсті? ә) Қандай сұрақтың жауабын білген дұрыс?
МЫҢ тоғыз жүз бесінші жылы Альберт Эйнштейн және басқа да ғалымдар біздің ғаламымыз бір ғана Құсжолы галактикасынан тұрады деген ойда болған. Олар қалай қателесті десеңші! Бүгінде біз галактикалардың саны 100 миллиардтан асатынын, ал олардың кейбірінде миллиардтаған жұлдыз бар екенін білеміз. Жер бетіне не оның орбитасына сезімталдығы жоғары телескоптар орнатылған сайын, ашылып жатқан жаңа галактикалар саны да өсуде.
2 1905 жылы ғалымдардың аспан әлемі туралы білімі қалай шектеулі болса, жер туралы білімі де сондай болған. Рас, бір ғасыр бұрын адамдар өздеріне дейін өмір сүргендерге қарағанда көп нәрсе білген. Алайда сол кездегімен салыстырғанда бүгінде тіршіліктің әсемдігі мен күрделілігіне және оны қолдап тұрған табиғаттағы жүйелерге қатысты біздің біліміміз әлдеқайда көп. Алдағы жылдарда да аспан әлемі мен жер туралы түсінігіміз тереңдей беретінінде күмән жоқ. Осы орайда “Мұның бәрі қалай пайда болды?” деген орынды сұрақ туындайды. Жаратушының өзі Киелі жазбаларда ашпаса, бұл сұрақтың жауабын еш біле алмас едік.
Керемет жарату ісі
3, 4. Құдай ғаламды қалай жаратты және жаратқандары оны қалай мадақтайды?
3 Ғаламның қалай пайда болғаны Киелі кітаптың алғашқы сөздерінде: “Әуел баста Құдай аспан мен жерді жаратты”,— деп түсіндірілген (Жар. 1:1). Әлемде әлі ешқандай материя болмай тұрғанда, Ехоба аспан мен жерді және ғаламдағы бар нәрсені өзінің киелі рухы, яки әрекет етуші күші, арқылы жаратқан. Шебер өз бұйымын қолымен жасайды не құрал-саймандар қолданады, ал Құдай болса ұлы істерін киелі рухы арқылы жүзеге асырады.
4 Жазбаларда киелі рух бейнелі тілмен Құдайдың “саусағы” деп аталады (Лұқа 11:20 сілт.; Мат. 12:28). Ал “оның қолының керемет істері” — Ехобаның киелі рухы арқылы жаратқандары — оған зор мадақ әкеледі. Забур жыршысы Дәуіт: “Құдайдың салтанатты ұлылығын Аспан әлемі ашық паш етеді, Оның қолының керемет істерін Әуе кеңістігі де көрсетеді”,— деп шырқаған (Заб. 18:2). Иә, жаратылыс ісі — Құдай рухының ғаламат күшінің дәлелі (Рим. 1:20). Неге бұлай дейміз?
Құдайдың шексіз құдіреті
5. Ехобаның киелі рухының күші қаншалықты зор екенін көрсететін мысал келтір.
5 Ұшы-қиыры жоқ ұлан-ғайыр ғаламымыз — Ехобаның құдіреті мен күшінің шексіз екенінің көрінісі (Ишая 40:26 оқы). Бүгінгі ғалымдар энергияның материяға, ал материяның энергияға айнала алатынын жақсы біледі. Материяның энергияға айнала алатынының бір мысалы — Күн. Ол әр секунд сайын төрт тоннадай материяны сәулеге, жылу және энергияның басқа түріне айналдырып отырады. Жер бетінде тіршілік болу үшін, сол энергияның бізге дейін жететін болмашы бөлігінің өзі жеткілікті. Ал Күн мен басқа да миллиардтаған жұлдыздарды жарату үшін аса зор күш пен энергияның талап етілетіні анық. Ехобада бұған қажетті, тіпті одан да көп энергия бар.
6, 7. а) Қалай Құдайдың киелі рух арқылы жаратқандарынан керемет тәртіп көрінеді? ә) Ғаламның кездейсоқ пайда болмағанын қайдан білеміз?
6 Құдайдың киелі рухы арқылы жасаған істерінен керемет тәртіп байқалады. Мынадай мысалды қарастырайық: айталық, сенің түрлі-түсті моншақтар салынған қорабың бар. Сен оларды жақсылап араластырып, жерге шашып жібердің. Олар жерге түстеріне қарай — көгі көкпен, сарысы сарымен, ағы ақпен — топтасып түседі деп күтесің бе? Әрине, жоқ! Өйткені тәртіппен жасалмаған әрекеттің нәтижесі соған сай болады. Бұл — заңдылық.
7 Ғаламды зерттеу үшін көкке көз тігер болсақ, не көреміз? Біз ұшан-теңіз галактикалар жүйесінің, жұлдыздар мен планеталардың қатаң тәртіппен орналасқанын әрі керемет дәлдікпен қозғалатынын байқаймыз. Бұл — кездейсоқтықтың не жоспарланбаған әрі тәртіпсіз жасалған әрекеттің нәтижесі емес. Олай болса, осындай керемет тәртіп орнаған ғаламымыз қандай күштің арқасында пайда болды? Мұның қандай күш екенін білу үшін қабілеті шектеулі пендеге тек ғылыми бақылаулар мен зерттеулердің көмегі жеткіліксіз. Ал Киелі кітап бұл күштің әлемдегі ең құдіретті күш, яғни киелі рух, екенін ашады. Забур жыршысы: “Жаратқанның сөзімен аспан жаралды, Аузының лебімен [рухымен] жұлдыздар жасалды”,— деп жырлаған (Заб. 32:6). Түнгі аспанға қарағанда, біз осы жұлдыздар әлемінің болмашы бөлігін ғана көреміз!
Киелі рух және Жер
8. Ехобаның істері туралы біздің біліміміз қандай?
8 Жаратылыс жайлы қазіргі білімімізді әлі білмейтін нәрселерімізбен салыстырсақ, біліміміздің қаншалықты аз екенін түсінеміз. Бұл жайында адал кісі Әйүп былай деген: “Міне, бұл — Оның жолдарының бөлігі; біз Ол жайында қалай аз естігенбіз! Ал Оның қуатының күркірегенін кім жете түсіне алар?” (Әйүп 26:14). Құдайдың жаратылыстарын мұқият бақылаған Сүлеймен патша ғасырлар өте мынаны айтты: “Өз уақытында Ол барлығын әдемі етіп жасаған-ды, тіпті адам баласы Құдай жасаған істің басынан аяғына дейін байыбына бойлай алмаса да әркімнің жүрегіне бейбітшілік рухын орнықтырған еді” (Екк. 3:11; 8:17).
9, 10. Құдай жерді қандай күшпен жаратты және жаратылыстың алғашқы үш күнінде қандай жайттар орын алды?
9 Бірақ Ехоба өзінің істері жөнінде маңызды жайттарды ашты. Мысалы, Жазбаларда Құдай рухының сансыз ғасырлар бұрын жер бетінде әрекет ете бастағаны айтылған (Жаратылыс 1:2 оқы). Ол кезде жер бетінде құрлық та, жарық та жоқ еді, тіпті дем алатын ауа да болмаса керек.
10 Әрі қарай Киелі кітапта Құдайдың жаратылыс күндерінде не істегені суреттелген. Бұл күндер 24 сағаттық тәуліктерден емес, біраз уақытты қамтитын дәуірлерден тұрады. Бірінші жаратылыс күні Ехоба жерге жарық түсіре бастап, бұл ісін жер бетінен күн мен ай анық көрінгенде аяқтады (Жар. 1:3, 14). Ал екінші күні атмосфера қалыптаса бастады (Жар. 1:6). Жер бетінде су, жарық пен ауа болғанмен, әлі құрлық жоқ еді. Үшінші жаратылыс күнінің басында Ехоба киелі рухы арқылы табиғат күштерін қолданып, жер бетін жайлаған мұхиттан құрлықты бөліп шығарды (Жар. 1:9). Осы үшінші күні және одан кейінгі жаратылыс кезеңдерінде басқа да керемет жайттар орын алды.
Киелі рух және жаратылыстар
11. Тірі ағзалардың симметриялы, күрделі әрі әсем етіп жасалғанынан не білеміз?
11 Құдай өзінің рухы арқылы қатаң тәртіп байқалатын биосфераны да жаратқан. Үшінші және алтыншы жаратылыс күнінің аралығында Құдай өсімдіктер мен жануарлардың сан алуан түрлерін жаратты (Жар. 1:11, 20—25). Олардың арасынан симметриялы, күрделі әрі әсем етіп жасалған қисапсыз тіршілік иелерін кездестіруге болады. Бұл — шеберлік шыңы.
12. а) ДНҚ қандай қызмет атқарады? ә) ДНҚ-ның өз қызметін әрқашан жақсы атқаратынынан не білеміз?
12 Мысалы, ДНҚ-ны (дезоксирибонуклеин қышқылы), яғни ағзаға тән ерекшеліктердің ұрпақтан ұрпаққа берілуін қадағалайтын механизмді қарастырайық. Ұсақ ағзалар, өсімдіктер, піл, көк кит және адамды қоса алғанда, жер бетіндегі тіршілік атаулы ДНҚ арқылы өздеріне тән қасиеттерді сақтап көбейеді. Тіршілік иелерінің алуан түрлі екеніне қарамастан, олардың ұрпақтан ұрпаққа берілетін ерекшеліктерін қадағалайтын бұл код өзгермейді. Сондай-ақ осы кодтың арқасында негізгі түрлердің арасындағы айырмашылық ғасырлар бойы сақталып келеді. Осылайша Ехобаның ниетіне сай, жердегі сан қилы ағзалардың әрқайсысы күрделі табиғи бірлестікте өз міндетін атқаруды жалғастыруда (Заб. 138:16). Өте тиімді әрі жақсы құрастырылған осы бірлестік — бүкіл жаратылыс Құдайдың “саусағы”, яғни киелі рухы, арқылы пайда болғанының дәлелі.
Жер бетіндегі ең күрделі жаратылыс
13. Құдай адамды қалай жаратты?
13 Ехоба ғасырлар бойы сан мыңдаған жанды және жансыз жаратылыстарды жаратқан соң, жер беті “ретсіз, тіршіліксіз бос” жатпайтын болды. Десе де ол киелі рухы арқылы жарату ісін әлі доғармаған болатын. Енді ол жер бетіндегі ең күрделі жаратылысты жасамақ еді: алтыншы жаратылыс күнінің соңына таман адам пайда болды. Ехоба оны киелі рухы арқылы жердің элементтерінен жаратты (Жар. 2:7).
14. Адам мен жануарлар арасында қандай маңызды өзгешелік бар?
14 Жаратылыс 1:27-де былай делінген: “Құдай адамды рухани жағынан Өзіне ұқсас етіп, бірін еркек, бірін әйел қылып жаратты”. Өзіне ұқсас етіп жаратуымен Ехоба бізге сүю қабілетін, ерік бостандығын сыйлады, сондай-ақ өзімен жеке қарым-қатынаста болуымызға мүмкіндік берді. Сондықтан біздің миымыз жануарлардікіне мүлдем ұқсамайды. Әсіресе көңіл қоятын жайт — біздің миымыз Ехоба мен оның істері жайлы мәңгі біле бере алатындай әрі бұл бізге қуаныш сыйлайтындай етіп жаратылған.
15. Адам ата мен Хауа ананы қандай болашақ күтіп тұрды?
15 Адамзат тарихының басында жер мен ондағы керемет жаратылыстарды зерттеп, қуаныш алулары үшін Құдай оларды Адам ата мен оның әйелі Хауа анаға берді (Жар. 1:28). Олардың ішер асы мол, ал үйлері жұмақ болды. Түп ата-анамыз мәңгі өмір сүріп, миллиардтаған кемелді ұрпағының қызығын көре алар еді. Бірақ бәрі басқаша болып шықты.
Киелі рухтың рөлін мойындау
16. Түп ата-анамыздың бүлік шығарғанына қарамастан, бізде қандай үміт бар?
16 Адам ата мен Хауа ана ризашылықпен Жаратушыларына мойынсұнудың орнына, өзімшілдікпен бүлік шығарды. Кемелсіз адамдардың бәрі солардан тараған әрі мұның зардабын шегуде. Бірақ Киелі кітапта түп ата-анамыздың күнәсінің салдары түгел жойылатыны айтылған. Сонымен қатар одан Ехоба өзінің бастапқы ниетін жүзеге асыратынын білеміз. Жұмаққа айналған жер бетінде адамдар бақытты, еш ауырмай мәңгі өмір сүретін болады (Жар. 3:15). Осындай керемет үмітке деген сенімімізді сақтау үшін, бізге Құдай рухының көмегі қажет.
17. Біз не нәрсеге жол бермеуіміз керек?
17 Біз Ехобадан киелі рух сұрап дұға етуіміз керек (Лұқа 11:13). Осылай еткеніміз әлемді Құдай жаратқанына деген сенімімізді нығайтады. Бүгінде атеистер мен эволюционистердің олқылығы көп әрі берік негізі жоқ тұжырымға негізделген үгіт-насихаты жайлап кетті. Көптеп айтылып жүрген осындай жаңсақ ойлардың бізді адастыруына жол бермеуіміз керек. Мәсіхшілердің бәрі де қарша бораған осындай үгітке және оны қолдайтындардың қысымына қарсы тұруға дайын болғандары абзал (Қолостықтарға 2:8 оқы).
18. Әлем мен адамзаттың қалай пайда болғаны жайлы ойланғанда, саналы Жаратушыны ескермеу неге даналыққа жатпайды?
18 Киелі кітапқа және Құдайға деген сенімді нығайту үшін әлемнің жаратылғанын дәлелдейтін айғақтарды шыншылдықпен зерттеу керек. Әлем мен адамзаттың қалай пайда болғаны туралы ойланғанда, көпшілік табиғаттан тыс құдіреттің әсерін мойындағысы келмейді. Былайша айтқанда, олар айғақтардың барлығына бірдей қарамайды. Бұнымен қоймай, керемет тәртіппен, сондай-ақ белгілі бір мақсатпен құрастырылған әрі бар екені анық көрініп тұрған “сансыз” жаратылыстарды жоққа санайды (Әйүп 9:10; Заб. 103:25). Мәсіхшілер ретінде біз жарату ісінде қолданылған әрекет етуші күштің Ехобаның саналы басшылығындағы киелі рух екеніне сенімдіміз.
Киелі рух және сенім
19. Құдайдың бар екенінің және киелі рухының әрекетінің сен үшін қандай дәлелі бар?
19 Құдайға сеніп, оны сүйіп, айрықша құрметтеу үшін жаратылыс туралы барлық жайтты білу шарт емес. Адамдар арасындағы достық сияқты, Ехобаға деген сенім де тек құрғақ айғақтарға негізделмейді. Достардың қарым-қатынасы бір-бірін біле келе нығаятынындай, Құдай туралы біле түскен сайын біздің оған деген сеніміміз нығаяды. Дұғаларымызға жауап алғанда және Киелі кітап принциптерін өмірде қолданудың пайдасын көргенде, оның бар екенін сезіне түсеміз. Ал әрдайым өмірімізге бағыт беріп, қорғап, қызметтегі ықыласымызға батасын беріп, қажеттіліктерімізді қамтамасыз етіп жатқанын көргенде, оған жақындай түсеміз. Осының бәрі — Құдайдың бар екенінің және киелі рухының әрекетінің зор дәлелі.
20. а) Әлемді және адамды жаратуға Құдайды не талпындырды? ә) Құдай рухының басшылығын әрдайым ұстанғанымыздың нәтижесі қандай болады?
20 Ехобаның әрекет етуші күшін қолданатынының керемет мысалы — Киелі кітап. Себебі ол “Құдайдың киелі рухының жетелеуімен” жазылған (Пет. 2-х. 1:21). Жазбаларды мұқият зерттегеніміз бәрін жаратқан Құдайға деген сенімімізді берік етеді (Аян 4:11). Ехобаны Жаратушы болуға тамаша қасиеті — сүйіспеншілік талпындырған (Жох. 1-х. 4:8). Олай болса, көктегі сүюші Әкеміз әрі Досымыз жайлы басқалар да білу үшін қолдан келгеннің бәрін істейік. Ал өзіміз Құдай рухының басшылығын әрі қарай да ұстана берейік. Сонда ол туралы мәңгілік бойы біле беру мәртебесіне ие боламыз (Ғал. 5:16, 25). Сондықтан Ехоба мен оның ұлы істері туралы біле беруден және киелі рухы арқылы көк пен жерді, адамдарды жаратуға талпындырған зор сүйіспеншілігі жайлы ой жүгіртуден талмайық.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Аспан әлемі мен жер киелі рух жайлы не айтады?
• Құдайға ұқсас етіп жаратылғанымыздың арқасында қандай мүмкіндіктеріміз бар?
• Неге біз әлемнің жаратылғанын дәлелдейтін айғақтарды зерттеуіміз керек?
• Ехобамен қарым-қатынасымызды нығайтудың қандай жолдары бар?
[7-беттегі сурет]
Әлемде орнатылған тәртіптен жаратылыс жайлы не білеміз?
[Түпдерек]
Stars: Anglo-Australian Observatory/David Malin Images
[8-беттегі суреттер]
Осылардың бәріне ДНҚ-ның қандай қатысы бар?
[10-беттегі сурет]
Сеніміңді қорғауға дайынсың ба?