“Иә” дегендерің иә болсын
“Сендердің “иә” дегендерің “иә”, ал “жоқ” дегендерің “жоқ” болсын” (МАТ. 5:37).
1. Иса ант беруге қатысты не деген және неге?
ШЫНАЙЫ мәсіхшілер әдетте ант бермейді. Өйткені олар Исаның: “Сендердің “иә” дегендерің “иә”... болсын”,— деген өсиетіне құлақ асады. Мұнымен Иса адамның өз сөзінде тұруы қажет екенін айтқан. Осының алдында ол: “Мүлдем ант беруші болма!”— деген. Өйткені көп адам ант беріп алып, артынша уәдесін орындамауға әдеттеніп кеткен. Мұндай адамдар өзгелердің сенімінен айырылады және “Зұлымның” ықпалында екендерін көрсетеді (Матай 5:33—37 оқы).
2. Неліктен кейбір жағдайларда ант беруге болады?
2 Исаның сөздері ешқандай ант беруге болмайды дегенді білдіре ме? Алдыңғы мақаладан білгеніміздей, Ехоба Құдай және оның адал қызметшісі Ыбырайым маңызды жайттарға қатысты ант берген. Құдай заңы да кейбір даулы мәселелерді шешу үшін ант беруді талап еткен (Мыс. ш. 22:10, 11; Ру. сан. 5:21, 22). Бүгінде мәсіхші сот алдында куәлік беретін болса, одан шындықты айтатынына ант беру талап етілуі мүмкін. Сондай-ақ мәсіхші ниетінің шынайылығына сендіру үшін не мәселені шешу үшін, кейбір жағдайларда ант беруді қажет деп табуы мүмкін. Яһудилердің Жоғарғы кеңесінде бас діни қызметкер Исадан ант етіп, шындықты айтуын талап еткенде, ол қарсылық білдірмей айтқанын істеді (Мат. 26:63, 64). Алайда Иса әрдайым шындықты айтқандықтан оған ант берудің қажеті болмады. Әйтсе де айтқан хабарының растығын көрсету үшін ол: “Сендерге нағыз шындықты [сөзбе-сөз “шын, шын”] айтамын”,— дейтін (Жох. 1:51; 13:16, 20, 21, 38). Бұл мақалада біз “иә” дегендері иә болған Иса мен Пауылдың, сондай-ақ басқалардың үлгісінен қандай сабақ ала алатынымызды қарастырамыз.
ИСАНЫҢ ТАМАША ҮЛГІСІ
3. Иса Құдайға қандай уәде берді және көктегі Әкесінің жауабы қандай болды?
3 “Уа, Құдай, міне, мен сенің еркіңді орындауға келдім” (Евр. 10:7). Осылай дұға етуімен Иса “өкшесі шағылатыны” туралы сөздерді қоса алғанда, Ұрпаққа қатысты пайғамбарлықтардың барлығын орындайтынын уәде етті (Жар. 3:15). Ешбір адам баласы бұрын-соңды мұндай үлкен жауапкершілікті алуға ықылас білдірмеген-ді. Ехоба көктен дауыстап, Исаның дұғасына жауап берді. Ол Ұлынан уәдесінде тұратынына ант етуді талап етпестен, оған толықтай сенетінін білдірді (Лұқа 3:21, 22).
4. Исаның “иә” дегені қалайша иә болды?
4 Исаның “иә” дегені әрқашан иә болған. Ол Әкесі тапсырған істі еш нәрсеге алаңдамай атқарып, Патшалық туралы хабарды уағыздаған әрі Құдай оған жақындатып тартқан адамдарды шәкірт қылған (Жох. 6:44). Киелі кітапта Исаның өз уәдесінде тұрғанын көрсететін келесідей сөздер бар: “Құдайдың уәделері қаншама көп болмасын, бәрі ол арқылы “иә” болды. Сондықтан да Құдайды мадақтап, сол арқылы оған “Аумин” дейміз” (Қор. 2-х. 1:20). Расында да, ол Әкесіне берген уәдесін орындауда керемет үлгі қалдырды. Ал енді Исаға барынша еліктеуге тырысқан адамның мысалын қарастырайық.
СӨЗ БЕН ІСТІҢ АДАМЫ БОЛҒАН ПАУЫЛ
5. Елші Пауыл бізге қандай үлгі қалдырды?
5 “Ием, мен не істейін?” (Ел. іс. 22:10). Бұл сөздерді кейінірек Пауыл деп аталған Саул өзіне Иеміз Иса көрінгенде айтқан болатын. Иса Саулдың мәсіхшілерді қудалауын тоқтатқанын қалады. Осы оқиғадан кейін Саул бұрын жасаған істеріне өкініп, шомылдыру рәсімінен өтті, сондай-ақ халықтарға Иса жайлы куәлік ету тапсырмасын қабылдады. Ол жердегі өмірінің соңына дейін Исаны “Ием” деп атап, оған мойынсұнып жүрді (Ел. іс. 22:6—16; Қор. 2-х. 4:5; Тім. 2-х. 4:8). Басқа адамдар да Исаны “Ием” деп атаған. Бірақ олардың “иә” дегендері иә болмаған. Иса оларға: “Неліктен мені “Ием! Ием!” дейсіңдер, бірақ айтқандарымды істемейсіңдер?”— деді (Лұқа 6:46). Иә, Иса өзін Ием деп атайтындардан Пауыл сияқты сөзінде тұрады деп күтеді.
6, 7. a) Неліктен Пауыл Қорынтқа қайта бару жоспарын өзгертті әрі оның шыншылдығын сынға салғандардың әрекеті неге дұрыс болмады? ә) Тағайындалған бауырластарға қалай қарауымыз керек?
6 Пауыл Кіші Азия мен Еуропада Патшалық туралы хабарды құлшына жариялаған. Сөйтіп, қауымдар ұйымдастырып, оларға бақылаушылық сапармен барып отырған. Сол қауымдарға хаттар жазғанда, оған сөздерінің шынайылығына сендіру үшін кейде ант беруге тура келген (Ғал. 1:20). Ал қорынттықтардың кейбірі Пауылды сенім артуға тұрмайтын адам деп санағанда, ол өзін қорғап былай деген: “Құдайға сенім артуларыңа болатынындай, бізге де сенім артуларыңа болады. Біз де “иә” дей тұра, “жоқ” демейміз” (Қор. 2-х. 1:18). Бұл сөздерді жазғанда Пауыл Ефестен шығып, Македонияға бет алған болатын. Содан соң ол Қорынт қаласына баруды жоспарлады. Бастапқыда ол Қорынт қаласына Македониядан бұрын бармақ еді (Қор. 2-х. 1:15, 16). Алайда туындаған кейбір жағдайларға байланысты оған осы жоспарын өзгертуге тура келді. Бүгіндегі аралаушы бақылаушылар да қауымдарға баратын күндерін өзгертіп жатады. Бұны олар болмашы себептермен не өздерінің қара бастарының қамы үшін емес, аяқастынан туындаған жағдайларға байланысты жасайды. Сол сияқты Пауылдың бастапқы жоспарын өзгертуге келелі себебі болды. Ол мұны қауымның игілігі үшін жасады. Қалайша?
7 Ефес қаласында жүргенде Пауылға Қорынттағы қауымда алауыздық пен азғындық орын алғаны жайлы хабар жетеді (Қор. 1-х. 1:11; 5:1). Бұл мәселені шешу үшін ол қорынттықтарға жазған бірінші хатында қатаң кеңес береді. Сосын Ефестен тікелей Қорынтқа жол тартудың орнына, ол бауырластарға кеңесін қолдануға жеткілікті уақыт беруді шешеді. Сонда оларға жасайтын сапары анағұрлым жігерлендірерлік болмақ еді. Бармай қалуының себебі осы болғанына сендіру үшін, Қорынттықтарға арналған екінші хатында ол: “Өліп кетейін, Құдай куә: сендерді аяғандықтан осы уақытқа дейін Қорынтқа бармадым”,— деген (Қор. 2-х. 1:23). Біз Пауылды сынға салғандар іспетті болмауымыз керек. Қайта, арамызда жетекшілік етуге тағайындалған бауырластарды терең құрметтейік. Пауыл берген уәделерін әрдайым орындап отырған. Ол Исаға еліктегеніндей, біз де Пауылға еліктеуіміз керек (Қор. 1-х. 11:1; Евр. 13:7).
БАСҚАЛАРДЫҢ ЖАҚСЫ ҮЛГІСІ
8. Рабиға қандай үлгі қалдырды?
8 “Иә, қарсы емеспін” (Жар. 24:58). Анасы мен ағасы Рабиғадан Ыбырайымның ұлы Ысқақтың әйелі болуға қатысты көзқарасын сұрағанда, ол осылай жауап қатады. Бұл үшін ол дәл сол күні үйінен кетіп, бейтаныс адаммен 800 шақырымнан астам жол жүруі керек-тін (Жар. 24:50—58). Рабиғаның “иә” дегені иә болды. Ол Ысқаққа тұрмысқа шығып, адал әрі Құдайдан қорқатын әйел болды. Сөйтіп, ғұмырының соңына дейін жатжерлік ретінде Уәде етілген жерде өмір сүріп, шатырларда тұрды. Осындай адалдығы үшін уәде етілген Ұрпақтың, яғни Иса Мәсіхтің түп анасы болу құрметін иеленді (Евр. 11:9, 13).
9. Рут қалайша өз сөзінде тұрды?
9 “Сізбен бірге ел-жұртыңызға барайықшы” (Рут 1:10). Күйеулері қайтыс болған моабтық Рут пен Орпа осы сөздерді енелері Нағимаға айтумен болды. Өзі де жесір болған Нағима Моабтан Бетлехемге қайтып бара жатқан еді. Ол келіндеріне төркініне оралуды қайта-қайта айтқан соң, Орпа айтқанына көнді. Ал Руттың болса “жоқ” дегені жоқ болды (Рут 1:16, 17 оқы). Ол Нағимадан ажырамай, ел-жұрты мен Моаб жерінің жалған дінін біржолата тастады. Сөйтіп, ол өмірінің соңына дейін Ехобаның адал қызметшісі болып, батаға кенелді. Рут Матай жазған Мәсіхтің шежіресіндегі бес әйелдің бірі болды (Мат. 1:1, 3, 5, 6, 16).
10. Ишаяның үлгісі несімен пайдалы?
10 “Мен бармын, Ием. Мені жібере гөр” (Ишая 6:8). Осы сөздерді айтпас бұрын, Ишая аянда Ехобаның өз тағында отырғанын көрген. Салтанатты ұлылығын тамашалап тұрғанда, ол Ехобаның: “Мен кімді жіберейін? Біздің хабаршымыз кім болады?”— деген сөздерін естиді. Ехоба тілазар халыққа өзінің хабарын айтатын адамды іздеді. Сонда Ишая, былайша айтқанда, “Иә, мен сенің тапсырмаңды орындаймын” деп жауап берді. Оның “иә” дегені иә болды. Ишая 46 жылдан астам уақыт бойы пайғамбар ретінде қызмет етіп, Құдайдың соты мен шынайы ғибадаттың қайта қалпына келетіні туралы ізгі хабарды жариялады.
11. a) Неліктен сөзімізде тұрғанымыздың маңызы зор? ә) Өз сөзінде тұрмаған қандай адамдардың мысалы бар?
11 Жоғарыдағы мысалдар Киелі кітапта не үшін жазылып қалдырылды? Сондай-ақ “иә” дегеніміздің иә болғаны қаншалықты маңызды? Киелі кітапта әдейі “сөзінде тұрмайтын” адамның “өлімге лайық” адамдардың қатарында екені нақты айтылған (Рим. 1:31, 32). Мысыр перғауыны, яһуди патшасы Седекия және Анани мен Зәпираның “иә” дегендері иә болмады әрі соның нәтижесі жаман болды. Олардың мысалы біз үшін ескерту болып табылады (Мыс. ш. 9:27, 28, 34, 35; Езек. 17:13—15, 19, 20; Ел. іс. 5:1—10).
12. “Иә” дегеніміз иә болу үшін не істеуіміз керек?
12 Біз осы соңғы күндері “опасыз” адамдардың арасында өмір сүріп жатырмыз. Олар “құдайшыл болып көрінгенмен, бұны істерімен көрсетпейді” (Тім. 2-х. 3:1—5). Осындай адамдармен араласудан барынша аулақ болуымыз керек. Оның орнына “иә” дегендері иә болу үшін бар күшін салатын адамдармен жүйелі түрде араласуға тырысайық (Евр. 10:24, 25).
ӨМІРІМІЗДЕГІ ЕҢ МАҢЫЗДЫ УӘДЕ
13. Иса Мәсіхтің ізбасарлары беретін ең маңызды уәде қандай?
13 Құдайға бағышталғанда адам өміріндегі ең маңызды уәдесін береді. Исаның шәкірті болғысы келетін адамнан әртүрлі үш жағдайда өзіне қойылатын талаптарды орындауға ықыласы бар-жоғын сұрайды (Мат. 16:24). Жариялаушы болғысы келетін адамнан екі ақсақал: “Сен шын мәнінде Ехоба куәгері болғың келе ме?”— деп сұрайды. Кейінірек адам рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өтуге ықыласты болғанда, ақсақалдар оған: “Сен дұға айтып, өміріңді Ехобаға бағыштадың ба?”— деген сұрақ қояды. Ал шомылдыру рәсімінен өтетін күні ол баяндамашының: “Иса Мәсіхтің құрбандығының негізінде өз күнәларыңа өкініп, Ехобаның еркін орындау үшін оған бағышталдың ба?”— деген сұрағына жауап береді. Демек, куәгерлердің алдында ол “иә” деп, Құдайға мәңгі қызмет етуге уәде береді.
14. Өзімізді қалай тексеріп отырғанымыз маңызды?
14 Жаңадан шомылдыру рәсімінен өтсек те, Құдайға көп жылдан бері қызмет етіп келсек те, келесідей сұрақтарға жауап беріп, өзімізді тексеріп отырғанымыз маңызды: Исаға еліктеп, ең маңызды уәдемді орындап жүрмін бе? Уағыздау мен шәкірт дайындау ісін өмірімде басты орынға қойып, Исаға мойынсұнып жүрмін бе? (Қорынттықтарға 2-хат 13:5 оқы).
15. Өмірдің қай салаларында “иә” дегенің иә болу керек?
15 Құдайға берген уәдемізде тұру өміріміздің басқа да салаларын қамтиды. Мәселен, неке құрған адам болсаң, жұбайыңды сүйіп, аялаймын деген антыңды орындап жүрсің бе? Ал егер біреумен іскерлік келісімшарт жасасқан не қасиетті қызметіміздің бір түріне өтініш қағазын толтырған болсаң, берген сертіңе беріксің бе? Я болмаса қалтасы жұқа адамға қонаққа барамын деп уәде еттің бе? Олай болса, бақуатты адамның шақыруына бола алғашқы уәдеңнен айныма. Сондай-ақ қызығушылық білдірген адамға қайта келетініңді уәде етсең, “иә” дегенің иә болсын. Сонда Ехоба қызметіңе батасын беретіні сөзсіз (Лұқа 16:10 оқы).
БАС ДІНИ ҚЫЗМЕТКЕР ӘРІ ПАТШАМЫЗ ИСАДАН КЕЛЕР КӨМЕК
16. Егер уәдемізді орындамаған болсақ, не істеуіміз керек?
16 Киелі кітапта айтылғандай, кемелсіздіктің кесірінен біз әсіресе сөзден “жиі сүрініп жатамыз” (Жақ. 3:2). Сөзімізде тұрмағанымызды аңғарғанда не істеуіміз керек? Құдайдың Исраилге берген Заңы бойынша, “кез келген бір іс істеймін деп ойланбастан ағат ант бере салған” адам кешірімге ие бола алатын (Леу. 5:4—7, 11). Осындай күнә жасаған мәсіхші де кешірімге ие бола алады. Егер Ехобаға қандай да бір уәдені орындамағанымызды ашық мойындайтын болсақ, ол бізге Бас діни қызметкер Иса Мәсіх арқылы мейірімділік танытпақ (Жох. 1-х. 2:1, 2). Алайда Ехобаның ықыласынан айырылып қалмау үшін, уәдемізге атүсті қарауды әдетке айналдырып алмауымыз әрі әкелген зардаптың орнын толтыруымыз қажет. Осылайша біз күнәмізға шын өкінгенімізді көрсетеміз (Нақ. с. 6:2, 3). Әрине, уәде бермес бұрын жақсылап ойланғанымыз жөн, сонда орындай алмайтын уәде бермейтін боламыз (Уағыздаушы 5:2 оқы).
17, 18. “Иә” дегендері иә болу үшін барын салатын адамдарды қандай болашақ күтіп тұр?
17 “Иә” дегендері иә болу үшін барын салатын Ехобаның қызметшілерін неткен керемет болашақ күтіп тұр десеңші! 144 000 майланған мәсіхші көктегі өлмес өмірге ие болып, “Мәсіхпен бірге 1000 жыл бойы патшалық етеді” (Аян 20:6). Ал миллиондаған адам жұмақ орнаған жерде өмір сүрмек. Мәсіхтің Патшалығы олардың тәні мен санасын кемеліне жеткізеді (Аян 21:3—5).
18 Мәсіхтің мыңжылдық билігінің аяғында болатын соңғы сынақтан өткен адамдарға бұдан былай ешкімнің сөзіне күмәнданудың қажеті болмайды (Аян 20:7—10). Ол кезде саналы жаратылыстардың “иә” дегендері иә, “жоқ” дегендері жоқ болады, өйткені барлығы “ақиқаттың Құдайы” болып табылатын көктегі Әкемізге айны қатесіз еліктейтін болады (Заб. 30:6 Тт).