Ехобаның сөзі тірі.
Билер кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар
ХАЛҚЫНЫҢ өзінен теріс айналып, жалған тәңірлерге табынып кеткеніне Ехоба қалай қарады? Олар оны қайта-қайта тастап кетіп, бақытсыздыққа ұшырағанда ғана бет бұратын болса ше? Ехоба оларды мұндай кезде де құтқарды ма? Билер кітабы осы және басқа да маңызды сұрақтарға жауап береді. Самуил пайғамбар шамамен б. з. б. 1100 жылы аяқтаған бұл кітап Ешуаның қайтыс болғанынан Исраилде алғашқы патша пайда болғанға дейінгі 330 жылдай уақыт аралығын қамтиды.
Құдайдың тірі Сөзінің, не хабарының, бір бөлігі болғандықтан, Билер кітабының біз үшін маңызы зор (Еврейлерге 4:12). Онда жазылған әсерлі оқиғалар Құдайды жақсырақ тануымызға көмектеседі. Олардан алатын сабақтар сенімімізді нығайтып, “шынайы өмірді”, Құдай уәде еткен жаңа дүниедегі мәңгілік өмірді, берік ұстануымызға көмектеседі (Тімотеге 1-хат 6:12, 19; Петірдің 2-хаты 3:13). Ехобаның сол кездегі өз халқын құтқаруы оның Иса Мәсіх арқылы адамзатты болашақта қалай құтқаратынын түсінуімізге көмектеседі.
БИЛЕР НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ БОЛДЫ?
Ешуаның басшылығымен Қанахан жерінің патшаларын күйреткен соң, Исраилдің кейбір рулары мұраға алған жерлеріне барып, оны иемденіп алады. Алайда олар жердің барлық тұрғындарын қуып шыққан жоқ. Кейін бұл исраилдіктер үшін нағыз тұзақ болды.
Ешуаның күндерінен кейінгі ұрпақ “Тәңірді және оның Исраилге істеген істерін білмейтін” (Билер 2:10). Оның үстіне, халық қанахандықтармен жекжат болып, олардың жалған тәңірлеріне табына бастайды. Сондықтан Ехоба исраилдіктерді жауларының қолына береді. Олардан қатты қысым көргенде, Исраил халқы шын Құдайдан көмек сұрап жалбарынады. Халқын жауларынан қорғау үшін Ехобаның жіберген билері туралы кітаптағы оқиғалар осындай діни, қоғамдық және саяси жағдайдың кезінде орын алған.
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
1:2, 4 — Неге өзіне тиесілі жерді бірінші болып жаулап алуға Яһуда руы таңдалды? Негізінде, бұл мәртебе Жақыптың тұңғышы Рубен руына берілу керек еді. Бірақ Жақып өлер алдында Рубеннің тұңғыш ұл болу құқынан айырылғандықтан, бірінші болмайтынын айтып кеткен. Мейірімсіз әрекет еткен Шимон мен Леуі Исраил ішінде бытырап кету керек болған (Жаратылыс 49:3—5, 7). Сондықтан кезек Жақыптың төртінші ұлы Яһудаға беріледі. Ал Яһудамен бірге барған Шимон Яһудаға берілген жердің әр түрлі аймағындағы кішігірім жерлерге ие болдыa (Ешуа 19:9).
1:6, 7 — Неге исраилдіктер қолға түскен патшалардың қолдары мен аяқтарының бас бармақтарын шауып тастаған? Бас бармақтарынан айырылған адам шайқаса алмаған. Қолында бас бармағы жоқ сарбаз семсер немесе найза ұстай алар ма еді? Ал аяғындағы бас бармағы кесілген адамның тепе-теңдік сақтауы қиын болар еді.
Біз үшін сабақ:
2:10—12. Ехобаның істерін ұмытып кетпеуіміз үшін жүйелі түрде Киелі кітапты зерттеп отыруымыз керек (Забур 102:2). Ата-аналар Құдай Сөзіндегі шындықты балаларының көңілдеріне ұялатулары керек (Заңды қайталау 6:6—9).
2:14, 21, 22. Ехоба жазалау, тазарту және өзіне бет бұруға талпындыру үшін тілазар халқының қиыншылыққа тап болуына жол береді.
ЕХОБАНЫҢ БИЛЕРДІ ЖІБЕРУІ
Билердің керемет ерліктері жайындағы әңгіме Отниелдің Месопатамия патшасына сегіз жыл бағынышты болған исраилдіктерді босатуынан басталады. Батыл әрекет еткен Ехуд би Моабтың семіз патшасы Еглонды өлтіреді. Батыр Шамғар жалғыз өзі мал айдауға арналған өкше темірмен 600 філістірді жер жастандырады. Дебора пайғамбардың жігерлендіруімен және Ехобаның қолдауымен Барақ пен оның жеңіл қаруланған он мың әскері Сісераның қуатты әскерін талқандайды. Ехоба Гедеонды жіберіп, ол үш жүз әскерімен мадияндықтарды жеңіп шығады.
Ефта арқылы Ехоба Исраилді амондықтардың езгісінен құтқарады. Исраилді басқарған он екі адамның ішінде сондай-ақ Тола, Жайыр, Ибзан, Елон және Абыдон деген билер бар. Билердің кезеңі філістірлерге қарсы күрескен Самсонмен аяқталды.
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
4:8 — Неге Барақ Дебора пайғамбардың өзімен бірге соғыс алаңына баруын талап етіп тұрып алды? Барақ жалғыз өзі Сісераның әскеріне қарсы тұра алмайтындай сезінген болу керек. Қастарында пайғамбардың болуы оған және оның адамдарына Құдайдың басшылығымен жүргендеріне сенімділік беріп, көңілдерін орнықтырар еді. Сондықтан Барақтың табандылығы әлсіздіктің емес, берік сенімнің белгісі болған.
5:20 — Қалайша жұлдыздар Бараққа жақтасып көктен шайқасқан? Ол жайында Киелі кітапта анық айтылмайды. Оған періштелер көмектескен болуы немесе бұл Сісераның данышпандары жамандыққа жорыған метеор жауыны болуы мүмкін. Бұл Сісераға берілген жұлдызнамалық жалған пайғамбарлық болуы да ықтимал. Қалай болған күнде де, Бараққа Құдайдың қандай да бір жолмен көмектескеніне күмәнданбаса да болады.
7:1—3; 8:10 — Неге Ехоба Гедеонның 32 мың әскерін 135 мың адаммен шайқасуға тым көп деген? Себебі Гедеон мен оның әскеріне жеңісті Ехоба әперген. Құдай олардың мадияндықтарды өз күшімізбен талқандадық деп ойлағанын қаламаған.
11:30, 31 — Ант бергенде Ефта адамды құрбандыққа әкелу туралы ойлады ма? Ефта мұндай ойдан мүлдем аулақ болған, себебі Таурат заңында: “Сенің араңда ұлын не қызын құрбан етіп өртеуші... болмасын”,— деп жазылған (Заңды қайталау 18:10). Дегенмен Ефта мал емес, адам туралы ойлаған болатын. Исраилде құрбандыққа жарамды малдарды үйде ұстамаған болса керек. Оның үстіне, мал шалу ерекше нәрсе саналмаған. Ефта өзін қарсы алуға алдынан қызы шығып қалуы да мүмкін екенін түсінген. Ол алдынан шыққан адамды “түгелдей өртелетін құрбандыққа” беремін деп, оны киелі шатырда Ехобаға өмір-бақи қызмет етуге беретінін айтқан болатын.
Біз үшін сабақ:
3:10. Рухани жетістіктерге адам өз даналығының емес, Ехобаның рухының арқасында жетеді (Забур 126:1).
3:21. Ехуд семсерді шебер әрі батыл қолданған. Біз Құдай сөзін, ‘рухани семсерді’, шебер қолданып үйренуіміз керек. Бұл — қызметте Жазбаларды батыл қолдану керек деген сөз (Ефестіктерге 6:17; Тімотеге 2-хат 2:15).
6:11—15; 8:1—3, 22, 23. Гедеонның қарапайымдылығынан біз үш түрлі сабақ аламыз: 1) Қызметте міндет тапсырылғанда, оның беделін емес, жауапкершілігін ойлауымыз керек. 2) Ұрыс-керіске бейім адамдарға келгенде, қарапайымдылық сақтау даналыққа жатады. 3) Қарапайымдылық есіл-дертіміз беделді орынға ауып кетпеуге көмектеседі.
6:17—22, 36—40. Біз де абай болып, ‘кез келген рухтарға сене бермей, олар Құдайдан келген бе, жоқ па — алдымен соны анықтап алуымыз’ керек (Жоханның 1-хаты 4:1). Жаңа тағайындалған ақсақал берейін деп жатқан кеңесі толығымен Құдай Сөзіне негізделгеніне сенімді болу үшін тәжірибесі молырақ ақсақалмен ақылдасып алғаны даналыққа жатады.
6:25—27. Гедеон қарсыластарын босқа ашуландырмай парасаттылық танытты. Ізгі хабарды уағыздағанда, басқаларды босқа ашуландырып алмау үшін абайлап сөйлеуіміз керек.
7:6. Ехобаға қызмет еткенде, біз де Гедеонның 300 сарбазы тәрізді сақ әрі аңғарымпаз болғанымыз абзал.
9:8—15. Тәкаппарлық танытып, бедел мен билікке талпыну неткен ақымақтық!
11:35—37. Ефтаның жақсы үлгісі қызының сенімінің берік болуына және жанқиярлық рух танытуына көп әсер еткені шүбәсіз. Бүгінде ата-аналар балаларына осындай үлгі көрсете алады.
11:40, ЖД. Ехобаға жанқиярлықпен қызмет етіп жатқан адамды мақтау оған жігер береді.
13:8. Балаларын тәрбиелегенде ата-аналар Ехобаның басшылығын сұрап, дұға етулері керек және оның басшылығы бойынша жүрулері керек (Тімотеге 2-хат 3:16).
14:16, 17; 16:16. Үнемі көз жасын бұлап, тынымсыз сөзбен мезі қылу қарым-қатынасты бұзуы мүмкін (Нақыл сөздер 19:13; 21:19).
ИСРАИЛДЕГІ БАСҚА ДА КҮНӘЛАР
Билер кітабының соңғы бөлігінде екі көңіл бұрарлық мәлімет жазылған. Біріншісі, үйіне жалған тәңірдің мүсінін жасап әкеліп, діни қызметкер болу үшін леуілік адамды жалдаған Миха есімді кісі туралы. Лаиш немесе Лешем қаласын жойған дандықтар оның орнына қала тұрғызып, оны Дан деп атайды. Миха жасаған мүсін мен оның діни қызметкерін алып кетіп, олар Дан қаласында ғибадаттың басқа түрін орнатады. Лаиш Ешуа қайтыс болмай тұрып жаулап алынған болу керек (Ешуа 19:47).
Екінші жазылған жағдай Ешуа қайтыс болған соң, көп ұзамай болған. Бунямин руындағы Гибея тұрғындарының азғындығының кесірінен Бунямин руы тұтас жойылып кете жаздап, 600 адам ғана аман қалады. Алайда бұл мәселенің шешімі табылып, олар үйленуге мүмкіндік алады да, Дәуіттің кезінде олардың саны 60 мың сарбазға жетіп қалады (Шежірелер 1-жазба 7:6—11).
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
17:6; 21:25 — Егер ‘әркім өзіне әділ болып көрінгенді істесе’, елді бассыздық жайламас па еді? Міндетті түрде олай болмайды, себебі Ехоба халқына қажетті басшылықты беріп отырған. Ол оларға Таурат заңы мен осы заңға үйрететін дінбасыларын берген. Бас діни қызметкер маңызды жайттарға қатысты Құдайдың еркін Ұрим және Тұмим арқылы біле алған (Мысырдан шығу 28:30, сілтемені қараңдар). Сонымен қатар әрбір қалада дұрыс кеңес бере алатын ақсақалдар болған. Осы шараларды қолданған адам ар-ұятына сүйеніп, шешім қабылдай алатындай сенімді басшылық алған. Осылайша ‘өзіне әділ болып көрінгенді істеген’ адам жақсы нәтиже көрген. Алайда Таурат заңын ескермей, жүріс-тұрысы мен ғибадат етуге байланысты өзінше шешім қабылдайтын болса, мұның нәтижесі жаман болған.
20:17—48 — Неге Ехоба жазалануға лайық бола тұра, буняминдіктердің басқа руларды екі мәрте күйретуіне жол берді? Адалдық көрсеткен рулардың үлкен шығынға ұшырауына жол бере отырып, Ехоба олардың Исраилден зұлымдықты жоюға қаншалықты дайын екенін тексерген.
Біз үшін сабақ:
19:14, 15. Гибея тұрғындарының қонақжайлылық танытқылары келмеуі оларға адамгершілік қасиеттің жетіспегенін көрсеткен. Киелі кітап мәсіхшілерді ‘қонақжайлылық танытуға’ шақырады (Римдіктерге 12:13).
Құтқарылатын күн жақын
Жақында Иса Мәсіх басқарған Құдай Патшалығы зұлым дүниені жойып, әділ әрі кінәратсыз адамдарды құтқарады (Нақыл сөздер 2:21, 22; Даниял 2:44). Сонда Ехобаның барлық жаулары өледі де, оны жақсы көретіндер ‘бар қуатымен көтеріліп келе жатқан күндей’ жарқырайды (Билер 5:31). Билер кітабынан білгенімізді іс жүзінде қолдана отырып, Ехобаны жақсы көретіндердің арасында болайық.
Билер кітабында негізгі шындыққа қайта-қайта көңіл аударылады: Ехобаға бағыну мол бата, ал бағынбау көп қайғы әкеледі (Заңды қайталау 11:26—28). Құдайдың бізге ашылып жатқан еркіне шын жүректен бағынғанымыз қандай маңызды! (Римдіктерге 6:17; Жоханның 1-хаты 2:17).
[Сілтеме]
a Уәде етілген жерде Леуіліктерге Исраилдің әр тұсында орналасқан 48 қаладан басқа жер берілмеген.
[15-беттегі карта]
(Толық мәтінді басылымнан қараңдар)
“Ал Тәңір Ие оларды тонаушыларынан құтқару үшін билерді жіберіп отырды” (Билер 2:16)
БИЛЕР
1. Отниел
2. Ехуд
3. Шамғар
4. Барақ
5. Гедеон
6. Тола
7. Жайыр
8. Ефта
9. Ибзан
10. Елон
11. Абыдон
12. Самсон
ДАН
МАНАСА
НАФТАЛИМ
АШИР
ЗАБУЛОН
ИСАШАР
МАНАСА
ҒАД
ЕФРЕМ
ДАН
БУНЯМИН
РУБЕН
ЯҺУДА
[16-беттегі сурет]
Барақтың Дебораны өзімен бірге соғыс алаңына баруын талап етіп тұрып алуынан нені үйрендіңдер?