Құдайдың пайғамбарлық сөзіне сеніңдер!
“Біздің пайғамбарлық сөзге деген сенімділігіміз арта түсті” (2 ПЕТІР 1:19, ЖД).
1, 2. Жазылып қалдырылған пайғамбарлықтардың ең алғашқысы қандай еді және осы пайғамбарлыққа қатысты туатын сұрақтардың бірі қандай?
ЖАЗЫЛЫП қалдырылған пайғамбарлықтардың ең алғашқысы Ехобадан келген болатын. Адам мен Хауа күнә жасағаннан кейін, Құдай жыланға былай деген: “Әйел екеуіңді, сенің ұрпағың мен оның ұрпағын өзара өштестіріп қоямын, Әйелдің ұрпағы басыңды мыжиды, ал сен оның өкшесін шағасың” (Жаратылыс 3:1—7, 14, 15). Осы пайғамбарлық сөздердің мағынасы көптеген ғасырлар өткен соң ғана аяғына дейін түсінікті болар еді.
2 Осы алғашқы пайғамбарлықта күнәкар адамзат үшін нағыз үміт бар. Кейінірек Жазбаларда Шайтан Ібіліске “ежелгі жылан” деген анықтама берілді (Аян 12:9). Алайда уәде етілген Құдайдың Ұрпағы кім болуы керек еді?
Ұрпақты іздеу
3. Алғашқы пайғамбарлыққа деген сенімін Әбіл қалай көрсетті?
3 Құдайға шын берілген Әбіл әкесіндей емес, алғашқы пайғамбарлыққа сенім артқан. Күнәның өтелуі үшін қан төгілуі керек екендігін Әбіл түсінген болса керек. Сондықтан оны құрбандыққа мал шалуына сенімі итерді, ал мұндай құрбандық Құдайға ұнамды болған еді (Жаратылыс 4:2—4). Бірақ уәде етілген Ұрпақтың кім екендігі құпия күйінде қала берді.
4. Құдай Ыбырайымға қандай уәде берген еді және бұл сөздер Ұрпақ жөнінде нені ашты?
4 Әбіл өлгеннен кейін шамамен 2000 жыл өткен соң, Ехоба ру басы Ыбырайымға пайғамбарлық мәні бар уәде берді: “Саған ақ батамды үйіп-төгіп бере отырып, аспандағы жұлдыздар... қаншалықты көп болса, Мен сенің ұрпағыңды да соншалықты сансыз етіп көбейтемін. Сенің ұрпағың арқылы жер бетіндегі барлық ұлттарға ақ батам қонатын болады” (Жаратылыс 22:17, 18). Бұл сөздер Ыбырайымның алғашқы пайғамбарлықтың орындалуына қатысы бар екендігін көрсетті. Ехобаның сөздерінен Шайтанның істерін талқандайтын Ұрпақтың Ыбырайымның әулетінен шығатындығын түсінуге болады (1 Жохан 3:8). ‘[Ыбырайым] Құдайдың уәдесіне күмәнданбаған’. Сондай-ақ ‘уәделердің орындалуын көрмеген’ Мәсіх келгенге дейін өмір сүрген Ехобаның куәгерлері жөнінде де тап осылай деуге болады (Римдіктерге 4:20, 21; Еврейлерге 11:39). Олар Құдайдың пайғамбарлық сөзіне деген сенімдерін сақтап қалған.
5. Құдай уәде еткен Ұрпақ кім болып шықты? Бұлай жауап беруіңнің себебі неде?
5 Құдайдың уәде еткен Ұрпағы кім екендігін елші Пауылдың сөздерінен байқауға болады: “Тәңір уәдесін Ыбырайымға және оның ұрпағына берді. “Ұрпақтарыңа” деп көпше түрде емес, “ұрпағыңа” деп жекеше түрде айтты. “Ұрпағың” Біреуді білдіреді, Ол — Мәсіх” (Ғалаттықтарға 3:16). Сол арқылы барлық ұрпақтарға ақ бата қонатын Ұрпақ Ыбырайымның үрім-бұтағының барлығын білдірген жоқ болатын. Мысалы, оның баласы Ысмағұлдың үрім-бұтағы арқылы немесе Кетурадан туған балалары арқылы адамзатқа Құдайдың ақ батасы қонған жоқ. Құдайдың ақ батасын қондыратын Ұрпақ Ыбырайымның ұлы Ысқақ және немересі Жақып арқылы келді (Жаратылыс 21:12; 25:23, 31—34; 27:18—29, 37; 28:14). Жақып ‘халықтардың’ Иуда әулетінен шыққан ‘Шилоға’ бас иетіндігін көрсеткен, ал кейінірек Ұрпақтың Дәуіттің әулетінен шығатыны анықталды (Жаратылыс 49:10, сілтемені қара; 2 Патшалық 7:12—16). Бірінші ғасырда иудейлер Мәсіх болатын адамды күткен (Жохан 7:41, 42). Жаратқан Иенің Ұрпаққа қатысты айтқан пайғамбарлығы Құдай Ұлы Иса Мәсіхте орындалды.
Мәсіх келді!
6. а) “Жетпіс апта” туралы пайғамбарлықты қалай түсінуіміз керек? ә) Иса қашан және қалай ‘күнәны жуды’?
6 Даниел пайғамбар Мәсіхке қатысты маңызды пайғамбарлық жазып кеткен. Мидиялық Дари патшаның бірінші жылында Даниел Иерусалимнің 70 жыл бойы қаңырап бос тұрған уақытының соңы келгендігін түсінді (Еремия 29:10; Даниел 9:1—4). Даниел дұға етіп отырғанда, оған Жәбірейіл періште келіп, ‘күнәның жуылуы үшін жетпіс апта белгіленгенін’ ашты. Жетпісінші аптаның ортасында Мәсіх өлтірілуі керек еді. “Жетпіс апта” немесе “жетпіс жетіжылдық” (“Танах”, Д. Йосифон) Парсы патшасы І Артақсерікс б. з. б. 455 жылы “Иерусалимді қалпына келтіру туралы жарлық шығарғанда” басталған болатын (Даниел 9:20—27; Нехемия 2:1—8). Мәсіх 7 “апта” және оған қоса 62 “апта” өткен соң келуі керек еді. Бұл 483 жылға созылған уақыт аралығы б. з. б. 455 жылы басталып, б. з. 29 жылы Иса шомылдырылып шығып, Құдай оны Мәсіх ретінде майлағанда біткен болатын (Лұқа 3:21, 22). Б. з. 33 жылы өзінің өмірін бостандық төлемі ретінде беруі арқылы Иса ‘күнәны жуды’ (Марқа 10:45). Осының барлығы Құдайдың пайғамбарлық сөзіне сенім арту үшін берік негіз болып табыладыa!
7. Мәсіхке қатысты пайғамбарлықтардың Исада қалай орындалғандығын Киелі кітапты қолдана отырып көрсетіп беріңдерші.
7 Құдайдың пайғамбарлық сөзіне сенім арту арқылы біз Мәсіхтің кім екенін анықтай аламыз. Еврей Жазбаларындағы Мәсіхке қатысты пайғамбарлықтардың басым көпшілігі мәсіхшілердің Грек Жазбаларында тікелей Исаға қатысты қолданылған. Міне, мынадай бірнеше мысал келтіруге болады: Иса Бетлехемде пәк қыздан туылған (Ишая 7:14; Мика 5:2; Матай 1:18—23; Лұқа 2:4—11). Ол Мысырдан шақырылып алынған, сондай-ақ ол туылған соң жаппай нәрестелер өлтірілген (Еремия 31:15; Ошия 11:1; Матай 2:13—18). Біздің “әлсіздіктерімізді Ол [Иса] Өзіне алды” (Ишая 53:4; Матай 8:16, 17). Алдын ала пайғамбарлық етілгендей, ол Иерусалимге тайқар есекке мініп кірді (Зәкәрия 9:9; Жохан 12:12—15). Исаны бөренеге шегелеген соң, жасақшылар оның киім-кешегін бөлісіп алып, көйлегі үшін жеребе салды, осылайша Забур жыршысының сөздері орындалды (Забур 22:18; Жохан 19:23, 24). Исаның ешбір сүйегінің сынбағаны мен оның найзамен түйрелгендігінен де пайғамбарлықтардың орындалғанын көруге болады (Забур 34:20; Зәкәрия 12:10; Жохан 19:33—37). Бұлар Құдай рухының жетелеуімен жазылған Жазбалардағы Мәсіхке байланысты пайғамбарлықтардың Исаға қатысты қолданылғандарының кейбіреулері ғанаb.
Мәсіх Патшаны қарсы алыңдар!
8. “Күндері Көне” деген кім және Даниел 7:9—14 тармақтарда жазылған пайғамбарлық қалай орындалды?
8 Бабылдың патшасы Балтасардың бірінші жылында Ехоба өзінің пайғамбары Даниелге түс көрсетіп, таңғажайып аяндар берген еді. Алдымен пайғамбар төрт алып хайуанды көрді. Құдайдың періштесі оларды “төрт патша” деп атады, бұнысымен ол бұл хайуандардың бірінен соң бірі орнайтын дүниежүзілік ірі мемлекеттерді бейнелейтінін көрсетті (Даниел 7:1—8, 17). Сосын Даниел салтанатты даңқымен тақта отырған “Күндері көнені”, яғни Ехобаны, көрді. Ехоба оларға үкім шығарып, билігінен айырды; ал төртінші хайуанды өлтіріп тастады. Сосын ‘барлық халықтар, ұлттар мен тілдерге’ билік ету ‘Адам Ұлы тәріздіге’ мәңгілікке тапсырылды (Даниел 7:9—14). ‘Адам Ұлының’, яғни Иса Мәсіхтің, 1914 жылы аспанда патша тағына отырғандығын баян ететін қандай керемет пайғамбарлық! (Матай 16:13).
9, 10. а) Мүсіннің әр түрлі бөліктері нені білдіреді? ә) Даниел 2:44-те айтылған сөздердің қалай орындалатынын түсіндіріп беріңдерші.
9 Даниел Құдайдың ‘патшаларды тақтан құлатып, патшаларды таққа отырғызатынын’ білген (Даниел 2:21). Даниел пайғамбар “Құпия сырларды ашатын” Ехобаға сенім артып, Бабыл патшасы Набуходоносордың түсіне кірген алып мүсіннің нені білдіретінін айтып берді. Аталмыш мүсіннің денесінің әрбір бөлігі Бабыл, Мидо-Пары, Греция және Рим сияқты дүниежүзілік ірі мемлекеттердің пайда болуы мен құлдырауын көрсеткен болатын. Оның үстіне, Даниел арқылы Құдай қазір болып жатқан, сондай-ақ болашақта болатын дүниежүзілік оқиғаларды суреттеп берді (Даниел 2:24—30).
10 “Сол патшалықтардың кезінде,— деп ескерілген осы пайғамбарлықта,— Көктің Құдайы мәңгілік құламайтын патшалық орнатады, бұл патшалық басқа халыққа берілмейді; ол барлық патшалықтарды қиратып, талқандайды да, өзі мәңгі тұратын болады” (Даниел 2:44). ‘[Ехоба] Құдайға сенбейтін халықтардың дәурені өткен’ кезде, яғни 1914 жылы, Құдай Иса Мәсіх басқарған Аспан Патшалығын орнатты (Лұқа 21:24; Аян 12:1—5). Осыдан кейін Мәсіхтің Патшалығын білдіретін “тас” Құдайдың күшімен Оның бүкіләлемдік үстемділігінің ‘тауынан’ ‘құлатылды’. Һармагеддонның кезінде осы тас мүсінге келіп соғып, оны күл-талқан етеді. ‘Бүкіл жер жүзіне’ ықпал ететін тау іспеттес үкіметке айналған Мәсіхтің Патшалығы мәңгі тұратын болады (Даниел 2:35, 45; Аян 16:14, 16)c.
11. Исаның түрінің өзгеруі нені түсінуге көмек берді және бұл оқиға Петірге қалай әсер етті?
11 Өз Патшалығындағы билігін ойында тұтып, Иса шәкірттеріне былай деді: “Осында тұрғандардың бірсыпырасы Адам Ұлының өз Патшалығында келуін көрместен бұрын өлмейді” (Матай 16:28). Алты күннен кейін Петірді, Жақып пен Жоханды алып Иса биік таудың басына барды да, сол жерде олардың алдында оның түрі өзгерді. Сонда елшілерге бір жарық бұлт көлеңкесін түсірді де, оның арасынан Құдай былай деді: “Бұл — Менің сүйікті Ұлым, Мен Оған ризамын. Оған құлақ салыңдар” (Матай 17:1—9; Марқа 9:1—9). Мәсіхтің болашақ Патшалығының салтанатты көрінісі қандай керемет! Елші Петірдің осы көрініске нұсқап: “Біздің пайғамбарлық сөзге деген сенімділігіміз арта түсті”,— дегенін әбден түсінуге болады (2 Петір 1:16—19, ЖД)d.
12. Неге тап қазір — Құдайдың пайғамбарлық сөзіне сенетіндігімізді дәлелдейтін уақыт?
12 “Пайғамбарлық сөз” Еврей Жазбаларындағы Мәсіхке қатысты пайғамбарлықтардан ғана тұрмайды, онда Исаның “ұлы құдіретпен, салтанаттылықпен” келетіндігін айтқан өзінің сөздері де бар (Матай 24:30). Исаның түрінің өзгеруімен Мәсіхтің патшалық салтанатымен керемет түрде келуі туралы пайғамбарлық сөз дәлелденді. Өте аз уақыттан соң Мәсіх өзінің салтанатты ұлылығымен келеді, оның келуі сенімі жоқтар үшін — жойылуды, ал сенімі барлар үшін — бата алуды білдіреді (2 Салониқалықтарға 1:6—10). Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардың орындалуы біздің “соңғы дәуірде” өмір сүріп жатқанымызды дәлелдейді (2 Тімотеге 3:1—5, 16, 17; Матай 24:3—14). Михаил, яғни Иса Мәсіх, Ехобаның үкімінің басты Орындаушысы ретінде үлкен апатта осы зұлым дүниені жойып жіберуге дайын отыр (Матай 24:21; Даниел 12:1). Сондықтан тап қазір — Құдайдың пайғамбарлық сөзіне сенетіндігімізді дәлелдейтін уақыт.
Құдайдың пайғамбарлық сөзіне деген сенімдеріңді сақтаңдар
13. Біз Құдайға деген сүйіспеншілігіміз бен оның сөзіне деген сенімімізді ненің арқасында сақтап қала аламыз?
13 Құдайдың пайғамбарлық сөзінің орындалып жатқанын ең алғаш естігенде біздің таң-тамаша күйде болғандығымыз сөзсіз. Бірақ сол уақыттан бері біздің сеніміміз босаңсып, сүйіспеншілігіміз суынып қалған жоқ па екен? Біз ‘алғашқы сенген кездегі сүйіспеншілігін жоғалтқан’ Ефестегі мәсіхшілерге ұқсамауымыз керек (Аян 2:1—4). Ехобаға қызмет етіп жүргенімізге қанша уақыт болғанына қарамастан, егер біз аспанда байлық жинап, ‘ең алдымен Құдайдың Патшалығына кіруге және Оның әділдігіне ие болуға тырыспайтын’ болсақ, сүйіспеншілігімізді жоғалтып алуымыз мүмкін (Матай 6:19—21, 31—33). Киелі кітапты бар ықыласымен зерттеу, мәсіхшілердің кездесулеріндегі бағдарламаларға үзбей қатысу, сондай-ақ ынты-шынтымызбен Құдай Патшалығы туралы хабарды уағыздаудың арқасында біз Ехобаға, оның Ұлына және Құдай Сөзіне деген сүйіспеншілігімізді сақтап қала аламыз (Забур 118:105; Марқа 13:10; Еврейлерге 10:24, 25). Ал бұл сүйіспеншілік болса Құдай сөзіне деген сенімімізді сақтап қалуға көмектеседі (Забур 105:12).
14. Майланған мәсіхшілер Ехобаның пайғамбарлық сөзіне деген сенімдері үшін қандай сыйға ие болады?
14 Құдайдың пайғамбарлық сөзі ілгеріден бері орындалып келген болса, демек оның болашаққа қатысты айтқан нәрселеріне де сенуге болады. Мысалы, бүгінгі күні Мәсіхтің патша ретінде қатысып отырғандығы анық. Өмірлерінің ақырына дейін адалдығын сақтаған майланған мәсіхшілер: “Жеңіп шыққандарға Құдайдың жұмағында өсетін, мәңгілік өмір беретін ағаштың жемісінен жегіземін”,— деген пайғамбарлық уәдені іс жүзінде сезінді (Аян 2:7, 10; 1 Салониқалықтарға 4:14—17). Иса осы жеңімпаздарға Құдайдың көктегі ‘жұмағындағы өмір беретін ағаштың жемісінен жеуге’ мүмкіндік береді. Қайта тірілген кездерінде ‘Мәңгілік Патша — өлмес, көзге көрінбес бірден-бір Құдай’, яғни Ехоба, оларға Иса Мәсіх арқылы өшпейтін өмір береді (1 Тімотеге 1:17; 1 Қорынттықтарға 15:50—54; 2 Тімотеге 1:10). Құдайға деген сарқылмас сүйіспеншілігі мен оның пайғамбарлық сөзіне деген мызғымас сенімдері үшін олар қандай үлкен сыйға ие болады десеңші!
15. “Жаңа жердің” негізі болған кімдер және олардың серіктері кімдер?
15 Рухани Исраилдің жер бетіндегі қалдығы, қайтыс болған майланған мәсіхшілер “Құдайдың жұмағында” қайта тірілгеннен кейін көп ұзамай, “Ұлы Бабылдан”, яғни дүниежүзілік жалған діндер империясынан, босанған болатын (Аян 14:8; Ғалаттықтарға 6:16). Осы қалдық “жаңа жердің” негізі ретінде қолданылды (Аян 21:1). Рухани жұмаққа айналған “ел” пайда болды. Ол бүгінде дүние жүзі бойынша өркендеп жатыр (Ишая 66:8). Қазіргі уақытта, яғни “соңғы дәуірде”, осы жұмаққа рухани Исраилдің қой іспеттес серіктері мың-мыңдап ағылып келуде (Ишая 2:2—4; Зәкәрия 8:23; Жохан 10:16; Аян 7:9).
Құдайдың пайғамбарлық сөзінде адамзаттың болашағы болжалған
16. Майланғандарды адал қолдап жүргендердің қандай үміті бар?
16 Майланғандарды адал қолдап жүргендерді қандай сый күтіп тұр? Мұндай адамдар да Құдайдың пайғамбарлық сөзіне сенеді, әрі олардың жер бетінде орнайтын Жұмақта мәңгілік өмір сүруге үміттері бар (Лұқа 23:39—43). Олар күш-қуат беретін ‘өмір суының өзенінен’ ішіп, ал оның жағасына егілген ағаштардың жапырақтарының арқасында сауығатын болады (Аян 22:1, 2). Егер сендердің осындай керемет баталарға ие болуға үміттерің бар болса, онда Ехобаға деген терең сүйіспеншіліктеріңді және оның пайғамбарлық сөзіне деген сенімдеріңді іс жүзінде дәлелдеуді жалғастыра беріңдер. Сендердің жер бетінде орнаған Жұмақтағы мәңгілік өмірдің шексіз шаттығына бөленетіндердің қатарында болғандарыңды қалаймыз.
17. Жерде болатын Жұмақтағы өмірде адамдарды қандай баталар күтіп тұр?
17 Кемелсіз адамдарға болашақта жерде болатын Жұмақтағы өмірді елестету оңай емес, бірақ Құдайдың пайғамбарлық сөзі тілалғыш адамдарды күтіп тұрған баталарды көруге мүмкіндік береді. Құдай Патшалығына ешкім қарсыласпайтын, Құдайдың еркі көкте де, жерде де орындалатын уақыт келгенде — әділетсіз адамдар да, тіпті жануарлар да “жамандық пен зияндық жасамайтын болады” (Ишая 11:9; Матай 6:9, 10). Момындар жерді мұра етіп, ‘бейбітшіліктің молдығынан рахаттанатын болады’ (Забур 36:11). ‘Жер бетінде, тау басында нан мол болғандықтан’, ашығып жүргендер болмайды (Забур 71:16). Қайғы-қасіреттің кесірінен ешқашан көз жасы төгілмейтін болады. Ауру-сырқау өткеннің ісіне айналып, тіпті өлім де болмайтын болады (Ишая 33:24; Аян 21:4). Дәрігерлер мен дәрі-дәрмектерсіз, ауруханалар мен психиатриялық клиникаларсыз, сондай-ақ жерлеу шеруі болмайтын өмірді елестетіп көріңдерші! Қандай бақытты болашақ!
18. а) Даниелге періште қандай кепілдік берді? ә) Даниелді қандай ‘жеребе’ күтіп тұр?
18 Адамзаттың жалпы моласы да қаңырап бос қалады, өйткені өлімнің орнына қайта тірілу болады. Әділ Аюп қайта тірілуге үміттенген (Аюп 14:14, 15). “Ал сен өзіңнің ақырыңа бар. Сонда тыным аласың да, күндердің соңы келгенде өз жеребеңді алу үшін қайта тұрасың”,— деп Ехобаның періштесі кепілдік беріп жігерлендірген Даниел пайғамбардың да тап осындай үміті болған (Даниел 12:13). Даниел өмірінің ақырына дейін Құдайға адал қызмет еткен. Ол қазір өлім ұйқысында жатыр, бірақ Мәсіхтің Мың жылдық билігі басталған уақытта “әділдер қайта тірілетін” күні ол ‘қайта тұрады’ (Лұқа 14:14). Даниелді қандай ‘жеребе’ күтіп тұр? Езекиелдің пайғамбарлығы Жұмақта орындалған уақытта, Ехобаның қызметшілерінің бәрі сол жерден орын алады деп түсінген орынды; оның үстіне, жер әділ әрі белгілі бір жүйеге салынып бөлінетін болады (Езекиел 47:13—48:35). Сондықтан Даниел үшін Жұмақта орын дайындалып қойған, сөйтсе де оның жеребесі жер алумен ғана шектелмейді. Бұл оның келешекте Ехобаның ниетінде белгілі орын алатындығын да білдіреді.
19. Жердегі Жұмақта өмір сүру үшін не талап етіледі?
19 Ал сендер жөнінде және сендердің жеребелерің жөнінде не деуге болады? Егер сендер Құдай Сөзі — Киелі кітапқа сенсеңдер, онда Жұмақта өмір сүруді шын жүректен қалағандарың ғой. Бәлкім, өздеріңнің сол жақта жүргендеріңді елестететін боларсыңдар, көптеген баталар алып жатқандарыңа қуанып жүргендеріңді, жерді өңдеп жүргендеріңді, сондай-ақ қайта тірілгендерді қарсы алып жатқандарыңды елестететін боларсыңдар. Мұны түсінуге болады, өйткені Жұмақ — адамдардың туған үйі ғой. Алғашқы еркек пен әйелді Құдай тап осындай керемет жерде өмір сүру үшін жаратқан (Жаратылыс 2:7—9). Жаратқан Ие тілалғыш адамдардың Жұмақта мәңгі өмір сүргенін қалайды. Жер бетінде орнайтын Жұмаққа қоныстанатын миллиардтаған адамдардың қатарына қосылу үшін, Киелі Жазбаларда жазылған нәрселерге сәйкес әрекет етесіңдер ме? Егер көктегі Әкеміз Ехобаны шын жүректен сүйіп, Оның пайғамбарлық сөзіне нық сенетін болсаңдар, осы айтылған нәрселер жүзеге асады.
[Сілтемелер]
a Күзет Мұнарасы Қоғамы басып шығарған “Даниелдің пайғамбарлығына көңіл қойыңдар!” (ор.) кітабының 11-тарауын және “Киелі Жазбаларды түсіну” (ағ.) энциклопедиясындағы “Жетпіс апта” мақаласын қараңдар.
b Күзет Мұнарасы Қоғамы басып шығарған “Киелі жазбалардың бәрі Құдай рухының жетелеуімен жазылған, әрі тиімді” (ағ.) кітабының 343, 344-беттерін қараңдар.
c “Даниелдің пайғамбарлығына көңіл қойыңдар!” кітабының 4 және 9 тарауларын қараңдар.
d “Күзет Мұнарасының” 2000 жылғы 1 маусымдағы “Құдайдың пайғамбарлық сөзіне көңіл қойыңдар” мақаласын қараңдар.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Ең алғашқы пайғамбарлықта не делінген және уәде етілген Ұрпақ кім болған еді?
• Исада орындалған Мәсіхке қатысты пайғамбарлықтардың кейбіреулерін атап өтіңдерші?
• Даниел 2:44, 45-тегі сөздер қалай орындалады?
• Құдайдың пайғамбарлық сөзінде тілалғыш адамдардың болашағы қалай суреттелген?
[16-беттегі сурет]
Жер бетіндегі Жұмақта өмір сүруге үміттенесіңдер ме?