ҮШІНШІ ТАРАУ
Некені баянды етер екі кілт
1, 2. а) Неке қанша уақыт бірге өмір сүруге арналған? ә) Бұл қалайша мүмкін?
ҚҰДАЙ алғашқы ер адам мен әйелді жұптастырғанда, олардың некелері уақытша деуге негіз болатындай еш нәрсе айтқан жоқ. Адам ата мен Хауа ананың жұбы өмір бойы жазылмауы керек болатын (Жаратылыс 2:24). Құдайдың талабына сай, неке — бір ер адам мен бір әйел баласының жұбы. Киелі кітапта ажырасып, қайтадан некеге тұруға болатын жалғыз ғана себеп бар, ол — ерлі-зайыптылардың бірінің әдепсіз жыныстық қатынасқа берілуі (Матай 5:32).
2 Екі адамның бірге мәңгі әрі бақытты өмір сүруі мүмкін бе? Мүмкін. Киелі кітапта осыны жүзеге асыруға көмектесетін екі фактор, немесе екі кілт, жайлы жазылған. Егер күйеуі де, әйелі де осы екі кілтті қолданатын болса, оларға бақыттың есігі айқара ашылып, көптеген баталарға ие болады. Бұлар қандай кілттер?
БІРІНШІ КІЛТ
3. Ерлі-зайыптылар өз бойларында сүйіспеншіліктің қандай үш түрін дамытуы керек?
3 Бірінші кілт — сүйіспеншілік. Бір қызығы, Киелі кітапта сүйіспеншіліктің әр түрі жайлы жазылады. Солардың бірі — белгілі бір адамды жақын тұтып, сол адамға бауыр басу. Бұл — жақын достардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі (Жохан 11:3). Екінші бір түрі — туысқан адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі (Римдіктерге 12:10). Үшінші түрі — ер адам мен әйел адамның бір-біріне деген махаббаты (Нақыл сөздер 5:15—20). Сүйіспеншіліктің осы үш түрін ерлі-зайыптылар өз бойларында дамытуы керек. Бірақ сүйіспеншіліктің тағы бір төртінші түрі бар, және басқаларына қарағанда бұл сүйіспеншілік маңыздырақ.
4. Сүйіспеншіліктің қандай төртінші түрі бар?
4 Мәсіхшілердің Грек Жазбаларының түпнұсқасы жазылған тілде сүйіспеншіліктің төртінші түрі ага́пе деп аталады. Бұл сөз 1 Жохан 4:8-дегі “Құдай — сүйіспеншілік” деген жерде қолданылған. Шын мәнінде, “біз сүйеміз, себебі Ол [Құдай] бізді алдымен сүйді” (1 Жохан 4:19). Мәсіхші өзінің бойында алдымен Ехоба Құдайға деген, сосын жанындағы кісіге яғни жақыныңа, деген осындай сүйіспеншілікті дамытады (Марқа 12:29—31). Ефестіктерге 5:2-дегі “Мәсіхтің бізді сүйіп, біз үшін Өзін құрбан еткеніндей, сендер де бір-біріңді сүйіп өмір сүріңдер!” деген жерде де ага́пе сөзі қолданылған. Иса сүйіспеншіліктің осы түрінің оның шынайы ізбасарларын басқалардан ерекше етіп көрсететінін айтты. Ол былай деген болатын: “Менің шәкірттерім екендіктеріңді елдің бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен [ага́пе] білетін болады” (Жохан 13:35). Тағы да айта кететін нәрсе — ага́пе сөзі 1 Қорынттықтарға 13:13-те де қолданылған: “Ал енді, сенім, үміт, сүйіспеншілік — осы үшеуі мәңгі қалады. Бірақ солардың ең бастысы — сүйіспеншілік [ага́пе]”.
5, 6. а) Сенім мен үміттен гөрі сүйіспеншіліктің ең басты болу себебі не? ә) Бас қосқандардың жұбы жазылмауына сүйіспеншіліктің қандай-қандай әсері бар?
5 Сенім мен үміттен гөрі ага́пе деген сүйіспеншіліктің ең басты болуының себебі неде? Бұл — принциптерге, яғни Құдайдың Сөзінде жазылған әділетті принциптерге, сүйенетін сүйіспеншілік (Забур 118:105). Бұл — адамның жақсылық істеуге тұратын-тұрмайтынына қарамастан, Құдайдың көзінде дұрыс әрі жақсылық болып есептелетін нәрселерді шын көңілден істеу. Мұндай сүйіспеншілік ерлі-зайыптылардың Киелі кітаптағы келесі кеңеске сай өмір сүруіне мүмкіндік жасайды: “Өзара төзімді болыңдар, егер қайсыбіреуіңе реніш сақтап, тағатын кінәларың болса, кешірімді болыңдар: сендерді Иеміз Мәсіх [Ехоба, ЖД] қалай кешірсе, сендер де солай етіңдер!” (Қолостықтарға 3:13). Ерлі-зайыптылардың “бір-біріне деген сүйіспеншілігі [ага́пе] зор”, әрі олар мұны әрі қарай дамытады, өйткені мұндай “сүйіспеншілік адамдардың көптеген күнәларын кешіреді” (1 Петір 4:8). Көңіл аударайықшы: қателік жасау кемелсіз адамдарға тән болғандықтан, сүйіспеншілік қателіктерді жоймайды,— кешіреді (Забур 129:3, 4; Жақып 3:2).
6 Егер ерлі-зайыптылар Құдайға және бір-біріне осындай сүйіспеншілік дамытатын болса, ‘сүйіспеншілік ешқашан да сарқылмайтын’ болғандықтан, олардың жұбы ешқашан да жазылмайды, әрі олар бақытты болады (1 Қорынттықтарға 13:8). Сүйіспеншілік “толықтай біріктіреді” (Қолостықтарға 3:14). Жұбайлар, сүйіспеншіліктің осы түрін өз бойларыңда қалай дамыта аласыңдар? Құдайдың Сөзін бірге оқып, талқылаңдар. Исаның қалай сүйіспеншілік көрсеткенін зерттеп, сол сияқты ойлауға және сол сияқты әрекет етуге талпыныңдар. Сонымен қатар Құдайдың Сөзін зерттеуге арналған мәсіхшілердің кездесулеріне барып тұрыңдар. Киелі рухтың игілікті жемісі болып табылатын сүйіспеншіліктің осындай маңызы зор түрін өз бойларыңда дамыту үшін көмек сұрап Құдайға дұға етіңдер (Нақыл сөздер 3:5, 6; Жохан 17:3; Ғалаттықтарға 5:22; Еврейлерге 10:24, 25).
ЕКІНШІ КІЛТ
7. Сыйластық дегеніміз не және ерлі-зайыптылардың қайсысы сыйластық көрсетуі керек?
7 Бірін-бірі шынымен сүйетін ерлі-зайыптылар сондай-ақ бірін-бірі сыйлайды. Ал сыйластық — отбасы бақытының екінші кілті. Сыйлау дегеніміз “өзгемен санасу, оларға ізет көрсету” дегенді білдіреді. Киелі кітапта барлық мәсіхшілерге, күйеулер мен әйелдерді қоса, мынадай кеңес беріледі: “Өзара құрмет көрсетуде үлгі болыңдар” (Римдіктерге 12:10). Елші Петір былай деп жазды: ‘Сендер де, күйеулер, алған білімдеріңе сәйкес бұдан былай оларды аса нәзік құты тәріздес әйел заты ретінде құрметтеңдер’ (1 Петір 3:7, ЖД). Ал әйел баласына “күйеуін құрметтеуге” кеңес беріледі (Ефестіктерге 5:33). Әдетте біз ізет көрсеткіміз келген адамға жақсылық жасаймыз, намысына тимейміз, көзқарастарын сыйлаймыз, әрі ақылға қонымды әрбір өтінішін орындауға тырысамыз.
8—10. Неке берік әрі бақытты болуы үшін сыйластықтың қаншалықты көмегі бар?
8 Некеде бақытты болу үшін, ‘өз мүддесін ғана емес, басқалардікін [жұбайының мүддесін] де ойлай жүріп’ өмірлік жарын сыйлау керек (Філіпіліктерге 2:4). Өзіне жақсы болатын жағын ғана ойламау керек, өйткені бұл өзімшілдікке жатады. Одан да, өзге адам үшін де жақсы болатын жағын ойлау қажет. Турасын айтқанда, өмірлік жардың мүддесін бірінші орынға қою керек.
9 Сыйластықтың арқасында ерлі-зайыптылар бір-бірінің көзқарасындағы айырмашылықтарды мойындайды. Барлық нәрсеге екі адамның бірдей көзқараста болғанын күткен ақылға жатпайды. Күйеуінің өте маңызды деп есептейтін нәрсесі әйелі үшін аса маңызды емес болып көрініп, әйеліне ұнайтын нәрсе күйеуіне ұнамауы мүмкін. Бірақ мұндай нәрселер Ехобаның заңдары мен принциптеріне қарама-қайшы келмейтін болса, ерлі-зайыптылардың қайсысы болмасын екінші адамның көзқарасы мен қалауын сыйлауға міндетті (1 Петір 2:16; Філимонға 14, салыстыр). Оның үстіне, олар бір-бірінің намысына тимеуі керек, яғни оңаша қалғанда не біреудің көзінше бірін-бірі келеке етуіне немесе қалжыңдап кемсітуіне болмайды.
10 Сонымен, некенің сәтті болуы үшін аса қажет екі кілт мыналар — Құдайға деген сүйіспеншілік пен бір-біріне деген сүйіспеншілік және өзара сыйластық. Осы екі кілтті отбасы өмірінің кейбір маңызды салаларында қалай қолдануға болар екен?
МӘСІХТІҢ БАСШЫЛЫҒЫ СИЯҚТЫ БАСШЫЛЫҚ
11. Киелі кітапқа сәйкес некеде басшы кім?
11 Киелі кітап Құдайдың ер адамды отбасындағы басшылықты табысты етіп орындауға қажетті қасиеттері бар қылып жаратқандығы жөнінде айтады. Ер адам Ехобаның алдында әйелі мен бала-шағасының рухы мен тәнінің саулығы үшін жауапты. Ол Ехобаның еркін көруге болатындай байсалды шешім қабылдауы керек әрі Құдайға ұнамды өмір сүру арқылы үлгі көрсетуі керек. “Әйелдер, Иемізге мойынсұнғандай, күйеулеріңе де мойынсұныңдар; өйткені Мәсіхтің сенушілер қауымының Басы болғаны сияқты, еркек — әйелдің “басы” (Ефестіктерге 5:22, 23). Алайда Киелі кітап күйеудің де үстінен билік жасайтын басшының барын айтады. Елші Пауыл былай деген болатын: “Енді мынаны да білулеріңді қалаймын: әрбір еркектің басы — Мәсіх, әйелдің басы — күйеуі, ал Мәсіхтің басы — Құдай” (1 Қорынттықтарға 11:3). Ақылы бар күйеу басшылық жасауды өзіне басшы болып қойылған Иса Мәсіхке еліктеу арқылы үйренеді.
12. Мойынсұну мен басшылық жасауға қатысты Иса қандай керемет үлгі көрсетті?
12 Исаның да сый-құрмет көрсетіп, бағынатын басшысы бар. Ол — Ехоба. “Өз еркімді емес, Мені жіберген Әкемнің еркін орындаймын”,— деген болатын ол (Жохан 5:30). Қандай тамаша үлгі! Иса “жаратылыс атаулының бәрінен бұрын туылған” (Қолостықтарға 1:15). Ол Мәсіх болды. Ол майланған мәсіхшілер қауымының Басшысы және періштелердің бәрінен мәртебесі биік болып есептелетін Құдай Патшалығының таңдаулы Патшасы болуы керек болатын (Філіпіліктерге 2:9—11; Еврейлерге 1:4). Бірақ мәртебесі сондай жоғары болып, келешекте оны ғажап нәрселердің күтіп тұрғанына қарамастан, Иса-адам дөрекілік көрсеткен жоқ, сондай-ақ айтқанынан қайтпай, шектен тыс талап қоятын қасиеттер танытқан жоқ. Ол өктемдік көрсетіп, бағыну керек екенін оқушыларының естеріне қайта-қайта салып отырған жоқ. Ол сүйіспеншілік пен жанашырлық танытты. Оның мейірі әсіресе ұнжырғасы түскендерге түсті. Ол былай деді: “Әй, тырысып шаршап шалдыққандар, ауыртпалық басқандар, бәрің де Маған келіңдер! Мен сендерді рақаттандырамын. Мойынтұрығымды киіп алып, Менен үйреніңдер; Мен момын және кіші пейілдімін. Сөйтіп, жандарыңа тыныштық табасыңдар. Мойынтұрығым ыңғайлы, ауыртпалығым жеңіл ғой” (Матай 11:28—30). Исамен бірге өткізілген уақыт жанның рақаты болушы еді.
13, 14. Мәсіхке еліктей отырып, сүйіспеншілігі бар күйеу қалай басшылық жасайды?
13 Егер Исаның тамаша қасиеттерін зерттейтін болса — отбасы бақыты үшін тырысып жүрген күйеудің дұрыс істегені. Жақсы күйеу дөрекілік, өктемдік көрсетпейді және өзінің басшылығын әйелін қорқытатын таяқ ретінде пайдаланбайды. Жақсы күйеу әйелін жақсы көріп, сыйлағанды артық көреді. Егер Иса ‘кіші пейілді’ болған болса, күйеу жігіттің осындай болуы керек екеніне негіз өте көп. Себебі күйеу қателіктер жасайды. Қателік жіберген кезде күйеуі әйелінің түсінгенін қалайды. Сондықтан әйеліне “кешір, сен дұрыс болып шықтың” деп айту оңай болмаса да, кіші пейіл күйеу жіберген қателігін мойындайды. Әйелге тәкаппар әрі қыңыр күйеуден гөрі, қарапайым әрі кіші пейіл күйеудің басшылығын сыйлау оңай. Сол секілді, күйеуін сыйлайтын әйел де жіберген қателіктері үшін кешірім сұрайды.
14 Құдай әйелді неке бақытына ықпалы тиетін тамаша қасиеттері бар қылып жаратқан. Ақылы бар күйеу бұны мойындайды және әйелін басынбайды. Әйелдердің көпшілігіне көбінесе жанашырлық пен сезімталдық тән. Бұлар отбасының қамын жеуге және адамдармен қарым-қатынасты дамытуға қажетті қасиеттер. Әдетте, үйдің әрін кіргізуге әйел баласы барынша епті. Нақыл сөздердің 31-тарауында “жақсы әйел” суреттелген. Бұл әйелдің тамаша қасиеттері мен қабілеттері көп болған, ал мұның пайдасын отбасы толығымен көрген. Неге? Себебі ‘күйеуі оған шын жүректен сенетін’ (Нақыл сөздер 31:10, 11).
15. Мәсіхтің көрсеткеніндей сүйіспеншілік пен сый-құрметті өзінің әйеліне күйеуі қалай көрсете алады?
15 Кейбір елдерде ер адамның басшылығына тым көп көңіл бөлінетіндігі соншалық, тіпті әйелдің күйеуіне сұрақ қойғанының өзі сыйламағандық болып есептеледі. Ол әйелін тура күңі есебінде көреді. Осылай басшылықты дұрыс пайдаланбағаннан, күйеудің әйелімен ғана емес, Құдаймен де қарым-қатынасы бұзылады. (1 Жохан 4:20, 21, салыстыр.) Екінші бір жағын алып қарайтын болсақ, кейбір күйеулер тізгінді әйеліне беріп қойып, басшылықты өз қолына алғысы келмейді. Исаға дұрыс мойынсұнатын күйеу әйелін соқаға жегіп, өзін-өзі сыйлаудан қалатындай дәрежеге жеткізбейді. Қайта Исаның адал сүйіспеншілігіне еліктеп, Пауылдың: “Күйеулер, Мәсіх қауымды қалай сүйсе, сендер де әйелдеріңді солай сүйіңдер: Мәсіх қауым үшін жанын қиды!” — деген кеңесіне сай әрекет жасайды (Ефестіктерге 5:25). Иса Мәсіхтің өзінің ізбасарларын сүйгені соншалық, олар үшін жанын қиды. Жақсы күйеу әйеліне шектен тыс талап қойғаннан гөрі, қайта соған жақсы болатын жағын ойлауға тырысып, Исаның осындай риясыздығына еліктеуге ұмтылады. Егер күйеу Мәсіхке мойынсұнып, Мәсіх сияқты сүйіспеншілік пен сый-құрмет көрсететін болса, әйелі оған мойынсұнуға дайын болады (Ефестіктерге 5:28, 29, 33).
ӘЙЕЛДІҢ МОЙЫНСҰНУЫ
16. Күйеуімен қарым-қатынасында әйелі қандай қасиеттер танытуы керек?
16 Адам ата жаратылғаннан біраз уақыт өткеннен кейін “Құдай Ие: “Адамның жалғыз болғаны жақсы болмас, Мен оған өзіне жарасымды [“оны толықтыратын”, ЖД] көмекші жасап берейін”,— деді (Жаратылыс 2:18). Құдай Хауа ананы Адам атаның бәсекелесі ретінде емес, “толықтырушысы” ретінде жаратты. Неке бәсекелесіп жатқан екі капитаны бар кемеге ұқсамауы керек еді. Күйеуі сүйіспеншілікпен басшылық жасап, ал әйелі болса, сүйіспеншілік пен сый-құрмет көрсетіп, шын көңілімен мойынсұнуы керек болатын.
17, 18. Әйелде күйеуіне нағыз көмекші бола аларлық қандай мүмкіншіліктер бар?
17 Бірақ жақсы әйел өзінің тіл алғыштығымен ғана ерекшеленбейді. Жақсы әйел күйеуінің қабылдаған шешімдерін қолдап отыратын нағыз көмекші болуға тырысады. Күйеуінің қабылдаған шешімімен өз ойы бір жерден шыққанда әйелге көмекшінің рөлін орындау қиын емес. Бірақ күйеуінің қабылдаған шешімдерімен келіспейтін жағдай да болуы мүмкін. Мұндай кезде де әйелдің қолдауының арқасында күйеудің қабылдаған шешімдері жақсырақ жүзеге асады.
18 Күйеуінің басшылықты жақсылап жасауына көмектесетіндей әйелдің басқа да мүмкіндіктері бар. Күйеуін сынағанның орнына немесе оны өзін әйелінің көңілінен еш уақытта шыға алмайтын сияқты сезінетін дәрежеге жеткізгеннің орнына, күйеуінің басшылық жасаудағы әрекетіне риза екенін айтып отыруына болады. Күйеуімен қарым-қатынаста дұрыс көзқарас таныта отырып, әйелдің ’момын да үндемейтін рухын’ күйеуі ғана емес, “Құдай” да ‘бағалайтынын’ оның естен шығармағаны абзал (1 Петір 3:3, 4; Қолостықтарға 3:12). Ал күйеуі Құдайға сенбейтін адам болса ше? Киелі кітаптың барлық жағдайда әйелге айтатыны: “Күйеулері мен балаларын сүйіп, байсалды, кіршіксіз таза, үй шаруасына ұқыпты әрі мейірімді болып, күйеулеріне мойынсұнуға үйренсін; осылайша Құдай сөзі жамандалмасын” (Титке 2:4, 5). Әр адамның ар-ұжданына байланысты шешілуі керек қиындық туа қалған жағдайда, әйелі бәрін “момындықпен және ізеттілікпен” түсіндіретін болса, әйелінің көзқарасын күйеуінің жоғары бағалауы ықтимал. Кейбір Құдайға сенбейтін күйеулер ‘сөзбен емес, өз әйелдерінің өмір сүру қалпы арқылы сенімге келген’ (1 Петір 3:1, 2, 15; 1 Қорынттықтарға 7:13—16).
19. Күйеуі әйелінен Құдайдың заңын бұзуды талап етсе не істеу керек?
19 Егер күйеуі әйелінен Құдайдың көзінде дұрыс емес нәрсені істеуді талап етсе ше? Мұндай жағдайда әйел өзінің жоғарғы Басшысының Құдай екенін есте ұстап, елшілер сияқты әрекет істеуі керек. Қолында билігі бар адамдар зорлық жасағанда “Петір мен өзге елшілер былай деп жауап берді: — Адамдарды емес, Құдайды көбірек тыңдау керек!” (Елшілердің істері 5:29).
ЖАҚСЫ ПІКІР АЛМАСУ
20. Қандай маңызды салада сүйіспеншілік пен сыйластық қажет?
20 Ерлі-зайыптылар бір-бірімен пікір алмасқанда да сүйіспеншілік пен сыйластық қажет. Әйелін сүйетін күйеу әйелінің не істеп, не қойып жүргені мен қиыншылықтары туралы, сондай-ақ оның әр түрлі сұрақтарға байланысты көзқарастары жайында сөйлесу үшін уақыт бөледі. Әйел үшін бұл қажет нәрсе. Осылайша, яғни әйелімен сөйлесуге уақыт бөлу әрі оны шындап тыңдау арқылы, күйеуі әйеліне сүйетінін әрі сыйлайтынын көрсетеді (Жақып 1:19). Кейбір әйелдер күйеулерінің өздерімен өте аз сөйлесетінін айтып шағынады. Бұл өкінішті-ақ. Қазіргі жағдай өте қиын болғандықтан, күйеулердің ұзақ уақыт бойы жұмыс істеуі керек болып жатқаны рас; экономикалық жағдай ауыр болғандықтан кейбір әйелдер жұмысқа орналасуға мәжбүр. Дегенмен ерлі-зайыптылар бір-біріне уақыт бөлуге тиісті. Бұлай болмаса, олардың бір-бірінен алыстап кетуі мүмкін. Пікір алмасу үшін ерлі-зайыптылар жанашырлықпен қарайтын адамды сырттан іздеуді ниет етсе, нағыз қиыншылықтар сонда тууы мүмкін.
21. Сыпайылықпен айтылған сөз бас қосқан екі адамның бақытының ұласа беруіне қалай көмектеседі?
21 Күйеуі мен әйелінің пікір алмаса білуі өте маңызды. “Жағымды сөз... жанның рақаты және сүйекке шипа” (Нақыл сөздер 16:24). Өмірлік жардың Құдайға сенетін-сенбейтініне қарамастан, Киелі кітаптың қолдануға беретін кеңесі біреу-ақ: “Сөйлескенде ұдайы ниеттерің игі, сөздерің дәмді болсын” (Қолостықтарға 4:6). Ерлі-зайыптылардың бірі үшін күн ауыр өткен болса, екіншісінің жанашырлықпен айтқан бір ауыз сөзі әбден орынды. “Дер кезінде айтылған сөз — күміс кәрзеңкедегі алтын алмалардай” (Нақыл сөздер 25:11, ЖД). Ойды дұрыс сөздермен әрі дауыс көтермей жеткізе білу өте маңызды. Мысалы, ашумен “есікті жап!” деуге болады. Алайда жай ғана “өтінемін, есікті жауып жіберші” деген “дәмді” сөздер қандай жақсы!
22. Жақсы пікір алмасу үшін ерлі-зайыптылар бір-бірімен қандай қатынаста болуы керек?
22 Бір-біріне жылы сөз айту, жылы жүзбен карау және абайлап қимыл жасау, біріне-бірі жақсылық істеу, түсінікпен қарап, мейірімділік таныту бар жерде жақсы пікір алмасу да болады. Жақсы пікір алмасуды үзбеу үшін бар күшін салу арқылы, ерлі-зайыптылар бір-біріне өздерінің мұқтаждықтарын айтуға қысылмайтын болады, әрі көңілі қалған немесе жаны күйзелген кездерде бір-біріне жұбаныш болады. Құдайдың Сөзі: “Жасқаншақтарға жігер беріңдер”,— дейді (1 Салониқалықтарға 5:14). Күнделікті өмірде күйеудің де, әйелдің де мұңаятын кездері болып тұрады. Сондай кезде олардың ‘жігер беріп’, бір-бірінің рухани өсуіне көмектесуіне болады (Римдіктерге 15:2).
23, 24. Келісімге келмей қалған жағдайда сүйіспеншілік пен сыйластық қалай көмектеседі?
23 Бірін-бірі сүйетін әрі сыйлайтын ерлі-зайыптылар әрбір келіспеушілікті қарсылық ретінде қабылдамайды. Олар біріне-бірі “қатаң” болмауға тырысады (Қолостықтарға 3:19). Олардың екеуі де ‘жай сөзбен берілген жауаптың қаһарды басатындығын’ ұмытпауы керек (Нақыл сөздер 15:1). Көкейінде жиналып қалған нәрсені айтып жатқан өмірлік жарды кемсітіп, айыптамау үшін абай болған дұрыс. Осындай сәттер сен үшін оның көзқарасын жақсы түсінуге мүмкіндік жасайды. Түсініспеушілікті бірге жеңуге және келісімге келуге тырысыңдар.
24 Есімізге түсірейікші, Сараның бір қиын мәселеге байланысты берген кеңесі Ыбырайымға ұнамай қалған болатын. Бірақ Құдай Ыбырайымға: “Сараның айтқанының бәріне көн”,— дейді (Жаратылыс 21:9—12). Ыбырайым солай істейді де, Құдайдың батасына ие болады. Осылайша, әйелінің ұсынысы өз ойындағы нәрсеге сәйкес келмейтін болса да, күйеу оның айтқанын ең болмағанда аяғына дейін тыңдауға міндетті. Ал әйел болса, өзі ғана сөйлей бермей, күйеуінің айтып жатқан нәрсесіне құлақ асуы керек (Нақыл сөздер 25:24). Егер күйеуі мен әйелі әрдайым өз дегенін істетуге тырысатын болса, бұл олардың бойында сүйіспеншілік пен сыйластықтың жоқ екенін білдіреді.
25. Жақсы пікір алмаса білу ерлі-зайыптылардың жыныстық қатынасқа байланысты мәселелеріне қалай ықпал етеді? Мысал келтір.
25 Ерлі-зайыптылардың жақсы пікір алмаса білуі жыныстық қарым-қатынасқа байланысты мәселелерде де өте маңызды. Некедегі осындай ең жақын қарым-қатынасқа өзімшілдік пен ұстамсыздық қатты зиян келтіреді. Бір-бірімен ашық сөйлесіп, шыдамдылық таныту керек. Ерлі-зайыптылардың әрқайсысы өзгенің қамын шындап ойлайтын болса, олардың жыныстық қатынасында айтарлықтай қиыншылықтардың тууы екіталай. Отбасындағы басқа мәселелер сияқты, осы мәселеде де “әркім жеке басты мүддесін емес, басқалардың да игіліктерін ойлауы керек” (1 Қорынттықтарға 7:3—5; 10:24).
26. Кез келген жұптың бір құлап, бір тұратын кезеңдері болатынына қарамастан, Құдайдың Сөзіне мойынсұну арқылы ерлі-зайыптылардың қалай бақытты болуына болады?
26 Құдайдың Сөзінде қандай тамаша кеңестер берілген! Рас, кез келген жұптың бір құлап, бір тұратын кезеңдері болады. Бірақ ерлі-зайыптылар, Киелі кітапта ашылып жатқан Ехобаның көзқарасына сай, өздерінің қарым-қатынасын сүйіспеншілік пен сыйластыққа негіздейтін болса, тіккен отауларының баянды әрі бақытты боларына күмәнданбауларына болады. Осылай істеу арқылы ерлі-зайыптылар бір-біріне ғана емес, некенің негізін Қалаушы Ехоба Құдайға да ізет көрсетеді.