Есте сақтау қабілетіңді жақсарта аласың
ЕХОБА ҚҰДАЙ адамның миын керемет есте сақтау қабілетімен жаратқан. Ол ішіндегісі еш сарқылмайтын құты сияқты жасалған. Оның бұлай жаратылуы адамзат мәңгі өмір сүрсін деген Құдайдың ниетіне сай келеді (Заб. 138:14; Жох. 17:3).
Бірақ кейде миға тоқығандарымыздың қайда жоғалып кеткенін білмей қаламыз. Қажет мәліметті керек уақытында еске түсіре алмай қиналамыз. Есте сақтау қабілетін жақсарту үшін не істеуге болады?
Қызығушылық
Есте сақтау қабілетін жақсарту үшін қызыға білу керек. Егер өзімізді байқағыш болуға және адамдарға мен айналада болып жатқан оқиғаларға қызығуды үйретер болсақ, миымызды машықтаймыз. Сонда маңызды бір нәрсе оқығанда не тыңдағанда ықылас қою оңай болады.
Көп адамға біреудің есімін есте сақтау қиынға соғады. Мәсіхші болғандықтан өзгелерге — бір сенімдегілерге, өзіміз куәлік ететіндер мен күнделікті кездесіп жүргендерге — құрмет көрсету керектігін түсінеміз. Ұмытпауымыз керек адамдардың есімдерін қалай есте сақтауға болады? Елші Пауыл бір қауымға жазған хатында сол жердегі 26-дан астам адамның есімін атаған. Пауылдың бұл адамдарға көңіл бөлгені олардың есімдерін атап қана қоймай, соларға қатысты кейбір жайттарды айтқанынан да көрінеді (Рим. 16:3—16). Қазіргі көптеген аралаушы бақылаушылар апта сайын жаңа қауымда болса да, бауырластардың есімдерін есте жақсы сақтайды. Қалайша? Мысалы, адаммен бірінші рет сөйлесіп тұрғанда, оны есімімен бірнеше рет атайды. Ойша есімін келбетімен байланыстыруға тырысады. Оның үстіне, олар адамдармен қызметте және дастарқан басында әңгімелеседі. Сонымен, біреумен танысқанда оның есімін есіңде сақтап қаласың ба? Алдымен, не үшін оның есімін ұмытпау қажет екенін анықтап ал, сонан соң жоғарыда келтірілген кеңестерді қолдан.
Оқығандарымызды есте сақтау да өте маңызды. Бұған не көмектеседі? Қызығушылық пен терең түсінік. Оқып жатқаның өзіңе қызықты болса, оған ден қойып, мұқият боласың. Ал егер басқа нәрсе ойлап отырсаң, есіңде ештеңе де қалмайды. Жаңадан алған біліміңді жақсы ұғып алу үшін, оларды бұрын білетіндеріңмен салыстыр. Өзіңе мынадай сұрақтар қой: бұл мәліметті қашан және қандай жағдайда қолдана аламын? Өзгелерге көмектесу үшін қалай қолдануыма болады? Мәтінді жақсы түсіну үшін жеке сөздерге емес, сөйлемшелерге көңіл қой. Сонда мағынасын тезірек түсініп және негізгі ойларды тез табатын боласың, осылай, оларды есте сақтауың оңай болады.
Қайталау
Білім беру саласының мамандары қайталаудың маңызды екенін атап көрсетеді. Бір университет профессоры өзінің зерттеу жұмысында қайталауға бір минут бөлсең, есте қалатын мәліметтің көлемі екі есеге артатынын көрнекі түрде көрсетті. Сондықтан бүкіл мақаланы не тарауларды, я болмаса оның үлкен бөлігін оқып шыққан соң, есіңде жақсы қалу үшін бірден негізгі ойларды ойша қайтала. Оқығандарыңды өзгелерге өз сөзіңмен қалай жеткізетініңді ойлан. Оқып болған соң, дереу қайталап шықсаң, алған білімдерің ойыңда ұзақ уақыт сақталады.
Бірнеше күн өткен соң, оқыған мәліметтеріңді біреумен бөлісе отырып тағы да қайтала. Ол үшін отбасындағы не қауымдағы біреумен, не болмаса қызметтесіңмен, сыныптасыңмен, көршің, я болмаса уағызда кездестірген әлдекіммен бөлісуіңе болады. Негізгі ойларды ғана қайталап қоймай, оны растайтын Киелі кітаптағы дәлелдерді де келтіруге тырыс. Бұл — өзіңе де пайдалы, өйткені маңызды ойларды есіңде жақсы сақтайсың, өзгелерге де пайдалы.
Маңызды нәрселердің үстінен ой жүгірту
Оқығандарыңды қайталау мен өзгелермен бөлісуден басқа, білген маңызды шындықтардың үстінен ой жүгірту де өте пайдалы. Киелі кітапты жазуға қатысқан Асаф пен Дәуіт солай еткен. Асаф: “Тәңірдің істерін еске аламын; ежелдегі кереметтеріңді еске аламын; Сенің барлық істеріңе үңіліп, керемет әрекеттерің туралы ойлап толғанатын боламын”,— деген болатын (Заб. 76:12, 13). Дәуіт те осыған ұқсас сөздер жазған: “Түнгі күзет мезгілдерінде Сен туралы ойланамын”; “Ерте күндерді есіме алып, Сенің әрекеттеріңнің үстінен ой жүгіртемін” (Заб. 62:7; 142:5). Сен де осылай айта аласың ба?
Ехобаның істері мен оның қасиеттері, сондай-ақ өз еркін қалай іске асырып жатқаны жөнінде терең, зейін қойып ойлану деректерді есіңде сақтап қоюға ғана көмектеспейді. Егер осылай ой жүгіртуді үйренер болсаң, терең де құнды шындықтар жүрегіңе орнығатын болады. Бұл сенің ішкі дүниеңнің қалыптасуына көмектеседі, әрі жадыңда қалғандары сенің түпкі ойларыңды көрсететін болады (Заб. 118:16).
Құдай рухының рөлі
Ехобаның әрекеттері мен Иса Мәсіхтің тәлімдеріне қатысты шындықтарды есте сақтау үшін бізде көмек жоқ емес. Өлер алдындағы түні Иса ізбасарларына: “Мен бұл сөздерді әлі қастарыңда жүрген кезде айтып тұрмын. Ал Әкем Менің атымнан Қамқоршыларың — Киелі Рухты жібереді. Ол Менің сендерге айтқан сөздерімнің бәрін естеріңе салып, рухани өмірлеріңе керектің бәрін үйретеді”,— деген болатын (Жох. 14:25, 26). Осы сөздерді естігендердің ішінде Матай мен Жохан да бар еді. Киелі рух шынымен оларға көмектесті ме? Бұған дау жоқ. Сегіз жылдан соң Матай Мәсіхтің өмірі жайында алғашқы кітапты жазып бітірді, онда Таудағы уағыз және Мәсіхтің патшалықта отырғандығы мен осы зұлым дүниенің аяқталуының белгісі туралы егжей-тегжейлі мәліметтер қамтылған. Исаның өлімінен соң 65 жылдан кейін Жохан Ізгі хабардың тағы бір кітабын жазды. Онда Исаның елшілерімен бірге өткізген соңғы түнінде айтқан сөздері толық жазылған. Матайдың да, Жоханның да Исамен бірге болған кезде, оның не істеп, не айтқандарын естерінде жақсы сақтап қалғандарын көреміз. Бірақ Ехоба өз Сөзіне ендіргісі келген маңызды нәрселерді олардың ұмытып кетпеулері үшін киелі рухтың көмегі зор болған.
Құдайдың киелі рухы бүгінгі күні де осындай көмекші ретінде маңызды рөл атқара ма? Бұған күмән жоқ. Әрине, киелі рух санамызға біз білмеген мәліметтерді салмайды, ол зерттеу барысында білген маңызды ойларды есімізге түсіруге көмектеседі (Лұқа 11:13; Жох. 1-х. 5:14). Сөйтіп қажет болған кезде ‘өткен замандарда Құдайдың қасиетті пайғамбарлары айтып кеткен сөздерін және Иеміз бен Құтқарушымыздың өсиетін’ ‘еске түсіре отырып, шындап ойлануға түрткі салады’ (Пет. 2-х. 3:1, 2).
‘Ұмытпауың үшін’
Ехоба Исраилге: ‘Ұмытпауың үшін’,— деген сөздерді қайта-қайта айтқан болатын. Құдай олар бірде-бір нәрсені ұмытпай, бәрін естерінде ұстайды деп күткен жоқ. Олар жеке бастарының қамы Ехобаның істегендерін екінші орынға ысырып, немесе ұмыттырып, жіберулеріне жол бермеулері ғана керек еді. Исраилдіктер Ехобаның өздерін құтқарғанын естерінде ұстаулары керек-тін. Сол кезде ол мысырлықтардың барлық тұңғыштарын өлтіру үшін періштесін жіберіп, исраилдіктердің алдынан Қызыл теңізді қақ жарып, перғауын мен оның күллі нөкерін суға батырған еді. Сонымен қатар исраилдіктер Синай тауында Құдай Заңды қалай беріп, шөл дала арқылы Уәде етілген жерге қалай алып келгенін естерінде ұстаулары керек болатын. Оларды ұмытпау деген сол оқиғалар олардың күнделікті өміріне қатты әсер ету керек дегенді білдіретін (Заң. қ. 4:9, 10; 8:10—18; Мыс. ш. 12:24—27; Заб. 135:15).
Біз де ‘ұмытып’ қалмауға тырысуымыз керек. Қиыншылықтармен күрескенде, Ехобаны есімізден шығармауымыз керек: оның қандай Құдай екенін және біздің кемелділікке жетіп, мәңгі өмір сүруіміз үшін өз Ұлын құрбандыққа беру арқылы қалай сүйіспеншілік көрсеткенін есте ұстауымыз керек (Заб. 102:2, 8; 105:7, 13; Жох. 3:16; Рим. 6:23). Киелі кітапты үнемі оқу, қауым кездесулері мен уағыздауға белсене қатысуымыз осы құнды шындықтарды көз алдымызда ұстауға көмектеседі.
Қандай да бір шешім қабылдағанда, мейлі, үлкен не кіші болсын, осы маңызды шындықтарды есіңе түсіріп, олардың ой-қалпыңа ықпал етуіне жол бер. Оларды ұмытпа. Ехобадан басшылық ізде. Әр нәрсеге пендешілік көзқараспен қарама және кемелсіз жүрегіңе сенбе. Өзіңнен: “Бұл жағдайда Киелі кітаптағы қандай кеңесті не принципті қолдануға болады?”— деп сұра (Нақ. с. 3:5—7; 28:26). Адам ешқашан оқымаған не естімеген нәрсесін есіне түсіре алмайды. Алайда Ехоба туралы білімің мен оған деген сүйіспеншілігің біртіндеп арта түскен сайын, Құдайдың киелі рухы да көп нәрсені есіңе түсіреді, ал күннен-күнге артып келе жатқан Ехобаға деген сүйіспеншілігің осы білімдеріңе сай әрекет етуіңе талпындыратын болады.